Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жаңа оқу жылынан не күтеміз?

Жаңа оқу жылынан  не күтеміз?
Ашық дереккөз
Жаңа оқу жылы басталатын күн жақындаған сайын мұғалімдер мен ата-аналарды, оқушыларды «Биыл қандай өзгеріс болады екен?» деген сұрақ мазалайтыны заңдылық. Жалпы 2024-2025 оқу жылы елеулі өзгерістерге толы болмақ. Бұл өзгерістер білім сапасын арттыруға, оқушылардың жан-жақты дамуын қамтамасыз етуге және заманауи технологияларды қолдану арқылы оқу процесін оңтайландыруға бағытталған. Осыған орай биылғы оқу жылындағы өзгерістер мен жаңашылдықтардың маңыздыларын назарларыңызға ұсынамыз.

БАЛАБАҚШАДА 
НЕ ӨЗГЕРЕДІ?

2024-2025 оқу жылында балабақшаларда бірқатар маңызды өзгерістер орын алып, балалардың ерте дамуы мен қауіпсіздігіне баса назар аударылады.

– Балабақшаға бармайтын балаларға ерекше көңіл бөлінеді. 3,5 мың мектепке дейінгі ұйымда ата-аналарға кеңес беру пункттері құрылған. Бұл жұмыс балалар мектепке дейінгі тәрбиемен толық қамтылғанша жалғасады.Ата-аналарға арналған мобильді қосымшаларды әзірлеу басталды. Барлық балабақшада мектепке дейінгі және бастауыш білім мазмұнын үйлестірудің жаңа тәсілдері қолданылады. Бұл балаларды мектепке сапалы даярлауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Баланың жеке даму картасының негізінде оның жеке оқу траекториясы анықталып, бастауыш мектепке беріледі, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Үздік балабақшалардың базасында құрылған 79 құзыреттілік орталығы білім беру округтерінің тірек ұйымдарына айналады. Бұл тәжірибе барлық мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту жүйесіне таратылады.Алдағы уақытта өзін-өзі оқытудан бастап қажеттілік бойынша біліктілікті арттыру курстарына дейінгі педагогтарды даярлау және олардың әлеуетін арттыру бағытындағы бірлескен жұмыстар жоспарланып отыр.Сонымен қатар жуырда Оқу-ағарту министрлігі Қазақстанда 115 мыңға жуық бала «Балақайлар мектебі» бағдарламасы бойынша мектепалды дайындықтан өткенін мәлімдеді.Бағдарлама биыл мектеп табалдырығын алғаш аттайтын 1-сынып оқушыларын бірдей мектепке бейімдеуді, білім алуға даярлауды көздейді. Сондай-ақ мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мектеп арасындағы сабақтастықты жалғайды. 

«Балақайлар мектебі» бағдарламасы мемлекеттік жалпыға міндетті мектепке дейінгі тәрбие мен білім беру стандартына сәйкес әзірленген.

– Жазғы кезеңде мектепалды дайындықтан 115 мыңға жуық бала өтіп, 2,9 мың мектептің 5,1 мың бастауыш сынып мұғалімі мен мектепалды даярлық педагогтарының қатысуымен оқыту ұйымдастырылды. Оқыту барысында балалардың физикалық, коммуникативтік, интеллектуалдық, шығармашылық және әлеуметтік-эмоционалдық дағдылары, сондай-ақ мектепке оң көзқарасын дамытуға басымдық берілді, – дейді министрліктің Мектепке дейінгі білім беру департаментінің директоры Манар Адамова.

Мектепалды дайындық бағдарламасы 1 айға арналған. Осы кезеңдегі білім беру процесін білікті бастауыш сынып мұғалімдері немесе мектепалды даярлық педагогтары жүргізді.

«АБАЙТАНУ», «АЛАШТАНУ» КУРСТАРЫ ТАҢДАУ КУРСТАРЫНА ЖАТАДЫ

Биыл мектептерге оқу курстары мен элективті курстарды таңдауға құқық беріледі. Сондай-ақ мектептерде оқытылатын «Абайтану» және «Алаштану» курстарын да таңдауға мүмкіндік қарастырылғанын атап өткен жөн.

«9-11-сыныптарға арналған «Абайтану» курсының бағдарламасы Оқу-ағарту министрінің №399 бұйрығымен бекітілген. Бұл курс таңдау курсына жатады. Оны оқыту туралы шешімді әр мектептің өзі дербес қабылдайды. Қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын гуманитарлық бағыттағы «Абай мектебі» желілік мамандандырылған мектептері 5-11-сыныптарда «Абайтану» пәнін міндетті түрде оқиды. Оқу-ағарту министрінің 2022 жылғы 16 қыркүйектегі № 99 бұйрығымен 9-сыныпқа арналған «Алаштану» курсының үлгілік оқу бағдарламасы бекітілді. Бұл да таңдау курсы», – делінген министрліктің мәлімдемесінде.

ОҚУШЫЛАРДЫҢ ОҚУ ЖҮКТЕМЕСІ АЗАЯДЫ

Биылғы оқу жылында білім беру бағдарламаларының тақырыптық мазмұны оңтайландырылмақ. Нәтижесінде оқушылардың жүктемесі азаяды деп жоспарланып отыр.

– Қазіргі уақытта мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына, үлгілік оқу жоспарлары мен бағдарламаларына өзгерістер енгізу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Қолданыстағы мемлекеттік білім беру стандартының, оқу жоспарлары мен бағдарламаларының құрылымдық негіздері сақталады. Оқу бағдарламаларының тақырыптық мазмұны оңтайландырылды. Осының есебінен білім алушының жүктемесі азайып, пәндер бойынша оқу материалын қайталауға және бекітуге қосымша сағаттар көзделген, – деді министр Ғани Бейсембаев. 

МЕКТЕП САНЫ АРТАДЫ

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстан бойынша 61 жаңа мектеп пайдалануға беріледі. Бұл туралы Үкімет отырысында Премьер-Министр Олжас Бектенов мәлімдеді.

– Қыркүйек айында елімізде 4,5 миллион бала оқуға барады. Бұл – оқушылармен қатар, ата-аналар үшін де өте маңызды қадам. Сондықтан білім беру инфрақұрылымының және бүкіл оқу процесінің жаңа оқу жылына толық әзірлігін қамтамасыз ету қажет. Жаңа мектептерді тапсыру бір бөлек, оларды оқушыларды қабылдауға дайындау үшін де үлкен жұмыс атқару керек.Ғимараттарға, оқу кабинеттеріне, асханаларға қойылатын барлық қауіпсіздік шарттарын, санитарлық-эпидемиологиялық және өртке қарсы талаптарды орындау қажет. Жылдамдығы жоғары интернетпен қамтамасыз етіп, пәндік кабинеттерді, зертханаларды, спортзалдарды жабдықтау керек, – деген Үкімет басшысы бұл тек «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына ғана емес, барлық білім беру объектісіне қатысты қойылып отырған талап екенін тілге тиек етті. 

Сонымен қатар ол осы айда күрделі жөндеу жұмыстарының барлығы аяқталуы тиіс екенін айтып, қыркүйекте балалар таза әрі ыңғайлы кабинеттерде білім алуын қамтамасыз етуді тапсырды.Айта кетейік, 2024 жылы облысымызда 41 білім нысанының құрылысын жүргізуге қаржы қарастырылған. Биыл 19 білім нысанының құрылысы аяқталады деп күтілуде. Бүгінгі күні 5 нысан пайдалануға берілді. Нәтижесінде 9 оқушы орны тапшылығы бар, 4 үш ауысымды, 3 тозығы жеткен, 2 апатты мектептің мәселесі шешіледі. Сондай-ақ биыл 9 мектепке және 1 мектептен тыс мекемеге күрделі жөндеу жұмыстарына 4,3 миллиард теңге қаржы қарастырылып, жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар