Экономиканың негізгі бағыттарының бірі – сауда саласы. Өйткені аталған сала арқылы ел ішінде және халықаралық деңгейдегі тауар айналымы мен көрсетілетін қызметтердің алмасуы қамтамасыз етіледі. Сауда саласы экономиканың дамуына айтарлықтай ықпал ететіндіктен ел ішінде өндіріс жанданып, еңбек нарығы кеңейеді, тұтынушыларға қажетті өнімдер мен қызметтер уақытында жеткізіледі.
САУДАДА БЕРЕКЕ БАР
Жалпы ішкі сауданың өзі бөлшек және көтерме сауда деп екі түрге бөлінетіні белгілі. Бөлшек сауда мен көтерме сауданың дамуы ел ішінде сатылымға шығатын тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің саны мен сапасын арттырады. Ал халықаралық сауда бір елдің екінші елге тауарлар мен қызметтерді экспорттау және импорттау үдерісін қамтиды. Халықаралық сауда мемлекеттер арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтып, жаһандық экономикалық өсімге ықпал етеді. Сауда саласы халыққа тиімді қызмет етуі үшін көлік, байланыс және инфрақұрылымның қарқынды дамуы да маңызды. Сонымен қатар елдің сыртқы сауда саясаты, кедендік реттеу және салық жүйесі де сауда саласының дамуына айрықша әсер етеді.Ел мен елдің арасында алыс-беріс, барыс-келіс көбеюі үшін шекара маңындағы сауда да жандануы керек. Өйткені шекара маңындағы сауда мемлекеттер арасындағы шекаралас аймақтарда жүзеге асырылатын экономикалық қызмет түрі. Бұл сауда көбінесе мемлекеттер арасындағы арнайы келісімдер негізінде жүргізіледі. Соның арқасында шекаралас өңір тұрғындары түрлі тауарлар мен қызметтерге қол жеткізуге мүмкіндік алады. Шекара маңындағы сауда өз кезегінде экономикалық ынтымақтастықты нығайтып, жергілікті экономиканың дамуына септігін тигізеді. Мұндай сауданың негізгі ерекшеліктерінің біріне арнайы сауда режимі жатады. Шекара маңындағы сауда аясында кедендік төлемдер мен салықтар алынып тасталса, бұл екі елдің арасындағы тауар айналымын жеңілдете түседі. Жергілікті тауар айналымының жандануы шекаралас аймақтардағы адамдардың күнделікті қажеттіліктерін өтеу үшін көрші елден жиі тауарлар сатып алуымен байланысты. Шекаралас аймақтардың экономикасы сауда арқылы дамиды. Өйткені бұл жаңа жұмыс орындарын ашып, жергілікті кәсіпкерлерге мүмкіндіктер береді. Шекара маңындағы сауда тек экономикалық қана емес, сонымен бірге мәдени және әлеуметтік байланыстарды күшейтуге де әсер етеді. Біздің еліміз қазіргі таңда Қытай, Ресей, Қырғыз Республикасы және Өзбекстанмен етене араласып, шекара маңындағы сауданы белсенді дамытуға күш салуда.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Тұтынушыларға арналған қызметтер мен сауда-саттықтың мүмкіндіктері толық пайдаланылса, экономиканы дамыту, салық түсімдерін арттыру және халықты жұмыспен қамту шаралары тезірек нәтиже береді», – деді.
Жалпы сауда саласының қарапайым халыққа тигізетін бірқатар маңызды пайдасы бар. Мәселен, сауда арқылы халық әртүрлі тауарлар мен қызметтерге қол жеткізеді. Соның арқасында тұрғындардың жағдайы жақсарады. Әртүрлі өнімдерді еркін таңдау мүмкіндігі тұтынушылардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік береді. Сауда экономиканың өсуіне ықпал еткенде жаңа жұмыс орындары ашылып, кәсіпкерлердің де белсенділігі артады. Сауда айналымы көбейген сайын елдегі жалпы ішкі өнім табысты болады. Бәсекелестік орта қалыптасып, сауда компаниялары бағаны төмендетуге тырысады. Бұл тұтынушыларға тиімді бағамен сапалы өнімдерді сатып алу үшін қажет.Сауда дамыған сайын салаға жаңа технологиялар мен инновациялар енгізіледі. Бұл өнімдердің сапасын арттыруға, қызмет көрсету деңгейін жақсартуға және тұтынушыға қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді. Сыртқы экономикалық байланыстар нығайып, елге шетелдік инвестициялар келе бастайды. Импорт пен экспорт арқылы елдің экономикалық даму деңгейі жоғарылайды. Сауда саласы арқылы мемлекет бюджеті салықтық түсімдерден көбейеді. Өз кезегінде бұл қаржы халықтың тұрмыс жағдайын жақсартуға, яғни білім беру, денсаулық сақтау, инфрақұрылым және басқа да әлеуметтік маңызды салаларды дамытуға бағытталады. Сауда саласы тауар айналымынан тұрса, оның тұтынушысы – халық. Сондықтан сауда саласында немесе көрсетілетін қызметтер бойынша тұтынушылардың құқығының сақталуы аса маңызды.
ЗАҢ ХАЛЫҚ ҮШІН
Тұтынушы құқығын қорғауда тиісті органдар халықтың өнімдерді немесе қызметтерді сатып алғанда тұтынушының құқықтарын қорғауға бағытталған заңдар мен ережелер жиынтығына сүйенетіні белгілі. Бұл құқықтар тұтынушыларды сапасыз өнімдерден, әділетсіз мәмілелерден және алаяқтықтан қорғайды. Тарқата айтсақ, қандай да бір өнім немесе қызмет тұтынушының денсаулығы мен өміріне қауіп төндірмеуі тиіс. Өнім туралы оның қаптамасында немесе көрсетілетін қызмет бойынша халық үшін толық және дұрыс ақпарат болуы қажет. Сауда орындары тұтынушылардың әртүрлі өнімдер мен қызметтерді еркін таңдауына мүмкіндік беруі маңызды. Тұтынушы құқығы бұзылған жағдайда заңға жүгініп, әділеттілікке қол жеткізуге ұмтылуы керек. Бұл ретте, яғни өнім немесе қызмет сапасыз болған жағдайда тұтынушы тауарды қайта айырбастауына немесе ақшаны қайтарып алуына болады. Бұл ретте елімізде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңнамалық актілер ҚР «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңымен реттеледі.Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауларының бірінде: «Бізге «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынастарды түбегейлі өзгерту қажет. Мемлекет барлығына тең мүмкіндіктер мен әділеттілікті қамтамасыз етуге міндетті», – деп айтқан сөзі бар. Бүгінде Қазақстанның Үкіметі Президент тапсырмасын және «АMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасын іске асырып келеді. Бұл мақсатта Cауда және интеграция министрлігі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе заң жобасын әзірлегені белгілі. Заңға соңғы түзетулер төрт жылдан астам уақыт бұрын енгізіліпті. Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, аталған заңның қолдану тәжірибесі оның қазіргі уақыт талабына сәйкес келмейтінін және тұтынушыларды қорғаудың тиімділігіне әсер ететін құқықтық кемшіліктерін көрсеткен көрінеді.Біріншіден, тұтынушылардың шағымдарын қарау мен шешудің төрт кезеңдік тәртібі тұтынушының сотпен қорғауға конституциялық құқығына кедергі келтірген. Өйткені тұтынушылар сотқа жүгінбес бұрын жоғарыда аталған кезеңдерден өтуге мәжбүр екен.
– «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның қолдану аясы бөлшек сауда және тұрмыстық қызметтермен ғана шектелген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті тұрғын үй-коммуналдық, көлік, медициналық, туристік, байланыс қызметтері және тағы басқа маңызды қызмет салаларында тұтынушылардың құқықтарының бұзылуына орай іс-шаралар қолдана алмайды.Одан бөлек тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктері әлі де жеткілікті дәрежеде тиімді жұмыс істемейді. Олардың қызметі жүйелі түрде біріздендірілмеген. Тұтынушылардың өтініштерін бизнеспен қабылдау және қарау процесін автоматтандыру үшін іске қосылған «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесі кәсіпкерлердің оған ерікті түрде тіркелгеніне қатысты күтілген нәтиже ойдағыдай болмады.Бүгінде аталған ақпараттық жүйеде барлығы 872 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Бұл кәсіпкерлік субъектілері мен тұтынушылар арасында онлайн кері байланысқа қол жеткізуге және «Е-tutynushy» ақпараттық жүйесін басқа мемлекеттік ақпараттық жүйелерімен интеграциялауға мүмкіндік бермейді.Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы әкімшілік құқықбұзушылықтар үшін тек ескерту көзделген. Статистика бойынша, жосықсыз бизнестің іс-әрекеттеріне байланысты жыл сайын тұтынушылардың шағымы артып жатқандықтан «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңды жетілдірудің қажеттілігі туындап отыр. Мәселен, 2021 жылы тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне тұтынушылардың 25 мың өтініші келіп түсті. 2022 жылы 30 мың болса, былтыр олардың саны 51 мыңға дейін өсті. Басқа мемлекеттік органдарға жолданған өтініштер саны да артты.
2021 жылы олардың саны – 45 мың, 2022 жылы – 47 мың, ал өткен жылы 74 мың болды.Тұтынушылардың электрондық сауда саласындағы бұзушылықтарға қатысты шағымдары өткен жылы 7 732-ге дейін күрт өсіп, өткен жылмен салыстырғанда 15 пайыздан асқанын айту қажет. Бұл электрондық сауда құралдарын белсенді пайдаланғанның белгісі. Сонымен қатар 2022 жылмен салыстырғанда шағымдар санының өсуі 290 пайызды құрады.Заң жобасын әзірлеу кезінде Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің, сондай-ақ Германия, Польша, Түркия және басқа да елдердің тәжірибесі зерттеліп, нәтижесінде бірқатар оңды қадам жасау қолға алынды.Біріншіден, азаматтық-құқықтық тұтынушылық дауларды шешу тәртібі көп сатыдан екі сатыға дейін жеңілдетілетін болады. Бірінші кезеңде тұтынушы мен бизнес субъектісінің арасындағы дауды шешуде сотқа дейінгі міндетті тәртіп сақталады. Ал екінші кезеңде бизнес субъектісі сотқа дейінгі дауды шешу тәртібін пайдаланудан бас тартса, тұтынушыға өз құқықтарын қорғау үшін сотқа тікелей талап қою немесе дауды соттан тыс реттеу субъектілеріне (медиатор/төрелік) немесе (тексеру өткізу және жосықсыз бизнес субъектісін әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін) мемлекеттік органға жүгіну баламалы тәсілдерін таңдау құқығы беріледі.Ұқсас екі сатылы құқық қолдану практикасы Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 27-тарауында көзделген, онда 1-кезеңде кәсіпкерлер дауды өзара шешеді. Ал 2-кезеңде сотқа немесе медиаторға барып дауды шешу баламалы нұсқасы қолданылады, – дейді Арман Абайұлы.
Сонымен қатар алдағы уақытта «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заңның базалық қағидаттары салалық реттеу мен осы салалардағы тиісті мемлекеттік органдардың құзыретін сақтай отырып, қаржылық қызметтерден басқа барлық қызмет көрсету салаларына қолданылады екен. Нәтижесінде уәкілетті орган тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша мемлекеттік органдардың қызметін салааралық үйлестіру жөніндегі өз функциясын толық іске асыра алатын мүмкіндікке ие болады.Тұтынушылардың белгіленген және белгіленбеген тобы туралы ұғымдар бар. Еуразиялық экономикалық одақтың бірқатар елдерімен ұқсастығы бойынша омбудсмен мен тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі қоғамдық бірлестіктер тұтынушылардың белгіленбеген тобына қатысты сотқа талап қою құқығына ие болмақ.Сонымен қатар сотқа дейінгі кезеңде кәсіпкерге жүгінген сәттен тұтынушының бұзылған құқықтары қалпына келтірілмесе, тұтынушының пайдасына азаматтық процесте сот өндіріп алатын айыппұл түрінде кәсіпкердің азаматтық құқықтық жауапкершілігі енгізіледі. Бұл құқықтық құрал кәсіпкерлерді тұтынушылармен азаматтық дауды сотқа дейін шешуге ынталандыруға бағытталған екен. Шетелдердің осындай тәжірибесі сотқа жолданатын өтініштердің айтарлықтай төмендеуін көрсеткен.
– Енді онлайн саудада тұтынушылардың құқықтарын қорғауды күшейту бойынша түзетулер ұсынылады. Тұтынушылар қауымдастығының біздің назарымызды аударған құқықтық кемшіліктері жойылды. Атап айтқанда, кәсіпкерлік субъектілердің «E-tutynushy» ақпараттық жүйесіне «міндетті емес тіркелу туралы» нормасы алынып тасталды. Қайтаруға жатпайтын тауарлар тізімінен медициналық бұйымдар, ұялы байланыстың абоненттік құрылғылары сызылды. Авиабилеттерді сатып алу және туристік қызмет көрсету туралы шарттар бойынша 100 пайыз қайтарылмайды деген ұғым жойылды. Тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктеріне тауарлар мен қызметтерді бақылауды сатып алу мүмкіндігі берілді. Несиеге сатып алған тауарларды қайтару шарттары белгіленді. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесінің бірқатар институционалдық күшеюін жеке атап өтер болсам, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институтына ұқсас тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерін біріктіру үшін тұтынушылардың құқықтарын қорғау жөніндегі омбудсмен институты енгізіледі.Ілеспе заң жобасын негізгі заң жобасына сәйкес келтіру мақсатында екі кодекске, Қазақстан Республикасының Азаматтық және Азаматтық іс жүргізу, сондай-ақ Көлік, Туристік қызмет, Сауда қызметін реттеу, Ақпаратқа қол жеткізу, Табиғи монополиялар туралы бес заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Заң жобалары барлық мемлекеттік органдармен, оның ішінде Бас прокуратурамен және Жоғарғы сотпен келісілген.Заң жобалары Мәжілістің барлық жеті комитетінде қаралып, қолдау тапты. Аталған заң жобаларын қабылдау нәтижесінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау жүйесі күшейіп, қоғамның өмір сүру сапасы артатын болады, – дейді А.Шаққалиев.
Сауда және интеграция министрлігі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдеріне сауда үстемесін асырғаны үшін бизнес өкілдеріне әкімшілік жазаны қатаңдату жөнінде түзету әзірлепті. Бұл туралы Сауда және интеграция министрлігінің бірінші вице-министрі Айжан Бижанова мәлімдеді.
– Қазіргі уақытта заңда әлеуметтік азық-түлік өнімдеріне 15 пайыздан аспайтын мөлшердегі сауда үстемесін асыра пайдалану бөлігінде бірінші рет бұзғаны үшін кәсіпкерге ескерту жасау белгіленген. Өзгерістер ескертуді 5-тен 150 айлық есептік көрсеткішке дейінгі айыппұлға ауыстыруды көздейді. Өзгерістер жобасы бойынша реттеушілік әсерге талдау жүргізілді, жақында құжат Парламент Мәжілісіне жіберіледі, – деді А.Бижанова.
Жыл басынан бастап 29 тамызға дейін әлеуметтік өнімдерге сауда үстемесін асырғаны үшін 11,8 миллион теңге сомасына 2 807 әкімшілік қаулы шығарылған. Бұл 2023 жылдың сәйкес кезеңінен 4 есе көп көрінеді.
– Делдалдық схемаларға қарсы күрес жөніндегі өңірлік комиссиялардың жұмысы шеңберінде 2 741 өнімсіз делдал және сауда үстемесінің асып кету фактісі анықталды. Нәтижесінде 2 435 әкімшілік қаулы шығарылды және 306 делдал алынып тасталды. 2023 жылы бұл көрсеткіш 1 322 фактіні құрады, – деді вице-министр.
Сауда саласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру – басты мәселенің бірі. Негізінде бұл мемлекет тарапынан баға мен халықтың тауарға қолжетімділігін реттеу мақсатында белгіленген азық-түлік түрлері. Аталған өнімдер халықтың күнделікті тұрмысында қажет деп саналатын негізгі тауарлар болып есептеледі. Қазақстанда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына нан және ұн өнімдері, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, өсімдік және сарымай, сүт, қаймақ, айран секілді басқа да сүт өнімдері, ет және ет өнімдері, жұмыртқа, тұз жатады.
ТҰТЫНУШЫ ҚҰҚЫҒЫ
ҚОРҒАЛУДА
Жалпы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы Үкіметтің жіті бақылауында тұр және тауардың бағасына шектеу қойылған, қымбаттауына жол берілмейді. Бұл жүйе халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған.Қаржы мониторингі агенттігі төрағасының орынбасары Қайрат Бижановтың айтуынша, агенттік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде бірқатар жұмыс атқарған. Жыл басынан бері өңірлік комиссиялардың қарауына Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік тарапынан 538 материал жіберіліпті. Ол бойынша 350 адам жауапкершілікке тартылған. Қазіргі таңда мектеп, балабақша, аурухана, балалар үйі, оқу орындары сияқты әлеуметтік нысандарға өнімдердің жеткізілуіне мониторинг жүргізіліп жатыр екен.
– Қаржы мониторингі жөніндегі агенттік жыл басынан бері заманауи IT-құралдарды пайдалана отырып, 900-ден астам балабақша, мектеп, аурухана мен интернатқа қымбат бағада азық-түлік жеткізу фактілерін анықтады. Облыс әкімдіктерімен бірлескен іс-шаралардың нәтижесінде бүгінде 220 ұйым бойынша сатып алу шарттары түзетіліп, 230 миллион теңгеден астам қаржы үнемделді. Мысалы, Ақтөбе облысында 26 балабақшада азық-түлік бағасы төмендетілді, онда бастапқыда сауда үстемесі 100 пайыздан 500 пайызға дейін болды. Қостанайда 180 пайызға дейін үстеме бағада сатып алған 35 әлеуметтік мекеме анықталды. Қаржы мониторингі жөніндегі агенттіктің араласуымен 40 миллион теңгеге жуық қаржы үнемделген қосымша келісімдер жасалды. Осындай жұмыс Астана мен Маңғыстау облысында да жүргізілді. 50 балабақша бойынша талдау жұмысы жүргізіліп, онда 85 миллион теңге үнемделді. Бұл жұмыс жүйелі түрде уәкілетті және жергілікті атқарушы органдармен өзара байланыста жалғаса береді, – дейді Қайрат Бижанов.
Жыл басынан бері Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасы 0,9 пайызға төмендеп, баға индексі 99,1 пайызды құрапты (2023 жылдың сәйкес кезеңінде 107,2 болған). Оған бірінші сортты бидай ұны, күріш, қарақұмық, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, қырыққабат, қант және тұз сияқты өнімдердің бағасының төмендеуі себеп болыпты.Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті жергілікті атқарушы органдармен бірге әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының өсу қарқынын тежеу үшін жұмыстар жүргізуде.ҚР Сауда және интеграция министрлігі өңірлердегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға белгілеу мәселесі бойынша мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіруде. Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесінің мөлшері енгізілген. Бұл ретте сатушының маржасы өндірушінің сату бағасының немесе көтерме жеткізушіден сатып алу бағасынан 15 пайыздан аспауы керек.Жыл басынан бері Астана қаласы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті сауда қызметі туралы заңнаманы бұзғаны үшін 305 кәсіпкерге әкімшілік шара қолданса, оның 40-ы 3 миллион 205 мың теңге көлеміндегі айыппұл арқалаған. Айыппұлға іліккен ірі сауда нысандарының ішінде елордадағы «Вкусмарт», «Galmart», «Астықжан» және «Десткий мир» сауда желілерінің дүкендері бар екен. Жергілікті атқарушы орган мен департамент сауда субъектілері арасында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға саясатына қатысты заң талаптары бойынша тұрақты түрде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Облысымызда биыл жеті айда сауда айналымы 0,3 пайызға артыпты. Осы жылдың қаңтар-шілде айларында облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне 614 өтініш түскен. Оның ішінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында өтініш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 172 өтінішке өскен. (2023 жылдың 7 айында – 359 өтініш). Бөлшек сауда саласы бойынша аталған департаментке 244 шағым түсіпті. Шағым иелерінің өтінішінде сауда орындары сапасыз тауарды айырбастаудан немесе қайтарудан бас тартқаны атап көрсетілген екен.Негізінде сапасыз тауарды қайтарудан бас тарту немесе тұтынушының өтініштеріне жауап бермеу – заңға қайшы. Бұл мәселені еліміздегі «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Заң реттейді. Осы заңға сәйкес, егер сатып алынған тауар сапасыз болып шықса, тұтынушы сапасыз тауарды иесіне өткізіп, ақшасын қайтара алады немесе оны сапалы тауарға ауыстыра алады.
Егер тауарда ақау болса, саудагермен келісе отырып, тұтынушы тауарды төмен бағада сатып алса болады. Егер тауар кепілді мерзіммен саудаланған болса, сауда орны оны жөндеп беруге міндетті.Облыс бойынша сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаменті жеті айда тұтынушылардың 14,7 миллион теңгесін кері қайтарып берген. Тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласында тұтынушының шағымына жауап бермеу мәселесі бойынша 21 тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 58 бұзушылық анықталған. 45 ұйғарым енгізіліп, құқық бұзушыларға 52 ескерту және 6 айыппұл түріндегі жаза қолданылыпты. Сонымен қатар 7 субъектіге айыппұл салынған екен.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ