Сарысу өңірінің, Жаңатас қаласының өркендеуіне, дамуына үлес қосқан, еселі еңбегінің арқасында аласармас абыройдың тұғырына көтерілген тұлғаның бірі – Тыныштық Бектөреева.
Тыныштық Бегматқызы 1942 жылы 8 сәуірде Сарысу ауданы, Байқадам (қазіргі Саудакент) ауылында дүниеге келген. Балалық шағы Ұлы Отан соғысымен тұспа-тұс келіп, қиын кезеңнің ащы дәмін тата жүріп ерте есейді. Жастайынан алғыр, пысық әрі білімге құштар Тыныштық Бегматқызы 1950-1960 жылдары аталған ауылдағы орта мектепте оқып, 1960-1964 жылдары Шымкент педагогикалық институтында «Орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша білім алады.Еңбек жолын 1964 жылы «Бүркітті» елді мекеніндегі М.Әуезов атындағы мектепте мұғалім болып бастады. 1969-1971 жылдар аралығында Жаңатас қаласындағы кешкі мектептің, 1971-1973 жылдары П.Морозов атындағы мектептің директоры қызметін атқарды.1973-1978 жылдары Халық депутаттары Жаңатас қалалық атқару кеңесінің жауапты хатшысы, 1978-1990 жылдары Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1990-1992 жылдары қалалық кеңестің аппарат жетекшісі ретінде өнімді еңбек етті.
1992-1994 жылдары Жаңатас қалалық зейнетақы қорының төрайымы, 1994-2000 жылдары Жаңатас қалалық және Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы болды.2000-2008 жылдары «Отан» республикалық саяси партиясының Сарысу аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін абыроймен атқарды.2003-2007 жылдар аралығында үшінші шақырылған Сарысу аудандық мәслихатының депутаты болып сайланды.Ұзақ жылғы жемісті еңбегі, төгілген тер абырой мен құрмет болып орала бастады. Еңбектері мемлекет тарапынан жоғары бағаланып, көптеген марапаттарға ие болды. Атап айтқанда, «В.И.Лениннің туғанына 100 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Парламентіне 20 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 10 жыл», «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл», «Қазақстан Конституциясының 20 жылдығы», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 30 жыл», «Ерен еңбегі үшін» медальдары, «Жамбыл облысына сіңірген еңбегі үшін», «Сарысу ауданына сіңірген еңбегі үшін» төсбелгілері, сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше Алғыс хаттары мен өзге де салалық мақтау қағаздар – Тыныштық Бегматқызының ерен еңбегінің айғағы. Бірнеше рет Жамбыл облысы әкімінің, Жамбыл облыстық мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталған.
2002 жылы «Сарысу ауданының Құрметті азаматы» атанды.Тыныштық Бегматқызының жолдасы Қырғызбай Мұханов Жаңатас қаласындағы М.Әуезов атындағы мектепте қазақ тілі және әдебиеті пәнінен сабақ берген ұлағатты ұстаз. Қырғызбай аға бір мектепте 44 жыл ұстаздық етіп, зейнетке шықты. «Білім беру саласының үздігі», «Білім озаты» төсбелгісінің иегері.
Ұлы Рәт Мұханов – жоғарғы санаттағы дәрігер. Ұзақ жыл Сарысу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері, бөлім меңгерушісі қызметтерін атқарған. Келіні Қаракөз Дүйсенбина – ұлағатты ұстаз. Немерелері жоғары білімді, әр салада жемісті еңбек етіп келеді.Талай белестерді бағындырып, биіктерден көрініп, басшылық қызметте болып, Жаңатас қаласының қалыптасуына, дамуына үлкен үлес қосқан Тыныштық апайдың тұла бойы ізгі қасиеттерге толы.Баршаға белгілі, Жаңатас қаласы Кеңес одағының тұсында фосфор кенімен аты шыққан шаһар. Сол бір жылдары қаланың өндірісі дүркіреп, Мәскеуден тікелей басқарылып, халқының саны 60 мыңнан асқан.Жаңатас қаласының әрбір тасы Тыныштық Бегматқызының көз алдында қаланды. Сол кездерде қаланың дамығаны соншалық 26 балабақша, 8 мектеп, 1 институт, 1 техникум, 1 училище, мәдениет үйлері, театр, балаларды сауықтыру лагерьлері және әртүрлі мекемелер қызмет етті. Автобаза, зауыттар, өндіріс орындары мен трест өз алдына бір төбе. Қаланың құрылуы, қалыптасуы, өсуі және әлеуметтік-экономикалық жағынан дамуына өзіндік септігін тигізген Тыныштық апай тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы тоқырауда қаланың қираған, құлдыраған кезін де көз алдынан өткізді.
Ұзақ жыл Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Жаңатас қалалық мәслихатының, Сарысу аудандық мәслихатының хатшысы қызметтерінде жүргенде Тыныштық Бегматқызы Жаңатас қаласының дамуы үшін көп еңбек сіңірді.Кейіпкеріміздің естеліктеріне көз жүгіртер болсақ, бірде Жаңатас қаласында тасбелгінің салтанатты жағдайда ашылуына орай сол кездегі Жамбыл облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Бименде Сәдуақасов аталған іс-шараға арнайы келеді. Осы салтанатты жиында жас мұғалім Тыныштық Бектөреева сөз сөйлейді. Екі тілде таза сөйлейтін жас маманның жалынды сөзіне ризашылығын білдірген бірінші хатшы: «Бақытты бол, өркенің өссін, келешекте осы қаланы басқаратын өздерің боласыңдар» деп, батасын береді.
– «Батаменен ел көгерер» деген, үлкен кісінің батасы менің еңбек жолымның бағдаршамындай болды, – дейді Тыныштық апай сол бір оқиғаны есіне алып.
Екінші бір есіне жиі алып отыратын жағдай – Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.А.Қонаевтың Жаңатас қаласына келуі. Жалпы Дінмұхамед Ахметұлы Жаңатас қаласына екі рет келген. Үлкен кісінің келуі қаланың дамуына тың серпін берді. Димекең қаладағы әрбір атқарылып жатқан жұмысты тікелей өзі қадағалап отырған.1985 жылы Д.А.Қонаев Жаңатасқа келгенде протокол бойынша шай құю Тыныштық Бегматқызына жүктелген.
– Шыны кесені ұсынып жатқанда қолым дірілдеп кетті. Бұған облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Хасан Бектұрғанов пен облыстық атқару комитетінің төрағасы Сейілхан Аққозиев екеуі күлді. Сол кезде Димекең: «Әй, жігіттер! Бұл біздің қазақ қыздарының өзіне тән жарасымды, ибалы мінезі. Қызым, бақытты бол!» деді. Содан кейін қасындағылардан менің кім екенімді сұрады. Жаңатас қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары екенімді естіген Димаш Ахметұлы: «Бұл үлкен кісі екен ғой, амандасайық» деп, өзі қолымды алып, ақ батасын берді. Қасындағылар да келіп қолымды алып жатты.1986 жылы екінші рет келгенде ауа райы сондай жылы, шуақ шашып тұрды. Көктем айы болса да, осындай тамаша ауа райын көрген мен: «Димаш Ахметович, когда к нам добрые люди приезжают, даже погода меняется» дедім. Сонда ол кісі күліп: «Доченька, когда хорошие люди с добрыми намеренями» деп айтқаны есімде. Мен үлкен кісіге қазақы дәстүрмен иіліп сәлем жасадым. Ол кезде партия мүшелеріне сәлем салуға болмайтындығына қарамастан, ол кісі маған көзқарасымен ризашылығын білдірді. Осы үлкен кісілердің баталары қабыл болған шығар, бүгінде баталы ердей көгеріп отырған жайым бар, – дейді Тыныштық апай.
Үшінші бір жағдай, аудандағы Қыршабақтыда халықаралық геологиялық симпозиум өтеді. Кеңес үкіметінің кезінде мұндай симпозиумның саяси маңызы жоғары болатын. Жаңатас қаласына әлемнің түкпір-түкпірінен, капиталистік елдерден арнайы лауазымды қонақтар келіп, шағын шаһардың қазынасын көріп, танысып, зерттеген. КСРО геология министрлігі, геология академиясы қонақтарды күтіп алу, аралату, жиынды өткізуді ұйымдастыру сияқты жұмыстарды Тыныштық Бегматқызына тапсырған. Қыршабақтыдағы жер геология академиясына қарайды екен.
– Жүктелген жұмыстарды ойдағыдай атқарып шыққаннан кейін бірінші хатшының тапсырмасымен Алматыға барып, Қыршабақтының жерін қаланың иелігіне алдық. Соның нәтижесінде «Геолог» балалар-сауықтыру лагерін аштық, – дейді Тыныштық Бегматқызы.
Сондай-ақ, Т.Бегматқызы Жаңатас қалалық атқару комитетінің орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қаланы көгалдандыру, жасанды бассейн, балалар саябағын, орталық саябақты салу жұмыстарының басы-қасында болған. Орталық саябақтағы архитектуралық құрылыс жұмыстары туралы Тыныштық апай: «Украинаның астанасы Киев қаласынан архитектура-құрылыс институтының студенттері екі жылда екі рет келіп, архитектуралық жұмыстарды атқарды. Орталық саябақтағы архитектуралық мүсіндер солардың ой-қиялдарынан туған және қолөнер бұйымдары. Оларды арнайы шақыртып, алып келген сол кездегі комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн болатын. Шейн өте білімді, беделді, адамгершілігі мол азамат еді.
Жаңатас пен Қаратау қалаларыың дамуына үлкен еңбек сіңірген өндіріс басшысы болды. Ол кезде Анатолий Шейн комбинаттың бас директоры әрі Қазақ ССР Жоғарғы кеңесінің депутаты болатын. Ол кісі мені «Қарындасым» деп атаушы еді. Бір күні маған: «Қарындасым, осы келген құрылысшы студенттердің жасағына өзің басшылық етесің. Жандарында болып, барлық жағдайларын жасауға көмектес. Қаражатты комбинаттан бөлеміз. Шығарып салғанша бас-көз боласың», деді.
Орталық саябақтағы жұмыстар аяқталғанша студенттердің қасында болдым.Кейін кетер кезінде студенттер маған үлкен ризашылықтарын білдірсе, комбинаттың бас директоры Анатолий Шейн мені «Қарындасым» деп сыйлап, өмірінің соңына дейін қолдау білдіріп жүрді, – дейді сол күндерді ерекше бір сағыныш сезімімен еске ала отырып.
1994-1995 жылдары құлдырау кезеңі басталып, Жаңатас қаласы су және жылумен қамтамасыз етілмеді. Жоғары жақтан жекешелендіру туралы тапсырма болып, мекемелер жекенің қолына өтіп, бұзыла бастады. Шағын аудандар қирады. Қалада су мен жылу болмай қалды. Өте қиын уақыт еді. Ол кезде Тыныштық Бектөреева Жаңатас қалалық мәслихатының хатшысы болатын. Содан каланың депутаттары бірауыздан сегіз мың тұрғынның қолын жинап, Үкіметке хат дайындайды. Хатты Алматыға aпapy мәслихаттың хатшысына жүктеледі.
– Мен қасыма қалалық мәслихаттың депутаттары Р.Ықыласов, Б.Шаймановты ертіп алып, Алматыда Жоғарғы кеңестің төрағасы Әбіш Кекілбаевтың қабылдауында болып, Парламенттің тұрақты комиссиясының отырысына қатыстым. Біздің берген өтінішімізге сәйкес, Әбіш Кекілбаевтың тапсырмасымен Жаңатасқа Олжас Сүлейменов келіп, қаланың жағдайымен танысты. Осы кезде Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Меттенің басшылығымен өткен жиынға қатысып, Жаңатас қаласының жағдайы туралы мәлімдеме жасадым. Осы табанды жұмыстардың нәтижесінде Парламенттің тұрақты комиссиясының шешімімен Жаңатас қаласына 350 миллион теңге бөлініп, су мен жылу мәселесін кайта қалпына келтіруге тапсырма берілді.
Осылайша, өте қиын кезде қаланың су мен жылу мәселесіне өз үлесімізді қостық, – дейді мемлекеттік қызметтің ардагері Тыныштық Бегматқызы.
Әрине, бұл Тыныштық Бегматқызының ел даумындағы атқарған жұмыстарының бір парасы ғана.Ол өмірдің бақытын, атақ пен абыройын өзінің қажырлы еңбегімен тапты. Сондықтан да барлық саналы ғұмырын елдің дамуына, туған жердің өсіп-өркендеуіне арнаған Тыныштық апай қай қырынан алып қарасаң да құрметке лайық адал қызмет иесі. Еңбегі мен адамгершілік асыл қасиеттерінің арқасында елге сыйлы, айналасына қамқорлық шуағын шашып жүретін жаны жайсаң адамның ұлағатқа толы өмірі кейінгі жастарға қашанда үлгі болып қала бермек.
Асан ТІЛЕМІСОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Сарысу ауданы