Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тараздың даму әлеуеті жоғары

Тараздың даму әлеуеті жоғары
Ашық Дереккөз
Бұрын кешкі уақытта тараздықтар саябақта серуен құруға жүрексінетін. Жалғыз-жарым адамның да ықшамаудандардың арасымен жаяу жүруге жүрегі дауалай бермейтін. Өйткені қаланың қай маңы болмасын көзге түртсе көргісіз, айнала қараңғылық құшағында мүлгитін. Уақыт өте келе еліміздің еңсесі тіктеліп, соңғы бес-алты жылда Тараздың да көркі көз тартар келбетке ие болды, шаһардың шырайы артты.

ӨНДІРІС ӨРКЕН ЖАЙЫП КЕЛЕДІ

Жыл сайын сан түрлі биік ғимараттар бой көтеріп, көшелер жөнделіп, саябақтардың сәні кіріп, Тараз тотыдай тарана түсуде. Әсіресе соңғы жылдары ықшамаудандардағы әрбір тұрғын үйдің ауласына дейін жарықтандырылды. Уақыт озған сайын аумағы ұлғайтуды қажет еткен көне Тараздың ауқымы қазіргі таңда шығыс қақпаға қарай кеңейіп барады. Бұл облыс орталығы – Тараз қаласының бас жоспары негізінде пайда болған шаһардың бүгінгі бет-бейнесінің көрінісі және әрбір сала бойынша атқарылған шаруалардың  нәтижесі.Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің шаһар тізгінін ұстағанына да екі жыл уақыт болыпты. Қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы мен кескін-келбеті жайлы ол өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте де кеңінен баяндаған болатын.Бақытжан Әмірбекұлы әкім болып тағайындалғанда қаланың үш жылға арналған даму картасын әзірлегені есте. Онда қаланы жан-жақты дамытуға бағытталған, барлық сала бойынша атқарылар шаруалар қамтылған болатын. Бүгінде аталған жоспар өз жемісін бере бастады.

– Тараз қаласында 433 мыңнан аса тұрғын бар. Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысы туралы Заңы бойынша, қаладағы халық саны 400 мыңнан асқан кезде аудандар құруға болады. Біз осы заңға сүйене отырып, қаланы дамытуға тың қадам жасадық. Нақты айтқанда, осы жылғы 29 қаңтарда Үкіметтің қаулысымен қаланың жаңа бас жоспары бекітілді. Аталған бас жоспарда екі аудан құру қарастырылған. Соған сәйкес Тараз қаласы маңындағы Жамбыл, Байзақ аудандарынан аумағы 13 мың гектарды құрайтын, 45 701 халқы бар 14 елді мекен қалаға қосылмақ. Сол кезде халық саны 479 мыңнан асады деп күтілуде.Қазір Тараз қаласының шекарасын өзгерту туралы облыс әкімдігі мен облыстық мәслихаттың бірлескен шешімінің жобасы әзірленуде.

ҚР Үкіметінен келісім алынғаннан кейін Тараз қаласында 2 аудан құру туралы облыс әкімдігі мен мәслихаттың бірлескен шешімі қабылданады. Екі аудан құру бүкіл қаланы бақылауды, қызметтерді тиімді ұйымдастыруды және шаһарды оңтайлы басқаруды қамтамасыз ететін болады.Негізі жұртшылықтың тұрмыс жағдайы түзелуі үшін өндіріс өркендеуі қажет. Сондай-ақ «экономикалық өсімді тұрақты қамтамасыз етеміз» десек, жаңа өндіріс орындарын ашып, экономиканың нақты секторына инвестиция тартуымыз керек. Осы бағытта биыл құны 6,9 миллиард теңге болатын «Alina Group» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрғақ құрылыс қоспалар зауыты іске қосылды. Зауыттың қуаттылығы жылына 350 мың тоннаны құрайды. 35 жаңа жұмыс орны ашылды. Бұдан бөлек жалпы құны 34,7 миллиард теңгені құрайтын 5 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда, жобалар іске асырылғанда 944 жаңа жұмыс орны ашылады.

Мәселен, оның бірі – «Kisc» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Металл құю цехын жаңғырту» жобасы. Жобаның құны – 1 миллиард 870 миллион теңге. Бүгінгі күні металл құю қуаттылығы 3,5 мың тоннаға дейін болса, модернизациядан кейін қуаттылығын жылына 24 мың тоннаға жеткізу көзделіп отыр. Ашылатын жұмыс орындарының саны – 150. Жоба бойынша қазіргі уақытта Қытай елінен мамандар келіп, іске қосу-реттеу жұмыстарын жүргізуде.«СП-Тараз PET» ЖШС «Полиэтилентерефталат рециклинг бойынша зауыт салу» жобасын іске қоспақ. Жоба құны – 3 миллиард 860 миллион теңге.

Оның 1238,8 миллион теңгесі жеке, 2621,1 миллион теңгесі қарыз есебінен жұмсалады. Жобаның қуаттылығы 6 мың тонна, ашылатын жаңа жұмыс орындары – 64 бірлік. Жер телімі – 2,5 гектар, қазіргі уақытта ондағы су, газ тарту жұмыстары 90 пайызға атқарылды. Кәріз жүйесін және электр жарығын  тарту жұмыстары да жүргізілуде. Ғимараттың 10 пайызы бұрынғы қалған мекемеден, қалған 90 пайызы инфрақұрылым тартылған соң салынады. Инфрақұрылым тарту жұмыстары аяқталғаннан кейін зауыттың құрылыс жұмыстары басталатын болады.«Alima Delux» ЖШС-ның «Тұрмыстық техника зауыты» жобасы да көңілге қонымды. Жоба құны 15 миллиард теңгеге татиды.

Жобаның қуаттылығы жылына 100 мың дана газ плита шығаруға негізделген. Сәйкесінше 500 адам жұмыспен қамтылады. Жобаны іске асыру үшін өндірістік аймақтан 11 гектар жер телімі берілді. Қаржылық мәселелері шешілгеннен кейін инвестициялық жобаны іске асыру күтілуде. Ал «South Holiday» ЖШС «Зербұлақ» демалыс орталығының екінші кезеңін жүзеге асырады.Жоба құны – 2 миллиард теңге. Маусымдық жаңа жұмыс орындары 170 бірлікті құрайтын болады. Жобаны осы жылдың ІІІ тоқсанында іске асыру көзделуде.Сонымен қатар «ОРЦ Тараз» ЖШС көкөніс қоймасы екінші кезеңін бастайды. Жоба құны 12 миллиард теңгені құрайды. 60 жаңа жұмыс орны ашылады. 2024 жылдың ІV тоқсанында Тараз қаласының жаңа бас жоспарына сәйкес қаланың батыс бөлігінен «Шөлдала» ықшамауданына барар жолда 1 150 гектар жер өндірістің әлеуетін көтеру үшін индустриалдық аймаққа беріледі, – дейді Бақытжан Орынбеков. 


Қазіргі таңда жалпы құны 47,6 миллиард теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба бойынша келіссөздер жүргізіліп жатқан көрінеді. «ARTWOOD» ЖШС-ның жиһаз шығару фабрикасы жобасының құны 2 миллиард теңгені құрайды. Жоба іске асқанда 48 адам жұмыспен қамтылады.«Delixi Kazahstan» (КХР) – арнайы техника құрастыру зауытының құрылысы да қолға алынбақ. Құны 18,6 миллиард теңге болатын жоба аясында 60 жаңа жұмыс орны ашылады. Халықаралық медициналық университет құрылысы жобасының сыйымдылығы 12 мыңнан 20 мыңға дейін баратын студенттік орынды қамтиды. Жоба құны – 27 миллиард теңге.

Бұл жоба аясында 200 адам жұмысқа тартылатын болады. Шаһар аумағында «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының «Тараз» индустриялық аймағы жұмыс істеуде. Бүгінгі таңда қатысушы ретінде 74,1 миллиард теңгеге 7 жоба айқындалыпты. Тарқата айтсақ, «НУР ХИМ 2021» ЖШС трикотаж және тігін бұйымдарын өндіруге арналған зауыт салмақ. Құны – 105 миллион теңгелік жоба 2025 жылы іске қосылғанда 20 адам жұмысқа тартылады. Осы серіктестіктің тағы бір жобасы – минералды тыңайтқыштар зауытын салу.

Сонымен қатар жеке кәсіпкер Айгүл Мамешова машиналар мен жабдықтардан басқа, дайын металл бұйымдарын өндіретін де зауыт ашпақшы. «Eco Energy Plant» ЖШС қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу зауытын салуға ниетті. Бұдан бөлек «Эко РБК» ЖШС қауіпті қалдықтарды басқару кешенін құру жобасын жүзеге асырады. Сонымен қатар «Нурсеитова Нагима Аманхожакызы» жеке кәсіпкерлігі шаруашылық-тұрмыстық және санитариялық-гигиеналық қағаз бұйымдарын өндіру бойынша цех салуды көздеп отыр.

«КАЗ ПРО ТЕМИР» қосымша жауапкершілігі бар серіктестік қара металды балқыту, шаршы дайындамаларды шығару және полимерлі жабыны бар жұқа табақты мырышталған болат пен болатты өндіру бойынша металлургиялық зауыт салмақшы. Аталған жеті жоба келер жылы іске қосылады деп күтілуде.Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту мақсатында жергілікті және республикалық бюджет қаражаты есебінен Тараз қаласы бойынша барлығы 18,7 миллиард теңгеге 386 жоба қаржыландырылыпты. Бүгінгі таңда Тараз қаласында 15 сауда базары жұмыс істеп тұрса, бұл нысандарда  жаңарту жұмыстары да қолға алынған. Модернизация жұмыстары 2026 жылға дейін толық аяқталады.

ӘР ҮЙДІҢ ҚАСБЕТІ ӘРЛЕНЕДІ

Шаһарда жолдар мен көшелер, жаяу жүргіншілер жолы ағымдағы және орта жөндеуден өтуде. Оның ішінде көлік қозғалысын тиімді ұйымдастыру, көлік жолдарындағы жүктемені азайту мақсатында екі бірдей көпір құрылысы салынатынынан тұрғындардың хабары бар деп ойлаймыз. Мәселен, ол көпірдің бірі – Абай даңғылының теміржол үсті арқылы өтетін жол өткелі мен жаяу жүргіншілер өткелі бөлігінің құрылысын салу. Құны 16,9 миллиард теңге болатын жобаның мемлекеттік сараптама қорытындысы да алынып қойыпты.Абай даңғылының Сыпатай батыр көшесінен Жамбыл даңғылына дейін Тараз қаласындағы теміржол және өнеркәсіптік аймақ арқылы эстакаданың жалғасын салу жобасының құны 24 миллиард теңге болса, қазір мемлекеттік сараптама қорытындысы алынған.

Аталған қос жобаны 2024-2025 жылдары республикалық бюджеттен қаржыландыру үшін ҚР Ұлттық экономика министрлігіне бюджеттік өтінім ұсынылған екен.Қаланың экологиялық ахуалы шаһарды таза ұстаумен өлшенетіні белгілі. Тазалыққа тек шашылған қоқысты сыпырып-сиыру ғана жатпайтыны белгілі. Қала тұрғындарының көптен бері көтеріп жүрген мәселесі – шайынды суларды тазартуға қатысты имарат құрылысын салу.


– Тараз қаласында кәріз сулары кешенін салу уақыт күттірмейтін үлкен мәселе. Дәл қазір кәріз сулары көршілес Жамбыл ауданында орналасқан 217 гектар аумақтағы сүзгі алаңдарына құйылуда. Сүзгі алаңдары шамадан артық толғандықтан Аса өзені мен жерасты суларының ластану қаупі бар. Сондықтан Тараз қаласының кәріз суларын тазарту кешенінің құрылысын салу бойынша жол картасы әзірленді. Соған сәйкес Еуропалық қайта құру және даму банкінен грант бөлініп, техника-экономикалық негіздеме әзірленді. Бүгінге техника-экономикалық негіздеме мемлекеттік сараптамадан өтуде.Келесі кезекте салалық және экономикалық сараптама жүргізіліп, ЕРС мердігерді анықтау бойынша халықаралық конкурс өткізіледі. Құрылыс жұмыстары 2025-2027 жылдарға жоспарлануда. Нысанның болжамды құны 46,8 миллиард теңге, қуаттылығы тәулігіне 100 мың текше метр болады деп күтілуде, – дейді Б.Орынбеков.

Қала әкімінің айтуынша, 22 мыңнан астам азамат коммуналдық тұрғын үй қорынан пәтер алу кезегіне тіркеліпті. Аталған мәселені шешу үшін өткен жылы 3 279 пәтерлі 62 үйдің құрылысы жүргізіліп, 12 үй пайдалануға берілген екен. Нәтижесінде 754 отбасы баспаналы болған. Қазіргі таңда Тараз қаласында 2 522 пәтерлі 50 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін елу үйдің құрылысын аяқтау көзделуде. Оның төртеуі 240 пәтерден тұратын арендалық тұрғын үй. Пәтерлер саны 2 282-ні құрайтын 46 кредиттік тұрғын үй бар. Оның ішінде 34 тұрғын үй 15-ықшамауданда болса, 16 тұрғын үй А.Асқаров көшесінің соңындағы алқапта орналасыпты.

Одан бөлек «Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» шеңберінде биыл халықтың әлеуметтік осал топтары үшін 9,9 миллиард теңгеге 669 пәтер сатып алынған екен. Оның ішінде 162 пәтерге республикалық бюджет есебінен 2,2 миллиард теңге, 507 пәтерге «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ есебінен 7,7 миллиард теңге қаралыпты.

Бүгінгі таңда сатып алуға жоспарланған пәтерлердің құрылысы басталған. Жыл соңына дейін толық аяқталмақ. Бұған қоса 14-ықшамауданда 22 көпқабатты тұрғын үйдің бастамасына 5,2 миллиард теңге қаржы бөлініп, конкурсқа беріліпті. Ал А.Асқаров көшесінің соңындағы тұрғын алқапқа қосымша 66 тұрғын үй құрылысына жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатса керек.Тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін жер учаскесін алуға 2005-2024 жылдар аралығында 127 554 азамат кезекке тіркеліпті. Былтыр Құмшағал-Қарасу тұрғын алқаптарынан 1 497 жер учаскесі берілген екен. Қазіргі уақытта жеке тұрғын үй құрылысына жер кезегінде тұрған азаматтарға жер учаскесін беру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылып жатқан сыңайлы.

Тараз қаласында бүгінде тек жаңадан салынған нысандар ғана емес, бұрыннан бар тұрғын үйлер де жаңаша кейіпке енуде. Оған облыс орталығындағы тозығы жеткен көпқабатты түрғын үйлердің әрін кіргізу негіз болып отыр. Іргетасы сонау 1950 жылы салынған аталған тұрғын үйлер адам тұруға жарамды болғанымен жауын-шашын кезінде шатырдан аққан су тұрғындардың мазасын алатыны рас. Шаһар басшысының айтуынша, ескі үйлердің жертөлелеріндегі құбырлар да жаңартылып, модернизациялау жұмыстары шатыр ауыстырудан бастап, үйлердің қасбеттерін әрлеуге дейін қамтиды.

– Тараз қаласының тұрғын үй қорында 1 438 көппәтерлі тұрғын үй болса, өзекті мәселелерге жататын 1 103 үйдің пайдалануға берілген мерзімі 30 жылдан асқан. Оның ішінде 614 үй жөндеуден өткізуді қажет етеді. Биыл 5,1 миллиард теңгеге 53 көпқабатты тұрғын үйді модернизациядан өткізу жоспарланып отыр. Республикалық бюджет есебінен қаржысы толық қарастырылды. Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес қаланың орталық көшелеріндегі 24 көпқабатты тұрғын үйдің сәулеттік келбетін жаңарту жобасы әзірленді.

Оның ішінде 11 үйдің сырт келбеті мен шатырын жөндеу жұмыстары бүгінгі күні қарқынды жүруде. Құрылыс жұмыстары 15 қыркүйекте аяқталады. Ал қалған 13 үйді келесі жылы жаңғыртуды жоспарлап отырмыз.Жалпы қала тұрғындары тарапынан көп қойылатын сауалдардың бірі – көше жарығы. Осы мақсатта былтыр облыс орталығындағы 83 көше жарықтандырылса, биыл 76 көшені жарықтандыруды қолға алып отырмыз. 

Сондай-ақ облыс әкімі Ербол Шырақпайұлының тапсырмасына сәйкес қалалық бюджеттен 368 миллион теңге бөлініп, 10 ықшамуданда орналасқан көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына жарықтандыру жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде 353 көпқабатты тұрғын үй аулалары мен 79 кіреберіс жол түнгі жарықпен қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстарды келесі жылы қаланың өзге де аумақтарында іске асыруды көздеп отырмыз.Бұдан бөлек Сейфуллин көшесінің бойына және Жамбыл даңғылындағы жаяу жүргіншілер жолына түнгі жарықшамдар орнатылды.

«Шөлдала», «28 саяжай» тұрғын алқаптарын электр желісімен қамтамасыз ету бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары толығымен аяқталды. 5 775 тұрғын үйге абоненттеу қамтамасыз етілді.Биыл қала маңындағы саяжай алқаптарын электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында 8,7 миллиард теңгеге жоғары вольтті желілер мен қосалқы стансалар құрылысы басталды. Жоба 2025 жылы аяқталады. 

2023 жылы «Тараз қаласының Сыпатай батыр, Төле би, Тұрысов көшелерінің бойындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңғырту» жобасы әзірленіп, құны 10,7 миллиард теңгені құрады. Жалпы жылу желісінің ұзындығы – 6,1 шақырым.Ағымдағы жылға аталған жобаны атқару үшін қазынадан 7,1 миллиард теңге қарастырылды. Құрылыс-монтаждау жұмыстары 19 сәуірде басталды. Бекітілген өндірістік жұмыс кестесіне сәйкес құрылыс жұмыстарын биылғы жылдың бірінші қазанына дейін аяқтау жоспарлануда.«Тараз қаласының Жамбыл даңғылы, Қонаев, Сейфуллин көшелері бойындағы М-3 жылу магистралін қайта жаңарту» жобасына мемлекеттік сараптама қорытындысы алынып, республикалық бюджетке өтінім ұсынылды. Құны – 2,1 миллиард теңге. 18,8 миллиард теңгеге жалпы тозығы жеткен ішкікварталдық жылу желілерін қайта жаңғырту бойынша 10 жоба әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілді, – дейді Бақытжан Әмірбекұлы.
 

ЖАҢАРТЫЛҒАН
 ИНФРАҚҰРЫЛЫМ ЖҮЙЕСІ

Тұрғындарды ауызсумен қамту да өзекті мәселенің бірі. Тараз қаласында халықты ауызсумен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды жүруде. Былтыр 6,6 миллиард теңгеге «Казарма», «Шөлдала», «Құмшағал» және «28 саяжай» тұрғын алқаптарында 7 256 жеке тұрғын үй (29 024 адам) ауызсумен қамтамасыз етіліпті. Осы жылы 1,2 миллиард теңгеге «Шалғай Қарасу – 1,2,3,4,5,6,7» тұрғын алқабы, 859 миллион теңгеге «Ақжол», «Қайнар», «Мичуринец», «Родничок» тұрғын алқаптары орталықтандырылған ауызсумен қамтылатын болады. Нәтижесінде орталықтандырылған ауызсумен халықты қамту үлесі 100 пайызға жетпек.Сондай-ақ қала тұрғындарын сапалы ауызсумен үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында жаңадан бұрғыланатын 35 дана су ұңғымасының құрылысына жоба әзірленіп, құны 4,8 миллиард теңгені құрапты.

Жобаны республикалық бюджет есебінен қаржыландыру үшін Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетіне бюджеттік өтінім ұсынылған екен.Магистральді су құбырларының тозығы жетуіне байланысты «Теміржол су – Алматы» ЖШС-ның теңгеріміндегі су құбырлары қала әкімдігінің коммуналдық меншігіне алыныпты. Қазіргі таңда жаңғырту үшін жоба әзірленіп жатыр.Осы жылы аулаларды абаттандыруға, оның ішінде балалар ойын алаңшасын салуға қала бюджетінен 724 миллион теңге қаражат бөлініп, 25 мекенжайда абаттандыру жұмыстары жүргізіліпті. Тараз қаласында спорт нысандарының құрылысы бойынша жергілікті бюджет есебінен 225 миллион теңге қаралып, 8 кіші футбол алаңшасының құрылысы аяқталса, 1 кіші футбол алаңшасының құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ қала ішіндегі 14 футбол алаңшасы күрделі жөндеуден өтуде. 

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Шын мәнінде, елімізді көгалдандыру, абаттандыру үлкен мемлекеттік маңызы бар іс. Бұл бүгін шығып, ертең ұмытып кететін бірреттік науқан емес. Аталған жұмыс тұрақты түрде жүргізіледі. Туған жерімізді таза ұстауымыз керек. Бұл жалпыұлттық мәселе», – деген сөзі бар. Тараз қаласында да шаһарды абаттандыру, көгалдандыру, жасыл желек жамылдыру ісі жоспар бойынша жүргізілуде. 2024 жылы Таразды абаттандыру және санитарлық-тазарту жұмыстарына бюджеттен 2,5 миллиард теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде абаттандыру жұмыстарына 1,3 миллиард теңге, санитарлық тазалық жұмыстарына 1,2 миллиард теңге қаралған. Қаланы көгалдандыру және жасыл аймақ құрудың жоспарына сәйкес «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 2024 жылы 20 мың түп ағаш отырғызу жоспарланып, көктем мезгілінде 10 мың түп ағаш көшеті егілген екен. Қалған 10 мың түп ағашты отырғызу күз мезгілінде жүзеге асады. Бұдан бөлек қаланың орталық көшелеріне, саябақтарға және басқа да аллеялар мен скверлерге жалпы саны 10 мыңға жуық әртүрлі ағаштар отырғызу қолға алыныпты.

– Қаланы абаттандырудағы маңызды салалардың бірі – көгалдандыру, оның ішінде жасыл желектерді суару мәселесі. Бүгінгі күні облыс орталығын ағын сумен қамтамасыз ететін арық жүйелерінің тозығы жеткен. Осы орайда ирригациялық жүйелерді қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Жобаны 2023-2025 жылдары жүзеге асыру көзделген. Өткен жылы осы мақсатқа бюджеттен 1 миллиард теңге қаражат қарастырылып, ықшамаудандарда 40 шақырымды құрайтын ескі лотоктарды монтаждау және демонтаждау жұмыстары жүргізілді. Ал биыл 8 шақырым арық жүйесін жаңартуға бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Қазір тиісті ықшамауданда құрылыс жұмыстары жүруде. Нысан өтпелі болып есептеледі.Қала аумағындағы 6 ирригациялық және 2 дренаж каналын механикалық тазалауға жергілікті бюджеттен 250 миллион теңге қаралып, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Осы шаруалардың нәтижесінде каналдарды абаттандыру жұмыстары қолға алынатын болады.Бүгінгі күні облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен «Түйте» каналының («Ұлы дала» ықшамауданы мен «Бурыл» тұрғын алқабы ортасы) бір бөлігіне абаттандыру жұмыстары жүруде. Биылғы жылдың 10 сәуірінен бастап «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы ұйымдастырылуда.

Акция аясында 10 мыңға жуық ағаш көшеттері отырғызылып, талдарды бұтау, аула, ескерткіш маңдарын абаттандыру және күл-қоқыстарды тазарту жұмыстары жүргізілді. Жалпы осы күнге дейін 153 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 151 адам қатысты, – дейді Б.Орынбеков.

Тараз қаласының ішінде  жолаушы тасымалдау бағытында 9 мекеме қызмет көрсетеді. 2023-2025 жылдар аралығында қалаға 210 су жаңа қоғамдық көлік сатып алынуы тиіс болса, бұл меже қазір еңсерілу үстінде. Жыл басынан бері Тараз қаласына 100 бірлік автобус жеткізілсе, жыл соңына дейін қосымша 40 жаңа автобус әкелу көзделуде. Сондай-ақ 3 жаңа бағыт іске қосылыпты. Осы жылы әлеуметтік маңызы бар қалалық және қала маңындағы жолаушылар қатынастары тізбесіне енгізілген автобус бағыттарының шығындарын өтеуге 4,8 миллиард теңге субсидия қаралыпты. Сонымен қатар биыл облыс орталығында 75 аялдаманы орнату жұмыстары жүргізілген.

Біз сөз еткендей, Тараз қаласын дамытуға арналған жұмыс жоспарға сай жүйелі жүргізілуде. Қаланы абаттандыру, тозығы жеткен инженерлік желілерді қалпына келтіру, тұрғын үйді жаңғырту, балалар ойын алаңын салу, халықты баспанамен, жұмыспен қамту секілді жұмыстар сәтімен жүзеге асырылуда. Айтқандай, биыл облыс орталығында 21 035 адамды жұмысқа орналастыру жоспарланса, қазіргі таңда 12 250 жұмыс орны ашылған екен. Жыл аяғына дейін меженің орындалатыны күмән тудырмайды. Осы ретте Тараз қаласының дәурені жүріп, дәуірлейтін кезеңі алда деп білеміз.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар