Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әулиеата өңірінің әлеуеті артып келеді

Әулиеата өңірінің әлеуеті артып келеді
Ашық Дереккөз
Бүгінде Жамбыл облысы аграрлы-индустриалды аймақ ретінде дамудың даңғыл жолына түсті. Ауылшаруашылығы саласы алға басып, өндіріс өркен жайды. Құрылыс қарқын алды. Бір сөзбен айтқанда, сан салада серпін бар. Бұл тұрғыда байыпты бағдарламалар мен жарқын жобалардың тигізіп жатқан шарапаты мол. Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерімен кездесіп, брифинг өткізген облыс әкімі Ербол Қарашөкеев осындай оңды өзгерістерге кеңінен тоқталды. Журналистердің сұрақтарына жауап беріп, өңірді өркендету жолындағы өзіндік ой-тұжырымдарымен бөлісті.

«Бүгінде тұрақты кездесулер өткізу және өңіріміздегі соңғы жетістіктер мен өзекті мәселелерді талқылау дәстүріміз бойынша атқарылған жұмыс нәтижелерімен,  Мемлекет басшысының Жолдауы аясында алдағы жоспарлармен және өңірдің дамуы туралы ой бөліскенді жөн санадым», – деген аймақ басшысы әуелі экономикалық өсімге тоқталды.

Әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларында өсім динамикасы байқалады. Жыл басынан қысқамерзімді экономикалық өсім 103,3 пайыз деңгейінде қалыптасқан. Жыл басынан 247,3 миллиард теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 1,3 пайызға  артыпты. 

ИНВЕСТИЦИЯ ИГІЛІГІ

 – Мемлекет басшысы алға қойған басты міндеттердің бірі – өнеркәсіпті дамыту және инвестиция тарту. Ағымдағы жылдың 7 айында өнеркәсіп өнімінің көлемі 494,9 миллиард теңгені немесе 96,7 пайызды құрады.Өндіріс көлемінің төмендеуінің негізгі себептері әлемдік нарықтағы бағаның 1145 доллардан 490 долларға дейін төмендеуіне байланысты минералды тыңайтқыштар өндірісінің қысқаруы, басқа елдерден арзанырақ өнімдерді әкелу есебінен қант өндірісінің төмендеуі болып табылады.Жыл соңына дейін алдымызда өндіріс көлемін арттыру міндеті тұр.Біз бұл өсімді «KORCEM» цемент өндіру зауыты, «Karatau Chemicals» пиросульфит өндіру зауыты және Шатыркөл байыту фабрикасы сияқты ірі өндіріс орындарын іске қосу арқылы жоспарлап отырмыз.Бүгінде «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен бірлесіп, өндірісті жаңғырту және өнім түрлерін кеңейту үшін инвесторлар іздеу жұмыстары аяқталуда, – деді Ербол Шырақпайұлы. 

Аймақ басшысының айтуынша, инвестициялық ахуалды жақсарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Осы орайда жыл соңына дейін инвестиция көлемін 702 миллиард теңгеге дейін ұлғайту жоспарлануда екен.  

– Қазіргі таңда 1 432 жұмыс орнын құрумен 228,5 миллиард теңгеге 19 жоба жүзеге асырылуда. Жыл басынан бері біз жалпы құны 139 миллиард теңгені құрайтын 12 жобаны енгіздік, бұл облыста 405 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік берді. Өңірде жаңа өңдеу зауыты, ауылшаруашылық техникаларына қызмет көрсететін сервистік орталық, құм, қиыршық тас шығаратын завод, сүт өнімдерін өңдейтін цех іске қосылып, «Жайсаң» мыс кен орнын игеру жұмыстары басталды.

Облыстың инвестициялық қоржыны жалпы құны 2,5 триллион теңгені құрайтын 70 жобаны құрайды. Оның ішінде шетелдік инвесторлардың қатысуымен 1,8 триллион теңгені құрайтын 13 жоба бар. Бұл жобаларды жүзеге асыру қосымша 6,3 мың жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Өңірге инвестиция тарту бойынша жұмысымыз аясында инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін өндіріс орындарының жетіспеушілігі мәселесіне тап болдық.

Қалыптасқан жағдайды шешу үшін біз инвесторларға аумағы 40 мың шаршы метрді құрайтын заманауи өндіріс орындарын салуды ұйғардық. Жобаға қаржы «Индустриялық даму қоры» АҚ-нан алынды.

«Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы ағымдағы жылдың тамыз айында «Тараз» индустриалды аймағы және «Жібек жолы» арнайы экономикалық аймағы аумағында жалпы құны 4,6 миллиард теңгеге 3 жобаны қаржыландырды. Оларды іске қосу 2024 жылдың соңы мен 2025 жылдың басына жоспарланған, – деді облыс әкімі Е.Қарашөкеев. 

Тағы бір айта кетерлігі, биылғы  мамыр айында өңірге инвестиция тарту мақсатында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының  базасында «Zhambyl Invest» дирекциясы құрылды. Дирекция отандық және шетелдік инвесторларға «бір терезе» қағидаты бойынша көмек көрсетеді. Яғни рұқсат құжаттарды алу, инвесторларға виза беру, инвестициялық келісімшарттар жасау және инвестициялық преференциялар алу, сондай-ақ инженерлік желілерді орнатуға жәрдемдеседі.

Бүгінгі таңда дирекция түрлі салаларда әзірленіп жатқан 30-ға жуық инвестициялық жобаға қолдау көрсетуде. Оның 9-ын жақын арада іске қосу жоспарланып отыр. Жобаларды іске асыру айтарлықтай мультипликативті нәтиже береді және тұтастай алғанда, өңірдің инвестициялық тартымдылығын дамытуға оң әсер етеді деп күтілуде. 

ГҮЛДЕНСЕ АУЫЛ – ГҮЛДЕНЕМІЗ БӘРІМІЗ

Инвестиция ауылшаруашылығы саласының дамуына да тың серпін беріп отыр. Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде жыл басынан бері агроөнеркәсіп кешені саласына 6,1 миллиард теңге инвестиция тартылғанын айтты. Солтүстік Қазақстан облысы тәжірибесін кеңейту аясында 1 612 басқа арналған тауарлы-сүт фермаларының құрылысы бойынша 3 жоба, сыйымдылығы 35 мың тонналық 6 көкөніс сақтау қоймасы, тамшылатып суару және тері мен жүнді өңдеу бойынша 2 жоба қаржыландырылды. Бұл жобаларды 2025 жылы енгізу жоспарлануда.

– Агроөнеркәсіп кешенінде жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жұмыстары ерекше бақылауда.2027 жылға қарай құны 272 миллиард теңгені құрайтын 40 инвестициялық жобаны іске асырып, 1 141 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Оның ішінде 2024 жылы 345 жұмыс орнын құрумен 25 миллиард теңгені құрайтын 20 жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Ағымдағы жылы жоспарланған 20 жобаның құны   9,7 миллиард теңгені құрайтын 9 жобасы іске қосылды.Ауылшаруашылығы саласын қолдауға 21,4 миллиард  теңге субсидия бөлінді.7 айдың қорытындысы бойынша ауылшаруашылық өнімінің көлемі 4 пайызға өсті, ірі қара мал санын 7,9 пайызға, қой санын 21,9 пайызға, жылқы санын 5,8 пайызға, ет өнімдерін өндіру көлемінің 2,2 пайызға, сүт өнімдерін өндіру көлемінің 1,1 пайызға өсуі қамтамасыз етілді, – деді аймақ басшысы. 

Жамбыл облысында пилоттық негізде басталып, кейін республика көлемінде жалғасқан «Ауыл аманаты» жобасы өз тиімділігін көрсетті. Жергілікті ауылшаруашылық тауарын өндірушілерді жан-жақты қолдауға және ауыл халқын кәсіпкерлікке тартуға бағытталған бағдарлама жаңа жұмыс орындарын ашып, ауыл халқының табыс көзіне айналды.

– 2023 жылы 25,5 миллиард теңге бөлініп, 4076 жоба қаржыландырылды, бағдарламамен 51 ауылдық округ қамтылды. Оның ішінде 152,2 мың бас мал мен 65 бірлік ауылшаруашылық техникасын сатып алу қаржыландырылды.2024 жылдың соңында біз республикалық бюджеттен 10,5 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлуді күтеміз, оларға кемінде 1 200 жоба қаржыландырылады.Биылдан бастап біз шағын орта бизнесті, мәселен, құрылыс цехтарын, кондитерлік цехтарды, тігін цехтарын, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу бойынша шағын цехтарды дамытуды қаржыландыруға көңіл бөлеміз.Несиелер жылдық 2,5 пайызбен 7 жылға дейінгі мерзімге жеке кәсіпкерге 9,5 миллион теңгеге дейін, кооперативке 29,2 миллион теңгеге дейін беріледі.Сондай-ақ ағымдағы жылдың мамыр айында ауылшаруашылық техникасын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 600 миллион теңге бөлініп, 89 бірлік техника сатып алынды, – деді Ербол Шырақпайұлы. 

Облыс әкімі Е.Қарашөкеев  суармалы жерді қалпына келтіру жайын да назардан тыс қалдырған жоқ. Мемлекет басшысының облыста суармалы жер көлемін ұлғайту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде суармалы алқаптарды ұлғайту бойынша ауқымды шаралар қолға алынған.

Мысалы, бекітілген жол картасы шеңберінде 2028 жылға дейін 124 мың гектар егіс алқабын қалпына келтіру жоспарлануда екен. Халықаралық қаржы институттары арқылы 37,4 миллиард теңге бөлініпті.  Сәйкесінше 47,5 мың гектар (жоспар 69,1 мың гектар) суармалы алқап  қалпына келтірілген.  

– Биылғы жылы ИДБ-мен суармалы жерлерді ұлғайту және тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту жөніндегі келісімдер аясында 87 каналды қайта жаңғырту және күрделі жөндеу жұмыстарын бастап жатырмыз.Жергілікті бюджет есебінен 9, республикалық бюджет есебінен 3 суқойма салу жоспарлануда.Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 2028 жылға қарай суармалы алқаптарды толық сумен қамтамасыз ету, каналдарда тасымалдау кезінде су ысыраптарын азайту және ауылшаруашылық өнімін 2 есеге арттыру күтілуде.Сондай-ақ суды үнемдейтін технологияларға тоқталғым келеді. Бүгінде іске қосу сатысында 2 жоба бар: каналдар үшін бетон жабындарын өндіру бойынша KAZAKH INDUSTRIAL STROI (ҚХР) және тамшылатып суару өндірісі бойынша KAZKASPI HYDRO (ҚХР) жүйелері. Сонымен бірге, өңірде өз өндіріс орындарын ашуға дайын тағы 3 мүдделі инвесторымыз бар. Қазіргі уақытта олар пысықтау сатысында, – деді аймақ басшысы. 

ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫСЫ ЖАНДАНУДА

Брифинг барысында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев өңірде жаңа алқаптар мен ықшамаудандар салу арқылы  тұрғын үй мәселесі кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын тілге тиек етті.  Жыл басынан бері 355,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе,  жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 750,0 мың шаршы метрге жеткізу жоспарлануда.Бүгінде құны 17,6 миллиард теңгеге 2 909 пәтерлік  56 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде биыл 51 үй (2 569 пәтер)  тапсырылады.Одан бөлек облыста жастардың тұрғын үй мәселелерін шешу мақсатында «Әулие ата жастары» өңірлік бағдарламасы қабылданғаны белгілі. Аталған бағдарлама аясында биыл 2 миллиард  теңгеге 140 жасқа пәтер кілтін беру жоспарланып отыр.Жалпы 2023 жылы тұрғын үй құрылысына және сатып алуға 1 942 пәтерге 23,2 миллиард теңге, ал 2024 жылы 2 есе артық, яғни 3 784 пәтерге 40,8 миллиард теңге бөлінді.Сонымен қатар ағымдағы жылы 79 көппәтерлі тұрғын үйге күрделі жөндеу жүргізуге 5,9 миллиард теңге бөлінді.

Бұдан бөлек 26 көппәтерлі тұрғын үйдің аулаларында ойын алаңдары салынды.Сондай-ақ биыл  12 миллиард теңгеге 77 тұрғын үй объектісіне және жеке тұрғын үй құрылысы үшін 351 жер учаскесіне инженерлік инфрақұрылым жүргізу жоспарлануда.Көпбалалы отбасылар мен халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 23,2 миллиард  теңгеге  1 575 пәтер сатып алу жоспарлануда.Коммуналдық шаруашылық саласында да ілгерілеушілік бар.

Әсіресе елді мекендерді сапалы ауызсумен қамтамасыз етуге көп көңіл бөлінуде.Мәселен, 2024 жылы 21,5 миллиард теңгеге 68 жоба іске асырылатын болады. Оның ішінде 22 ауылдық елді мекенде орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесін салу және 15 ауылдық елді мекенде  кешенді-модульдік блоктарды орнату көзделген.Нәтижесінде 23,6 мың адам тұратын 37 елді мекен қамтылып, сапалы ауызсумен қамтамасыз ету деңгейі 94,9 пайыздан 98,1 пайызға дейін артады.Аймақ басшысы биыл 12 жоба шеңберінде 8,5 миллиард теңгеге қосымша 3 елді мекенді табиғи газбен қамтамасыз ету жоспарланып отырғанын да жеткізді. 

ЖЫЛЫТУ МАУСЫМЫ – БАСТЫ НАЗАРДА 

Көзді ашып-жұмғанша жылдың сегіз айы артта қалып, ауа райы салқындап, қыстың хабары сезіле бастады. Енді аз уақытта жылыту маусымы да басталады. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, өңірде қысқы жылыту маусымына дайындық ерте көктемде басталып, жаз бойы қарқынды жалғасты.Жауапты науқанға жан-жақты дайындық керек екенін айтқан аймақ басшысы қыста ешқандай қиындық туындамас үшін жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылып жатқанын жеткізді.Жалпы облыс бойынша жылу желілерінің ұзындығы 350,7 шақырымды, тозу деңгейі 55,5 пайызды құрайды.

Биыл 7,1 миллиард теңгеге Тараз қаласындағы М-1 магистральдік жылу магистралін қайта жаңғырту жұмыстары басталды. Тозу деңгейі жыл соңына 54 пайызға дейін төмендейді.Сонымен қатар жыл соңына дейін Қаратау қаласындағы және Жаңатас қаласындағы орталық қазандықтарды қайта жаңғырту жұмыстары аяқталатын болады. Нәтижесінде Жаңатас қаласындағы орталық қазандық мазуттан табиғи газға көшеді.

Ал 2025 жылы Қаратау қаласындағы резервтік мазут шаруашылығын және жеке қазандығын қайта жаңғырту жоспарға енгізілген. Сондай-ақ республикалық бюджеттен (5,5 миллиард теңге) қаржыландыру қолдау тапса, «Ұлы дала» ықшамауданындағы жылу желілерін, Тараз қаласындағы М-3 жылу магистралін және Шу қаласында 4 жобаны қайта құру басталады. Осы жобаларды іске асыру тозу деңгейін 51,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

– Облыс тұрғындары жиі көтеретін мәселенің бірі – автомобиль жолдарының жай-күйі. Сондықтан да мәнді мәселеге ерекше көңіл бөлініп, өңірде жол құрылысы қарқын алды. Облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 10 мың шақырымды құрайды. 2024 жылы автожол саласын дамытуға 25,2 миллиард теңге бөлінді. 1 көпір мен 16,5 шақырым көше жолын салу, 3 шақырым жолды қайта жаңарту және 655 шақырым жолды орташа жөндеу бойынша 339 жобаны іске асыру жоспарлануда.Нәтижесінде жыл қорытындысымен жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының үлесі 99 пайызға, көше жолдары желісі 87 пайызға жетеді.Әлеуметтік саланың әлеуетін арттыруға да айрықша назар аударылғанын айта кету керек. Биыл әлеуметтік саланы қамтамасыз етуге 43,6 миллиард теңге бөлінді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,2 есеге көп. (2023 жылы – 36,3 миллиард теңге).Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын құру» тапсырмасына сәйкес 6 мыңға жуық жұмыс орны құрылды. Әлі 8 мың жұмыс орны ашылады (барлығы 14 331 жұмыс орны).Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында облыс бойынша 38 961 жұмыс орны (жоспар – 67 357) құрылды. Жұмыспен қамтудың белсенді шараларымен 31 614 тұрғын қамтылды.Халықты жұмыспен қамтуға бағытталған іс-шаралардың жүйелі іске асуының нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардың саны 2023 жылғы 42,2 мыңнан 9,5 мың адамға азаяды, – деді Ербол Шырақпайұлы.

ТУРИСТЕР САНЫ
31 ПАЙЫЗҒА ӨСТІ

Облыс әкімінің айтуынша, 2024 жылы облыстың білім беру саласын дамытуға 319,2 миллиард теңге бөлінген. Жоспар бойынша 2024-2025 жылдары облыста 41 білім нысанының құрылысы жүргізіледі. Жыл соңына дейін 19 мектептің құрылысы аяқталады. Нәтижесінде оқушы орны тапшылығы бар 9 мектеп, 4 үш ауысымды, 3 ескірген, 2 апатты мектеп мәселесі шешіледі. Сонымен қатар биыл 10 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.Сол секілді мектептерді жаңғыртуға 3,1 миллиард теңге қаралыпты.

Тарқата айтсақ, 206 мектепті модификациялық кабинеттермен қамтамасыз ету мақсатында 1,9 миллиард теңге, білім беру нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 1,2 миллиард теңге бөлінген.

Мемлекеттік білім беру ұйымдары бейнебақылаумен 82,9 пайыз, дабыл түймелерімен – 100, турникеттермен – 85,5, мамандандырылған күзетпен 83,7 пайызға қамтылған.Сондай-ақ 1-4-сыныптағы 67 мыңнан астам оқушыны ыстық тамақпен қамтамасыз етуге 5,6 миллиард теңге, қосымша 1-11-сыныптағы 47 мыңға жуық аз қамтылған отбасы балаларын ыстық тамақпен қамтуға 3,9 миллиард теңге бағытталған.

– Ал 2024 жылы денсаулық сақтау ұйымдарының тозу көрсеткішін 40,3 пайыздан 36,5 пайызға дейін төмендету үшін 6,8 миллиард теңгеге 26 денсаулық сақтау нысанын салу жоспарланған болатын.Бүгінде Жамбыл ауданына қарасты Қостөбе ауылында медициналық пункт, Т.Рысқұлов ауданы, Қайыңды ауылында фельдшерлік-дәрігерлік пункт, Байзақ ауданы, Қызыл Жұлдыз ауылында дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді.Жыл соңына дейін тағы 16 нысан ел игілігіне тапсырылады.1,6 миллиард теңгеге 4 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4,7 миллиард теңгеге 38 санитариялық автомобиль және медициналық жабдық сатып алынатын болады. Нәтижесінде медициналық жабдықтармен жабдықталу деңгейі 96,7 пайызға жетеді (2023 жылы – 91,9 пайыз).Халықты сапалы медициналық қызметтермен қамтамасыз ету мақсатында 3 ауданда (Байзақ, Қордай, Жуалы) орталық аурухана салу және 3 ауданда (Меркі, Шу, Талас) көпбейінді ауданаралық ауруханаларды қайта жаңғырту жобаларының құжаттары әзірленуде.Спорт саласына да көп қолдау көрсетіліп, нәтижесінде жарқын жетістіктерге, толағай табыстарға қол жеткізудеміз. 2024 жылы салаға жергілікті бюджеттен 15,5 миллиард теңге бөлінді. Бүгінде 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13 спорт нысанының лентасы қиылады. 2024 жылға жоспарланған 74 спорт алаңының 45-і пайдалануға берілді.Жалпы биыл халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейін 66 пайызға (2023 жылы – 64,9 пайыз), денешынықтырумен және спортпен шұғылданатын халықтың үлесін 41 пайызға (2023 жылы – 40,2 пайыз) жеткізу жоспарланып отыр.Спорт саласындағы ерекше жетістік – Францияда өткен жазғы Олимпиада ойындарында Елдос Сметовтың алтын медаль жеңіп алғаны. Ерекше жетістік дейтініміз, Жақсылық Үшкемпіровтің алтынынан кейін араға 44 жыл салып жамбылдық саңлақ Олимп шыңын бағындырды. Парижде жалауы желбіреген XVIII жазғы Паралимпиада ойындарында да жамбылдық 4 спортшы ел намысын қорғауда. 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына облысымыздан 17 спортшы қатысады, – деді Е.Қарашөкеев. 

Ал биыл мәдениет саласын дамытуға 14,4 миллиард теңге бөлініп, бүгінде 16 нысанның құрылысы және 2 нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.  Жыл қорытындысымен халықтың мәдени инфрақұрылыммен қамтамасыз етілу деңгейі 84,8 пайызға жетеді (2023 жылы – 82 пайыз).Бұдан кейін аймақ басшысы жастар саясатын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.

Осы орайда биыл өңірде жастарды жұмыспен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылғанын айта кету керек. Мәселен, 2024 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2,8 пайызды құраған. Уақытша жұмыспен қамтылмаған жастардың (NEET) үлесі – 6,8 пайыз. 7 айда 15 223 жас белсенді жұмыспен қамту шараларына тартылыпты. 

«Ауыл аманаты» жобасы аясында 259 жас жеңілдікпен несие алып, кәсіп бастап, табыс тайқазанын тасытуда.Сондай-ақ кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 362 жасқа жеңілдетілген (2,5 пайыз) 1 миллиард 810 миллион теңге микрокредит беру жоспарланып отыр екен.

Сол секілді «Жасыл ел» еңбек жасағына маусымдық жұмыстарға 2 000 жұмыссыз, уақытша жұмыспен қамтылмаған (NEET санаты) жастарды тарту үшін 173,5 миллион теңге бөлініпті. Бүгінгі таңда 1 312 жас маусымдық жұмыстарға қатысуда.

– Облысымызда туризмді дамыту үшін үлкен мүмкіндіктер бар. 2022 жылы Тараз қаласы Дүниежүзілік қолөнер қалаларының тізіміне еніп, «Қазақстанның тұңғыш қолөнер қаласы» мәртебесін алды.Қазіргі уақытта туризм саласында 15,9 миллиард теңгеге 7 инвестициялық жоба іске асырылуда.

Жобаларды іске асыру 200 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді. Қазірге дейін 3 жоба пайдалануға берілді.2024 жылдың 1 тоқсанының қорытындысы бойынша облысқа 40,8 мың турист келіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда туристер саны 31 пайызға өсті.

Биыл Қытайдағы қазақстандық туризм жылы болып жарияланғаны белгілі. 2024 жылғы 29 наурызда Қытай астанасы Бейжіңде туризм жылының ресми ашылу салтанатында облыстың туристік әлеуетінің тұсаукесері өтті.

Алдағы уақытта Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында тақырыптық апта өткізу жоспарлануда.Сонымен қатар туристер санын 150 мыңға, төсек-орын санын 7 мыңға жеткізу, 50 жаңа жұмыс орнын құру міндеті тұр. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады, – деді Ербол Шырақпайұлы.

ТАРАЗ ТҮРЛЕНЕ
ТҮСЕДІ

Облыс орталығы Тараз қаласы күн өткен сайын сұңқардай сыланып, тотыдай түрленіп келеді. Халықтың саны да өсіп, тиісінше қаланың аумағы да кеңейіп келеді. Соған орай тұрғындарды баспанамен қамту, халықтың жайлы өмір сүруіне жағдай жасау мақсатында қарқынды жұмыстар жүргізілуде. 

– Қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 40 үйдің құрылысы аяқталады.Шаһардың орталық көшелеріндегі 27 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді.

Жұмыс басталып кетті.Жыл соңына дейін 11 үйді түрлендіруді, қалған 16 үйді келесі жылы жаңғырту жоспарлануда.Сондай-ақ қаладағы 76 көшеге жарықтандыру жүргізудеміз.Қала маңындағы саяжай алқаптарында жоғары вольтті желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды.25 аулада балалар ойын алаңшасы салынды. 8 кіші футбол алаңшасының құрылысы аяқталды, 1 кіші футбол алаңшасының құрылысы жүргізілуде.Сондай-ақ 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтуде.

«Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 20 мың ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланып, оның тең жартысы биыл көктемде отырғызылды, – деп баяндамасын қорытындылаған Ербол Шырақпайұлы халықпен кері байланыс орнатуға ерекше көңіл бөлініп отырғанын жеткізді.

Барлық деңгейдегі әкімдермен 424 есептік кеңес өткізіліп, оған 27,5 мың тұрғын қатысыпты. 2023 жылы 46 жеке қабылдау өткізіп, 639 азамат көкейдегі сұрақтарын, талап-тілектерін жолдауға мүмкіндік алыпты. Қабылдауға келген тұрғындардың барлығына қолданыстағы заңнама шеңберінде жауаптар мен түсініктемелер берілген.Баяндама аяқталғаннан кейін сұрақ-жауапқа кезек берілді.

САН САУАЛҒА – 
НАҚТЫ ЖАУАП 

Республикалық «Айқын» газетінің облыстағы меншікті тілшісі Саятхан Сатылғанов: «Биыл өзге өңірлерде орын алған тасқын су апаттың айтып келмейтінін анық аңғартты. Өкінішке қарай, біздің өңірімізде де кейбір елді мекендерді су шаю деректері орын алды. Әсіресе Сарысу ауданы, Жаңатас қаласында көлбеу су аулаларды басып, әлеуметтік нысандарға да зардабын тигізді. Қазіргі таңда төтенше жағдайдың зардабынан пайда болған шығындар толық өтелді ме?Сонымен қатар Қордай, Шу аудандарында нөсер жауын салдарынан шаруалардың 400 бас малы суға кетті. Шығынды өтеу бойынша арнайы комиссия құрылғанынан хабардармыз. Табиғи апат бойынша комиссия қорытындысы шықты ма? Ең маңыздысы, табиғи апаттардың алдын алудың қандай да бір алгоритмдік жоспары бекітілді ме?» –деді.

 

Облыс әкімінің айтуынша, Жаңатас қаласындағы 13 көшедегі 400-ден аса үйдің ауласы мен 56 үйдің ішін, Д.Қонаев атындағы орта мектепті су басқан. Қазіргі уақытта зақымдалған 53 жеке тұрғын үйге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр екен. 3 жеке тұрғын үй қатты зақымдалып, онда адамдардың тұруы мүмкін болмаған. 2 жеке тұрғын үйдің иелері басқа жақта тұруға келісім бермегендіктен бір жеке тұрғын үйдің құрылысы басталыпты.

Қалған екі отбасыға үй сатып алып беру бойынша тиісті жұмыстарды жүргізу қолға алынған. Осы айдың аяғына дейін шығындар төленетін көрінеді. Бұл үшін қаражат облыстық бюджеттің төтенше жағдайға деп қарастырылған қаржысынан бөлініпті.Қордай ауданындағы мал шығыны есептелген, алайда бірқатар мәселе төтенше жағдай талаптарына сәйкес келмегендіктен кейбір құжаттар қайта қаралып жатқан көрінеді. Алдағы уақытта шығарылған қорытынды нәтижесі қосымша хабарланады.

Сондай-ақ аймақ басшысы көктемгі су тасқынына қатысты іс-шаралар жоспары бекітілгенін жеткізді. Бүгінде тау бөктерінде орналасқан елді мекендер маңындағы ағын су өтетін инфрақұрылымдарды тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр екен.Облыстық «Ғұмыр Дария» газетінің бас редакторы Жаңабай Миллионов мұндай басқосудың ашықтық, шынайылылыққа қатысты екіжақты пайдасы бар екенін сөз етіп, облыс әкімі кемі жарты жылда бір мәрте БАҚ өкілдерімен кездесіп тұрса деген өтінішін білдірді.

– Көптен бері көкейімде жүрген бір мәселе бар еді. Үнемі аудандарды аралап жүргендіктен өзіңіз де хабардарсыз деп ойлаймын. Сарысу ауданында ІХ-Х ғасырларда Саудакент деген тарихи қала болған. Қала ХІ ғасырда, яғни орта ғасырда гүлденген. Саудакент ауылына кіреберісте Күлтөбе деген төбешік бар. Біздің тұнып тұрған тарихымыз сол төбенің астында жатыр. Осы уақытқа дейін зерттелген жоқ. Ол жерде кезінде академик Әлкей Марғұлан зерттеуді бастап, бірақ аяқсыз қалған. Одан кейін де бір белгілі ғалым зертеу жүргізгенімен жұмыс бітпеді.Саудакенттің деңгейі Отырар, Сығанақ, Сарайшық сияқты тарихи қалалармен бірдей. Керей хан мен Жәнібек сұлтан Әбілхайыр ханнан бөлініп, 200 түтіннен тұратын қазақ қауымы осы жақты бетке алғанда олар алғаш Саудакентке келіп қоныстанған. Қыс мезгіліне қарай Мойынқұм өңіріне ойысқан. Осы деректен-ақ Саудакент тарихының қаншалықты маңызды екенін бағамдауға болады. Осы мәселені облыстық «Aq jol», «Ғұмыр Дария» газеті мен облыстық «JAMBYL» телеарнасы арқылы көтердік. Енді аталған тарихи қаланы зерттесек, оның астынан көптеген құнды дерек шығар еді, – деді Ж.Миллионов.

Ербол Шырақпайұлы журналистермен тек өзі ғана емес, орынбасарлары мен басқарма басшылары да жиі кездесіп тұратынына уәде берді. Мұндай кездесу қоғамдағы мәселелерден хабардар болып отыру үшін маңызды екенін атап өтті.

– Тарихи-мәдени орындарды қазғаннан кейінгі ең басты мәселе – оны сақтап қалу. Осындай зерттеулерді дамыған елдер қандай технологияны қолдану арқылы жүргізетінін анықтау жөнінде облыс әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбайға арнайы тапсырма берген болатынмын. Біз қаланың бетін ашқаннан кейін жүйелі түрде жұмыс жүргізбесек, 5-10 жылдың ішінде жауын-шашын салдарынан қаланың орны жойылып, ісіміз зая кетуі мүмкін. Сол себептен бұл істі атқаруда мұқияттылық керек. Қаланы топырақ астынан аршып алу ұлттық сана-сезімімізге, тарихымыздың тереңде жатқандығына, мәдениетімізден бастап экономикамызға қатысы бар туризм саласының дамуына да оң ықпал ететіні сөзсіз. Сондықтан алдағы уақытта белгілі тарихшылармен жүздесіп, оны зерттеу жолын қарастыруға күш саламын. Бұл жөнінде сізді қосымша хабардар етемін, – деді Ербол Қарашөкеев.

Республикалық «Салық тәртібі» газеті бас редакторының орынбасары Амангелді Әбіл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында «2 миллион ірі қара және 3 миллионнан астам уақ мал санда бар, санатта жоқ» деп айтқанын алға тартып, осы олқылыққа облыстың қаншалықты қатысы бар екенін білгісі келді.

Мұндай мәселеден егіншаруашылығы саласы да ада емес екенін сөз етті. Өңірде осыған қатысты жалған мәлімет берген әкімдер мен басқа да лауазымды азаматтар жауапқа тартылған-тартылмағанын сұрады.

Сонымен қатар А.Әбіл 17 мамыр күні Төле би көшесінің бойындағы жылу құбырларын ауыстыру жұмысы басталғанын, одан бері 4 айға жуық уақыт өтсе де іс бітпегенін айта келе, құрылыс қарқынын жандандыру мәселесіне назар аударуды өтінді.Аймақ басшысы бүгінде статистиканы 0-ге келтіру жұмысы жүріп жатқанын, Президент көтерген мәселеге облыстың да қатысы бар екенін, өңірде жалған есепте 700-ге жуық мал болса, оның 600-ге жуығы уақ мал екенін жасырмады.

– Бұл бір-екі жылда қалыптасқан мәселе емес, 30 жыл бойы қалыптасқан жайт. Мен Ауылшаруашылығы министрі болған кезімде аталған мәселемен «Қалай күресеміз?» деген сұрақ аясында ізденіп, ауылшаруашылығы саласындағы қолда бар дүниеге санақ жүргізуді пысықтағанбыз. Бұл ретте «мынау кінәлі» деп бір-екі әкімді жауапқа тарту қисынға келмейді. Ол үшін отыз жыл бойғы өткенді қопаруымыз керек. Қазір бізге қажеттісі – біреуді жазалау емес, статистиканы ретке келтіру. Келесі жылдан бастап олқылықтың орын алуына жол бермеу басты мәселе болып тұр.Жалған мәліметтің ең тиімсіз әсері – біз қандай да бір мәселеге қатысты шешім қабылдағанда нақтылықты білмейміз. Мысалы, егіс алқабын 760 мың гектар деп ойлаймыз.

Ал шын мәнісінде 600 мың гектардан асады. Ал суармалы жердің көлемі 57 мың гектар емес, 42-ақ мың гектар. Мұның барлығы мемлекеттен субсидия алу үшін жасалған көзбояушылықтың көрінісі. Нақ осы мәселе бойынша кінәлі заң аясында жауапкершілікке тартылуы керек, ол бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Осы салаға жауапты облыс әкімінің орынбасары не аудан басшылары, ауыл әкімдері маңызды мәселеге жаңа көзқараспен қарауы қажет. Жауаптылар өз жұмысын көрсете алмағандықтан жалған мәлімет беруге тырысуы мүмкін. Ал біз оған жол бермеуіміз керек, – деді Е.Қарашөкеев.

Облыс әкімі 6,1 шақырым жылу құбырын қысқа мерзімде ауыстырып шығу мүмкін еместігін, дегенмен құрылыс жұмыстары 1 қазанда аяқталатынын жеткізді. Қала тұрғындарынан бұл іске кешіріммен, түсіністікпен қарау керектігін өтінді.Облыстық «Знамя труда» газеті бас редакторының міндетін атқарушы Людмила Мельник Тараз қаласын екі ауданға бөлу жұмысы қашан аяқталатынын және осы шаһар 100 пайыз қоғамдық көлікпен қашан қамтылатынын, олар қай бағытқа бөлінетінін сұрады.

Облыс әкімінің айтуынша, Тараз қаласынан бөлек, яғни екі ауданға бөлінбеген республикада 3-4 қана облыс орталығы қалыпты. Негізінде қандай да бір шаһар тұрғындарының саны 400 мың адамнан асса, екі ауданға бөлу заңға қайшы емес екен.Өйткені шаһарда екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және қаланы оңтайлы басқаруды қамтамасыз етуге ықпал ететін көрінеді.

Жалпы бас жоспарға сәйкес Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылып, соның есебінен халық саны 479 мыңнан асады деп болжануда.

Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы Жамбыл облысы әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленіп жатыр екен. ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданбақ.Жыл басынан бері Тараз қаласына 100 автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша 40 жаңа автобус әкелу көзделуде.

Сондай-ақ 3 жаңа бағыт іске қосылмақ.Осы жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 4,8 миллиард теңге субсидия қаралып отыр екен.

Брифингте облыстық «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбек облыс әкіміне кәсіпкерлік мақсатта беріліп, бірақ пайдаланылмай жатқан жер телімдерінің иелеріне қандай шара қолданылып жатқаны жөнінде сұрақ қойды. Білгеніміздей, облыста иесіз жатқан 28 жер теліміне жоспардан тыс тексеру жүргізіліпті. Оның ішінде 4 жер пайдаланушыға заң талаптарына сай айыппұл салыныпты.

Жер телімін кәсіпкерлік бағытта алған азаматтар жерді тиісті мақсатта пайдаланбаса, мемлекет меншігіне қайтарылып, өзге кәсіпкерге беріледі. Биыл 80 мың гектар жер кері қайтарылады. Жалпы бірінші кезекте ауыл маңындағы жайылым кері қайтарылса, екінші кезекте кәсіпкерлік бағыттағы жерлер мемлекетке қайтарылып, ол инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ниетті азаматтарға конкурс арқылы беріледі екен. 

«Jambylinfo.kz» ақпарат агенттігінің жетекшісі Индира Байқоныс: «Шу ауданындағы «Шатыркөл» кен орнындағы экологиялық проблемаға қатысты жергілікті тұрғындар мәселе көтерумен келеді. Осы жайтқа қатысты не айтасыз? Сонымен қатар сіз үнемі таңертең шаһарды аралап жүресіз. Бұл жұмыс істеу тәсіліңіз бе, әлде пияр ма?» – деді.

Ербол Шырақпайұлы «Шатыркөлде» мыс кенін байыту фабрикасы іске қосылғанын айтады. Осы айдан бастап мыс концентраты өнімі алына бастайды. Бұрын өнім көлікке тиеліп, стансаға дейін тасымалданған болса, бүгінде өнімді арнайы қалбыр қорапқа, қапқа салып жеткізу мәселесі қарастырылған. Осы арқылы жолдың да, өнімнің де шаң-тозаңын едәуір азайтуға мүмкіндік туып, экология мәселесі шешімін тапқан.

– Расында, мен жұмыс уақытынан тыс қаланы да, аудандарды да жиі аралап жүрмін. Ол жұмыстардың нәтижесін өзімнің әлеуметтік желідегі жеке және әкімдіктің парақшасына салып жүрмін. Менің ұстанымыммен бұл осылай жасалуы тиіс.Өйткені сол парақша арқылы тұрғындар облыс әкімінің атқарып жатқан жұмысын көруі керек. Оның бір пайдасы – сол жазбалардың астына қалдырылған жұрттың пікірінде. Тұрғындар онда маңызды мәселеге қатысты бір пікір қалдырса, ол проблема міндетті түрде назарға алынады. Жұртшылықтың барлығын қоғамдық қабылдау арқылы қамтуға мүмкіндік бола бермейді. Мәселені өз көзіммен көріп, нысандарды аралағанда бір тұрғын кездесіп қалып, көпке ортақ мәселе айтуы мүмкін. Бұл жұмыс тәсілі сол үшін керек, – деді облыс әкімі.

Жиында «Egemen Qazaqstan» газетінің меншікті тілшісі Табиғат Абаилдаев, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінің меншікті тілшісі Көсемәлі Сәттібайұлы, «Время» газетінің меншікті тілшісі Шухрат Хашимов, облыстық «JAMBYL» телеарнасының редакторы Аягөз Тілеуханқызы, республикалық «КТК» телеарнасының меншікті тілшісі Сәбит Әлдебай, «Atameken Business» телеарнасының меншікті тілшісі Рауан Асқар көптің көкейінде жүрген сауалдарды қойып, тұшымды жауапқа қанықты.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ,
Айжан ӨЗБЕКОВА

 

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар