Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Дәрігерлер әулеті

Дәрігерлер әулеті
Ашық Дереккөз
«Бірінші байлық – денсаулық» дейміз. Денсаулық – ең бірінші тіс күтімінен басталады. Стоматолог дәрігерлердің айтуынша, аурудың 90 пайызы ауыз қуысындағы бактериялардан пайда болады екен. Себебі тісті, қызыл иекті дұрыс күтпеген жағдайда ауыз қуысында бактериялар көбейіп, ол жүрек ауруы, қант диабеті, туберкулез секілді аурулардың өршуіне түрткі болады.

Елімізде кішкентай бүлдіршіндер мен кәмелеттік жасқа толмағандарға, жүкті әйелдерге тісті емдету тегін. Сонымен қатар өңірімізде емделушілерді күн-түн демей қабылдайтын емханалар да бар. Сондықтан тіс ауырған кезде бұрынғыдай дәрі ішіп, не тұз басып таңды көзбен атырмайсыз. 

«Қай жерің ауырса, жаның сол жерде». Бірде тісім ауырып, әбден әбігерге түстім. Сыздағаны қоймай үдей берген соң елден сұрастырып, Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы бағасы қолжетімді «Merkuri dent» деп аталатын тіс емханасына бардым.Кезекке тұрғаннан кейін қасымдағы адамдардан дәрігер туралы сұрастыра бастадым. Көпшілік «Алтын қолды стоматолог, тісіңді ауыртпай жұлады»,  «Емдеуге келсе, емдейді. Тіпті тіс протезін де салып береді»,  «Бесаспап, өз мамандығын жақсы меңгерген» деп ризашылықтарын білдіріп жатты. 

«Халық айтса, қалып айтпайды» деген. Кезегім келіп, емдеу бөлмесіне бас сұққанда жүзінен шуақ шашып тұрған дәрігерді көргенде тісімнің ауырған жері бір сәт саябырлағандай болды. Тісімді көргеннен кейін емдеуге келмейтінін, жұлу қажеттігін ескертті. Залалсыздандырғаннан кейін тісімді қалай жұлып алғанын сезбей де қалдым. Сосын сұрақтарымды қойып, әңгіме өрбіттік.

– Әкем Асланби Акилов 40 жыл тіс дәрігері болған. Ағам Биберд, мен және қарындасым Назерке де әкемнің ізін жалғаған дәрігерлерміз. Тіс емханасын әкем менің атыммен атаған. Мен дүниеге келетін кезде әкеме түсінде аян беріліпті. Сол себепті есімімді Меркурий деп қойған.Дұрыс шайнамаған ас – асқазанға түскен тас. Сол себепті ас ішкенде, тағам жегенде асықпай шайнап жеген дұрыс. Сау тіс адамның ажарын да келтіріп тұрмай ма?! Өзіңіз білесіз ішкі құрылыстың ауруы ауыз қуысының тазалығына, тістің саулығына байланысты. Менің клиникам әкелі-балалы әулеттің тұтастығын көрсетеді. Көпке үлгі деп ойлаймын. Біздің халық тісі ауырып, жанына батқанда ғана келеді. Денсаулыққа күтіммен қарап, тіс ауруының алдын алған дұрыс. Тіс ауырмай тұрып жылына екі мәрте тексерілу керек. Сол кезде ғана сақтап қала аламыз.

Тіс ауруларының алдын алу ана құрсағында жатқанда-ақ басталады.Тіс ауруларының түрлері де өте көп. Жиі кездесетіндеріне тоқталайын. Мәселен, пульпит – тіс ұлпасының қабынуы. Тісжегі асқынып, микробтардың ұлпаға енуінен болатын дерт. Тіс өте қатты ауырып, мазаны алып, кесел жүйке бойымен үдеп, бас, құлақ, самай тұстарын қақсатады, түнгі ұйқыдан қалдырады. Аурудың жедел, созылмалы және асқынған созылмалы түрі де кездеседі.

Тісжегі – тістің қатты тіндерінің бұзылуынан тісте қуыстың пайда болуы. Өте көп тараған ауру. Тісжегі тым ерте басталады, әсіресе балаларда тұрақты азу тіс шыққаннан кейін байқалады. Кариес тұрақты тістерді де, сүт тістерді де зақымдайды.

Тісжегінің пайда болуына негізінен стрептококк бактериясы әсер етеді. Бактериялардың әртүрлі тәтті тағамдарды көп жегеннен қышқыл ферменттер бөліп шығаруынан тістің қатты тіндері жұмсарып, бұзыла бастайды. Сонымен қатар тіс кариесінің пайда болуына дұрыс тамақтанбау мен тісті дұрыс күтпеу өз әсерін тигізеді. Тіс құрттары қан арқылы жүрекке, сосын бүйрекке барады. Тіс ауруымен ойнамаңыздар. Дәрі ішіп, қойып қалды деп жүре беруге болмайды,Біздің тіс емдеу мекемемізде пациентке алдын ала кеңес беріледі, емдейміз, жұлу керек болса, жұламыз, «коронка» саламыз, тістің қисықтығын түзейміз. Келген науқасқа кеңес беріп, тісін тексеріп, рентгенге түсіреміз. Мекемеміз соңғы технология бойынша жабдықталған  – дейді Меркурий Акилов (суретте).

Тіс емханасының негізін қалаушы Асланби Акилов – көп жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан нағыз майталман маман. 

– Сөйлеу үшін де, күлу үшін де, тамақ жеу үшін де тіс керек. Жүрек, асқазан, сүйек ауырса, адам біраз дәрігерге бармай жүре алады. Ал тіс ауырса, бүкіл жұмыс, тірлік, жоспар жайына қалады. Тіс ауырған жағдайда жедел жәрдем шақыра алмайсыз. Тек ақылы негізде көрінесіз. Сондықтан ауырмай тұрып денсаулықтың, қартаймай тұрып жастықтың қадірін білген дұрыс. Басқа-басқа, ең бастысы тіс ауырмасын. Тіс ауырған кезде кішкентай бала тұрмақ, үлкеннің де мазасы қашады. Тіс ойылса, эмалі мен дентині опырылып, қуысындағы қантамырлар мен нерві зақымдалады. Ауыз қуысындағы микробтар оларды қабындырады, сөйтіп, тіс ауруы асқына түседі.

Тіс ойылып, пульпитке ауғанда тістің қуысындағы заттар шіріп, ауыздан жағымсыз иіс шығатын болады. Тістің жүйке жүйесі мен қантамырлары қабына бастаған кезде емдете қойса, тісті аман алып қалуға болады. Кейде тіс пен оның жүйке қантамырларының немесе тіс түбірі ұясының қабынып ауырғаны ұзаққа созылса, олардың іріңі, бактериялар мен уы қан арқылы денеге тарайды. Мұндайда адамның тұла бойын ірің жайлап ауырады, жүрек, бүйрек, бауыр тәрізді жеке ағзалары қабынып, іріңдейді.

Кейбір адамдар тістерін күнделікті тазартпайды, ойылған тістерінің арасына ішкен тамағы тығылып, микробтардың ұясына айналады, әлгіндей шіріген қалдықтың бір миллиграмында 800 миллиондай микроб болады. Қай жасқа келсе де адам ауыз қуысының тазалығы мен саулығына ерекше көңіл бөлуі қажет. Сондықтан әрбір азаматтың тісі ауырмаса да тіс дәрігеріне жылына екі рет көрініп тұрғаны жөн, – дейді Меркурий Асланбиұлы.


«Merkuri dent» клиникасының бағалары қолжетімді. Халықтың еліміздің түкпір-түкпірінен осы стамотологияны іздеп келетіні де сондықтан. 

Тіс ауруының арты созылмалы ауруға апарады. Сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмаудың амалын іздеу әлдеқайда тиімді. Тісім бүтін болсын десеңіз, оны күтіп, дәрігерге көрініп, алдын ала кеңес алып тұрған абзал. 

Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар