Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әке аманатына сызат түспейді

Әке аманатына сызат түспейді
Ашық дереккөз
Ел іргесінің бұзылмай, тыныштықта бейбіт өмір сүрудің өзі адамзат үшін үлкен бақыт. Ал осы қазіргідей «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт өмір сыйлаған ардагерлеріміздің қатарында әкеміз Ұзақ Ахметов те бар.

Әкеміз Жуалы ауданының Күреңбел ауылында 1924 жылы дүниеге келген. Отбасында бір кіндіктен тараған 15 баланың ішінен әкеміз Ұзақ Ахметов қана аман-есен ержетіпті. Соғыс өрті тұтанғанда небәрі 17 жаста екен. 1942 жылы 15 тамызда әскер қатарына алынады. «Жалғыз баласы бардың шығар-шықпас жаны бар» демекші, бір шаңырақтың жалғыз тұяғы, бар үміті, болашағы, бір атаның көзайымы осылайша әскерге аттанып кете барды.1941 жылдан бастап Украина, Белоруссия мен Ресей жерінде, тіпті Еуропа мемлекеттерінде де қиян-кескі сұрапыл соғыс болып жатты. Өрімдей жас жігіттерден бастап қолына қару ұстай алатын ер азаматтардың барлығы сұм соғыста ерлік пен өр рухтың үлгісін көрсетті.

Елдің берекесін қашырған соғыстан аман-есен оралғандар аз болғанын біз тарихтан білеміз. Әкеміз 1945 жылы 15 қазанда елге аман-есен оралады. Бірнеше мәрте жараланған кездері де болды. Майданнан аман-есен оралған әкеміз «Отан соғысы» орденімен, еңбектегі және майдандағы ерліктері үшін әртүрлі 9 медальмен марапатталған. Өкініштісі, Жеңістің 50 жылдығын көре алмай, өмірден ертерек озды. Алайда анамыз Мәлике Шекенқызы екеуі 8 ұл-қыз тәрбиелеп өсірді. Асыл анамыз 2015 жылы 22 қарашада өмірден озды. Бүгінде 30 немересі, 25 шөбересі, 1 шөпшегі өсіп келеді. 

Баласы Керімқұл Ұзақұлы Қиыр Шығыстағы Приморье өлкесінде шекарада болған Даманск оқиғасында (алақандай арал үшін Қытай мен Кеңес одағының қарулы қақтығысы) әскери борышын өтеп, байланысшы міндетін атқарған. Керімқұл әкеміз секілді күрделі қақтығыс кезінде әскери тапсырманы мүлтіксіз орындағаны үшін «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Жауынгерлік айбыны үшін», «Батыр шапағаты – Бауыржан Момышұлы» медальдарымен марапатталды. Осылайша бейбіт күнде Ұзақ атаның баласы Керімқұл да Қытай мен Ресейдің ортасында тұтанған қанды ұрысқа қатысып, отбасына аман-есен оралып, бала-шағасының ортасында бақытты ғұмыр кешті. Керімқұл 2018 жылы дүниеден озды.Бүгінде Ұзақ әкеміздің ұл-қыздарының мәуелі бәйтерекке айналғанына шүкіршілік етеміз.

Үлкен әпкеміз Айкүміс Ахметова «Білім беру ісінің үздігі» белгісімен марапатталған, Тараз қаласындағы Бауыржан Момышұлы атындағы №45 қазақ-классикалық гимназияда ұстаз болып еңбек етіп, зейнетке шықты. Келіні Ғазиза Ахметова да «Білім беру ісінің үздігі». Бүгінде Тараз қаласындағы №33 балабақшада логопед болып жұмыс істейді. Екінші қызы – мен де білім саласында еңбек етіп келемін.Үшінші қызы Құралай Ахметова Тараз қаласындағы №47 орта мектепте бірнеше жыл медбике болып қызмет істеді. Әулетіміздің үлкен шаңырағындағы жеңгеміз Сара, ініміз Талғат, әке өмірінің жалғасы болған бауырларымыз Сайын және жеңгеміз Гүлзира, Рысқұлбек пен келініміз Алмаш, Сабек пен келініміз Ғазиза, Алмас Ахметовтер әрқайсысы бір-бір отбасының иесі. 

Биыл асқар тау әкеміздің туғанына 100 жыл толуына орай Т.Рысқұлов ауданындағы «Тау қымыз» шипажайында дастарқан жайып, Құран бағыштап, ас бердік. Спорттық жарыстар ұйымдастырып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар үлестірілді. Әке рухына ұрпағы басын иіп, немере-шөберелеріне естелік болар әңгіме өрбіттік. Ұрпағына Ұзақ аталарының батылдығы мен еңбекқорлығын насихаттадық.«Орнында бар оңалар» деген осы болар, сірә! 

Күлсін АХМЕТОВА,
Тараз қаласы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар