Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Әлі де еліме жарқын жеңістер сыйлаймын»

«Әлі де еліме жарқын жеңістер сыйлаймын»
Ашық дереккөз
Өңірлік коммуникациялар қызметінде ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов пен спортшының жеке бапкері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ғалымжан Жылгелдиев қатысып, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

БАҚ өкілдері чемпионның жеке өмірі, отбасы және болашақтағы жоспарлары туралы сауалдарын қойды. Журналист Ардана Жарылқасын жанкүйерлер аяғын жерге тигізбей көкке көтеріп, ерекше сән-салтанатпен күтіп алғанда қандай сезімде болғанын сұрады. 

– Жерлестерім Олимпиададан келген сайын қошеметтеп, алақандарына салып, құрметтеп жатады. Ең алғаш рет әлем чемпионы болғанда да халықтың ықыласы ерекше болды. Дегенмен «бұл ән бұрынғы әннен өзгерек» дегендей, әуежайдағы, туған жерге келгендегі халықтың құрметін, махаббатын көргенде ерекше толқыдым. Шынымды айтсам, Олимпиаданың алтынын мойныма таққанда да дәл мұндай сезімде болмадым, – деді Елдос Сметов. 

Ал журналист Назерке Шайзадаева спортшының алдағы жоспарлары туралы, яғни спорттық мансабын қанша жасқа дейін жалғастыру ойында бар екенін сұраса, «Orda kz» сайтының меншікті тілшісі Исламбек Дастан спорт федерациясын басқару туралы ұсынысқа байланысты пікірін сұрады.

– Осы уақытқа дейін Олимпиада ойындарына екі рет қатысып, 32 жасымда алтыннан алқа тағындым. Ал Демеу Жадыраев 35 жасында грек-рим күресінен Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Куба палуаны Михаин Лопес Нуньес 45 жасында 5 дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Адамның психологиялық тұрғыда дайындығы мықты болса, қанша жаста болса да жеңіске жетуге мүмкіндігі бар. Әсіресе Демеу Жадыраевтың жеңісі маған мотивация берді. Сондықтан әзірге спортты тастамаймын. Әлі де еліме жарқын жеңіс сыйлаймын деп үміттенемін.
Ал спорт федерациясын басқару туралы сұраққа келетін болсақ, мені ешқашан мансап, қызмет қызықтырған емес, – деді Елдос Сметов.

 

«Jambylinfo.kz» сайтының тілшісі Мағжан Орынбасардың әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен сұрағына қатысты да бүкпесіз жауап берді. 

– Рас, желіде маған қатысты түрлі видео тарауда. Ең қатты таралып, қызу талқыланған видеоға байланысты айтар болсам, онда ешқандай жаман сөз айтылмаған секілді. Уағыз форматында да айтылып тұрған жоқ. Бар болғаны басымнан өткен жайттарды, әсерді өзгелермен бөлістім. Адамдарды арнайы жинап, уағыз айту деген мақсат болған жоқ. Жақындарымның арасында отырған кезде қуанышымды бөлісу, жеңіске жету жолындағы қиындықтарды, қызықтарды жеткізу мақсатында айтылған дүние еді. Бірақ оның бәрі жаман тәрбиеге шақыратын сөздер деп ойламаймын. Өзгелердің шашын, қасын бояп, құлағын тесіп жүргеніне қарағанда, осындай әңгіменің көп болғаны, оның тарағаны дұрыс деп ойлаймын, – деді Елдос Сметов.


Сұрақ-жауап барысында Елдос Сметов Олимпиаданың қуаныш пен көңілге мұң ұялататын сәттері көп дода екенін, спорттың әлемді біріктіретінін, достықты нығайтатынын атап өтті. 
Спорт ұлтты ұлықтайтын жалғыз фактор емес. Ұлтты ұлы қылатын мықты экономика, дамыған ғылым мен білім, озық технология, мықты медицина және адам капиталы. Осы факторлар бір жерде тоғысқанда спорт та дамитынын тілге тиек етті. 

– Олимпиада ойындары ғажап сәттерге толы болды. Осы орайда ерекше естеліктермен бөліскім келіп отыр. Спорттық гимнастикадан америкалық Симона Байлз бразилиялық Ребека Андраденің алдын үш рет орап, алтын алып кетіп жүрді. Ребека үш рет күміс медальды місе тұтып жүрді. Париждегі Олимпиадада Ребеканың арманы орындалып, еркін жаттығуда алтын алды. Керісінше Симона Байлз күміс жүлде иеленеді. Марапаттау рәсімінде Симона Ребекаға иіліп, құрмет көрсетті. 

Бадминтоннан әйелдер арасында жартылай финалда испаниялық Каролин Марин аяғын жарақаттап алып, жарысты жалғастыра алмай қалды. Финалға шыққан қарсыласы қытай спортшысы Хэ Бинг Цзяо марапаттау рәсімінде Каролин Маринға құрметі ретінде өзімен бірге Испанияның төсбелгісін алып шықты. Олимпиадада көп адамның жылап жүргенін көрдім. Мүлде бөтен спортшының жеңісіне немесе жеңілісіне жылайды. Танымайтын адамның жеңісіне қуанады. Мені де кешкі аста шетелдік спортшылар жүгіріп келіп құшақтап, бетімнен сүйіп жатты. Әттең, айтқан сөздерінің көбін түсінбедім. Қолпаштау, марапаттау сөздер екенін олардың бал-бұл жанған жүздерінен ұқтым. Сөйттім де ағылшын тілін үйренуім керек деп шешім қабылдадым, – деді. 

Брифинг соңында журналистер Париж төрінде алты Алаштың абыройын асқақтатқан Елдос Сметовпен естелік суретке түсті.

Эльмира Байназарова

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар