Әлемнің 53 мемлекетінен 812 спортшы бақ сынаған байрақты бәсекеде жамбылдық спортшылар жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрініп, абыройымызды асқақтатты. Жалпы қазақстандықтар Будапештте барлығы 20 алтын, 18 күміс және 19 қола медаль жеңіп алса, оның 4 алтын, 4 күміс және 7 қола медалі жамбылдық саңлақтарға тиесілі.
Жуырда Тараз қаласындағы №6 облыстық бокс мектебінде жаһандық додада жасындай жарқылдаған спортшыларды салтанатты күтіп алу рәсімі өтті. Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Серік Сәлемов арнайы қатысып, жас өрендерді жарқын жеңістерімен құттықтады. Сондай-ақ Серік Жақсылықұлы өз сөзінде спортшыларды қолдау жалғаса беретінін айтып, салада атқарылып жатқан жұмыстарға да қысқаша тоқталып өтті.
– Спорт саласындағы жетістіктерді спортшылардың көрсеткіштерімен бағалауға болады. Әсіресе, төрткүл дүние көз тіккен төртжылдықтың басты бәсекесі Париж Олимпиадасына облысымыздан 5 спортшы қатысты. Олимпиаданың алғашқы күні Елдос Сметов дзюдодан ел қоржынына түскен жалғыз алтынды салды. XVIІ жазғы Паралимпиада ойындарына да ел намысын қорғауға 4 жамбылдық спортшы аттанды. Жақында 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында төрт жылда бір рет өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында да жамбылдық 17 спортшы бақ сынайды. Жерлестеріміздің жүлделі орындармен ораларына сенім мол.
Спорт саласына көрсетілген жан-жақты қолдаудың нәтижесінде 2024 жылы 15 спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 13 спорт кешені қолданысқа беріледі, – деді Серік Жақсылықұлы.
«AR-AI»-ақпарат