Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

53 Мектеп «Starlink» желісіне қосылды

53 Мектеп «Starlink» желісіне қосылды
Ашық дереккөз
Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен көшпелі брифингте айтылды. Баспасөз мәслихатына облыстық білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйесі орталығының директоры Сағадат Бесінбаев, облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасына қарасты облыстық жобалық басқару және цифрландыру орталығының басшысы Гүлпара Тәшенова қатысты.

Гүлпара Алшабайқызының айтуынша, 2024 жылы облыстағы 445 мектептің барлығын интернет желісімен қамтамасыз ету үшін 635 887 709 теңгеге келісімшарт жасалып, 12 білім ордасында интернеттің жылдамдығы секундына 20 мегабитке, ал 433 мектепте секундына 20-150 мегабитке жеткен.

– Бүгінгі күні интернет жылдамдығы төмен 12 мектептегі мәселені шешу үшін облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасымен бірлесіп техникалық мүмкіндіктер қарастырылуда.2023 жылы облыстағы 446 мектептің 281-і секундына 20 мегабиттен жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етілген. Ал 165 мектептің интернеті секундына 20 мегабиттен төмен болатын. 165 мектептің интернет жылдамдығын секундына 20 мегабиттен және одан жоғары көтеру мақсатында техникалық мүмкіндіктер қарастырылып, жергілікті бюджеттен қосымша 61,8 миллион теңге бөлінген. Сөйтіп 50 миллион 95 мың теңгеге келісімшарт жасалып, 142 мектептің интернет жылдамдығы көтерілді, – деді Сағадат Бесінбаев. 


Жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз ету үшін облыстағы 53 мектеп «Starlink» пилоттық жобасына енгізіліпті. 

– «Республикалық ғарыштық байланыс орталығы» акционерлік қоғамымен 71,4 миллион теңгеге келісімшарт жасалды. Қазіргі таңда 53 мектептің барлығына құрылғылар орнатылып, интернет жылдамдығы секундына 150 мегабитке жетті.Мектептерге жеткізілген интернетпен мұғалімдердің жұмыс орнын қамтамасыз ету мақсатында «Транстелеком» акционерлік қоғамы 2 ай көлемінде жергілікті желілерді қалыпқа келтіру бойынша тегін зерделеу жұмыстарын жүргізіп, 1 миллиард 412 миллион теңгенің қажет екендігін анықтап берді.

Сонымен қатар, «Стат инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мектептердің барлығына биылғы жылдың 15 тамызына дейін тегін зерделеу жұмыстарын жүргізіп, өз тарапынан баға ұсынысын басқармаға ұсынатын болады.Бұл өз кезегінде мектептегі интернеттің мектеп ішіндегі құрылғыларға тұрақты және тең таратылуына, оқытудың цифрлық форматқа көшуіне септігін тигізеді, – деді Гүлпара Тәшенова.

Мектептердегі интернет желісінің жылдамдығын қадағалау мақсатында облыс әкімдігі цифрландыру және архивтер басқармасы, облыс әкімдігі білім басқармасы және «Новые технологии Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арасында жасалған меморандум негізінде Жамбыл, Меркі, Мойынқұм, Талас, Т.Рысқұлов аудандарындағы 5 мектепте және Тараз қаласындағы 5 мектепте NetXMS платформасын пилоттық режимде қосу мүмкіндігі қарастырылуда.

Айжан ӨЗБЕКОВА 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар