Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Олимпиада жүлдегері Нұрбек Оралбай туған жерінде

Олимпиада жүлдегері  Нұрбек Оралбай туған жерінде
Ашық дереккөз
Парижде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ел намысын лайықты қорғап, күміс жүлдеге қол жеткізген боксшы Нұрбек Оралбай кеше туып-өскен топырағына табан тіреп, жерлестерінің құрметіне бөленді.

Төртжылдықтың басты бәсекесінде қазақстандықтардың мерейін асқақтатқан жерлесіміздің құрметіне арналып кездесу ұйымдастырылды. Аталған жиында облыс әкімі Ербол Қарашөкеев құттықтау сөз сөйледі.

– Қадірменді ағайын, құрметті спортсүйер қауым! Біз қазақ боксының бүгінгі мақтанышы, қасиетті Әулиеата топырағының түлегі, жерлесіміз Нұрбек Оралбайдың ХХХІІІ жазғы Париж Олимпиадасындағы күміс жүлдесіне арналған салтанатты рәсімге жиналып отырмыз. Нұрбек байрақты бәсекеде ел сенімін ақтап, барша қазақстандықтардың, өз жанкүйерлерінің мерейін тасытты. Әсіресе өзінің кіндік қаны тамған – Жамбыл облысы жұртшылығының абыройын асқақтатып, жерлестерінің еңсесін бір көтеріп тастады. Әлем алдында көк туымызды биікте желбіреткен Нұрбек Оралбайды Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері атануымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл біз үшін үлкен қуаныш, жоғары мәртебе.

Жамбыл топырағы – қасиетті өлке. Бұл жерден қазақ елін әлемге танытқан небір сайыпқырандар түлеп шыққан. Бүгін Нұрбек бауырымыз кіндік қаны тамған туған жеріне ат басын бұрып отыр. Осындай жеңімпаз ұлды тәрбиелеп өсірген Нұрбектің отбасына, үлкен додаларға дайындап, баптаған білікті бапкерлеріне үлкен алғыс айтамын. Қазақ спортының, Жамбыл спортының даңқы арта берсін! – деген Ербол Шырақпайұлы даңқты жерлесімізге демеушілердің есебінен су жаңа автокөліктің кілтін табыс етті.

Нұрбек Оралбай 2000 жылы Жамбыл ауданы, Айша бибі ауылында дүниеге келген. 2007 жылы отбасымен Астанаға қоныс аударып, 2009 жылдан бастап бокспен шұғылдануға ден қойған екен.

–Маған қолдау білдірген барша қазақстандықтарға алғыс білдіремін. Өзімнің туған жеріме келгенде әулиеаталықтардың ыстық ықыласын сезіндім. Туған жерге келгенде үлкен қолдау көрсеткен облыс әкімі Ербол Шырақпайұлына да айтар алғысым шексіз! 

Соңғы дүбірлі додада алтын алу бұйырмады. Олимпиада ойындарында осал қарсылас болмайды. Келесі төртжылдықтың додасында қазақ елін қуантамын. Спорттық мансабымдағы үлкен белестер әлі алда деп ойлаймын, – деді Нұрбек Рахатұлы.

Нұрбектің отбасында төрт ұл бар. Нұрбек пен оның бауыры Айбек үйдің үлкені. Үшінші ұл аяғынан жарақат алып, спортпен айналысуды тоқтатса, үйдің кенжесі қазіргі таңда арнайы спорт мектебіне оқуға түсудің қамымен жүр. Ағайынды спортшылардың осы жолды таңдауына әкесі ықпал етіпті.

– Өзім еркін күрестен спорт шеберімін. Астанаға қоныс аударғаннан кейін өзіміздің Шу ауданының тумасы, бокстан жаттықтырушы Асқар Еркебаевқа Нұрбек пен Айбекті табыстадым. Өзім екеуін бала күнінен спорттық үйірмеге күн сайын тасып, болашағына сеніммен қарадым. Бүгінде сол сенімім ақталып жатыр. Нұрбек те, Айбек те осы жылғы жазғы Олимпия ойындарында өнер көрсетті. Бірі күміс жүлде иеленсе, екіншісіне сәттілік серік болмады. Ашып айтсақ, Қазақстаннан барған барлық боксшы алтынға лайықты еді. Төрешілердің бүйрегі басқаға бұруынан қазақ боксшыларының жолы болмады.Дегенмен екі ұлымның осы Олимпиада ойындарында өнер көрсетуін үлкен жетістік деп білемін. Балам 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін дүбірлі додада топ жарады деген сенімдемін, – дейді Нұрбектің әкесі Рахат Қуандықов.

Айта кету керек, Нұрбек Оралбай бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі, еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстан және әлем чемпионы. Сонымен қатар ол Азия чемпионатының қола жүлдегері, жастар арасында әлем чемпионы, жастар арасындағы Азия чемпионатының күміс жүлдегері, халықаралық турнирлердің бірнеше дүркін жеңімпазы.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар