Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Респонденттердің дені дауыс беруге дайын

Респонденттердің дені дауыс беруге дайын
Ашық Дереккөз
Қандай да бір елдік мәселеге қатысты сауалнама жүргізу заңмен белгіленген ережелерге сай болуы тиіс, әсіресе референдум кезінде заңнамалық нормалар қатаң сақталады. Мәселен, сауалнамалар бейтарап түрде, зерттеу нәтижелерін бұрмаламай, халықтың шынайы пікірін білу мақсатында өткізіледі. Сауалнама халықтың, қоғамның ой-пікірін алдын ала білу үшін қажет. Ал оны жүргізетін заңды немесе жеке тұлға кемі бес жыл осындай шаруамен айналысқан болуы тиіс.

Осы секілді талаптарды сақтай отырып, «СОЦИС-А» Кешенді әлеуметтік зерттеулер институты – Астана» жеке қоры 2024 жылдың 11-12 қыркүйегі аралығында халық арасында елімізде АЭС салу-салмау мәселесіне қатысты телефон арқылы сауалнама жүргізіпті. Сауалнама ҚР заңнамалық нормаларын сақтай отырып жүргізілген. Атап айтқанда, референдум өткізу мерзіміне қарсы қоғамдық пікір өлшемін жүргізу туралы ҚР Орталық сайлау комиссиясы хабардар етіліп, оған Орталық сайлау комиссиясы арнайы хатпен жауап берген.

17 облыстан және республикалық маңызы бар Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан 18 жастан асқан азаматтар қатысқан сауалнама ауқымы 1000 респондентті қамтыпты. Сауалнама анкетасында «Сіз АЭС салу бойынша референдумға қатысасыз ба?», «Қазақстанда АЭС салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?», «Сіз Қазақстанда АЭС салуға келісесіз бе?» деген сұрақтар қамтылған.

Сауалнама жүргізу барысында «Міндетті түрде барамын» (35,6 пайыз) және «Мүмкіндігінше баруға тырысамын» (20,2 пайыз) деген нұсқаларды таңдаған респонденттердің үлесі жалпы іріктеменің 55,8 пайызын құраған. Осылайша сауалнамаға қатысқан әрбір екінші адам референдумға баруға дайын екендігін көрсеткен. Сауалға қатысқандардың оннан бір бөлігінен астамы «Референдумға қатыспаймын» деген (12,2 пайыз). 

Алдын ала болжанғандай, референдумға қатысу-қатыспау туралы әлі бір шешімге келмеген респонденттердің үлесі жоғары болған көрінеді. Бұл көрсеткіш – 16,6 пайыз. Сауалнамаға қатысқандардың 13,6 пайызы атом электр стансасы салынуы мүмкін деген жаңалықты бірінші рет естіп отыр екен. Респонденттердің аз ғана бөлігі (1,8 пайыз) бұл сұраққа «Жауап беруге қиналамын» деген нұсқаны таңдаған.

«Қазақстанда атом электр стансасын салу туралы қандай ақпарат сізді қызықтырады?» деген сұраққа берілген пікірлер эмоционалды ұстанымнан бастап толығымен прагматикалық дәлелдерге дейін құбылыпты. Мәселен, «Азаматтардың денсаулығына әсер етуі ықтимал» және «Экологияға әсер етуі ықтимал» деген эмоционалды пікірлері бар жауаптарды таңдау тиісінше 59,5 пайызды және 54,1 пайызды құраған. Бұл ең алдымен желіде АЭС салу ықтималдығы туралы алғашқы ақпарат пайда болған сәттен бастап мұндай жобалардың қауіптері туралы әртүрлі пайымдар тарала бастағандығына байланысты болуы мүмкін. 

Айта кету керек, сауалнамаға қатысқан халық АЭС-те қауіпсіздікті қамтамасыз етудің нақты шаралары бойынша прагматикалық ойлар айтқан. Мысалы, «Апаттардың алдын алу жөніндегі қауіпсіздік шаралары» (43,1 пайыз); «Радиоактивті қалдықтарды басқару» (24,9 пайыз); «Кадрлық әлеует» (16 пайыз). Аталған жауаптардың қосындысы 100 пайызды құрамаған. Өйткені респонденттер бірнеше жауап нұсқасын таңдаған

«Сіз Қазақстанда атом электр стансасын салуға келісесіз бе?» деген сұраққа келісетіндердің үлесі 60,4 пайызды көрсеткен. Сауалнамаға қатысқандардың 30,1 пайызы АЭС салу идеясын қолдамайды. Сауалнамаға қатысқан әрбір оныншы адам (9,5 пайыз) атом электр стансасының құрылысына қатысты сұраққа жауап беруден бас тартқан. 

Респонденттердің 55,8 пайызы өз азаматтық ұстанымын көрсетуге және АЭС салу мәселесіне қатысты дауыс беруге ниетті болған. 

Жүргізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесінде әрі қарай жария түсіндіруді талап ететін экологиялық және техникалық қауіпсіздік критерийлерінің контуры межеленіпті. Атап айтқанда, халық денсаулығы мен қоршаған ортаны қорғау, сондай-ақ құрылыстың техникалық жағы және атом стансасының болашақ жұмысшыларының кадрлық құрамының кәсібилік деңгейі мәселесіне алаңдаушылық білдірген.

«AR-AI»-ақпарат
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар