Қауіпті өндірістік объектілердегі авариялар мен оқыс оқиғаларды тергеп-тексеруді заңның 84-бабына сәйкес қалыптастырылған комиссия жүргізеді. Жарылғыш заттар мен олардың негізіндегі бұйымдардың жоғалу жағдайларын техникалық тергеп-тексеру мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, өз құзыреті шегінде заңның 15-тарауында және осы қағидаларда белгіленген тәртіпке ұқсас жүргізіледі. Аварияны тергеп-тексеру мерзімі ол тағайындалған күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Ал тергеп-тексеру мерзімін ұзарту туралы мәселе заңның 86-бабында айқындалатын тәртіппен жүзеге асырылады.Тергеп-тексеру комиссиясы төрағасының шешімі бойынша тергеп-тексеру үшін қажетті техникалық есептеулер, зертханалық зерттеулер, сынақтар, сараптамалар жүргізу үшін мамандар тартылуы мүмкін.
Тергеп-тексеру нәтижелері осы қағиданың 1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша акт түрінде ресімделеді. Тергеп-тексеру актісіне комиссия мүшелері қол қояды. Комиссия мүшесі тергеп-тексеру актісіне қол қоюдан бас тартқан жағдайда комиссия төрағасы тергеп-тексеру актісіне комиссия мүшелерінің қатысуымен тиісті жазба жүргізеді. Комиссия мүшесі өзінің ерекше пікірін жазбаша баяндайды, бұл комиссия төрағасы актіге қол қойғанға дейін тергеп-тексеру актісіне қоса беріледі.Жиналған құжаттар мен материалдардың негізінде комиссия аварияның немесе оқыс оқиғаның туындау мән-жайлары мен себептерін анықтайды. Болған аварияның немесе оқыс оқиғаның қауіпті өндірістік объект иесінің қызметімен себеп-салдарлық байланысын, Қазақстан Республикасының өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамасының бұзылуына жол берген адамдарын айқындайды, осындай аварияның немесе оқыс оқиғаның қайталануын болғызбау және салдарын жою жөніндегі іс-шараларды белгілейді.Авариялар мен оқыс оқиғалар авариялар мен оқыс оқиғаларды есепке алу журналына енгізіледі.
Серік ИГЕНБАЕВ,
Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті
облыс бойынша департаментінің
тау-кен өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің бас маманы