Халықты жұмыспен қамту мен әл-ауқатын арттыру мәселесі Мемлекет басшысының ұдайы бақылауында. Бұған дейін Президент «Жұмыспен қамтудың жол картасын» сынға алып, «қағаз жүзінде ғана жұмыспен қамту» мәселесі шешімін таппайынша, халықтың күнкөріс деңгейі артпайтынын айтқан болатын.Осы орайда жуырда Тараз қаласындағы «Grand Bazar» сауда орталығында облыс әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік бағдарламалар бойынша ақпараттық кеңес беру және бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті.
– Облыстық жастар ресурстық орталығы Халықаралық жастар күніне орай «Eңбек – бәрін де жеңбек» атты онкүндік жоспар жасап, бұған дейін жастарға арналған бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізген болатын. Енді бүгін осы сауда орталығында қаланың барлық санаттағы азаматтарына арналған кеңес беру алаңы ұйымдастырылып, облыстағы 10 мекемеден арнайы келген мамандар өз салалары бойынша тиісті кеңестерін беріп жатыр. Бұл іс-шараның мақсаты – қазіргі таңдағы өзекті әлеуметтік мәселелердің шешу жолдарын қарастыру, жұмыссыздық деңгейін төмендету, кәсіпкерлікті дамыту және жастарды мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру болды, – дейді облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадралиев.
Жәрмеңке барысында қала тұрғындарының көкейіндегі сауалдары тыңдалып, мемлекеттік бағдарламалар туралы кеңінен түсіндірілді.
– Облыстық әділет департаменті жастар ресурстық орталығымен жасасқан меморандум аясында ауқымды жұмыстар атқаруда. Мақсатымыз – халыққа құқықтық кеңес беру. Мәселен, бүгін жәрмеңкеде 2 азамат екі түрлі мәселемен келді. Бірі алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасынан айырылған. Ал екінші жағдай бойынша, автокөлікті сатып алу кезінде өз аттарына аударғанымен, сот мұны заңсыз деп таныған. Ең қызығы, кеңес алуға келген азамат сотқа қатыспаған. Керісінше сотқа қатысып, көлікті заңды жолмен алғанын дәлелдеу керек екендігін түсіндірдік, – дейді облыстық әділет департаменті басшысының орынбасары Шыңғыс Жұмабайұлы.
Ал қала тұрғыны Ботагөз Елубаева да іс-шараға кездейсоқ келгенін жасырмады.
– Негізі базарға келген болатынмын. Халықтың көп жиналғанын байқап, не болып жатқанын өз көзіммен көруге келдім. Кеңес алуға болатынын білгеннен кейін «Отбасы банк» қызметкеріне барып, сұрақтарымды қойдым. Сауалым депозитке байланысты болды. Өзіме және балаларыма депозит ашып, қандай бағдарлама арқылы баспаналы болатынымды түсіндіріп берді. Кеңес берген қызметкерлерге алғысым шексіз. Әдетте банкке баруға қолың тимейді, ал мұндай жәрмеңкелердің өткізілуі мәселеңнің аз да болсын шешілуіне көмектеседі, – дейді Б.Елубаева.
Аяулым ЖАМАНҚАРА