Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ашықтық ұстанымы алға бастайды

Ашықтық ұстанымы алға бастайды
Ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Конституциясы 1995 жылғы 30 тамызда жалпыұлттық референдумда қабылданды. Еліміздің басты заңына сәйкес, Қазақстан Республикасы – президенттік басқару нысанындағы біртұтас мемлекет.

Конституция – Қазақстан халқының игілігін қамтитын, демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орныққан және оның ең жоғары қазынасы адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтарын көздейтін еліміздің негізгі заңы. Көптеген халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстан Конституциясы бостандықтың негізін білдіреді.Конституция Қазақстан халқына ең бастысы таңдау құқығын берді.

«Бiз, ортақ тарихи тағдыр бiрiктiрген Қазақстан халқы,...». Дәл осы сөздермен елдің негізгі заңы бастау алған. Дәл осы сөздер Ата Заңымыздың халықтық табиғатын бейнелейді.Бүкілхалықтық референдумда қабылданған Конституция Қазақстандағы үлкен саяси және экономикалық өзгерістер үшін негіз болды. Конституцияның тұрақтылығының арқасында біз саяси, ұлтаралық және конфессияаралық тұрақтылық пен үздіксіз экономикалық өрлеудің куәсі болып отырмыз.Биліктің заң шығарушы тармағының өкілеттіктерін кеңейту, сот жүйесінің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ету, орталық және жергілікті мемлекеттік басқару органдары арасындағы функциялар мен өкілеттіктерді нақты ажырату, әкімшілік-аумақтық бірліктердің басшыларын сайлауды кезең-кезеңімен енгізу сынды саяси шешімдердің барлығы қолданыстағы Конституция шеңберінде жүргізілуде.

Айта кету керек, Конституцияның 33-бабы мемлекеттік қызметке кірудің тең құқығына кепілдік береді. Осы нормаға сәйкес, Қазақстанда мемлекеттік қызмет жүйесіне түпкілікті реформа жүргізілді. «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңы жаңа редакцияда қабылданды. Заңдылық, ашықтық және жалпыға тең қолжетімдік қағидаттарына негізделген мемлекеттік қызметтің жаңа моделі құрылды. Мемлекеттік қызметке кіру кезінде міндетті конкурстық іріктеу енгізілді.

Бұған дейін еліміздің қарапайым азаматтарына қандай мемлекеттік органдардың бары, оларға қандай функционалдық міндеттер мен талаптар қойылғаны, мемлекеттік қызметшілердің жалақысы туралы және басқа да ақпараттар қолжетімсіз болатын.Қазір мемлекеттік қызметтегі бос жұмыс орындары туралы хабарландыруларда мемлекеттік лауазым туралы барлық қажетті ақпараттардың болуы (мемлекеттік органның атауы және лауазымы, жалақысы, қойылатын біліктілік талаптары, функционалдық міндеттері) қалыпты өмір сүру нормасына айналды. Бұл ақпарат жалпыға қолжетімді, яғни бос жұмыс орындары туралы мәліметтерді тек газеттерден ғана емес, әлемнің кез келген жерінен жалпыға қолжетімді тиісті интернет-ресурстардан да ала алады. 

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының қолданылу кезеңінде мемлекеттік қызметтің кәсіби аппараты қалыптасты. Өткізілген конкурстарға мемлекеттік қызметке қойылатын біліктілік талаптарға сәйкес келетін, арнайы білімі мен қажетті тәжірибесі бар адамдар ғана қатыса алады.Бүгінгі таңда қазақстандық мемлекеттік қызмет жүйесі конкурстық-мансаптық моделіне негізделген. Жүйенің негізгі мәні – жаһандық жаңғыртуға бағытталған мемлекеттік аппарат қалыптастырудың арқасында мемлекеттік қызметке алғаш рет кіретін азаматтар жалпы ашық конкурс негізінде орналасады. Жалпы мансаптық ілгерілеу құзыреттілік тәсіл негізінде жүзеге асырылады. Осылайша Конституцияның нормаларын сәтті іске асырудың нәтижесі мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамудың көптеген өзекті қажеттіліктеріне сәйкес келетін, мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасына бағытталған кәсіби мемлекеттік қызмет болып саналады.

Бұл ретте, мемлекеттік қызметтің қолданыстағы заңнамалық базасы бірнеше рет жетілдірілді. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызмет туралы заңнама барлық мемлекеттік органдардың, оның ішінде құқық қорғау органдарының қызметшілеріне де қолданылады. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілердің кәсіби деңгейін көтеру міндеті заңнамалық тұрғыдан бекітіліп, соның арқасында арнайы оқыту ұйымдарының жүйесі жүзеге асырылды. Яғни, Қазақстан Республикасы Президентінің жанынан Мемлекеттік басқару академиясы құрылып, мемлекеттік қызметшілерді ғылыми және әдіснамалық оқытудың орталығына айналды.Бүгінгі таңда мемлекеттік қызмет жүйесін жетілдірудің өте маңызды бағыты ретінде персоналды басқаруға заманауи менеджмент элементтерін енгізу қарастырылып отыр. Мемлекеттік қызметтегі заманауи менеджменттің даму тенденцияларының бірі – басқарудың экономикалық әдістерін қолданудың да берері мол. Сондай-ақ коммерциялық құрылымдарда тиімділігі дәлелденген модельдер мен тұжырымдамаларды қолданудың берері мол.

Бұған мемлекеттік қызметті жабық жүйеден ашықтылыққа көшуін, азаматтарды тұтынушылар ретінде қабылдау, яғни мемлекет пен халықтың ара-қатынастарының принциптерін өзгерту қадамдарын жатқызуға болады. Осы бағытта мемлекеттік қызметтің айқындылығы мен мемлекеттік қызметке кірудің ашықтығын қамтамасыз ету, мемлекеттік қызметтерді көрсету жөніндегі қағидалары мен нұсқаулықтарын әзірлеу, мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін қабылдау жөніндегі қадамдар жасалып, одан әрі жаңғыртылуда.Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Қазақстандағы мемлекеттік қызмет туралы заңнама бүкіл посткеңестік кеңістіктегі ең ашық және демократиялық заң болып саналады. Аталған нормалар қолданыстағы Конституцияның тұрақтылығы мен Мемлекет басшылығының саяси ерік-жігерінің арқасында жүзеге асырылды.

Руслан ШАРИПОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет

істері агенттігі облыс бойынша

департаментінің басшысы,
Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар