2014 жылдан бері жүлгесі үзілмей ұйымдастырылып келе жатқан көшпенділер ойындары қазақ даласында тұңғыш рет өткелі отыр. Дүйім елдің дидарын өзіне қарататын ұлттық спорт түрлерінен тартысқа түсетін саңлақтардың әзірлігі жақсы.Көшпенділер ойындарының инфрақұрылымын күшейту мақсатында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, жаңғыртылған «Қазанат» ипподромында жаттығуды пысықтап жатқан спортшылармен тілдесудің сәті түсті. Аударыспақтан додаға кіретін балуандар аянып қалмайтынын жеткізді. Ұлттық құраманың бас бапкері Жанбатыр Бекмұсаев физикалық әлеуетті арттырып қана қоймай, қарсыластарды зерттеп, тактикалық дайындыққа да басымдық берілетінін атап өтті.
– Астана қаласына ертерек келіп, аттарымызды да жерсіндіріп, жігіттердің де ауа райына бой үйретуіне мүмкіндік туды. Ел ішіндегі біріншілікте іріктеуден өтіп, ептілігі мен мықтылығын көрсеткен үздіктер ат үстінде тартысқа түседі. Елімізде өтетін аламанда мерейіміз үстем болса дейміз. Қарсыластардың да осалы жоқ. Мысалы, Моңғолия құрамасының сапында қазақ жігіттері бар. Бұл азаматтар аударыспақтан Азия чемпионатында олжа салды. Қырғызстан ұлттық құрамасындағы балуандар да тегеурінді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында чемпион атанған үздіктері қатысады. Біздің жігіттер де осал емес. Бұған дейін де байрақты додаларға қосылып, әлем чемпионы, Азия біріншілігінің жеңімпазы атанған үздіктерімізге сенім артамыз. Негізгі күшті тактикалық дайындыққа салып отырмыз. Көкпар ойынына ат табу жеңіл, ал аударыспаққа мінетін атты таңдауда тығырыққа тірелеміз. Себебі мінетін аттың мінезі шақар болмауы керек. Әрі белді келгені дұрыс, өйткені қарсыластың атымен қағысып, тірескенде жығылып қалса да жеңіліс спортшыға жазылады. Ел чемпионатында балуандар мінген аттардың арасынан сұрыптап, ұлттық құраманың мүшелеріне арғымақтарды жасақтадық. Енді тек қателікке бой алдырмай, балуандарымыз барын салуға тиіс. Бұған дейін де бірнеше мәрте оқу-жаттығу жиынын өткізіп, шеберлігімізді шыңдадық. Алты салмақ дәрежесінде сынға түсетін балуандар кемінде 4 алтын медаль олжалайтынына сенімдімін, – деді бас бапкер.
Ұлттық ат спорты түрлері бойынша мемлекеттік жаттықтырушы Нұркен Байбөриев қорытынды оқу-жаттығу жиынында спортшылардың психогиялық дайындығына да ерекше көңіл бөлінгенін жеткізді.
– 27 тамыздан басталған әзірлік 7 қыркүйекте аяқталады. Теңге ілу спорты бойынша тамыз айында ұлттық құрама мүшелерін жасақтауға арнайы іріктеу турнирін өткізіп, көшпенділер ойындарына қатысатын үздіктерді анықтадық. Атап айтқанда, шымкенттік Рахат Қамбаров пен Бақыт Төлтай және батысқазақстандық Бекнұр Серіковке сенім артамыз. Ұлттық ат спорты түрлері – көкпар, көкбөрі, аударыспақ, жамбы ату, теңге ілуге қосылатын арғымақтардың да бабын жіті қадағалаймыз. Ветеринар дәрігерлер де арғымақтардың денсаулығын бақылауда, атбегілер жүйріктің сынын бағамдап отыр. Жергілікті жердің шөбіне, суына үйренісуі де жеңіл соқпайды. Бұған дейінгі оқу-жаттығуды Алматы облысында өткізген құрама мүшелерінің бірден салқынға келуі де айтарлықтай әсер етеді. Сондықтан да ат үстіндегі сайысқа қатысатын спортшылар да ерте қамданып, елордаға келді. Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының елімізде өтуі – зор мақтаныш. Осынау айтулы додада «не бел, не белбеу кетер» деп, аянып қалмауға ұмтыламыз, – деді мемлекеттік жаттықтырушы.
Теңге ілуден спортшылар «бес белес», «қос құлаш» және «жеті құт» түрлері бойынша сынға түседі.
Қуаныш НҰРДАНБЕКҰЛЫ,
журналист