Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа оқу жылына – жаңа мектептер

Жаңа оқу жылына –  жаңа мектептер
Ашық Дереккөз
Білім күніне орай облысымызда 6 мектеп пайдалануға берілді. Мереке қарсаңында оқушыларға есігін айқара ашқан білім ошақтарының бірі Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында салынған. «Samruk-Kazyna Construction» акционерлік қоғамының тапсырысы бойынша «Тараз құрылыс дизайн» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылыс жұмыстарын өткен жылдың маусым айында бастап, жаңа оқу жылында ел игілігіне тапсырды.

Жайлы мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Ербол Қарашөкеев, оқу-ағарту саласының ардагерлері, ауыл қариялары мен тұрғындары, ұстаздар мен ата-аналар, мектеп оқушылары қатысты.Ербол Қарашөкеев жамбылдықтарды Білім күнімен құттықтап, саланы одан әрі дамыту, педагогтарды қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елімізде білім мен ғылым саласын дамытуға баса көңіл бөлінуде.Осы тұрғыда облысымызда да білім беру саласын дамыту, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету – негізгі бағыттардың бірі болып отыр.Жаңа мектепте балалардың қауіпсіз әрі жайлы ортада білім алуы үшін барлық жағдай жасалған. Бұл – олардың үлкен жетістіктерге жетуіне мүмкіндік береді, – деген Ербол Шырақпайұлы мектеп ұжымына сәттілік тіледі.

Ал Байзақ ауданының тұрғыны, ардагер ұстаз Асқар Бекбауов құттықтау сөзінде білім беру саласындағы оң өзгерістерге тоқталып, ауылдық жерде заманауи үлгіде мектеп салынғанына ризашылығын жеткізіп, тұрғындардың атынан Мемлекет басшысына алғысын білдірді.Мерекелік жиын мектеп оқушыларының өнерімен жалғасып, алғашқы қоңырау соғылды.Бұдан соң құрылыс жұмыстарын жүргізген мердігер компания басшылығы балалардың игілігіне берілген ғимараттың символикалық кілтін мектеп ұжымына салтанатты түрде табыстады.

Жайлы мектептің лентасы салтанатты түрде қиылған соң көпшілік ғимарат ішін аралап, оқу кабинеттерімен танысты.600 орындық мектепте оқушылар үшін барлық жағдай қарастырылып, кабинеттер соңғы үлгідегі техникалармен жабдықталған. Мектеп ғимаратында 35 оқу бөлмесі, 2 спортзал, 2 компьютер кабинеті, мәжіліс залы, кітапхана және асхана, ұлдар мен қыздарға арналған шеберхана қарастырылған. Балаларға оқулықтары мен жеке заттарын сақтауға арналған жеке шкафтар қойылған. Сондай-ақ мектепке толығымен бейнебақылау камерасы және жеделсаты орнатылған.

– Мемлекет басшысының бастамасымен ауылымызда зәулім білім ордасы бой көтеріп, қуанышымыз еселеніп жатыр. Ғимаратты аралап, ұл-қыздарымыз үшін заман талабына сай барлық жағдай жасалғанына көз жеткіздім. Бірінші сыныпқа баратын ұлымның жаңа әрі жайлы мектепте білім алатынына шексіз қуаныштымын. Мемлекет басшысына алғысымыз шексіз, – дейді ауыл тұрғыны Гүлзада Мыңжасарқызы.

– Жаңа білім нысаны ауылымыздың ажарын ашып тұр. Мектептерде орын тапшылығы болғандықтан ұл-қыздарымыз көрші ауылдарға қатынап оқуға мәжбүр болды. Ұлттық жобаның шарапаты біздің ауылға жетіп, балаларымыз жайлы мектепте білім алғалы отыр, – дейді сарыкемерлік Раушан Құдайбергенова.

Сондай-ақ жаңа оқу жылында Тараз қаласының «Арай» (600 орындық) және «Казарма» (180 орындық) тұрғын алқаптарында жаңа мектептер балалар игілігіне берілді.Ал Меркі (150 орындық), Қордай (150 орындық), Сарысу (50 орындық) аудандарындағы үш білім ұясының ғимараты жаңадан пайдалануға беріліп, тозығы жеткен мектептердің мәселесі шешілді.Жаңа білім ұялары қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Оқу бөлмелері кең әрі жарық, зертханалар мен компьютерлік сыныптар заманауи технологиялармен жабдықталған. Мектепте оқушылардың денсаулығы мен спорттық қабілеттерін дамытуға арналған спортзал, кітапхана, асхана және медициналық кабинет те бар.

Білім күні облыс мектептерінде «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты іс-шара ұйымдастырылып, оған бірінші және 11-сынып оқушылары қатысты.Жалпы 507 орта білім беру ұйымы 248 мыңнан аса оқушыға есігін айқара ашты. Оның 21 мыңға жуығы 1-сыныпқа қабылданды.Айта кетейік, 2024 жылы облыстың білім саласын дамытуға 317,8 миллиард теңге бөлінсе, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 13,5 пайызға артық.Жоспар бойынша 2024-2025 жылдары 41 білім нысанының құрылысы жүргізіледі.

Жыл соңына дейін 18 мектептің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылып жатқан «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында өңірде 12 мектеп салынады. Оның ішінде 6 мектеп биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде.Сондай-ақ 10 білім беру нысаны күрделі жөндеуден өтуде. 96 мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары аяқталды.Ал білім беру мекемелерін материалдық-техникалық жабдықтармен қамтамасыз етуге 1,9 миллиард теңге қаржы қарастырылды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар