Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Интернет-алаяқтар қашанғы тайраңдайды?

Интернет-алаяқтар  қашанғы тайраңдайды?
Ашық дереккөз
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында: «Интернет және телефон арқылы жасалатын алаяқтық әрекеттерге айрықша назар аудару керек. Құқық қорғау органдары мұндай қатерлерді анықтап, қылмыскерлерді құрықтау үшін ақпараттық сараптама жұмысын күшейтуі қажет. Сондай-ақ азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын жүйелі түрде арттырған жөн», – деп, Үкіметке интернет-алаяқтықтың алдын алу бойынша нақты тапсырмалар жүктеген болатын.

Себебі елімізде интернет-алаяқтардың құрығына ілініп, сан соғып қалғандар күн өткен сайын көбейіп келеді. Мәселен, Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті 2021 жылдан бастап интернет-алаяқтық статистикасын бөлек жүргізе бастады. Комитеттің мәліметіне сүйенсек, 2021 жылғы интернет-алаяқтық фактілері 2020 жылғымен салыстырғанда 50,5 пайызға ұлғайып, 21 405-ге жеткен. Ал 2022 жылы 3,9 пайызға азайып, 20 569 болған. Былтыр интернет-алаяқтар 21 777 қылмыс жасаған екен. Сондай-ақ өткен жылдың бірінші жартыжылдығында 9 545 адам интернет-алаяқтардың арбауына түссе, биылғы сәйкес кезеңде көрсеткіш 4 пайызға артып, 9 936 адам ғаламтордағы көзге көрінбейтін қылмыскерлерден жапа жеккен.Сондай-ақ комитет мамандарының айтуынша, Астана қаласының тұрғындары интернет-алаяқтардың шабуылына жиі ұшырайды екен. 2024 жылдың 6 айында Астанада 2 204 интернет-алаяқтық дерегі тіркеліпті.

Ал Алматы қаласында 1 048, Қарағандыда 813 қылмыс жасалған. Сонымен қатар Павлодар облысында былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 83,3 пайызға ұлғайып, 715-ке жетіпті. Алматы облысында – 44,9 пайызға (613 адам) Қызылорда облысында – 43,6 пайызға (158 адам), Ақмола облысында – 42,2 пайызға (600 адам), Қостанай облысында – 23,6 пайызға (619 адам), Жамбыл облысында – 19,3 пайызға (105 адам), Маңғыстау облысында – 18,3 пайызға (142 адам), Атырау облысында 17,3 пайызға (482 адам) көбейіпті.Бас прокуратура интернет-алаяқтық қылмыстарды ашудың төмен болуының негізгі себептері – интернет-алаяқтар көрші мемлекеттердің аумағынан əрекет ететіндігі, алаяқтық əдістерін жасанды интеллектті пайдалану жəне «дроппер» деп аталатын дәнекер адамдарды қосу арқылы үздіксіз жетілдіретіні, бақыланбайтын СИП-телефония мен СИМ-бокс құрылғыларын заңсыз пайдаланатындығы, отандық СИМ-карталарды еш кедергісіз сатып алатындығы және азаматтардың жеке деректеріне оңай қол жеткізетіндігі деп санайды.

Ал ҚР ІІМ криминалдық полиция департаментінің бастығы Қанат Нұрмағамбетовтың сөзіне сүйенсек, бүгінде интернет-алаяқтық қылмыстың ең көп таралған түріне айналған. 

– Жалпы интернет-алаяқтық бүкіл әлемде, әсіресе ең технологиялық дамыған мемлекеттерде кең таралған. Азаматтарға кредиттер мен қарыздарды ресімдеуге, сондай-ақ олардың банктік жинақтарын ұрлауға байланысты интернет-алаяқтықтың көпшілігін «шетелдік қылмыскерлер» жасайды. Олар жақын және алыс шетелдерде тұрақты орналасқан «Call-орталықтар» қағидаты бойынша жұмыс істейтін трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрамына кіреді.Әсіресе қазір алаяқтық схемаларға тарту тәсілдері түрленіп жатыр. Мәселен, мессенджерлер мен әлеуметтік желілерде жеңіл табыс туралы хабарландырулар жиі орналастырылатын болған. Содан соң телегей теңіздің толқыны секілді тасып келетін табысты алу үшін карта нөмірін сұрайды. Көмек қолын созуға «әзір» алаяқтар сенімге көзсіз сенетіндерді бұдан кейін өз атына карта мен абоненттік нөмір ашуға үгіттейді.

Үміттері ақталып жатса, осындай әрекеттерге басқа адамдарды тартуды ұсынып, өзгелердің де өзі секілді тірнектеп еңбек етпей-ақ, саусақтың ұшын жыбырлатып қана табыстың кілтін иемденуге шақырады.Кейбір жағдайларда телефонға банкинг орнатуды немесе карталарды басқа адамдарға беруді сұрайды. Көрсетілген карталар мен абоненттік нөмірлерді алаяқтар ақша алу үшін пайдаланады. Мұндай кезде карта үшін біржолғы төлем жүргізіледі, не оған криптовалюта биржалары, халықаралық аударым жүйелері арқылы басқа адамдарға аудару қажет ақша түседі. Мұндай қызметтер үшін жалпы сомадан белгілі бір пайыздарды, әдетте 3-тен 10 пайызға дейін қалдыру ұсынылады. Осылайша адамдар заңсыз өндірілген ақшаны қолма-қол ақшаға айналдырудың алаяқтық схемаларына тартылып, өздері қылмысқа қатысады.Интернет-алаяқтарға қарсы тұру үшін елімізде «Киберпол» жобасы енгізілді. Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде іске асырылды және барлық өңірлер бойынша масштабталды, – деді Қанат Нұрмағамбетов. 

Осы орайда интернет-алаяқтарға алданып қалмау үшін не істеу керектігін, қандай сақтық шараларын есте ұстау қажеттігін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

ЕСІҢІЗДЕ БОЛСЫН: 

Интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Желіде отырып-ақ зат сатып алуға, жұмыс істеуге, көңіл көтеруге және танысуға болады. Виртуалды өмірдің көп артықшылығын интернет пайдаланушыларды алдаудың жаңа әдістерін ойлап табатын қаскүнемдердің жаңа алаяқтық қылмыстары бүлдіріп жүр.Ең жиі кездесетін жағдайларға тоқталсақ, біріншіден, сізге белгісіз адам қоңырау шалып, өзін банк немесе құқық қорғау органдарының қызметкері деп таныстырып, сіздің картаңыздан рұқсат етілмеген төлем жасалғанын және ақшаңызды сақтап қалу үшін оларды басқа шотқа аудару немесе төлем картаңыздың деректемелерін айтып беруді талап етті ме? Олай болса, ешқашан қаржы шоттарыңыздың деректемелерін үшінші адамға айтпаңыз. Есіңізде болсын, банк және құқық қорғау органдарының қызметкерлері ондай мәліметтерді еш уақытта телефон арқылы сұрастырмайды.Екіншіден, сіз көлік ұтып алғаныңыз туралы электронды хабарлама алдыңыз ба және сізден сыйлық алу үшін ақша аударуды сұрады ма? Мұндай жағдайда ешқашан бейтаныс адамдардың электрондық шотына ақша жібермеңіз. Есіңізде болсын, ұтыс ойынына қатыспай жүлдені ұтып алу ықтималдылығы төмен болады, ал қаскүнемдердің анонимді электрондық әмиянына аударылған ақшаны қайтару ықтималдығы одан да азаяды.

Үшіншіден, сіз интернет-дүкеннен жаңа ұялы телефон, ноутбук немесе фотоаппаратты өте арзан бағамен сатып алуға шешім қабылдадыңыз, бірақ дүкен алдын ала төлем аударуды сұрап жатыр ма? Мұндай сәтте  ешқашан электронды әмияндар мен ұялы телефон шоттарына ақша аудармаңыз. Есіңізде болсын, егер сізден тауарға ақы төлеуді экспресс-төлем терминалдары арқылы жіберуді немесе ақшаны электронды әмиянға аударуды сұраса, алаяқтарға тап болуыңыздың ықтималдығы өте жоғары.Төртіншіден, сіз ашықхатты, әуендерді, суреттерді немесе бағдарламаларды жүктеуге сілтемесі бар хабарламаны алдыңыз ба? Ендеше, ешқашан хабарлама арқылы келген сілтеме бойынша өтпеңіз. Есіңізде болсын, сілтемені басу арқылы сіз өзіңіз білмей, телефонға вирусты кіргізе аласыз немесе ақылы қызметтерге жазылуыңыз мүмкін. Хабарлама сіз білетін адамнан келген болса, оның жіберуші екеніне толығымен көз жеткізіңіз.

ҚОРҒАНУДЫҢ 5 ТӘСІЛІ:

Төлем карталарының құпия деректерін жария етпеу (құпия сөз, PIN-код, CVV/CVC коды (картаның артқы жағындағы үш сан), картаның жарамдылық мерзімі, мобильді немесе интернет-банкингтің логині мен паролі, банктен sms арқылы алынған код (sms-код);Интернеттегі қауіпсіздікті сақтау, әлеуметтік желіде құпия деректерді бөліспеу (ақша аударымы деректері, құжаттардың суреті, чектер, түбіртектер, sms-кодтар, парольдер, банк картасының деректемелері (CVV, қолданылу мерзімі), электрондық пошталардағы немесе хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу);Төлем картасын көзден таса қылмау (барлық операцияларға жеке қатысу, төлем картасын басқа адамдарға бермеу);Интернеттен зат сатып алу кезінде абай болу (онлайн-банкингте сатып алу лимитін белгілеу, интернетте сатып алу үшін бөлек карта жасау, жалақы картасын пайдаланбау);Банктің ескертулеріне құлақ асу (банктің ақшаны есептен шығару туралы хабарламаларын қадағалау, егер сіз ақша жұмсамасаңыз, бірақ сізге ақша жұмсағаныңыз туралы хабарлама келсе, бұл туралы дереу банктің Cаll-орталығына хабарлау және картаны уақытша бұғаттау).

Айжан ӨЗБЕКОВА

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар