Қоғамда көрініс тапқан оқиғалар мен түйткілді мәселелерді астарлы әзілмен, қағытпа қалжыңмен жеткізе білген ойынға М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Престиж», Ш.Мұртаза атындағы Халықаралық Тараз инновациялық институтының «Метеорит», Жамбыл жоғары медициналық колледжінің қыздарынан құралған «Аманат құрамасы» командалары өнер көрсетті. Сонымен қатар Шымкенттен арнайы келген «Ақбұлақ» пен меркілік «Меркістан», тараздық «Фокус» командалары да әзілдерімен сахнаны жандандыра білді.Көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған ойынға Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары Мақпал Досымбекова,
«АMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, облыстық «AR-AI» газетінің бас редакторы Тұрсынбек Сұлтанбеков, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Қадыралиев, айтыскер ақын, республикалық «Jaidarman» ойындарының жоғары лигасында өнер көрсетіп жүрген «Medium» командасының ойыншысы Дидар Апбасов төрелік етті. Ал талантты жастардың басын тоғыстырған ойынды «Жайдарлы жастар КВН лигасы» жастар қоғамдық бірлестігінің төрағасы, «Меdium» құрамасының капитаны Еламан Юсуп жүргізді.
Тартысқа толы болған ойынның шымылдығын меркілік «Меркістан» құрамасы түрді. Көрермендермен сәлемдесе салып әзіл басын «Олимпиада чемпионы шыққан ауылдың қасындағы ауылдан келдік» деп бастаған меркілік жастардың Париждегі жетістіктерімізді әдемі әзілмен насихаттай білгені ұтымды шықты. Елдос Сметовтің жерлестерінің ықыласына бөленгенін, чемпионның өзіне тарту еткен су жаңа көлігін алғашқы бапкеріне сыйлағанын да қалжыңдарынан қалыс қалдырмады. Меркілік әзілкештердің «облыстық жастар ресурстық орталығының директоры зейнет жасына шықса» деген әзілі де көрермендерді күлкіге қарық қылды. «Шүкір, зейнетке үш үйір жылқымен шықтым» деген директордың үйір дегені картинадағы жылқы болып шыққанына көрермен де, қазылар алқасы да қыран-топан күлкіге батты.
«Елестетеміз, егер сығандар дамып кетсе» деп садақаны «QR» қағазымен сұрап отырған жандар жайлы әзілдері де еріксіз езу тартқызды. Дипломын сатып алған дәрігердің отаны ғаламторға қарап жасап жатқаны қоғамның шындығын суреттеп тұр. Болмашы жайтты дабыра етіп, барлық кемшілікті әкімшілікке жаба беретін блогерге «Неге тырнақ астынан кір іздеуге дайын тұрасыңдар, одан да сол тырнақ астындағы кірді бірге тазаламайсыңдар ма?» деп, ақыл айтқан ақсақал туралы қалжың да көптің көңіліне ұнамды болды. Әзіл соңында сол қарияның өзі де блогер болып шығып, «Балам, мына видеоны интернетке «Ата блогерді жер қылды» деп салсаң желіні жарады» дегенде ойынды тамашалаған жұрт біразға дейін күлкісін тоқтата алмады. Осылайша ұтымды әзілдерімен ерекшеленген «Меркістан» сайысты сәтті бастап берді.
Келесі болып сахнаға шыққан «Фокус» командасының да ойыны осал емес. Тәжірибелі құрама өзекті мәселелерді қаузап, өткір қалжыңдарымен көрерменнің талғамынан шықты. Әсіресе «Сарысуда су сары емес, мөлдір, Таласта ешкім таласпайды, Жуалыда жуа өспейді, картоп өседі, Жаңатастың тасы жаңа емес, ескі» деген әзілі есте қалды. «Аманат құрамасы» командасының да дайындығы жоғары деңгейде екені байқалды. Қыздардың «Бүгінгі ойын Олимпиада секілді өтіп, үміт артқан командалар жеңіліп, ешкім сенбеген топтар жеңімпаз атанса» деген қалжыңы Олимпиада ойындарындағы сәтсіз тұстарымызды суреттеп тұр. Сахна еркелері «Жаз бойы қыдырмай-ақ күнге күйдік» деп әзілдеріне республикалық «Таза Қазақстан» акциясын да қосты. Қылықты қыздардың ауданнан шыққан танымал тұлғалар туралы әзілі де көңілге қонымды. «Дискотекадағы оқиға» деген көрініс те бұрымдылардың сәтті шыққан қалжыңдарының бірі болды. «Есімің Балқадиша емес Балқия, құдаша билейікші кел бір партия» әніне билеп жүрген қыздар «партия» сөзін естігеннен «Партия дейді, жиналыс қай жақта?» деп елең етуі ұтымды шықты.
Көрермендер көзайымына айналған «Метеорит» құрамасының ойынынан Аса ауылының тұрмыс-тіршілігі туралы ізденгені байқалып тұрды. «Асаның қауіпті аумақтары», «Асада такси ұстау әдебі» секілді қалжыңдары асалық тұрғындарға өтімді болды. Бұл командаға да біразға дейін шапалақ ұрылып, құрмет көрсетілді.Шымкенттен арнайы келген «Ақбұлақ» құрамасы да шыға салысымен «Атымызды «Асабұлақ» етіп ауыстырамыз» деп ә-дегеннен көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Командадағы ойыншы жігіт бал жинайтын ара болып киініп шығып «Асаның әр қызы гүл» дегенде асалық қыздардың мерейі тасығаны анық. Шымкенттіктердің әлеуметтік желіде танымал «Мама, мен сізді жақсы көремін» деп айту челленджі туралы әзілі ең үздік көріністердің бірі десек, артық айтқандық емес. «Мама, мен сені жақсы көремін» деп айтқан баласына «Сен бала неге мені жақсы көріп қалдың? Тағы бір нәрсе бүлдірдің бе?» деген ананың сөздеріне жұрт жарыса күліп жатты. Ойын соңын «Кубок Асада қалу керек» деп түйіндеген команданың «Асабұлақ жеңімпаз» деген әзілі ұтымды шыққан.
Соңғы болып өнер көрсеткен «Престиж» командасының ойыны жоғарғы деңгейде деп баға беруге лайық. Бұл команда да әзіл басын Париж төрінде өткен Олимпиада ойындарынан бастады. «Биылғы Олимпиада тіптен қызық өтті. Жұбату күресі деген шығыпты, енді келесі ойындарда сыңсу күресі деген пайда болатын шығар. Сосын осы Олимпиада сайыстары да басқаша. Брейк данс, тир ату, құзға өрмелеу деген жарыстары бар. Одан да Олимпиаданы әуре болмай «Жеңіс» паркінде өткізе салмады ма?» деген қағытпа қалжыңдарын нағыз тапқырлық дерсің. Сондай-ақ «Осылай кете берсе төрт жылдан кейін Олимпиада ойындарына асабалар жарысын қосатын шығар.
Оған Дидарды жіберу керек. Әй, бірақ, Дидар қатырмайды-ау. Оның үстіне жұбату тосты деген жоқ» деген әзілкеш жігіттер қазылар алқасының әр мүшесі қалжыңмен түйреп өтті. Осы «Престиж» командасының Жамбыл мен Талас ауданының әңгімесі» атты көрінісі көптің көңілінен шықты. Жамбыл ауданының «Жалпақтөбе балам шекарада, 28 разъезд балам қазір бармен, өзіне бар ашқан, ашымық сатады. Қостөбе балам болса мал базарда, саудамен айналысады. Шайдана баламның фазендасы бар, Құмтиын балам қарбыз егеді. Оған Ерназар мен Өрнек балам көмектесіп жүр. Аса балам өз қолымда», деген Жамбыл Таластан хал-жағдай сұрайды.
«Бар үмітім Қаратау балам, сонымен тіршілік етіп жатырмын. Жағдайымыз жаман емес» деген Таласқа Жамбылдың «Ақылымды тыңдасаң Асадан жер алып қой, енді бес, он жылда қалаға кіреміз-ау деп отырмыз» дегені өте сәтті шыққан диалогтардың бірі.
Ойын соңында сайысқа төрелік еткен қазылар алқасы жарыс туралы пікірлерін айтып, командаларға жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін алғыстарын білдірді. Тартысты өткен ойында I орынды «Престиж» командасы иеленді. Ал II орын тұғырынан «Ақбұлақ» командасы көрінсе, III орынды «Метеорит» пен «Аманат құрамасы» командасы бөлісті. Жеңімпаздарға Алғыс хаттар мен қаржылай сыйлықтар табысталды.
Жамбыл ауданы