Жоғарыда аталған өрт оқиғалары мен түрлі сипаттағы төтенше жағдайлардан зардап шеккендер мен қаза болғандар жоқ. Осыған орай департамент мамандары облыс және қала тұрғындары мен қонақтарына үйден шығарда газ және электр құралдарын қуат көзінен ажыратып, балалар мен қарт кісілерді мүмкіндігінше қараусыз қалдырмау қажеттігін ескертеді. Сондай-ақ үйдің маңындағы арықтарды және ауланы қоқыстардан тазартып, өртке жол бермеуге шақырады. Ал өрт немесе төтенше жағдайлар туындағанда «101» және «112» телефон нөмірлеріне қоңырау шалу қажет.
«2 қыркүйек күні сағат 10:28-де «101» қызметіне Тараз қаласы, Сүлейменов көшесінде орналасқан тұрғын үйдің өртке оранғандығы жөнінде хабарлама келіп түсті. Шақырту орнына өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінен 2 өрт сөндіру техникасы мен 7 өртсөндіруші-құтқарушы жедел шығып, тиісті өрт сөндіру жұмыстарын атқарды. Нәтижесінде құтқарушылар өртті сағат 10:59-да ауыздықтап, сағат 11:05-те жойды. Өрттің ауданы 80 шаршы метрді құрады. Зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта азаматтық қорғау қызметкерлері өрттің шығу себебін анықтауда.
Дәл осы күні түнгі 04:34-те «101» қызметіне Сарысу ауданы, Игілік ауылындағы тұрғын үйдің ауласында орналасқан қораның өртке оранғандығы жөнінде хабарлама түсті. Шақырту орнына 1 өрт сөндіру техникасы мен 2 өртсөндіруші-құтқарушы шығып, сағат 06:00-де қызыл жалынды ауыздықтап, сағат 07:25-те жойды. Өрттің ауданы 200 шаршы метрді құрады. Жеке құрамның жедел әрекетінің нәтижесінде өрт орнына жақын орналасқан тұрғын үйлер мен ғимараттарға өрттің таралуына жол берілмеді. Алайда 170 рулон шөп жойылды. Зардап шеккендер жоқ, – дейді облыстық төтенше жағдайлар департаменті жоспарлау және жедел басқару орталығының басшысы Жеңіс Қайнарбаев.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ