Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тарихи шешімді халық қабылдайды

Тарихи шешімді халық қабылдайды
Ашық Дереккөз
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 6 қазанда АЭС құрылысы бойынша референдум өтетінін хабарлады. Жалпы АЭС салу туралы ел ішінде түрлі пікір мен сұрақ көп. Осыған орай референдумнан бұрын жұртшылықтың пікірін тыңдап, сұрақтарына дәлелді жауап беріліп, АЭС салудың артықшылықтары мен залалсыздығын түсіндіру үшін облыстық штаб мүшелері үгіт-насихат жұмыстарын бастады.

№8 қалалық емхананың мәжіліс залында «Мейірім» медициналық орталығының қызметкерлерімен өткен кездесуде Тараз қалалық мәслихатының төрағасы Кенжебек Олжабай Президенттің «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Жолдауының негізгі басымдықтарына жан-жақты тоқталды.

– Бұған дейінгі Президенттің халыққа арнаған Жолдауларынан халық қандай әлеуметтік қолдаулар болатынын, зейнетақы, жәрдемақылардың қаншалықты көбейетінін күтетін. Бұл жолғы Жолдау заң, тәртіп, экономика тұрғысына басымдық берілуімен ерекше болды. АЭС салу бойынша Президент мамандарға терең зерттеуді бұдан бұрын да тапсырған болатын.

Жалпы ел ішінде атом электр стансасының құрылысына байланысты қауесет көп. Оның бәрі де мамандардың зерттеуімен қарастырылып, АЭС барлық қауіп-қатердің алдын алатындай, жетілген технологиялармен салынатыны түсіндіріліп жатыр, – деді Кенжебек Мамашбайұлы.

 

Әлемдегі дамыған мемлекеттерде бірнеше АЭС барын, тиімділігін дәлелдегенін айтқан М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев күтілетін оң нәтижелерге тоқталды. 

С.Орынбаев өз сөзінде дамудың даңғыл жолындағы Қытайда 56 АЭС барын және 27-сі салынып жатқанын айтып, басқа да мемлекеттерді мысал ретінде атады. Электр энергиясының тапшылығы күн сайын сезіліп келе жатқанын айтқан ғалым біздің ел бүгінде жылу электр стансаларын пайдаланып отырғанын тілге тиек етті. Алайда олардың бәрі 70-80-жылдары салынғандықтан тозығы жеткен. 

Дәл осындай жиын облыстық кәсіпкерлер палатасында кәсіпкерлердің қатысуымен өтті. Басқосуда сөз алған облыстық штабтың мүшесі Күләш Әбдікешова еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған кәсіпкерлер қауымы референдумға атсалысып, өз пікірлерін айтуы керек екенін жеткізді.

Негізінен референдум демократиялы елдер үшін қалыпты құбылыс. Бұл дегеніміз – маңызды мемлекеттік мәселені шешу үшін өткізілетін бүкілхалықтық дауыс беру. Ол республиканың бүкіл аумағында өткізіледі. Референдумда Республика Конституциясын, конституциялық заңдарын, заңдарды қабылдау, оларға өзгертулер мен толықтырулар енгізу сынды маңызды мәселелер алға шығады. Әдетте референдумда дауыс берушілерге сұрақ беріледі, оған «иә», «жоқ», «келісемін», «келіспеймін» немесе «қолдаймын», «қолдамаймын» деп жауап беруге болады. Референдум өткізу кезінде азаматтар өз қалауы бойынша қатысып, дауыс беруге құқылы. Әрі азаматтардың дауыс беруі жасырын түрде өтеді. Барлық процесс мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылады.

Сонымен қатар штаб мүшелері №1 қалалық аурухананың қызметкерлеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізді. 

*     *     *
Облыстық штаб мүшелері Жамбыл политехникалық жоғары колледжінің оқытушылар құрамымен кездесті.

Басқосуда штаб мүшелері Арман Еділбаев пен Әсел Жапарова білім саласының қызметкерлері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру жөніндегі прогрессивті бастамалары мен саясатын әрдайым қолдап келе жатқанын жеткізді.

– Мемлекет тағдырына қатысты кез келген маңызды шешім халықтың қатысуымен және оның пікірін ескере отырып қабылданады. Президент ұстанған саясаттың бұлжымас қағидасы – осы. Бұл – біздің қоғамда жаңа саяси мәдениет қалыптасқанының көрінісі, – деді Арман Захарылұлы. 

Ал Әсел Әбілханқызының айтуынша, болашақта атом энергетикасын дамытудың бірнеше елеулі артықшылығы бар екенін ескеру қажет. 

Ол өз сөзінде АЭС салу елді энергиямен қамтамасыз ету көздерін әртараптандыруға, көмір мен газға тәуелділікті азайтуға ықпал ететінін атап өтті.

*     *     *
Сондай-ақ Тараз теміржол көлігі және коммуникация колледжінде М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, аталған оқу орнының ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев, Тараз қалалық мәслихатының депутаты Дүйсенкүл Керімбаева, жеке кәсіпкер Жақсыбек Қасымбеков түсіндірме жұмыстарын жүргізді. 

М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің ғылым және цифрландыру жөніндегі проректоры Сейтжан Орынбаев АЭС салудың маңызы мен артықшылығы жөнінде баяндама жасады.
Сейтжан Әуесжанұлының айтуынша, бүгінде әлемнің 32 елінде 415-тен астам атом энергетикалық реакторлары жұмыс істеп тұр.

Спикерлердің сөзіне сүйенсек, АЭС іске қосылып, жұмысын бастағанда кадр мәселесі де туындамайды. Себебі елімізде 4 жоғары оқу орны мамандар дайындауда. Олар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті.

Аталған білім ордаларында жастарға «Ядролық физика», «Атом энергетикасына арналған материалдар», «Ядролық физика және атом энергетикасы» мамандықтары бойынша білім берілуде.

Эльмира БАЙНАЗАРОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар