Жарты әлемді дүр сілкіндірген көшпенділердің ішінде мына байтақ даланың иесіз емес екенін найзаның ұшымен, білектің күшімен өзгелерге ұқтыра білген, жар астындағы жауды ықтыра білген қазақ та, оның заңы да бүгін пайда бола қойған жоқ. Дәстүрдің озығының да, тозығының да артында ғұндар мен сақтар заманындағы дәуірлер жаңғырығы жатыр. Мәдениеті мен ұрпағына берер тәлім-тәрбиесі, салт-дәстүрі мен әдеп-ғұрпы, тәртібі мен заңы халқымызбен бірге ұлттық болмысымызға сай сан ғасырлар бойы бірге жасасып келді. Әттең, бодандықтың қамытын амалсыз киген сол бір нәубетті кезеңдерде отарлаушы ел қазақты «бұратана ел, қараңғы халық» деп тарихымызды өзгеше өрбіту үшін жанталасқаны болмаса, қазақ одан мойыған жоқ. Бір сәт аттан түскені болмаса, тағына қайта отырып, егемендік атты ел тұғырын дер кезінде нығайтты. Осы кездерде халқымыздың жартылай отырықшы, қала салған қауқарлы, адамдық кейіпте ардан да, заңнан да аттамайтын арда қазақ екені дәуірлер қойнауынан аршып алынды. Сөйткен қазақтың бүгінгі ұрпағының Ата Заңы әр күнін ат үстінде өткізген бабалар дәуірінен бастау алатынын ұмытпауымыз керек. Оған «Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Тәуке ханның Жеті жарғысы» секілді дала заңдары дәлел.Еліміз азаттық алған жылдар ішінде Конституцияға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Осы орайда Жуалы аудандық сотының төрағасы Бабырхан Аубев бұл өзгерістердің заман қажеттілігінен туындағанын айтады.
– Жыл сайын қазақстандықтар 30 тамызда Конституция күнін атап өтеді. Биыл еліміздің Ата Заңына 29 жыл толғалы тұр.
Конституция – мемлекеттің негізгі заңы, ең жоғары күшке ие заңдар топтамасы. Елдегі тәртіп пен адам құқықтарының қорғалуын қамтамасыз ететін бірден-бір құрал. Конституция тек мемлекеттің ғана емес, қоғам өмірінің жол көрсетушісі. Біздің өмірімізде осы заңдар жинағы күнде жолығады деуге болады. Яғни, ол біздің өміріміздің бір бөлшегі.Конституция – әрбір мемлекеттің ең басты заңы. Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда қабылданған болатын. Алайда ол ескі әкімшіл-әміршіл ережелерге сүйенгендіктен, қоғам талабына сай келмеді. Сол себепті араға екі жыл салып, 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде елімізде жаңа Конституция қабылданды.Жаңа Конституцияны қабылдау қарсаңында ұзақ мерзімді қызу жұмыстар атқарылды. Сол кезде құрылған сарапшылар әлем елдерінің Конституцияларын мұқият сараптап, зерделеп шықты. Ресми мәліметтерге сүйенсек, құжатты талқылауға 3 миллионнан астам адам қатысқан.Айта кетерлігі, тәуелсіз Қазақстанның Ата Заңы әлемдегі ең жас Конституциялардың бірі саналады. Конституциямызға азаттық жылдары алты рет өзгеріс енгізілді. Ең ауқымды өзгерістер 2022 жылы жалпыхалықтық референдум негізінде қабылданды.Қазақстан суперпрезиденттік басқару формасынан күшті парламенті бар президенттік формаға көшті. Президенттің жақын туыстары саяси мемлекеттік қызметші, квазимемлекеттік сектор субъектісі басшысы лауазымдарын атқару құқығынан айырылды. Парламент депутаттарын сайлау жүйесі де өзгерді.
Елімізде Конституциялық сот құрылды. Өлім жазасына тыйым салынды. Жер және оның қойнауы, су көздері, өсімдіктер мен жануарлар дүниесі, басқа да табиғи ресурстар енді халыққа тиесілі.Конституцияның өзі: «Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерiнде мемлекеттiлiк құра отырып, өзiмiздi еркiндiк, теңдiк және татулық мұраттарына берiлген бейбiтшiл азаматтық қоғам деп ұғына отырып, дүниежүзiлiк қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып, өзіміздің егемендік құқығымызды негізге ала отырып осы Конституцияны қабылдаймыз» деген сөздермен басталады.Ата Заңның құндылықтарын қорғау және қағидаттарын ұстану – әрбір азаматтың парызы және міндеті. Әрине, бұл заманның талаптарына сай жасалған қадамдар. Біз өзіміздің салада қаншама заңдар мен Кодекстерге сүйеніп, жұмыс атқарамыз.
Конституция мемлекетімізге және онда тұратын барлық азаматтарға керекті принциптерге, қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылыққа кепілдік береді, – дейді ол.
Баршаға белгілі, біз бүгінде әділетті қоғам құруға бет алдық. Бұл халықтың елдігімізге, мемлекеттілігімізге, ұлт болашағына негізделген жаңа дәуірге басқан оңды қадамы.Елдің бірлігі мен ынтымағын жарастырған, кемел келешегімізге, тәуелсіздігіміз бен тұтастығымызға кепіл болған Ата Заңның артықшылығын жас ұрпақ білуі, мектеп оқушылары ой түйіп өсуі тиіс. Бұл аталған аудандық сот төрағасының пікірі.
– Қазіргі ең басты міндетіміз – жас ұрпаққа мектеп жасынан бастап Ата Заңымыз жайлы айтуымыз қажет. Өйткені ата-бабаларымыз осы кең байтақ жерді бізге қалдырған, яғни бүгінгі ұрпақтың осы бейбіт заманда өмір сүріп жатқаны, халыққа қолайлы Ата Заңға қол жеткізіп отырғанымыз да солардың арқасы. Осыған тәуба дейік. Ата-баба аруағына мың тағзым етуіміз керек. Біздің бүгінгі міндетіміз – осы Конституциямызды құрметтеу, аялау, биікке көтеру.Әлемдегі бұқаралық ақпарат құралдарына үңілсек, кез келген мемлекетте заң саласындағы өзгерістер мен толықтырулар мәселесіне қатысты жаңалықтарда талқыланатын негізгі тақырып – осы Конституция. Оның негізгі себебі Конституцияның әр мемлекеттің демократиялық дамуындағы келбеті болып саналатындығында. БҰҰ құрамындағы барлық мемлекеттер ұйым сессиясы кезінде өздерінің Конституцияларына міндетті түрде сілтеме жасайды. Ол бекер емес. Өйткені кез келген дамыған елдің басты құжаты ол мемлекетте тұрақтылық тамырының қаншалықты тереңге жайылғанын айғақтайды.
Менің ойымша Конституцияның не екенін, оның азаматтарға деген пайдасы және негізгі қолдану құралдары қай салада болатынын мектепте жиі-жиі еске салып отыру керек.Өйткені мемлекеттің келешекте дамуы осы біздің жас жеткіншектерге тікелей байланысты екенін барлығымыз білеміз және ұмытпауымыз қажет.Мемлекетіміздің туын биікке көтеретін және Ата Заңымызды қорғайтын осы болашақ ұрпақтарымыз екенін ескеруіміз парыз.Мен мемлекетке деген, Ата Заңымызға деген патриоттық көзқарасты нық ұстанамын, ұрпақтарыма үнемі айтып отырамын. Бір кездері Ұлытаудың көк тасына қашап басқан ру таңбаларымен куәландырылған елміз, бірігеміз, бір ел боламыз деп анттасқаны да сол. Конституциямыз да сол тасқа басылған таңба.
Ел тағдыры үшін маңызы зор реформаларды жүргіздік, құқықтық және демократиялық қоғамның негізін қаладық. Сондықтан әрқайсымыз Отанымыздың шаңырағы берік, ел іргесі бүтін, болашағымыз баянды болуы үшін еңбек ете берейік, – дейді Б.Аубев.
Бүгінде қазақ елі дамудың даңғыл жолына түсті. Өркениеті озық мемлекеттер санасатындай дәрежеге көтеріліп, айбары асқан, дәулеті тасыған елге айналды. Елімізде әділетті қоғам орнату қолға алынды. Қазақстанның бүкіл құқық қорғау жүйесінде азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету, заңдарды қатаң орындау және құқық тәртібін нығайту басты ұстанымға айналды. Осының барлығы да Конституция арқылы реттелуде.
Нұрым СЫРҒАБАЕВ