Бұдан бөлек, оқу-жауынгерлік міндеттерді практикалық пысықтау мақсатында өзге де іс-шаралар іске асырылды. Отыз күндік жиын барысында запастағы офицерлер атысқа кіріспес бұрын қарудың тактикалық және техникалық сипаттамалары, атыс ережелері туралы білімдерін шыңдады. Оқу-жаттығудан өткен азаматтарға «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік даярлық басқармасының офицерлері, сондай-ақ 5-ші механикаландырылған бригаданың келісімшарт негізінде жұмыс істейтін әскери қызметшілері қатарындағы кәсіби нұсқаушылар көмектескенін айта кету керек. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының ұйымдастыру-мобилизация басқармасының бастығы, полковник Медет Сағындықовтың сөзінше, оқу-жаттығу жиынында әскери басқару мәселелеріне баса назар аударылыпты.
– Жауынгерлік оқу-жаттығу жиыны жұмылдыру ресурстарын дайындау және қайта даярлау мақсатында өткізіліп отырады. Заңнамаға сәйкес денсаулық жағдайы бойынша жарамды запастағы әскери міндеттілер әскерге шақырылуға жатады. Ондай жағдайда олардың жұмыс орны, атқаратын лауазымы сақталады, сондай-ақ орташа жалақысы төленеді. Әскери қызмет тәжірибесінің болуына немесе болмауына қарамастан, атыс даярлығы бойынша сабаққа шықпас бұрын қойылатын бірыңғай талаптар бар. Алдымен теория, одан кейін ғана сынақ жүргізіледі. Атыс кезінде қауіпсіздік шаралары айрықша назарға алынады. Жалпы, мұндағы барлық офицерлер әлеуеті жоғары командирлер екені белгілі. Егер оларға күндердің күнінде қатарға тұратын күн туса, бұл жігіттер жас әскери қызметшілерді даярлаумен айналысатын болады. Сондықтан запастағы офицерлер атыс дайындығының кезеңдерін сапалы меңгеріп, ату дағдыларын шыңдауы керек. Оқу жиыны аяқталған соң запастағы офицерлерге кезекті әскери атақтары беріледі, – деді М.Сағындықов.
КЕЗЕКТІ РЕТ ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ЖИЫНЫНА КЕЛГЕНДЕРДІҢ БІРІ – ЗАПАСТАҒЫ КАПИТАН РИСКЖОН КӘРІМБАЕВ.
– Құрлық әскерлерінің Әскери институтын бітіргенмін. Қарулы Күштер қатарында бірінші келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қызмет еттім. Қазіргі уақытта мектепте алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ беремін. Кадрлық офицер ретінде көмегім қажет болғанда, Отан қорғауға дайынмын. Осылай жауынгерлік жиынға қатысып, әскери білім мен дағдыларды жаңартып тұрған дұрыс деп санаймын, – дейді Р.Кәрімбаев.
Әскери білімдерін жетілдіруге бар ынта-ықыласымен кіріскендердің арасында Құрлық әскерлерінің Әскери институтының түлегі Рискжон Кәрімбаевтың курстасы, аға лейтенант Мерей Тәжібаев та бар. Алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып қызмет ететін Мерей де әскери дайындықтың маңызы зор деп санайды.Жауынгерлік оқу-жаттығуға қатысушылардың бірі Тахир Уразбах – жеке көлік компаниясының директоры. Ол оқу-жаттығу кезінде Макаров тапаншасынан ату бойынша алғашқы үш сынақтан 26 ұпай жинады. Бұл – оның атыс дайындығының жоғары деңгейін көрсетті. Запастағы майор Тахирдың әскери қызметте жиырма бір жылдық тәжірибесі бар. Ол – кадр офицері. Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтын бітірген Тахир жиырма жылын Қазақстан Қарулы Күштері қатарында әскери қызметке арнаған. Десе де, келісімшарт аяқталғаннан кейін отбасылық жағдайларына байланысты әскери қызметтен қол үзген.
– Бұл менің алғашқы полигоным емес. Бұған дейін сан мәрте далада түнедік. Бір қызығы, дәл осындай оқу-жаттығу жиындарында біздің бойымызда жауынгерлік рух пайда болады. Менің ойымша, әрбір офицер, әсіресе әскери қызметті атқармағандар міндетті түрде атыс дайындығынан өтуі керек. Өйткені әр адам өз Отанын қорғауы тиіс, – дейді Т.Уразбах.
Жалпы бұл жиынға қатысушылар арасында майор Тахир Уразбах сияқты кадрлық офицерлер көп болғаны рас. Әскери саладағы қызметін абыроймен аяқтаған олардың барлығы мұндай жиындарға қатысуға қуана-қуана келісімін берген. Өйткені бұл жігіттердің әрқайсысы әскери өнерді сақтап, уақыты келгенде оны жаңарту қажеттігін жақсы түсінеді.Мәселен, трансформатор зауытында оператор болып жұмыс істейтін запастағы аға лейтенант Қайырхан Әбілқасым офицерлік шенге сай болу үшін міндетті түрде әскери даярлықтан өтуіміз керек деп есептейді.
– Өз еркіммен азаматтық борышымды өтеуге келіп отырмын. Біріншіден, бұл Отан алдындағы міндетім, екіншіден, қазіргі жастардың келешек ұрпақтың ел алдында жауапкершілігін сезініп, әрқашан әскерге дайын болуына, әскери оқу-біліктілігін арттыруға септігін тигізеді деп есептеймін, – дейді Қ.Әбілқасым.
Аға лейтенант Бексұлтан Жандарбеков және лейтенант Абылай Сейлханмен тілдескенде біз әскери қызметке адалдықты анық аңғардық. Сондай-ақ шақырылғандардың қатарында әлі тәжірибесі толыспаған офицерлер де болды. Әскери кафедраларды сәтті тәмамдаған азаматтар оқу-жаттығу жиындарының зор пайдасы барын жеткізді.
Ақтоты ЖАҢАБАЙ