Баяндамашының айтуынша, өңірде табиғи өрттердің алдын алу мақсатында 16 мобильді топ құрылған. Өрт қауіпті кезеңінің басынан бері 1 148 рейдтік іс-шара өткізіліпті. Құрғақ шөп пен қоқыс жаққаны үшін 1 259 жеке тұлға әкімшілік жауапқа тартылып, оның ішінде 843-іне ескерту берілсе, 416 тұлғаға 6 506 210 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
– Облыс аумағында 19 өрт посты және ауылдық округтерде 2 128 адамнан тұратын 165 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды. Жалпы, елді мекендердегі өрттерді болдырмауға бағытталған алдын алу жұмыстарының көрсеткіштері екі есеге өсті. Бұл өндірістік және тұрмыстық өрттердің санын 6 пайызға төмендетуге мүмкіндік берді. Ал қайтыс болғандар мен зардап шеккендердің саны өткен жылмен салыстырғанда 57 пайызға азайды. Дала өрттері өткен жылмен салыстырғанда үш есе кемісе, орман өрттері 26 дерекке көбейді. Орман өрттері кезінде қайтыс болғандар мен зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Биыл облыс аумағында 478 өрт тіркеліп, салдарынан 6 адам қайтыс болып, 6 азамат ауруханаға жатқызылды. Материалдық шығын 92 миллион 570 мың теңгені құрады. Өрт саны 2023 жылмен салыстырғанда 5,9 пайызға азайып, материалдық залал 28,6 пайызға артты, – дейді Ералы Ақылбеков.
Сөз соңында Ералы Нұрғалиұлы облыс тұрғындарына тазалық жұмыстарын жүргізген кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтауға, құрғақ шөпті жақпауға кеңес берді. Өрт шыққан жағдайда «101» және «112» нөмірлеріне қоңырау шалуды ескертті.
Э.ТІЛЕУБЕРДІҚЫЗЫ