Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Жастармен жұмыс жүйелі жүзеге асуда

Жастармен жұмыс жүйелі жүзеге асуда
Ашық дереккөз
XXI ғасыр – ғылыми инновация мен урбанизация ғасыры болып, ел дамуы жаһандану үдерісіне қарай бағытталса да, жастар мәдениетін қалыптастыру әрі дамыту ісі өзектілігін жоғалтқан емес. Өйткені, ата-баба дәстүрімен, әдет-ғұрпымен үндес мәдениетіміздің тамыры терең және мазмұны тұрақты. Заман көшіне сай, технологияның қарыштап дамуына байланысты насихатталу тәсілі өзгеруі мүмкін. Десе де, ұлттық мәдениет – ғасырлар бойғы өміршеңдігімен ерек.

Сондықтан, өңірдегі мәдениет саласын дамыту, насихаттау барысында саладағы жастардың көзқарасы, орны назардан тыс қалған емес. Сонымен бірге, жастарды мәдени-көпшілік іс-шараларға тарту, жалпы жастардың арасынан шығармашылыққа бейім, таланты мен дарыны даралап тұрған өнерпаздарды байқап, бағыт-бағдар беру ісі жоспарлы түрде жүзеге асып келеді.

Биылғы көрсеткіштерге сай мәдениет саласындағы жастардың үлесі туралы айтар болсақ, облыс аудандарында 400-ден астам мәдени-көпшілік іс-шара жастардың қатысуымен өткен. Ал басқармаға қарасты Облыстық халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл жастарды қолдау мақсатында өткен  - «Жаңа есім» облыстық жобасында ауылдық іріектеу кезеңінен бастап жалпы саны – 628 жас бақ сынады. Байқаудың аудандық кезеңіне 256 қатысушы, облыстық іріктеу кезеңіне 36 өнерпаз жолдама алды. Шығармашыл жастар байқауында қатысушылар 4 номинация бойынша өнерлерін ортаға салды. Атап айтсақ: вокал, би, дәстүрлі орындаушылар (халық әндері, жыр-терме) және аспапта ойнау. Байқаудың облыстық кезеңінде 9 өнерпаз үздік деп танылды. 

Жастар арасында театр өнерін дәріптеп, жастардың бос уақытын тиімді пайдалану, оларды өнерге баулу мақсатында да атқарылып жатқан істер аз емес. Мәселен, жас көрермендердің мәдени деңгейін көтеру және театр репертуарындағы қойылымдарға шақырып, оларға театрды аралатып, әрбір қойылым туралы ақпарат бере отырып, тәрбиелік жұмыстар жүргізу мақсатында «Біз театрға барамыз!» жобасы аясында іс-шаралар жиі ұйымдастырылып отырады. Театр репертуарындағы жас көрермендерге арналған Қ.Мұраттың «Мұғалім» драмасы, С.Құдайбергеннің  «Періште қонған үй» драмасы, Ә.Оразбековтің «Соқыр үміт» драмасы, Ш.Айтматовтың «Жәмилә» лирикалық драмасы, Б.Ұзақовтың «Жандауа» трагедиясы, Р.Отарбаевтың «Құсалық» драмасы, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» драмалары сахналанып келеді.

Облыс кітапханаларында халықтың, жастардың кітап оқу белсенділігін арттыруға бағытталған «Оқитын ұлт» республикалық жобасы шеңберінде «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы, «Әдеби өлкетану», «Нағыз оқитын кез» іс-шаралар кешені тұрақты түрде өткізілуде. «Әдеби өлкетану» бағытында кітапханаларда «Ел болып оқимыз», «Жазушымен бір күн», «Артық білім кітапта, ерінбе оқып көруге...», «Ел болып оқимыз», «Үлкенге 100 сұрақ», «Театр және кітап», «Отбасылық жедел жәрдем», «Болашаққа жоспар жаңа оқу орнымен», «Инклюзия және театр», «Балалардан балаларға», «Кәсіп – игергендікі, жұмыс – еңбектенгендікі», «Отбасы бақыт мекені» жобалары жүзеге асырылуда. Биылғы жылы жалпы 826 іс-шара ұйымдастырылып, оған 17 мыңнан астам жас оқырман қамтылды. Ал Д.Қонаев атындағы Жамбыл облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында   «Болашаққа жоспар жаңа оқу орнымен» жобасы тұрақты түрде жүзеге асып, жастарға мамандық таңдау, оқу орындары туралы ақпараттар берілуде.

Мүмкіндігі шектеулі жастар үшін іс-шаралар кешенін іске асыру бойынша Жамбыл облыстық көзі көрмейтін және әлсіз көретін азаматтар кітапханасы балалардың шығармашылығын дамыту, демалыс күндерін тиімді өткізу мақсатында көзі көрмейтін және нашар көретін балаларға арналған  «Шексіз кино әлемі», «Қауіпсіздікті сақтайық», «Kenes Time» , «Инклюзия және театр» сынды жобаларын тұрақты түрде іске асырып келеді. Мәдениет саласында театр, кітапхана, музей, орталықтардың жастармен жүргізіп жатқан жұмысы, ұйымдастырып жатқан іс-шараларының қатары қалың. Жоғарыда солардың бірсыпырасы ғана тілге тиек етілді. Бұл – салада жастарға жиі басымдық берілетіндігінің және олар назардан тыс қалмайтындығының көрінісі. Өйткені, сала жетістіктері мен көрсеткіштерінің ұлғаюында жастардың да үлесі басым. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылы Республикалық «Түркістан мақамдары» термешілер байқауына Байзақ ауданынан Көштаев Бекарыс қатысып, жүлделі ІІ орын алды. Қызылорда облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген әртісі Мәдина Ералиеваның 70 жылдығына арналған «Қазақтың Ақбаяны» атты            І республикалық әншілер конкурсына К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Жасұзақов Дулат Абдулмақсұтұлы қатысып, ІІ орынды иеленді.  Өзбекстан Республикасының Науаи облысында Әйтеке бидің 380 жылдығына арналған Халықаралық айтыста жамбылдық айтыскер Мұхтар Қонарбаев ІІ орынға ие болды. Одан бөлек, мәдениет саласындағы жастар жыл сайын «Әулиеата үздігі» облыс әкімінің жастар сыйлығында бірнеше номинация бойынша үздік атанып, жетістіктер легін арттырып жүр.

Қорыта айтқанда, өңірде жастар мәдениетіне ден қойып, мәдениет пен жастар арасындағы байланысты нығайту бағытында жүзеге асып жатқан жобалар да, жоспарлар да қыруар. Жыл сайын саладағы жастардың жетістіктері де, жастарды мәдени көпшілік іс-шараларға тарту ісі бойынша да көрсеткіштер мен жүйелі жұмыстар кеміген емес. Сондай-ақ, салада жастар бағытындағы жұмыстар жалғасын таба да береді. Өйткені, ұлт көші жастарды білім мен тәрбиеге ғана баулығаннан түзелмейді. Жастарды мәдениеттілікке баулып, үйрету де – үлкен межелі іс.

Ерлан ЖҮНІСБАЙ

облыс әкімдігінің мәдениет және тілдерді

дамыту басқармасының басшысы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар