Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Үш ауданда жел электр стансасы салынады

Үш ауданда жел электр стансасы салынады
Ашық Дереккөз
Келесі жылы әулиеаталықтар ауызсумен толық қамтылады. Қазірдің өзінде өңір тұрғындарын сапалы ауызсумен қамту көрсеткіші халық санына шаққанда қалаларда 97,5 пайызды, ауылдық елді мекендерде 94,9 пайызды құрап отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек айтып берді.

Негізі өңірде 371 елді мекен болса, 367-сі ауыл, қалғаны қала. Бүгінгі таңда ауызсумен қамтамасыз етілмеген 54 ауылдық елді мекен, Тараз, Шу қалалары бойынша 10 тұрғын алқап қалыпты. Биыл ауызсу бойынша жүзеге асырылып жатқан 68 жобаға жалпы 21,5 миллиард теңге бөлініп, 37 елді мекен мен 2 қаладағы 5 тұрғын алқапты сапалы ауызсумен қамтамасыз ету жоспарланған.

– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша алдағы екі жылда қала және ауылдық елді мекендерді сапалы ауызсумен толық қамтамасыз етуіміз қажет. Жыл қорытындысымен ауызсумен жабдықтау көрсеткіші қалаларда 98,8 пайызды, ауылдық елді мекендерде 98,1 пайызды құрайтын болады. Республикалық бюджеттің 2025 жылғы жоспарын қалыптастыруға 23,9 миллиард теңгеге 30 жоба ұсынылды.

Сондай-ақ облыста жалпы қуаты 1 844 МВт құрайтын 24 компания электр энергиясын өндірумен айналысады.«Жамбыл ГРЭС» компаниясы еліміздің оңтүстігіндегі ең ірі электр энергиясын өндіруші әлеуетіне ие. Стансадағы 6 энергоблок арқылы 1 230 МВт электр энергиясы өндіріледі.

«Жамбыл ГРЭС» компаниясы алдағы 3 жылда инвестициялар есебінен 115 миллиард теңгеге қуаты 210 МВт электр энергиясын өндіретін газ-турбиналық стансасының құрылысын іске асырады.

Облыс аумағында жаңартылатын энергия көздерінің жалпы белгіленген қуаты 571,3 МВт болатын 22 нысаны жұмыс істейді. Бұл республикадағы ең жоғарғы көрсеткіш.

Алдағы уақытта өңірде 3 ірі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Нақты айтсақ, Мойынқұм, Талас, Сарысу аудандарында үш жел электр стансасы салынады. Мәселен, Мойынқұм ауданында «Total Eren» компаниясы тарапынан қуаты 1 ГВт құрайтын жел электр стансасы, Сарысу және Талас аудандарында Біріккен Араб Әмірліктерінің «Masdar» компаниясы қуаты 500 МВт жел электр стансасын салатын болады. Сонымен бірге «China Power» компаниясы тарапынан қуаты 500 МВт жел электр стансасы салынады деп күтілуде. Жоспар бойынша, 2028 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің саны 25 нысанға артып, қуаты 2,5 ГВт-ты құрайды.

Оңтүстік өңірдегі электр қуатының өткізу қабілетін арттыру үшін «KEGOC» компаниясы тарапынан 154 миллиард теңгеге «Солтүстік-Оңтүстік» және «Шу-Жамбыл-Шымкент» жоғарғы кернеулі әуе желілерінің екінші желісін салуды жобалау жұмыстары басталды. Аталған желілердің өткізу қабілеті жылына 18,1 миллиард кВт-сағ. құрайды (2070 МВт-сағ.). Оның 4,2 миллиард кВт-сағ. электр энергиясы облыстың тұтыну көлеміне жатады, – деді Қанатбек Қайшыбекұлы.

Жамбыл, Т.Рысқұлов, Меркі және Шу аудандарында 31 трансформатор және 81,4 шақырым электр желілері иесіз екені анықталыпты. Жамбыл, Меркі, Шу аудандарында он-оннан 30, Т.Рысқұлов ауданында 1 трансформатор, Меркі ауданында 45,8 шақырым, Шу ауданында 35,6 шақырым электр желілері иесіз қалған. Аталған желілерді коммуналдық меншікке алу бойынша тиісті жол картасы әзірленіпті. Жұмыстар алдағы жылы толық аяқталатын көрінеді.Облыстың отын-энергетика кешендері арқылы алдағы жылыту маусымына дайындық шараларына жалпы 15,3 миллиард теңге қаралыпты. Жылу желілерінің жалпы ұзындығы – 350,7 шақырым.Олардың тозу деңгейі 55,5 пайызға жеткен. 7,1 миллиард теңгеге Тараз қаласындағы М-1 жылу магистралін қайта жаңарту жұмыстарын жүргізу қолға алынған. Биыл жоспарлы 6,1 шақырым жылу желілерінің 4,6 шақырымы ауыстырылуда. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, елді мекендерді газдандыру, жол және көшелерді жөндеу, көлік, теміржол, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, төтенше жағдай салалары бойынша да атқарылған жұмыстарды сөз еткен спикер газ нысандарын меншікке өткізу мәселесіне де тоқталды.

– 2012-2019 жылдар аралығында табиғи газбен қамту саласында 118 нысан пайдалануға берілген. Бүгінгі күнге оның 55-і мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаментіне тапсырылып, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-ның меншігіне беру жұмыстары жүргізілуде. Қалған 63 нысан бойынша қажетті құжаттары әзірленуде, – деді Қ.Мәдібек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы іске асырылып жатқаны белгілі. Аталған акция өңірімізде де жүйелі жүзеге асырылып, санитарлық тазалау, көгеріштендіру және абаттандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Бүгінгі күнге дейін сенбіліктерге жалпы 700 мыңнан аса өңір тұрғыны, ардагерлер, жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен этнос өкілдері атсалысқан.Акция аясында 60 тарихи-мәдени ескерткіш, 143 саябақ пен сквер аумағы, ұзындығы 818 шақырымды құрайтын каналдар мен арық жүйелері, 129 мың аула мен 4,5 мың шақырым көше жолдары тазартылыпты. 16 мың тонна күл-қоқыс шығарылып, 60 мыңға жуық көшет отырғызылған. Бұл жұмыстарға жалпы 958 техника жұмылдырылыпты.

Экологиялық акция шеңберінде облыста «Үлгілі ауыл» конкурсын өткізу жоспарға енген. Бүгінде конкурстың ережесі бекітіліп, комиссия құрамы жасақталып жатқан көрінеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар