Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Омарташылық оңай іс емес

Омарташылық оңай іс емес
Ашық Дереккөз
Аудан орталығынан шалғай таулы өлкеде орналасқан Керу ауылында өндірілетін азық-түліктің, ет-сүт, қымыздың дәмділігі мен сапасы қандай десеңізші. Мұнда дәмі тіл үйіретін табиғи таза бал да өндіріледі. Керуде омарташылықты кәсіп еткен жандар жеткілікті.

Бір қасық бал жинау үшін бір ара ұядан шамамен 2 000 рет ұшып шығады екен. Бұл шағын жәндіктің еңбекқорлығына таңғаласың. Алайда соларды күтіп ұстайтын, жағдайын жасап, керегімен қамтамасыз ететін омарташылардың иығына жүктелген міндет те аз емес. Таңертеңгі 5-тен басталып, күні бойы омартада қызу еңбек тоқтамайды.Керу ауылының тұрғындары Орынбасар Қоқанбаев пен Құлжамал Үстемірова 40 жылдан астам өмірін осы арашаруашылығына арнаған ерлі-зайыптылар. Олардың бұл кәсібі жастық шақтан басталған екен. Бастапқыда тек бірнеше ара ұясы болса, жыл сайын олардың тәжірибесі артып, ара тұқымдасы да өскен. Бұл істі жетпісінші жылдары «Чапаев» колхозында Орынбасардың әкесі Сағади Қоқанбаев бастаған екен. Мұны атадан балаға жалғасқан кәсіп десе де болады.

– Сонау сексенінші жылдары қайын атам бізге омарташылық ісін жалғастыруды ұсынғанда еш ойланбай келістік, әрине, оған өкінбеймін. Өйткені осы кәсібіміздің арқасында біздің балаларымыз ештеңеден мұқтаждық көрмей өсті. Алты баламызды жоғары оқу орындарында оқыттық. Ең бастысы, біз өз араларымызды жақсы көреміз және отбасылық ісімізден шынайы ләззат аламыз, – дейді Құлжамал Тұрғынбайқызы.

Олар өмірдегі небір қиын кезеңдерде атакәсіпті тастамай, өз ісіне деген сенімін жоғалтпады. Әрине, көпбалалы отбасы болу оңай емес. Бала-шағаға қарайласуды да ұмытпау қажет. Бүгінгі таңда «Заңгер» мамандығы бойынша білім алған ұлы Қамбар ата-анасына қолғабыс етуде. Орынбасар мен Құлжамалды тәжірибелі омарташылар деп үлкен сеніммен айтуға болады. Олардың ендігі арманы – осы кәсіпті балаларына табыстау.

Мадина ӨЗБЕКОВА,
журналист,
Қордай ауданы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар