Бұл ақпарат оқу жылына дайындалып жатқан ата-аналар мен оқушыларды және көпшілікті алаңдатқаны анық. Әрі облыста коронавирустың 2 дерегі тіркелгелі бері халықтың көңілін қорқыныш билеп алған. Себебі ел-жұрттың бұрынғысынша «сақтық – саулықта» деп үйде қамалып отырғысы келмейді. Осы орайда ақпараттың дұрыс-бұрыстығына көз жеткізу үшін біз облыс әкімдігінің білім басқармасы қызметкеріне хабарласқан едік.
– Мессенджерлерде не болмаса тексерілмеген ақпараттық сайттардағы мақалалардың барлығын «нақты ақпарат» деп ойлауға болмайды. Сондықтан да жұртшылықтың кез келген ақпаратқа сенбегені жөн. Мына мәселеге келетін болсақ, бұл да жалған ақпарат. Біздің денсаулық сақтау саласына қатысымыз жоқ. Әйтсе де ел бойынша мұндай расталған ақпарат таралмады. Республикалық телеарналар мен басылымдарда немесе облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында Денсаулық сақтау министрлігінің тақырыпқа қатысты таратқан мәлімдемесіне қатысты ақпарат жоқ. 2024-2025 жылғы оқу жылы 2 қыркүйек күні басталады. Бірінші қыркүйек – жексенбі. Жаңа оқу жылында баршаңызға сәттілік тілейміз, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасы басшысының орынбасары Ләззат Қызылқұлова.
Бұдан кейін «ел ішінде тараған ақпараттың өзектілігі бар ма, жоқ па?» деген оймен облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мамандарына жолықтық. Олар 15 қыркүйектен бастап оқушылар қашықтан оқуға жіберілмейтінін, қысқасы, алыпқашпа әңгіменің шындыққа жанаспайтынын айтты.
– Жыл сайын эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды өткізуді көздейтін ҚР Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің қаулысы бекітіледі. Қаулыға сәйкес 2024 жылдың 15 қыркүйегінен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Бетперде режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі. Қаулымен толығырақ ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің сайты (https://www.gov.kz/memleket/entities/ksek/documents/details/708046?lang=kk) арқылы танысуға болады.Барлық азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі шынайы ақпаратқа сенуге шақырамыз, – дейді департамент басшысы Байділда Шыналиев.
Жер бетінде адамзат пайда болғалы ақиқат пен аңыздың, шындық пен жалғандықтың тайталасы таусылған емес. Сондықтан да дана халқымызда «Өтіріктің өзіне сенбе, қисынына сен» деген сөз бар. Бір айта кетерлігі, жалған ақпарат таратушы жазаланып, темір торға тоғытылуы да әбден мүмкін. Сол себепті кез келген адам әр нәрсенің байыбына бармай жатып байбалам салмағаны, нақты көз жеткізілмеген ақпаратты таратудан абай болғаны абзал.
Эльмира БАЙНАЗАРОВА