Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Шекара шебінде – қырағы күзет

Шекара шебінде – қырағы күзет
Ашық дереккөз
Осыдан отыз екі жыл бұрын егемендігімізді алып, тәуелсіз ел атандық. Бұрынғы одақтан бөлініп шыға салысымен өзіміздің жаңа рәміздерімізді таңдадық. Төл теңгемізді айналымға енгіздік. Өз Ата Заңымызды қабылдадық. Сол кездегі негізгі мақсаттың бірі – шекараны шегендеу. Сөйтіп, етек-жеңі жиналмаған дархан даланың толыққанды иесі екенімізді сезіну еді.

Жалпы аумағы 14 мың шақырымға созылған шекараны белгілеп алу ұзақ мерзімге созылған келіссөздердің нәтижесінде мүмкін болды. Оның ішінде құрлықтағы ең ұзын шекара – 7 591 шақырымға созылған Қазақстан-Ресей шекарасы да бар. Алтайдан Тянь-Шаньға дейінгі 1 782 шақырымы Қытай Халық Республикасымен арадағы мемлекеттік шекара. Ал оңтүстігінде Түркіменстанмен – 426, Өзбекстанмен – 2 354 және Қырғыз мемлекетімен – 1 241 шақырымға созылған шекара аумақтары бекітілді.Тарихқа көз жүгіртсек, адамзат жаратылғалы бері дүниежүзінде жанжал мен соғыс атаулының дені жер үшін болып жатқанын аңғару қиын емес. Жерсіз елдің ертеңі де, байлығы да жоқ. Сондықтан да ел тыныштығы мен егемендікті сақтау, аумақтық тұтастықты және шекараның мызғымастығын, еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету – үлкен саяси міндет. Осы міндетті басшылыққа ала отырып, еліміздегі шекарашылар мемлекетіміздің тыныштығы мен тұтастығының жолында аянбай еңбек етіп келеді.

Экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылғы 18 тамызда КСРО-ның «Шығыс» шекаралық округінің базасында Қазақстанның Шекара әскері құрылған болатын. 1995 жылы ол Шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитет болып өзгерсе, 1997 жылдан бастап Қазақстан Қарулы Күштерінің қатарындағы Мемлекеттік шекара күзетінің күштері ретінде түрленді. Арада екі жыл өткен соң шекара қызметінің жұмыс ауқымы ұлғайғаны ескеріліп, шекарашылар Қарулы Күштер қатарынан алынып, Ұлттық қауіпсіздік комитеті қарамағына берілді. Сөйтіп, осы күні Ұлттық қауіпсіздік сапында тұрған ел қорғандары есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы күрестерге мамандандырылған. Бүгінде мемлекетіміздің шекарасы толық күзетке алынған. 

Шекара қызметі көптеген түйткілді мәселелермен тығыз байланысты. Кез келген кикілжің мен түсініксіздік үлкен дауға, халықаралық деңгейдегі қатынастардың ушығуына себеп болуы мүмкін. Сондықтан шекарашылардың алдында, ең бастысы ел абыройы мен бейбітшіліктің кілті тұр десек қателеспейміз. Шекара қызметіндегі әр офицер мен сарбаздың жүгі – осы. Көпшіліктің көңілінен шыға біліп, күнделікті қарбалас қызметінде мемлекеттік шекараның бекітілген талаптарға сай қорғалуын қамтамасыз ету оңай шаруа емес.

Еліміздің іргесін қатаң бақылауда ұстап отырған маңызды қызмет иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында біз Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметі облыс бойынша департаментіне бағынысты «Шөлдала» шекара бөлімшесін, ондағы шекерашылардың тыныс-тіршілігін оқырманға таныстырғанды жөн санадық.Аталған бөлімше 2012 жылы құрылған.Мұнда офицерлер, келісімшарт бойынша қызмет ететін әскери қызметкерлермен қатар, мерзімдік қызмет етуге келген жас жауынгерлер шекара учаскесінің тыныштығын күн демей, түн демей күзетуде. Қырғыз Республикасымен арадағы шекараның күзетінде тұрған бөлімшені капитан Шыңғыс Омаров басқарады. Оның айтуынша, шекарашылардың қырағы жұмысының арқасында жыл сайын шамамен шекараны заңсыз кесіп өтпек болған 100-ден астам адам қолға түсіп, 50-ден астам контрабандалық әрекеттің жолы кесіледі екен.

– Бөлімшенің негізгі қызметі – Қазақстан Республикасы шекарасының бұзылуын болдырмау және контрабандалық тауарлардың жолын кесу. «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды» деп батыр Бауыржан Момышұлы айтқандай, біз әскерде жеке құрамды татулыққа, ауызбіршілікке, әскери бұйрықтарды мүлтіксіз орындауға, еліміздің тыныштығы мен мемлекеттік шекараны күзетуге, өз міндеттерін абыроймен атқаруға тәрбиелейміз. Сонымен қатар әскери ұжымға арналған мәдени, тәрбиелік және спорттық іс-шаралар тұрақты түрде өткізіліп отырады. Сондай-ақ жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеу мақсатында шекаралық аумақтағы елді мекендердің мектептерінде «Шекарашының жас достары» үйірмесі ұйымдастырылған. Еліміздің бейбіт өмірін күзету барлығымызға ортақ міндет болғандықтан, біз өзіміздің міндеттерімізді жоғары деңгейде атқаруға барымызды саламыз, – дейді бөлімше бастығы.


Ел күзету аманатын арқалаған басшыға түсетін жүкті бөлісе көтеріп жүрген орынбасары Есбол Нұрланұлының да ұжым ісіне қосқан үлесі сүбелі. Ол шекара маңы тұрғындарына шекаралық саясатты түсіндіруде, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуде жүйелі жұмыс атқарып келеді. Құрылғанына 12 жыл болған бөлімше облыс аумағында орналасқан 24 шекара бөлімшесінің бірі.

– Мұнда мерзімдік қызмет етуге келген сарбаздар еліміздің түкпір-түкпірінен шақырылады. Өздеріңізге белгілі, олар 12 ай бойы Отан алдындағы борыштарын өтейді. Оларды майор, капитан шеніндегі офицерлер басқарады. Жалпы қазіргі таңда әскерде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Мұнда жайлы казармалар, офицерлерге арналған пәтерлер, спортзал, асхана секілді барлық қажетті дүниелер қарастырылған. Сондай-ақ бөлімшеде әскерилермен қатар, қызметтік иттер мен жылқылар қызмет етеді. Олар заң бұзушыларды тез арада анықтап, қолға түсіруге көп көмегін тигізіп келеді, – дейді Есбол Нұрланұлы.


Шекарада қызмет ету оңай жұмыс емес. Күн мен түнге, ауа райының қолайсыздығына қарамай ел қорғанында тұратын азаматтар қашанда құрметке лайық екені рас.Бөлімшенің негізгі әкімшілік ғимаратында басшылықтың кабинеттері, шекарашылардың дайындығын арттыру мақсатында сабақ өтетін сыныптар, олардың жатын орындары, демалыс бөлмесі, жуынатын бөлме, кезекшілердің орны, асхана секілді маңызды нысандар орналасқан. Сарбаздарға 3 мезгіл тамақ қарастырылған. Ал нарядқа шығатын жауынгерлер мен 2 сағаттан артық жұмыс істеген сарбаздар үшін қосымша ас әзірленеді. Осы тұста әскерилерге дайындалатын тағамдардың барлығы құнарлы, нәрлі екенін айта кеткен жөн. Олардың мәзірі арнайы мамандардың қатысуымен дайындалған. Сондай-ақ оларға барлық дәрумендер болуы үшін жеміс-жидек, көкөністер мен бал, сүт өнімдері, тәтті тағамдар да беріледі.

 

– Сонымен қатар мұнда отбасылы қызметкерлер үшін арнайы пәтерлер қарастырылған. Бұдан бөлек, сержанттық құрам үшін арнайы жатақхана да бар. Олар мұнда қалаға қатынамай жұмыс істей алады. Айта кетер жайт, мұнда үлкен спортзал салынған. Мұндай ғимарат барлық бөлімшелерде кездесе бермейді. Спортзалда футбол, волейбол және баскетбол секілді спорттық ойындар ойнауға жағдай жасалған. Сонымен қатар арнайы жаттығатын бөлме де бар. Онда сарбаздар жоспарға сәйкес, күнделікті 1-1,5 сағат спортпен шұғылдана алады. Бөлімше аумағында монша, кір жуатын орын да қарастырылған. Көліктерге арналған жабықжай, арнайы көлік жуатын орын да салынған. Олар қызметтік көліктердің ауа райына қарамай қызмет етуіне, күтімі жақсы болуына мүмкіндік береді.Дәл осындай шапшаңдықты қамтамасыз етуде біздің қызметтік жылқылар мен иттердің де тигізіп отырған септігі мол. Оларға арналып арнайы қора-жайлар тұрғызылған. Жануарлардың күтімімен осындағы сарбаздардың өзі айналысады. Қазір мұнда 4 ит сарбаздармен қатар қызмет етуде. Олар із кескіш, күзеттік болып бөлінеді. Жалпы осы бөлімшенің күзетіндегі шекара аумағының ұзындығына байланысты иттердің саны әрқалай болуы мүмкін, – дейді Ш.Омаров.

Айта кетер тағы бір мәселе, шекара қызметінде иттердің де шекарашылық қызметі бағаланады. Ол иттің қабілетіне байланысты болады. Мәселен, жақсы үйретілген жануар кемінде 2 сағаттық ізді алып, бірнеше шақырым сол ізді жоғалтпауы керек. Міне, осы секілді талаптарға байланысты қызметтік иттердің жұмысына баға беріледі. Алматы облысында орналасқан Шекара қызметінің кинология орталығындағы иттерге қойылатын талап жоғары. Осындай күрделі қызметті мүлтіксіз атқарып жүрген иттер мен кинолог мамандардың жұмысы ауыр. Мәселен, бөлімшеде қызмет ететін кинолог маман, кіші сержант Қуанышбек Карбозов Тамерлан атты итімен бірге шекара шебінің шегендеулі болуын қамтамасыз етіп келеді.Қуанышбек Карбозовты нағыз бейбіт күннің батыры деуге болады. Өйткені ол 2017 жылы «Көксай» шатқалында қар көшуі салдарынан омбы қардың астында қалған 10 адамды Енисей атты итімен бірге алып шыққан.

– Менің шекара қызметінде жүргеніме 14 жылдан асты. Осы уақыт аралығында мен төрт аяқты «әріптестерімізбен» тығыз байланысты жұмыс істеп келемін. Менің ойымша, қызметтік иттердің мемлекеттік шекараны қорғаудағы жұмысы орасан. Бұлардың да біз секілді арнайы оқытылған жұмыс бағыты болады. Мәселен, кедендегі иттер тыйым салынған заттарды іздеуге машықтанса, шекара шебіндегі иттер адамның ізін табуға үйретілген. Бүгінге дейін осы көмекшілеріміздің арқасында мемлекеттік шекараны бұзған талай адам қолға түсті, – дейді ол.
Өзінің ерлігі жайлы айтуды ұнатпайтын Қуаныш ол әрекетін азаматтық борышы деп білетінін ғана жеткізді. Сондықтан сонау қаралы күнгі жағдай жайлы өзіміз суыртпақтап сұрауымызға тура келді. «Аталған қайғылы оқиға болған күн қарапайым, басқаларынан еш айырмашылығы жоқ кезекті жұмыс күні болатын», деген Қуанышбек сол күні бөлімшеде күнделікті қызметін атқарып жүргенін жеткізді.

– Сол кезде жауынгерлік даярлау бойынша жоспарлы сабақтар барысында №91678 әскери бөлімнің 17 қызметкері қар көшкінінің астында қалды деген хабар келіп жетті. Оқиға орнына бірінші болып жетіп, қар астында қалған адамдарды Енисей атты қызметтік итіммен бірге іздеуге кірістік. Менің есебім бойынша көшкен қардың қалыңдығы шамамен 7 метрдей еді. Мұндай қалыңдықтан иттің иіс сезуі қиын. Алайда Енисей екеуміз қарды қазып, іздеуді жалғастыра бердік. Бір-екі сағаттан кейін ғана ит адамның иісін сезіп, бес метрлік тереңдіктен алғашқы жауынгерді алып шықтық, – дейді Қ.Карбозов.

Қуанышбек тәуліктік кезекшіліктен кейін қатты шаршағанына қарамастан Енисеймен бірге дабыл тобының құрамында шатқалда қалған 17 адамды іздеуге қатысқан. Оның 10-ы осы Қуанышбек пен Енисейдің ерлігінің арқасында аман қалды. Құтқарылған сарбаздардың ата-аналары, жұбайлары мен балалары Қуанышбекке алғыстарын білдіріп, ақ баталарын берген. Осындай ерлігі мен жанқиярлығы үшін Қ.Карбозов ҰҚК Шекара қызметі Әскери кеңесінің шешімімен «2017 жылдың үздік шекарашысы» деп танылған.

«Шөлдала» шекара бөлімшесінің тағы бір ерекшелігі – мұнда елімізде былтырдан бастап енгізілген пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Яғни мерзімдік әскери қызметке шақырылған жас сарбаздар бұдан былай еліміздің өзге өңірлеріне жіберілмей, өзі туған аймақта қызмет етуге мүмкіндік алып отыр.

– Қазіргі таңда мемлекетімізде мерзімді әскери қызметке шақыртудың аумақтан тыс принципі жалғастырылуда. Яғни әскерге шақырылушылар мемлекетіміздің өздерінің облыстарынан тыс басқа өңірлеріне қызмет атқаруға кетеді. Алайда болашақ шекарашыларға бұл тәртіп енді қолданылмайды. Жамбыл облысынан шақырылған жастар үйінен бір қадам дерлік жерде борышын өтемек.Әскерге шақырылушылар қатарындағы іріктеуден өткен жас сарбаздар ең алдымен Қордай ауданы бойынша шекара басқармасының базасында орналасқан техникалық және кәсіби даярлау бөліміне оқуға жіберіледі. Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы – бұл заманауи ғимараттары мен казармалары бар, тамақтану мен медициналық қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жоғары деңгейіндегі үлкен әскери қалашық. Оқу орталығының оқытушылары мен нұсқаушыларының құрамын тәжірибелі офицерлер мен кәсіби дайындықтары жоғары әскерилер құрайды, – дейді Ш.Омаров.


Жалпы жыл сайын облыстан 300-ге жуық жас Шекара қызметінің қатарына қабылдануда. Жаңа өзгерістер Отан алдындағы борышын өтеушілердің санын арттырады деген жоспар бар. Сондықтан шекарашылардың қатарына іріктеу бұрынғыдан да аса мұқият жүргізілмек. Атап айтсақ, жастардың өмірбаяндық деректері, физикалық және моральдық-психологиялық жағдайы, сондай-ақ шақырылушының мерзімді әскери қызмет өткеруге дайындығы егжей-тегжейлі зерделенбек. Осы сыннан сүрінбей өткен сарбаздар мерзімді қызметі аяқталғаннан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметте қалу мүмкіндігі бар.Қазіргі уақытта келісімшарт бойынша әскери қызметшілердің ең төменгі жалақысы 250 мың теңгені құрап отыр. Сондай-ақ ай сайын тұрғын үйді жалға алу өтемақысы мемлекет есебінен төленеді.

Тағы бір айта кетерлігі, қызмет өткеру барысында сарбаздардың ҚР ҰҚК Шекара академиясына және шет мемлекеттердегі басқа да жоғары әскери оқу орнына түсу мүмкіндігі қарастырылған. Сонымен қатар мерзімді әскери қызметті өткерген және өзін жақсы жағынан көрсеткен азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарында тегін оқуға түсе алады.Жалпы «Шөлдала» шекара бөлімшесіндегі шекара шебінде жүрген азаматтардың қызметі қаншалықты жауапты болса, соншалықты ауыр. Ондағы батыр азаматтар кірпік қақпайды, көз ілмейді. Әрбір бұтаның қалқасын, таудың аңғарын, өзеннің сағасын, жолдың бұлтарысын, сайдың қалтарысын назарда ұстап тұр. Қылт еткенді қалт жібермейді. Жылт еткенді жіті бақылайды. Олардың мойнында зіл батпан жауапкершілік бар. Өйткені олар біздің тыныштығымызды күзетіп, тәуелсіз мемлекеттің шекарасын қорғау деген қасиетті міндетті арқалап жүр.

Ақтоты ЖАҢАБАЙ
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар