Спикердің айтуынша, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан тағайындалатын әлеуметтік төлемдердің мөлшері әр қатысушыға жеке есептеледі.
– Айта кету керек, әлеуметтік аударымдар міндетті зейнетақы жарналары сияқты қызметкердің жалақысынан ұсталмайды. Жұмыс берушілердің және дара кәсіпкерлердің өз қаражаты есебінен төленеді.Осыған байланысты, әлеуметтік тәуекелдер туындаған кезде қор жүйенің қатысушыларына әлеуметтік төлем тағайындауға өтініш жасамас бұрын қорға нақты түскен әлеуметтік аударымдарды тексеруді ұсынады.Аталған ақпаратты eGov.kz порталы арқылы немесе екінші деңгейлі банктердің мобильдік қосымшалары, сондай-ақ «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының (ХҚКО) бөлімшелеріне немесе қордың филиалына жеке басын куәландыратын құжатпен жүгіне отырып алуға болады.Цифрлық технологиялардың дамуымен әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін жүгіну рәсімдері жеңілдетілді. Қазіргі уақытта өтініш беруші мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде мәліметтері жоқ құжаттарды ғана ұсынады, – деді Нұрахмет Ысқақов.
Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді проактивті нысанда көрсету өзекті болып отыр. Әсіресе оның ішінде отбасының цифрлық картасы арқылы, атап айтқанда мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде тиісті мәліметтер болған кезде жүйеге қатысушыға төлем алу құқығын іске асыру туралы «1414» Бірыңғай байланыс орталығы арқылы SMS-хабарлама жіберіледі.
– SMS-хабарламаға келісім алған жағдайда төлем проактивті түрде тағайындалады. Сонымен қатар, әлеуметтік төлемдерді келесі әдістердің бірімен: - еңбекке қабілеттілігінен айырылу жағдайы бойынша: жалпы еңбекке қабілеттілігінен айырылу дәрежесін (ЖЕА) бастапқы белгілеу кезінде медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесі арқылы, ал ЖЕА мәліметтері болған кезде eGov.kz порталы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;- асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша: eGov.kz порталы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;- жұмысынан айырылу жағдайы бойынша: жұмыссыз ретінде тіркелу кезінде enbek.kz электрондық еңбек биржасының, eGov.kz порталы арқылы немесе Мансап орталығы, ал жұмыссыз ретінде тіркелуі туралы мәліметтері болған жағдайда eGov.kz порталы, екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;- жүктілікке және босануға байланысты: eGov.kz порталы немесе ХҚКО-ға жүгіну арқылы;- бір жарым жасқа дейінгі бала күтімі бойынша: eGov.kz порталы арқылы, ХҚКО-ға жүгіну арқылы; екінші деңгейлі банктердің мобильді қосымшалары және ХҚКО-ға жүгіну арқылы;Егер өтініш беруші электрондық түрде өтініш берген болса, онда әлеуметтік төлемді тағайындау мерзімі 4 жұмыс күнін, ал ХҚКО арқылы жүгінген жағдайда 8 жұмыс күнін құрайды.
Төлемдерді тағайындау кезінде қордың филиалдары құжаттардың (мәліметтердің) дұрыстығын тексеретінін атап өткен жөн. Осыған байланысты, әлеуетті алушылардың мүдделерін қорғау мақсатында әлеуметтік аударымдардың уақытылы және толық төленбеген, сондай-ақ төленген әлеуметтік аударымдар сомаларының міндетті зейнетақы жарналары аударылған қызметкердің кірісіне сәйкес келмеген жағдайда қор электронды іс макетін жете ресімдеуге жібереді. Осындай жағдайларда төлемдерді тағайындау мерзімі 30 жұмыс күніне дейін ұзартылып, мемлекеттік кірістер органдарынан қосымша мәліметтер және жұмыс орнынан түскен кірістер туралы анықтама және тағы да басқа құжаттар талап етіледі, – деді спикер.
Айта кетейік, облыс бойынша 2024 жылдың 5 айында жүйенің 215 мың қатысушысы үшін 8,4 миллиард теңге сомаға әлеуметтік аударымдар түсіп, 57,3 мың адам 24,3 миллиард теңге сомаға әлеуметтік төлем алған.
Айжан ӨЗБЕКОВА