Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жылыту маусымы: қауіпсіздікке әр адам жауапты

Жылыту маусымы:  қауіпсіздікке әр адам жауапты
Ашық Дереккөз
Ауа райы салқындап бастағанда тұрғындар электрлі жылыту аспаптарын кеңінен қолдануға көшеді. Бірақ тұрғын үй мен пәтерді жылыту үшін ақауы бар немесе қолдан жасалған жылытқыштарды пайдалану тұрғын үйге ғана емес, адам өміріне де орасан қауіп төндіреді.

Жыл сайын жылыту маусымы кезінде облысымызда шамамен 150-200 өрт оқиғасы тіркеледі. Әрбір 10 өрттің тоғызы адамдардың немқұрайдылығынан орын алуда. Атап айтқанда, 2023-2024 жылдары жылыту маусымы кезеңінде тұрғын үй секторында барлығы 188 өрт тіркеліп, материалдық шығын көлемі 27 миллион 392 мың теңгені құрады. Сонымен қатар өрт салдарынан 7 адам қаза болып, 4 адам жарақат алды. Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда өртте қаза болғандар саны 14,2 пайызға артты. Ал балалар өлімі 100 пайызға, жарақат алғандар саны 20 пайызға, балалардың жарақат алу жағдайы 100 пайызға азайды. Улы газбен уланудан 3 адам зардап шекті. 

Осы орайда қосымша тұрмыстық электр аспаптарын қолдану қауіпті екенін, электр сымдарына түсетін күштің тез артуы, тиісті норманың бұзылуымен электр сымдарының жалғанған жерлерінде немесе бұтақты сымдардың қысқа тұйықталуына әкеліп соғатынын ескертеміз. Адамдардың басым көпшілігі үйінде өрт болуы мүмкін емес деп санайды. Бірақ «бәле қайда деме, табан астында». Сондықтан бірінші кезекте электр аспаптарын пайдалану мен орнату кезіндегі өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау қажет. Біріншіден, электр сымдарына уақытылы тексеру жүргізу және розеткаларды, ажыратқыштарды және басқа да электр аспаптарын жарамды жағдайда ұстаған жөн.

Электр сымдарына бөгде заттарды ілуге, электр сымдарын тұсқағазбен жабуға, майлы бояу жағуға, бір розеткаға бірден бірнеше электр аспабын қосуға қатаң тыйым салынады. Үйден кетер кезде тұрмыстық техниканы сөндіру және күту режимінде тұрған электр аспаптарын қараусыз қалдырмау керек. Сонымен қатар жылыту маусымы алдында пештерді пайдалану кезіндегі өрт қауіпсіздігі ережелерін ескеру қажет.

Қайғылы жағдайларға жол бермеу үшін жанып жатқан пешті қараусыз қалдырмаңыз. Жылыту маусымы алдында барлық пештер жөндеуден өтіп, жан-жақты тексерілуі тиіс.Егер де өрт орын алса, «101» немесе «112» телефонына хабарласыңыз.  Жанып жатқан бөлмеден тез арада сыртқа шығыңыз. Құнды заттарды алып шығуға  уақытыңызды жоғалтпай, бастысы өзіңізді және зардап шеккендерді құтқарыңыз.

Бейімбет АМАНБАЕВ,
облыстық төтенше
 жағдайлар департаменті  мамандандырылған 
өрт сөндіру бөлімінің 
аға инженері 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар