Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Адамзаттың шамшырағы

Адамзаттың шамшырағы
Ашық дереккөз
10 тамыз – ғұлама, ойшыл, ақын, ағартушы, ұлттың жаңа әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, композитор ретінде ел тарихында өшпес із қалдырған Абай Құнанбаевтың туған күні. Халқымыздың ұлы перзентінің туған күніне орай кеше Абай атындағы орталық кітапханада «Құлақтан кіріп, бойды алар» атты әдеби кеш өтті.

Тағылымы мол іс-шараны айтыскер-ақын Дидар Апбасов арнау өлеңімен ашып берді. Өз кезегінде облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ғылыми қызметкері Ербол Қамбатыров даналықтың таусылмас қазынасына айналған Абай Құнанбайұлының шығармашылығы туралы баяндап, ғылым-білім игеруде, адамгершілік қасиетті бойға сіңіруде Абай тағылымы мен өнегесінің орны зор екендігін жеткізді.Абайдың жүрегінен шыққан әрбір туынды – халқымыздың баға жетпес мұрасы мен рухани азығы. Жас ұрпақ үшін ақынның өсиеттері мен өлеңі асыл қазына.

Артында қалған мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын қастерлі құндылық. Іс-шара барысында орталықтың бөлім меңгерушісі Фариза Кенжебаева, ҚР Ұлттық Ұланы 5513 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Нұржігіт Қалықұл хакім Абайдың «Жасымда ғылым бар деп ескермедім», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Өлсем, орным қара жер сыз болмай ма?» атты өлеңдерін оқыды.

Ал Кенен Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның дәстүрлі әншісі Мерей Абуева Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» әнін әуелете орындады.Сондай-ақ, оқырмандарға Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылығы туралы сұрақтар қойылды. Оқырмандар да әр сұраққа дұрыс жауап беріп, ізденімпаздығымен таңғалдырды.Кездесу соңында «Абай – адамзаттың шамшырағы» атты кітап көрмесі оқырман назарына ұсынылды.

Кітапхана қызметкері Аңсаған Жақанаева «Абай академиясы» жобасының ғылыми жетекшісі, академик Ерлан Сыдықовтың «Абай және қазақ социумы» атты кітабына, Гүлсат Қонысбаева абайтанушы, ғалым, филология ғылымдарының докторы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» атты 10 томдық шығармалар жинағына библиографиялық шолу жасады.

Ақмарал ІЛЕБАЕВА, 
облыстық айтыскер-ақындар, жыршы-термешілер орталығының әдіскері

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар