Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Экономикалық өсімге қарқын қажет

Экономикалық өсімге қарқын қажет
Ашық дереккөз
Әне-міне дегенше сырғып үш-төрт ай да өте шығады. Сол кезде өңір экономикасына қатысты көрсеткіштердің орындалуы жылдық жоспармен сәйкес келуі үшін жауаптылар қазірден бастап ат үстінен түспеуі тиіс. Жыл аяғында «өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуында оң динамика қалыптасты» деп айта алуымыз үшін қазірден бастап жұмысты жүйелеп, олқылықтардың орнын толтыруымыз керек.

Нақ осы мәселеге екпін беруіміздің өзіндік сыры бар. Аймақ басшысы Ербол Қарашөкеевтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте баяндама жасаған облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Сандуғаш Абдралиева өңір экономикасының кейбір саласына қатысты күтілген көрсеткіштерге қол жеткізу күмән тудырып отырғанын сөз етті. Сандуғаш Ермаханқызының айтуынша, алдын ала мәлімет бойынша, облыстың экономикалық өсімі 103,3 пайызды құраған. Әйтсе де өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өнеркәсіп көлемі төмендеген.

– Мемлекет басшысының 2024 жылы экономикалық өсімді 6 пайыздан төмен емес деңгейде қамтамасыз ету туралы тапсырмасына сәйкес Үкімет тарапынан барлық өңірлерге қатысты жыл соңына дейінгі және әр ай кесіндісінде экономикалық көрсеткіштердің декомпозициясы жасалып, Премьер-Министрдің орынбасары Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен күнделікті өтетін жедел штабта қаралуда. Бұл ретте облысымызда өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 2024 жылдың қорытындысымен өсімді өңдеу өнеркәсібінде 105 пайыз, құрылыста – 110,2, ауылшаруашылығында – 104,8, саудада – 110, көлік саласында – 106,3, ақпарат және байланыс саласында 110,1 пайыз деңгейінде қамтамасыз ету тапсырылған.2024 жылдың қаңтар-шілде айларында өңдеу өнеркәсібінде өндіріс көлемі 8 пайызға төмен болғанымен тиісті кезеңге белгіленген жоспар 1,8 пайыздық тармаққа артық орындалды. Құрылыс және көлік салаларында жоспар тиісінше 4,2 және 3,2 пайыздық тармаққа артық қамтамасыз етілді.Сонымен қатар есепті кезеңде жалпы салада өсім орын алса да белгіленген жоспар сауда саласында 1,9 пайыздық тармаққа, ауылшаруашылығында 0,4 пайыздық тармаққа, ақпарат және байланыс саласында 0,3 пайыздық тармаққа орындалмады.

Жыл басынан экономикалық көрсеткіштердің динамикасына жүргізілген талдау жыл қорытындысымен барлық салаларда жалпы өсім күтілетінін көрсетеді. Дегенмен Үкімет тарапынан қойылған меже өңдеу өнеркәсібі саласында 2,5 пайыздық тармаққа, сауда саласында 7,3 пайыздық тармаққа орындалмау қаупі бар.2024 жылғы қаңтар-шілде айлары аралығында өнеркәсіп өнімдері 495 миллиард теңгені құрап, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 3,3 пайызға төмендеді. Өңдеу өнеркәсібінде 319,8 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда өндірістің 8 пайызға төмендеуі химия, металлургия, тамақ өнімдерін өндірудің азаюына байланысты орын алды, – деді Сандуғаш Ермаханқызы. 

Іс-қимыл жоспарында облыс бойынша өңдеу өнеркәсібі саласына қатысты 10 көрсеткіш бекітілсе, алтауының орындалуы күтілуде, қалғанының орындалмау қаупі бар. Олар – химия өнеркәсібі, машина жасау, тамақ, сусындар өндірістері. Сонымен қатар жыл қорытындысымен өңдеу өнеркәсібінде 105 пайыз деңгейінде өсімді қамтамасыз ету үшін Тараз қаласы мен аудандар бойынша көрсеткіштердің декомпозициясы әзірленіп, әр ай қорытындысымен орындалуы бақылауға алыныпты. Осы ретте С.Абдралиева Тараз қаласы мен облыстың он ауданының қол жеткізуі тиіс көрсеткіштерін әр сала бойынша нақты атап көрсетті. 

– 2024 жылға экономикалық өсім бойынша меже 106 пайыз болып белгіленгені баршаңызға мәлім. Қазіргі жағдайда көрсеткіш 103,3 пайызды көрсетіп отыр. Бұл көрсеткіш көңіл көншітерлік деңгейде емес. Сол үшін жұмысты жандандыруымыз керек. Межеге қол жеткізу ісі өнеркәсіп, ауылшаруашылығы, сауда, құрылыс салаларын жандандыру мен өңірге инвестиция тарту арқылы орындалады. Көрсеткіштердің төмендеуі немесе жоғарылауы сала басшылары мен қала, аудан әкімдерінің ұйымдастыру жұмыстарына байланысты, – деді Ербол Шырақпайұлы.


Облыс әкімі өңірдің өңдеу өнеркәсібі 92 пайызды, сауда айналымы 103 пайызды құрағанына тоқталып, облыс әкімдігі кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаевтан алдағы кезеңде жоспардың қалай орындалатынын сұрады.Аспандияр Мұраталыұлы өңдеу өнеркәсібін жеті айдың қорытындысымен 93 пайызға жеткізу жоспарланғанын, 9 айдың қорытындысымен жалпы өнеркәсіпті 100 пайызға, ал өңдеу өнеркәсібін 96 пайызға жеткізу көзделгенін сөз етті.

Басқарма басшысының айтуынша, өңдеу өнеркәсібі көрсеткішінің төмендеуіне қанттың бағасының түсуіне орай «Қант зауыты» өнім өндіруді уақытша тоқтата тұруы, сонымен қатар «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне тиесілі «Минералды тыңайтқыш зауытының» Ресейден алдыратын шикізатының кешіктірілуі басты себеп болып отыр. А.Сейсебаев өнеркәсіпте де, сауда саласында да 9 айдың қорытындысымен меже толық орындалатынына сендірді.Ауылшаруашылығы өнімінің көлемі 7 айлық жоспар бойынша 104,3 пайыз болса, қазіргі таңда өнім алу 104 пайызға орындалған.

Ал жылдық жоспар – 104,8 пайыз. Облыс әкімдігі ауылшаруашылығы басқармасының басшысы Қайрат Көшенов биыл егіс алқаптарынан жиналатын өнім шамамен 6 пайызға артығымен орындалатынын, яғни 170 мың тонна өнім алынатынын, сонымен қоса құс фабрикалары арқылы мың тонна ет өндірілетінін мәлім етті. Сондай-ақ басқарма басшысы қазіргі таңда статистиканы нақтылау жұмысы жүргізіліп жатқанын, былтырғы жаңсақ берілген мәліметтен тиісті егіс көлемі шегеріліп, өнім көлемі артатынын, меже осылай орындалатынын тілге тиек етті.Жиында аймақ басшысы өзге де тиісті басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдерінен меженің орындалуы-орындалмауына қатысты жауап алды. Өз кезегінде жауаптылар меженің 9 айдың қорытындысымен орындалатынын сөз етті.

– Өңірдің инвестиция, сауда, өнеркәсіп салаларына жетекшілік ететін кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының жұмысын көріп отырған жоқпын. Барлығыңыз меже қыркүйек айында орындалады дейсіздер. Меже орындалуы үшін үйлестіру жұмысы жүргізілуі керек. Аудан әкімдерімен кездесіп, әрбір кәсіпорынға барып, туындаған мәселелердің шешілу жолын қарастырмаса болмайды. Ай сайынғы есепті алдырып, сол мәліметке сеніп отырудың қажеті жоқ. Әр кәсіпорынның мәселесін өз көздеріңізбен көріп, мәселе аудандық деңгейде шешілмесе, облыстық, республикалық деңгейде шешудің жолын қарастыру қажет, – деді Ербол Қарашөкеев.

Облыс әкімі аталған мәселелер бойынша тиісті қала және аудан әкімдері жұмысты жандандыруы, облыс әкімдігі экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы салалар бойынша көрсеткіші төмен басқармалармен жұмыс жүргізуді күшейтуі, әрбір көрсеткішке қол жеткізу тұрғысында тиісті шаралар қабылдануы керектігін еске салды. Аймақ басшысы сала бойынша өзінің тиісті орынбасарларына Мемлекет басшысының экономикалық өсімді қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмасын орындау үшін жағдайды бақылауда ұстауды тапсырды. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық бағытындағы өзекті мәселелер өңірлік жедел штаб отырысында қаралуы керектігін атап өтті.Бұдан кейін бюджеттің атқарылуы туралы мәселе қаралып, жауаптыларға бірқатар міндеттеме жүктелді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ


 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар