Батыр Баукеңнің жастау кезіндегі еңбек жолы мен қызметі, одан кейінгі адамзаттың тағдырындағы үлкен соғыстардың бірі саналатын (батырдың өзі солай бағалаған) Ұлы Отан соғысындағы аңызға бергісіз ерлік істері халықтың әлі көз алдында. Таулар алыстаған сайын биіктей бермек. Бұл – Бауыржан Момышұлы сияқты тарих сынынан сүрінбей өткен бірегей ірі тұлғаларға ғана қаратып айтылса керек-ті. Даңқты батырдың елге еткен еңбегі өзінің туып-өскен қасиетті Жуалы өлкесімен және туған елімен, халқының өмірімен бірге жаңғырып, жасасып келе жатқанын білеміз. Бұлай болуы заңды да…
«Ежелден ел тілегі – ер тілегі, Адал ұл ер боп туса – ел тірегі», «Отан үшін отқа түс – күймейсің!», «Өз ұлтын сүймеу, оны мақтаныш етпеу – сатқындық!» деген сияқты өмірлік өлмейтін өсиеттерді жас ұрпаққа өнеге етіп қалдырған Бауыржан Момышұлының төл тарихтағы және ұлт руханиятындағы орны тек төрде. Бұл – ұлтымыздың алты Алаштың арда ұлына жасаған ең жоғары құрметі.Солай бола тұра, осыдан біршама уақыт бұрын отандық «Ел арна» телеарнасында Бауыржан Момышұлының стендтегі фотосуретінің басын ойып, оның орнына өзінің басын қойған Мөлдір Мұқанқызының бұл әрекетін өте әбестік деп бағалаймыз. Бұл енді барып тұрған ақымақтық. Саналы әрі ақыл тоқтатқан адам ешқашан мұндай ұят тірлікке бармайды. Оның үстіне, Бауыржан Момышұлы қатардағы жай адам емес. Баукеңді қай қырынан алып қарасаңыз да, қастерлеуге тұратын нағыз тарихи тұлға. Қалай десек те, қалай мақтасақ та, батырдың азаматтық келбетіне сыяды.
Бауыржан Момышұлы – алты Алаштың арысы. Мысалы, Ахмет Байтұрсыновты «Ұлт ұстазы» деп дәріптейтін болсақ, елі мен Отаны үшін жанын аямай еңбек еткен Батыр Бауыржан Момышұлын «Алты Алаштың арысы» десек, әбден жарасады. Баукең Алаш арыстары мен қайраткерлерінің жолын жалғап, елге адал қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен ірі тұлға. Сондықтан, батырдың фотосуретімен ойнамақ түгілі, оның атына, әруағына тиісуге болмайды!
Жаратқанның сүйген құлы болса керек, «Қазақ» деген халықтың аты айтыла қалса, оның даңқты перзенті Бауыржан Момышұлының да есімі қатар аталады. Оның ерлік даңқы көзі тірісінде-ақ халық өмірімен астасып кеткелі қашан. Бауыржан – халқының қаһарман перзенті, қоғамның адал азаматы. Оның ерлігін Кеңес одағы немесе оның айналасындағы елдер ғана емес, кезінде бүкіл әлем мойындағанын жақсы білеміз. Сонау Атлант мұхитының ар жағындағы Куба елінің көсемі Фидель Кастроның да Баукеңнін ерлігі мен соғыстағы тактикасын жоғары бағалап, 1963 жылы еліне арнайы шақырғаны да тарихтан белгілі.
Қазақ – көп дүниенің парқын білетін, сөздің қадірін өзінің қадірі деп түсінетін халық. Сондықтан ата-бабаның бұрынғы-соңғы дәстүр-салтын алып қарайтын болсақ, ұлы кісінің атына немесе халқы қолдаған ұлы тұлғалардың әруағына тіл тигізгендердің кейін жақсы болғанын көрген емеспіз. Халқымызда «О дүниелік болған марқұмға тас атпа, Әруаққа тіл тигізбе!» немесе «Әруақ атқан оңалмайды!» деген ұғымдар бар. Біз де үлкендердің осындай тәлімді тәрбиесімен сусындап өскен аға буын ұрпақтың өкіліміз.
Көпшілік аудиторияның алдында танымал әзілкеш Тұрсынбек Қабатовтың әйелі Мөлдір Мұқанқызының батыр Бауыржан Момышұлының фотосуретімен орынсыз ойнағаны дұрыс болмаған. Бұл – әбестік. Болар іс болды. Ендігі кезекте телеарна эфирінде осындай ерсі әрекетке барып, қоғам алдында ұятқа қалған Мөлдір Мұқанқызы батырдың туған-туыстарынан, халықтан және көрерменнен жария түрде кешірім сұрау керек деп есептеймін!
Ойланбай жасалған әрбір әбес қылық кімді де болсын, қоғамның алдында ұятқа қалдырады. Өлімнен – ұят күшті. Телеарна эфирінде осындай ерсі әрекет жасаған азаматшаны дұрыс жолға салған жөн. Бұл жағдай басқаларға да сабақ болса игі!
Аманжол қажы ДҮРӘЛІҰЛЫ,
еңбек ардагері,
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы