Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Ақпаратың зиян келтірмесін

Ақпаратың зиян келтірмесін
Ашық дереккөз
Бүгінгі заман – ақпарат ғасыры деп те аталады. Өркениетті қазіргі қоғамда минут сайын, тіпті секунд сайын жаңа ақпараттар пайда болып, қас пен көздің арасында шапшаң жылдамдықпен таралып жатыр.

Академик Ғарифолла Есім ақпарат қуатының адам санасына әсерін былай деп сипаттайды: «…Біздің өмір сүріп жатқан қоғамымыздың мазмұнын анықтайтын фактор – ақпарат. Оны біз ақпараттық қоғам деп те атап жүрміз. Интернет, электрондық пошта жүйесі, жетілген коммуникация әлемді тұтастырып барады. Бұрынғыдай әлемнің «сырын» жасыру мүмкін емес. Ел ішіндегі оқиға күні ертең әлем тілдеріндегі басылым беттерінде жария етілмек. Мұның бәрі қазақстандықтардың ой-өрісіне, сезім-санасына, мінезіне, тұрмысына саналы өзгерістер енгізуде». 
Академиктің бұл сөзін «sensitive jоurnalism», яғни «сезімтал журналистика» ұғымдарымен байланыстыруға толық негіз бар. Өйткені кейінгі жылдардағы журналистика аты шулы оқиғаларды жариялауда «хайпқа» ұмтылу, жеке бастық деректемелер мен құпия ақпараттың мәлім болуы сынды мәселелерге ерекше назар аударуды талап етуде. Шынайы ақпарат тарату және оқиғаларды объективті жариялау жөніндегі қағидаларды ұстану, журналистің әлеуметтік жауапкершілігі мен кәсіби адалдығы, адамның жеке өмірі мен қоғамдық мүдделерді, адамзат құндылықтарын құрметтеу – журналист этикасының негізі. Сондықтан қай кезде болса да кәсіби журналист парасат-пайымының тереңдігі, ұстамдылығы әрі объективтілігі сынды қасиеттермен өзгелерден дараланып тұрады.

Әсіресе этносаралық қақтығыстар, қарттар, осал топтар, кәмелетке толмағандар, зорлық-зомбылық, суицид, адам саудасы, құлдық, гендерлік теңсіздік, террористік шабуылдар, экстремалды жағдайлар, кемсітушілік тақырыптары көтерілгенде асқан кәсіби біліктілік пен сақтық керек. Аты аталғандардың барлығы – «сезімтал журналистикаға» қатысты ауқымды әрі күрделі мәселелер.Журналист – кәсіп иесі. Оның басқан әр қадамы белгілі бір адами, кәсіби заңдармен шектеледі. Өйткені кейбір журналистер мәселенің байыбына бармай жатып кәсіби әдептілік сатысына «жеке өмір сүру қағидасы» арқылы көтеріледі де, қателіктер байқалған тұста этикалық кодекс арқылы ақталады. Кейде тым шектен шығып кеткендер «арсыз» атанатынын жасырмаймыз. Ақпарат таратуда тірі жанға зиян келтірмеу – журналист материалында назарға алынатын басты міндет. Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева еліміздегі желілік басылымдардың бірінде жасөспірімдердің суицидке баруы егжей-тегжейлі көрсетілгенін, дәрілердің дозасы мен атауына дейін белгілі болғанын айтты. Министрдің айтуынша, «бұқаралық ақпарат құралдарында мұндай күрделі тақырыптарды жариялау журналистер мен редакторлардан жоғары этика мен кәсіби стандартқа сай болуды талап етеді. Бұл өз кезегінде халықты ақпаратпен қамтамасыз етумен қатар, сын-қатерлердің де барын естен шығармау керегін аңғартады».

Қазіргі БАҚ өкілдерінің көпшілігі зорлық-зомбылыққа қатысты істерді жариялаған сәтте адам құқықтарының бұзылуы мен ар-намыстың тапталуы жиі кездеседі. Мысалы, жәбірленушінің рұқсатынсыз басынан өткен зорлық-зомбылық оқиғасы бүге-шігесіне дейін айтылды делік, яғни журналистиканың негізгі принциптеріндегі оқиғаны жариялау әдісі дұрыс таңдалмағандықтан зорлық-зомбылық құрбандары қайта жәбірленеді.Журналист даулы мәселелер туралы жазарда өте мұқият, әдепті, тіпті кінәсі дәлелденген айыпталушылар жөнінде ақпарат жариялайтын кезде шындықты еш қоспасыз жеткізіп, барынша сыпайы болғаны дұрыс.Кейде қоғам мүддесі қажет деп тапқан жағдайда журналистерге жеке адамның өміріне араласуға құқық беріледі. Мысалы, ағылшын журналистерінің этикалық, моральдік кодексінде 5 түрлі талапқа негізделген міндеттер бар. Алғашқы міндетте адамның жеке өміріне, әсіресе халық арасында жаманды-жақсылы аты шыққандардың өміріне араласу тек қоғам мүддесіне қажет болған жағдайда ғана жүзеге асуы тиіс делінген. Ал төртінші міндетінде жария ету үшін ақпараттың тек шыншыл әрі ашық жолмен алынатыны айтылады.

Аталған міндеттердің «сезімтал журналистикаға» қатысты айтылғанын аңғаруға болады.Осы орайда Қазақстандағы журналистердің кәсіптік этикасының кодексінен үзінді келтірсек, онда «Ол жеке өмірге араласудан аулақ жүріп, осы сияқты мәліметтерді жария етуге тек мынадай жағдайда жол береді: егер бұл қоғам мүддесін қорғау үшін қажет болса» деп айтылған.
Елімізде кәсіби моральдің шарттары бойынша, журналист әр адамның қадір-қасиеті мен құқықтарын қадірлеуге міндетті. Ашығын айтсақ, тұлғаның жеке бас бостандығы мен абыройына нұқсан келтірмей, жалған жала жабудан, айыптаудан аулақ болуды талап етеді. Журналистің ғана емес, адам баласының жігерлі болуы оның игілікті ісімен ғана өлшенетінін ұмытпайық.

Дана САДЫРҚАН,
журналист

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар