Сонымен, сақ патшасы Тарғытай бабамыз бен сақтардың қалай пайда болғаны туралы Геродоттың жазбасына қайта оралайық. Мен бұл жерде Геродоттың сақтардың шығу тегі туралы өз ауыздарынан жазып алған, жазбасын осында толық келтірейін. Онда сақтардың шығу тегі туралы үш аңыз желісі бар. (Геродот, «История» «ОЛМА-ПРЕСС Инвест». 2004).
БІРІНШІ АҢЫЗ
Скифтердің айтулары бойынша олардың халқы ең жас халық. Ол былай болған. Ол кезде адам қоныстанбаған бұл елдің алғашқы тұрғыны Тарғытай деген кісі екен. Скифтер өздері айтқандай бұл Тарғытайдың әке-шешесі Зевс құдайы мен Борисфен өзенінің қызы саналады (әрине, олардың айтқандарына қарамастан, мен бұған сенбеймін). Тарғытай осындай текті жерден шыққан еді. Оның Липоқсай, Арпақсай және кенжесі Қолақсай деген үш ұлы болған. Олар билеген кезде скиф жеріне аспаннан алтын бұйымдар түскен екен, олар: соқа, қамыт, балта және тостаған. Бұларды алдымен үлкен ағасы көрді. Ол оларды алуға барған бойда алтындар жанып кетеді. Содан кейін ол шегініп, екінші ағасы жақындайды, сол кезде алтын тағы да жалынға оранады. Осылайша жалындаған алтынның ыстығы екі ағайындыны да жақындатпай қуып жіберді. Бірақ, олардың үшіншісі, яғни, ең кіші інілері жақындағанда, алтынның жалыны сөніп, оны күйдірмепті. Ол алтынды алып, үйіне кетеді. Сондықтан, үлкен ағалары патшалықты кіші інілеріне беруге келіскен екен...Сонымен, үлкені Липоқсайдан, олар айтқандай, скифтердің авхат тайпасы, ортаншы ағасы Арпақсайдан катиарлар мен траспийлер тайпасы, ал ағайындылардың кішісі Қолақсайдан патшалар руы Паралат тайпасы шыққан. Барлық тайпалар бірігіп сколоттар, яғни, патшалар тайпасы деп аталады. Гректер оларды скифтер деп атайды... Скифтер өз халқының шығу тегі туралы осылай айтады. Алайда, олардың пайымдауынша, бірінші патша Тарғытай заманынан Дарийдің өз жеріне басып кіруіне дейін небәрі 1000 жыл ғана өтті дейді.
ЕКІНШІ АҢЫЗ
Солайша скифтердің өздері туралы және көршілес солтүстік елдері туралы айтатыны осындай. Ал, Понтта тұратын эллиндер болса, олар туралы басқаша жеткізеді. Олардың (Эллиндердің) айтуы бойынша Геракл Герионның бұқаларын қуып келе жатып, адам қоныстанбаған елге (ол жерді қазір скифтер басып алған) тап болады. Герион болса Понт қаласынан алыс жерде, Мұхиттағы Геракл бағаналарының ар жағындағы аралда Гадирде (бұл аралды эллиндер Эрития деп атайды) өмір сүрген. Эллиндіктердің айтуы бойынша Мұхит, күн шыққаннан бастап, бүкіл жерді айналып ағады, бірақ, олар мұны дәлелдей алмайды. Ол жерден Геракл қазіргі скифтер деп аталатын елге келеді. Онда оны ауа-райының қолайсыздығы мен суықтығы мазалап, ол шошқа терісіне оранған күйі ұйықтап кетеді. Осы уақытта оның аттары (ол аттарды жайылымға жіберген еді) жұмбақ түрде із-түзсіз жоғалып кетеді…Оянған Геракл жылқыларын іздеп бүкіл елді аралап, ақыры Гилея деген жерге жетеді. Сол жердегі бір үңгірден табиғаттың аралас құбылысымен жаратылған бір тіршілік иесін жолықтырады. Ол - жартылай қыз, жартылай жылан бейнесінде болады. Оның бөкселерінен бастап денесінің үстіңгі бөлігі түгел әйелдік сипатта да, ал төменгі бөлігі жылан сипатында еді. Оның мынадай бейнесіне таңдана қараған Геракл, одан өзінің жоғалған жылқыларын көрген-көрмегенін сұрайды. Жауап ретінде жылан әйел жылқылардың өзінде екенін, бірақ, Гераклдың онымен махаббат қатынасына түспейінше бермейтінін айтады. Мұндай ұсынысқа Геракл келіседі. Алайда ол Гераклді мүмкіндігінше жылқыларын бермей, ұзақ ұстағысы келеді, ал, ол жылқыларын алып, қуана қайтуды ойлайды.
Ақырында, әйел жылқыларды тапсырып тұрып: «Маған келген бұл жылқыларды мен сен үшін сақтап қойдым. Сен олар үшін төлеміңді төледің. Енді менің сенен үш ұлым бар ғой. Айтшы, олар өскенде мен оларға не істеуім керек? Мен оларды осында қалдыруым керек пе (бұл елдің меншік иесі жалғыз өзім) немесе саған жіберуім керек пе?»- деп сұрайды. Геракл оған былай деп жауап берді: «Ұлдарың есейген кезде сен оларға былай істе: олардың қайсысы менің садағымды мен сияқты осылай керіп тарта алса және мына белбеуді тастамай беліне буынып байлайтын болса, соны осында қалдыр. Менің айтқандарымды орындай алмағандарын бұл жерден жыраққа, жат елге жібер. Егер сен мен айтқандай істейтін болсаң, онда сен өзің де риза болып, менің тілегімді орындаған боласың.Осы сөздерден кейін Геракл өзінің садақтарының бірін тартып көрсетті (оған дейін Геракл екі садақ асынып келген). Сосын белбеуді белге қалай байлау керектігін көрсетіп, садақ пен белбеуді (белбеу ілгегінің ұшында ілулі тұрған алтын тостаған) беріп, кетіп қалды. Балалары есейген кезде анасы оларға ат қойды. Ол бірінің атын Агатирс, екіншісін Гелон, ал кішісін Скиф деп атады. Содан кейін Гераклдың айтқандарын есіне алып, оның бұйрығын орындады. Екі ұлы Агатирс пен Гелон тапсырманы орындай алмады да, анасы оларды елден қуып жіберді. Кіші ұлы Скиф тапсырманы орындап, елде қалды. Геркулестің осы кіші ұлы Скифтен барлық скиф патшалары тараған. Ал сол алтын тостағанды еске алу үшін скифтер осы күнге дейін тостағанды белдіктеріне тағып жүреді.
ҮШІНШІ АҢЫЗ
Тағы да олар туралы үшінші бір аңыз бар (мен басқаларына қарағанда осы аңызға сенемін). Ол былай дейді. Скифтердің көшпелі тайпалары Азияда өмір сүрген. Кейіннен Массагеттер оларды сол жерден әскери күшпен ығыстырып шығарғанда, скифтер Араксты кесіп өтіп, Киммерия жеріне жетеді (қазіргі скифтер мекендеп отырған ел, олар айтқандай, ежелден киммерийлердікі болған). Скифтердің өздерінің жеріне жақындап келе жатқанын білген киммерліктер қалың жау әскеріне қарсы не істеу керек екендігі жөнінде өзара кеңес шақырады... Осы кеңесте олардың пікірі екіге бөлінеді. Екі жақ та өз пікірлерін дұрыс деп санайды, соңында патшалардың ұсынысы жеңіске жетеді. Осындай екі көзқарасты шешімге келген киммерліктер екі бөлікке бөлініп, өзара шайқаса бастайды. Скифтермен соғысқан Киммерия халқы соғыста қаза тапқандардың барлығын Тирас өзенінің маңында жерлеген (Патшалар бейіті қазір де сол жерде көрінеді). Осыдан кейін киммерліктер өз жерін тастап кетеді де, елсіз қалған елді скифтер иемденеді.Скифтерден Азияға қашқан киммерліктер, өздеріңіз білетіндей, қазіргі Эллиндік Синоп қаласы орналасқан түбекті басып алды. Скифтердің киммерліктерді қуып жүріп, жолынан адасып, Мидия жеріне басып кіргені де белгілі. Ақыр соңында, киммерліктер Понт жағалауына келіп қоныстанады, ал скифтер оларды қудалау кезінде Кавказдың сол жағымен жорық жасай отырып, Мидия жеріне басып кірді. Сөйтіп, олар елдің ішкі жағына қарай бет алды. Бұл соңғы аңызды эллиндер де, варварлар да осылайша бірдей айтады.Міне, Геродоттың сақтар туралы жазған аңыздары. Оны сақтардың өзі айтып берген. Осындағы Тарғытайдан туылған үш баланың ұрпағы бүкіл сақтардың ата-бабасы саналады. Эллиндер айтып берген сақтардың атасы Геракл туралы аңыз да осы Тарғытай патша аңызының өзгеріске ұшыраған бір желісі іспетті.
Әйтпесе, екеуінің де айтпақ ойы мен желісі бірдей. Екеуінде де үш бала және ең кенжесі патшалықтың иесі болады. Осы үштік желімен тарату қазіргі қазақ шежіресінің де негізін қалады. Қазақтар да үш жүзден тарадық дегенінің негізі осылайша арыда жатқанына көз жеткізуге болады. Сонымен бірге, кенже баланың шаңырақтың иесі болып қалу дәстүрі де сақтардың әу бастағы жаратылысынан бері келе жатқанын осы аңыздар айғақтап тұр. Осы уақытқа дейін үш мың жылдан аса уақыт өтіп кетсе де, ата-баба дәстүрі мен салты ұмытылмай қанымызға сіңген әдет болып әлі жалғасын тауып келеді.Геродоттың үшінші аңыздағы сақтардың киммерліктерді ығыстырып, жерін басып алды деп отырғаны, б.з.д. 700 жылдары Массагет патшасы Мадай бастаған сақтардың Кіші Азияға басып кіріп, Египетке дейін жаулап, Азияда 28 жыл үстемдік құрған дәуірін айтқаны болуы керек. Өйткені бұл ерте кезеңдегі аккад-парсы, грек-рим деректерінде де бар. Біз жоғарыда б.з.б. 7 ғасырлардағы сақтардың Кіші Азияға басып кіруі – олардың сол кездегі әлемді жаулап алу дәуірінің кезі еді деп айтқанбыз. Ал, Геродоттың Массагеттер сақтарды ығыстырды дегені түсінбегендіктен жазылған ой еді. Сақтар бір-бірін шапқан жоқ, керісінше, бәрі бірігіп, ұлы құрылтай шақырып, әлемнің төрт бұрышын жаулау туралы шешім қабылдап, жорыққа аттанған-ды. Ал, «Киммерліктер екіге бөлініп ойланды» дегені, киммерліктер де сақтардың бір бұтағы. Қара теңіз жағасын жайлаған оларды теңіз кемерін мекендеушілер, яғни, кемерліктер деп атаған-ды. Әлі күнге дейін теңіз аңғарын «кемер» деп атайтынымызды еске салғым келеді. Үш мың жыл өтсе де бұл термин сөздік қорымызда бар.
Міне, дәл осы кезеңде сақ тайпалары әлемді жаулау үшін орталық Қазақстаннан төрт бағытқа бөлінген болатын. Сақтардың негізгі ордасы өзінің туған мекені орталық қазақ даласында қалып, қалғандары дүниенің төрт бағытына: бірі Кіші Азияға, бірі Еуропаға, бірі Үндістанға, бірі Алтай таулары арқылы Қиыр Шығысқа қарай бет алды. Аталған төрт бөліктің ішінде сақтардың белді әрі ақсүйек Массагет тайпасы да жорыққа аттанады. Жәй ғана емес, сақтардың патшалары шыққан ақсүйек руы ретінде оларды бастап жүреді. Міне, осы ғаламға жасалған ұлы жорықтың арқасында сақтардың «бөрі феномені» фольклорлық аңыз-жырларының жаңа сипаттағы жанры әлем әдебиетіне тарады. Еуропада ол Римнің іргесін қалаған «бөрі бала», Үндістанда «Маугли атанған бөрі асыраған бөрі бала», Кіші Азияда, парсыларда «иттен тараған ұлдар» (Ит дегені – бөрі баламасы), ал Қаратау-Алтай аралығында «бөрі емізген бала, Көкбөрі» деген атаулармен мифтік сарынды жыр-дастандар таратылды. Мыңдаған жылдар өтсе де бұл мифтік түркілік тек ешқашан ұмытылмай бүгінгі күнге келіп жетті. Оны әлемге таратқан да осы сақтардың ұрпақтары еді.
ОЛАР ҚАЗІР МЫНАЛАР:
1. Еуропаға кеткен сақтар: готтар, кельттер, саксониялықтар, бұлғарлықтар, венгрліктер, ромулдықтар атанып латынға сіңді.
2. Кіші Азияға кеткендер магтар, бактриялықтар, киммерліктер, мидиялықтар атанып, арап-парсымен араласып кетті.
3. Шығысқа кеткендер ғұндар, сянбилер, татарлар, сақалар, тохсылар, мұғұлдар, түркілер атанды.
4. Оңтүстікке кеткен сақтар: қаңлылар, үйсіндер, парфияндықтар, бактриялықтар, соғдылықтар, ұлы иозілер атанды.
5. Орталықта қалғандар қыпшақтар, қимақтар, хазарлар, оғыздар, башқұрттар атанып, өздерінің таза қанын сақтап қалды. Бірақ, бәрінің де түп негізін біріктіретін «бөріден туған бала» аңызы қаншама ғасырлар өтсе де өз мәнін жоғалтқан жоқ. Олардың барлығының басын біріктірген де осы «Бөрі» тотемдік ұраны еді.
Осы айтып отырған еуропалық тайпалардың тегі түркілік екенін дәлелдейтін тағы да мынадай бір құнды дерек бар. Ағылшынның 1600-1662 жылдары өмір сүрген Питер Хэйлин атты діни қызметкері «Микрокосмус» атты еңбек жазып шығады. Ол кітапта әлемнің тарихын түгелге жуық қамтиды. Төрт томнан тұратын бұл еңбек 1633 жылы Уильям Тернер және Роберт Аллоттың демеуімен басылып, оқырманға жол тартады. Бірақ, аталған кітаптың аудармасы жоқ. Үзінді ретінде ғана аудармалары бар.
Осы еңбекте Скифия жері туралы өте құнды деректер айтылады. Сол кітапта: «Скифиядан, шын мәнінде, ғұндар, герулдер, франкттер, болгарлар, черкестер, шведтер, бургундтар, түріктер, татарлар, голландтар, кимберлер, нормандар, аландар, остготтар, тигуриндер, ломбардтар, вандалдар, вестготтар жер шарын жайлаған шегірткедей қаптап шығып, ең әдемі провинцияларды иеленді» дейді. Бұл кітап барлық антикалық және ортағасырлық деректерді сараптап-зерделей отырып жазылғанын ескеретін болсақ, онда бұған сенуге тиіспіз. Мұны жазып отырған да сол еуропалық діни тұрғынның өзі. Міне, ол осылай деп жоғарыдағы өзі айтып отырған тайпаларды сақтар деп мойындап отыр.
Жалпы, сақтар – б.д.д 1-мыңжылдықта Еуразия даласының Шығысынан Батысына дейінгі аралықты мекен еткен ежелгі тайпа. Олардың сол дәуірдегі грек, парсы, қытай жазбаларында бірнеше тайпалық одақтарға бөлінгені айтылады. Әсіресе, парсылардың жазбаларында олардың негізгі үш одаққа бөлінгені баяндалған. Тиграхауда, Парадария, Хаомовагра сақтары деп аталған олардың осы үш бөлінісі кейінгі түркілердің үш одақ бірлестігінің негізін құрады.Мысал ретінде жоғарыда біз келтірген Геродоттың жазбасындағы сақтардың патшасы Тарғытайдың үш ұлының Қолақсай, Липақсай, Арпақсай аталуы және барлық сақтардың осы үш ұлдан тарауы, осы қағиданың кейіннен түркілердің оң қол, орта қол, сол қол әскери құрылымына ауысып, қазақтардың үш жүзге, үш ордаға бөлінуі, сөйте келіп, барлық түркі тайпаларының үш ұлдан тарау қағидасы, яғни, қазақтағы үш арыс: Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс сияқты әлі күнге дейін ел ішінде жалғасып келе жатқан заңдылықтарды айтуға болады.
Сонымен қатар, осы үш сақ тайпасынан тараған рулардың өзіндік мекендеген жері болғанын, сол арқылы үш ордаға сол кезде-ақ бөлінгенін байқаймыз. Яғни, үш түз даланың иелері болып, Еуразия даласында шалқақтаған тарихын ғалымдарымыз айтып та, жазып та жүр. Мәселен, сақтардың Массагет, Яқсарт тайпалары Арал теңізінің айналасын, Дай, Дахи тайпалары Сырдың төменгі ағысын, Аби тайпасы Қаратаудың бойы мен алқабын, Фарат тайпасы Талас Алатауы мен Қаратаудың солтүстігін, Асқатағ тайпасы Шу мен Талас аралығын, Исседон тайпасы Іле мен Шу аралығын, Сармат тайпасы Каспийдің терістігін мекендеп, қазіргі қазақ жерінің ертеден иелері сақтар екенін дәлелдеді. Аталған тайпалар үш түзге бөлініп, үш географиялық аймақты иеленді.
Осы үш ұлыстан кейін келе қазіргі қазақ руларының және Еуропа халықтарының түп атасы саналатын көптеген тайпалар тарап шықты. Олар: бұлғарлар, парфияндықтар, Готтар, кельттер, англиялық сакстар, ғұндар, қаңлылар, үйсіндер, оғыздар, телелер, тобалар, дулылар, башқұрттар, хазарлар, татарлар, мұғұлдар, түргештер, қарлұқтар, қимақтар, қыпшақтар деп жалғасып кете береді. Осылардың барлығы кейін келе көбейіп, өз алдына хандық құрып, бір-бір қағанаттың иесі болып шыға келді. Осылайша, ұлы құрлықтың ұлы шаңырағына ие болған сақтар соңында бір-бірімен соғысты. Өйткені, мына кең-байтақ даланың иесі өздері ғана болып, қалалық пен далалық мәдениет арасындағы ұлы шайқастарды бастан кешірді. Сөйтіп ғасырдан ғасырға ұласқан даму процесінің арқасында көптеген тілі мен ділі бөлек ұлтқа айналып шыға келді. Кейбір даңқы дүркіреген ұлыстар соңында өзге ұлыстарға сіңіп, аты да, заты да өшіп, тарих бетінен жоғалып кетті. Әрине, жоғалып кетті деуге болмас, бірақ, өзімен туыстас басқа ұлыстардың ішіне кіріп, солардың атауын иеленіп, өзге ұлтты қалыптастырған өркениеттің өзегін құрады. Солардың қатарында парфияндықтарды айтуға болады. Олар да осы сақ тайпалары құрған мемлекет болатын.
Оны көптеген тарихшылар айтып та жүр. Солардың бірі – тарихшы Ф.Р.Грэм өзінің «Скифские империи. История кочевых государств Великой степи (Перевод с англ. Т.М.Шуликовой»: ЗАО «Центрполиграф», Москва; 2018)» деген еңбегінде: «Мәсіхтен (Исус Христос) 250 жыл бұрын скиф тайпасы Парфия патшалығын құрды, олар бес ғасыр бойы тәуелсіз және қуатты мемлекет болып өмір сүрді» деп шынайы шындықты жазады.Осылайша, байтақ далада емін-еркін көшіп жүрген сақтар өздерінің күш-қуатының арқасында ешқашан жеңіліп көрмеген ұлы халыққа айналды. Геродот Скифтердің кең-байтақ жерінің көлемін былай деп суреттейді: «Скифияның ұзындығы 40 000 стадияны құрайды. Ал материктің ішкі бойлықтары да дәл сондай мөлшерде. Сақтардың жер көлемі осындай». Гректердің ұзындық өлшемі бойынша бір стадий шамамен 200 метрді құрайды. Сонда ол айтып отырған Скифия жері шамамен 7-8 мың шақырымды алатын алып кеңістік болып шығады. Міне, сол себепті, түркілердің арғы ата-бабасы есептелетін сақтар Еуразияның кіндік тұсы саналатын қазақ даласынан бастап, әлемнің ең шеткей бұрышына дейінгі аралықты өздерінің мекені етіп иеленді. Тіптен, Америкаға өтіп кетіп, солтүстіктегі жер шарын «Аляска», яғни, «алысқа» деген түркілік терминмен бізге мұра қылып қалдырды.
Ғалымдар жинақтаған америкалық тайпалардың тілдік қорын түркілік тілдермен салыстыра қарап отырсаң, шынында да бір-бірінен мәні де, мағынасы да, айтылуы да, жазылуы да ұқсас көп сөздерді кездестіресің. Олардың өз ішінен өсіп-өніп, көбейіп, бірнеше руларға бөлініп, тілі де, ділі де, өзі де, сөзі де көптеген өзгеріске ұшыраған өзге елге айналғанын қазіргі таңда байқау қиын емес. Дегенмен олардың жазуы туралы ескі жазбаларының там-тұмдап болса да сақталып қалуы біздің туысымыз болғанын нақтылап отыр. Еуропалықтардың жаңа жерді ашамыз деп барып, оларды қырғынға ұшыратпағанда әлі күнге дейін көптеген ескі қолжазбаларын тауып қаларымыз мүмкін еді. Немістің атақты филологы, тілтанушысы Фридрих Вильгельм Гумбольдт өзінің көптеген тіл туралы ғылыми тұжырымдамаларында Америкадағы, Мексикадағы тольтек, ацтек, мая тайпаларын сақтардың ұрпағы және бір бөлігі болған ғұн тайпаларының бір бөлшегі деп санаған. Шынын айтқанда, әлемнің көптеген ғалымдары америкалық тайпалардың азиялық сақтардан шыққанын мойындайды. Шетелдік оқымыстылардың өздері қазіргі таңда, ол жаққа кеткен азиялық тайпалардың да шыққан жері Алтай жері деп тіліне, діліне қарап анықтап отыр.
Осы жерде тағы да айта кететін бір жағдай, ғалымдардың барлығы сақ-түркілердің отаны, шыққан жері Алтай дегенді жиі еске алады. Алайда, Алтай тауларын олардың мекені деп атаудың себебі Ғұн мемлекетінің сол тауда ұлы қағанатқа айналуы мен Түркі қағанатының алғаш сол Алтайда құрылып, әлемге түркілер болып таралуынан және өздерінің шығу тегі болған «бөрі бала» аңыздарын Алтайға байланыстыра шығарғанынан туындаған болатын. Әйтпесе, шындығына келсек, сақ-түркілердің адам баласынан тарап, кіндік кескен ең алғашқы мекені мен негізгі түп қазығы қазіргі қасиетті Түркістан аймағы. Бұл өңір сонау сақтар заманынан, тіптен, олардан бұрынғы бабаларымыздың шыққан отаны еді. Ең көне Авеста кітабында Ариам-Вайджа деп аталып, одан Тұран өлкесі, кейіннен Түркістан аймағы атанды. Осы өлкеде Қазығұрт аталған қасиетті Нұқтың кемесі қалған таудың орналасуы да бұл мекеннің көнеден келе жатқан түркілер отаны екенін айқындайды.
Өйткені, адам баласының түп атасы саналатын Нұқ пайғамбардың кемесі осы жерде тоқтады деген аңыздың өзі сақ-түркілердің алғашқы құтты мекені Алтай емес, Түркістан өңірі екенін айғақтап тұр. Ал, қасиетті жер кіндігі, адамзаттың тұңғыш пайда болған отаны Қазығұрт тауын бабаларымыздың ерекше құрметтеуі осының белгісі. Бұл – барша тіршілік иесінің тарап шыққан құтты мекені. Тарихқа қарап отырсаңыз, барша сақ-түркі баласы осы Түркістан өңірін жаулап алуға тырысқан және осы өлкені мекендеуді арман еткен. Түркістан кімнің қолында болса, сол ел ең бақытты ел саналған. Сондықтан да Түркістан үшін болған соғыстардың барлығы да ислам тілімен айтқанда «жиһад» еді. Бұл жер кіндігін иеленген халық – бүкіл адамзаттың иесі атанады.
ҚАЗЫҒҰРТ – ТҮП МЕКЕН! ӨТҮКЕН ДЕ ОСЫНДА. КҮЛТЕГІН ЖЫРЫНДА:
Өтүкен қойнауында отырсаң,
Мәңгі елдігіңді сақтайсың,
Онда түрк халқы тоқ, - дейді. (Мырзатай Жолдасбеков «Асыл арналар» 1-том, Астана «Күлтегін» 2012. 47- бет).
Мұның маңыздылығын түркі халқына түсіндіріп жатудың қажеті шамалы. Қазаққа «Әруақ, Алаш, Түп мекен» деп ұран тастасаң болды, бір тудың астына жинала қалары осы киелі мекеннің қасиеттілігінің арқасы. Әлемді жаулаған Шыңғысхан да бабалары туған киелі Түркістан-Қазығұрт өңірінде өмірінің сегіз жылын өткізді. Туған жері саналатын Мұғұлияға қайтқысы келмей, ата-бабасы өсіп-өнген жерінде өзіне мәңгілік тұрақ болар қорым іздеді. Тіптен, бұл мекеннен кетуге асықпады, қимады да. Түркістан топырағында сегіз жыл аунап жатты. Тек Таңғыт мемлекеті көтеріліс жасап, соны басу үшін ғана кері оралды. Ол соғысты аяқтаған соң, Түркістанға қайта келу арманы болатын. Бірақ, Тәңірі оған жеткізбеді, ажал құшты. Мұның барлығының астарында үлкен мағына жатыр. Шыңғысханды қазіргі Монғолиядан іздеп жүргендер қателеседі. Ол онда жоқ. Оның қабірі қасиетті Түркістанда жатыр. Шынын айту керек, барлық сақ-түркі хандарының қабірін Алтайдан емес, Түркістаннан іздеген жөн. Түркіде «Өтүкенде отырсам, өмірім өр үстінде болар еді» деген жақсы сөз бар. Осы Өтүкен тауын да қаншама тарихшы шабыла іздеп таппай жүр. Оны Монғолиядан іздеп әуре. «Өтүкен – Ата мекен» деген сөз. Ол – Қазығұрт-Өгем жотасы екенін еш пенде аңдамаған сыңайлы. Тарихын тасқа қашап жазған Білге қаған, Тоныкөк, Күлтегін жазбаларын оқып отырсаңыз, олардың басты арманы ата-баба мекені Өтүкенде отыру. Мысалы, Күлтегін жазуында:
Ілгері – күн шығысында,
Оң жақта – күн ортасында (Оңтүстік),
Кейін – күн батысында,
Сол жақта – түн ортасында,
Осының ішіндегі халықтың бәрі,
Маған қарайды,
Халықты осыншама көп еттім.
Егер қазір баяғы кексіз түрк қағаны,
Өтүкен қойнауында отырса,
Онда елде мұң жоқ. («Асыл арналар», 45- бет)
Сонда осыншама жерді жаулай жүріп, сақ-түркілер неге Өтүкенді аңсайды? Егер Өтүкен Алтайда болса, олар өзі сол жерде ірі қағанат құрса, онда неге олар соншалықты ынтық болып, Өтүкенді іздеп армандап жүр? Қасиетті Қазығұрттың оңтүстік-батысында үлкен тау сілемі жатыр. Қазығұрт- сол таудың бір бұтағы. Бұл тау – Өгем жотасы деп аталады. Өгем – Өтүкен атауының заманалар өте келе қысқарған атауы. Міне, Өтүкен қайда жатыр? М.Қашқаридың «Түркі сөздігі» (Алматы, «Сөздік-Словарь» баспасы 2006 жыл. Аударған А.Егеубай) еңбегінде: «Өг - ақыл-ес, зерде, пайым. Ақылды, зерделі және ойы зор адамдарды «өгә – дана» дейді». Сонымен қатар, «Өге – тәжірибелі, ақылды, көп жасаған адам» деп нақтылайды. Міне, Өгем атауының шығу төркіні «даналар шыққан түп мекен», «көп жасаған бабалар отаны», «қасиетті қара түп» деген мәнде.
Өтүкен -Ата мекен, ата жұрт! Өтүкен – Қазығұрт – Түркістан дегендеріңіздің барлығы да бір мекен, бір атау. Бұл аймақ тұтасымен Түркістан деп аталады. Түркістан сөзі де «Түркі және стан» сөздерінің қосындысы. Стан парсыша ел, жұрт дегенді білдіреді. Бекерден-бекер айтылған жоқ, «Түркі шыққан ел» мәнінде тұр. Бұл жерден басқа аймақ ешқашан Түркістан деп аталмаған. Шамамен осыдан төрт мыңдай жыл бұрын жазылды деген сонау Авеста заманында-ақ осы құтты жер Түркістан аталған. Ал, Өтүкенді Алтай тауында деп жүргендер, түркі халқының ата-бабасы осы Түркістан аймағынан Алтайға ауған кезде өзімен бірге өздерінің құтты мекенін ұмытпау үшін алып барған жер-су атауы деп түсінген жөн. Олар сол Алтайда тұрақтап қалған соң, шыққан түп негізі Өтүкен жерін де сол жерлермен теңестіре отырып, өз-өздерін алдандырған дүниесі еді. Әйтпесе, Алтай жері неге екінші Түркістан аталмайды? Жоқ! Себебі, түркінің қарашаңырақ қара ордасы болған қасиетті жері бар, ол – Түркістан-Қазығұрт аймағы. Оны олар ешқашан ұмытқан емес, ұмытпайды да. Алтайда қағанат құрған барша түркі елдерінің ең алғаш жорық жасайтын елі Түркістан өңірі болған. Туған жер, атамекенді бірінші болып қолға ұстауды, иеленуді мақсат тұтқан.
Енді Қазығұрт атауының өзін бірнеше нұсқамен талдап көрейікші:
Қазы құрт – билеуші бөрілер,
Қазақ юрт, жұрт – Қазақ жұртының мекені,
Қас юрт – қас жұрты,
Қас құрт – қас бөрілері,
Қаз ақ құрт – қаздай ақ бөрілер,
Қазық юрт – қазық жұрт, шыққан түп негізі,
Қас Сақ құрт немесе юрт – нағыз бөрілер мекені. Осындағы қас та, сақ та, құрт та түпкі мағынасы бөрі синонимін береді. Яғни, Бөрі-Бөрі деген қосарланған қос сөздің мәнінде десек қателеспейміз. Бұлардың барлығы да бір мағынаға сыяды: «нағыз бөрілер шыққан түп мекен». Ал, көне түркілік юрт-жұрт сөзінен юрта – киіз үй аудармасы шықты. Себебі, түркілер киіз үймен топталып отырған ауылды көрсеткенде «менің юртым» деп айтқан. Осыны естіген орыстар юрта деп жүріп, оны киіз үйдің атауына айналдырып жіберді. Сонымен, Өтүкен-Қазығұрт-Түркістан деп жүргеніміз - бір ұғым, бір мекен. Осы қасиетті жерден Яфеттің ұрпақтары сақтар, түркілер түлеп ұшқан.
Асылжан Шайділдаев,
тарихшы-түркітанушы
Ш.Мұртаза атындағы
руханият және тарихтану
орталығының бөлім басшысы