Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Әдістемелік қызметті жаңғыртудың маңызы ерекше

Әдістемелік қызметті жаңғыртудың маңызы ерекше
Ашық дереккөз
Ақпараттық технологиялардың қарқынды дамуы әртүрлі салаға үлкен өзгерістер енгізуде. Осыған байланысты білім беру саласында орын алып жатқан өзгерістерді дұрыс қабылдап, оқытудың озық технологияларын сауатты меңгермейінше, бүгінгі заман талабына сай ұстаз да, дарынды және талантты тұлға болу да мүмкін емес.

Қазіргі қоғамға жаңашыл, заманауи, құзыретті ұстаз керек. Білім берудегі негізгі мақсат – тек білімді, дарынды, кәсіби мамандандырылған адам дайындау ғана емес, рухани дүниесі бай және адамгершілігі зор, қоғамдық өмірдің барлық саласында ұлттық құндылықтарды бағалауға және дамытуға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру. Заман талабына сай тұлға қалыптастыру білім беру мен тәрбие процесінде жүзеге асырылатындықтан, білім мазмұнын жаңарту арқылы жан-жақты ұрпақ тәрбиелеуде ұстаздың орны мен атқаратын жүгі ауыр.Заманауи ақпараттық және сандық білім беру технологияларын тиімді пайдаланбай, оқушы мен мұғалімнің жұмысының сапасы артуы мүмкін емес.Ұлтымыздың ұлы ұстазы Ахмет Байтұрсынов: «Білім – біліктілікке жеткізетін баспалдақ, ал біліктілік – сол білімді іске асыра білу дағдысы» деп, білім мен біліктілік жайлы орынды пікір білдірген. Яғни білім берудің нәтижелілігі мұғалімнің шеберлігі, шығармашылығы мен кәсіби құзыреттілігіне байланысты.XXI ғасыр – ақпараттық технологиялар мен заманауи цифрлық ресурстардың өмірімізге етене енген кезеңі. Сондықтан әрбір ұстаз заман талабына сай жаһандық өзгерістер күнде құбылатын дәл қазіргі уақытта оқушы құзырлығын дамытуға ерекше көңіл бөлуі ең өзекті мәселе.

Оқушылардың бойына қажетті дағдыларды дарыту үшін мұғалімдер тынымсыз еңбектенуі керек. Баланың бойындағы табиғи мүмкіндіктерді ашу, әр баланың өзін тұлға сезіне білуі, шығарашылық қабілетін дамыту, ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген заманауи тұлға өсіру тікелей мұғалім еңбегінің маңызды екендігін мойындатады.Ұстаз мәртебесі – астары тереңде жатқан қадірлі ұғым және қоғам жауапкершілігін анықтайтын өлшем. Сондықтан еліміздегі мұғалім беделін арттыра түскен «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы ұстаздар мерейін өсіре түсті. «Алты Алаштың басы қосылса, төрдегі орын – ұстаздыкі» деген Мағжан Жұмабаевтың қанатты сөзі әлі де өзектілігін жоғалтқан жоқ.Бүгінде мұғалім мәртебесін көтеріп, беделін биіктетуге ерекше көңіл бөлінуде. Ұстаздардың құқығы, беделі, әлеуметтік жағдайы заңмен бекітіліп, үлкен құрмет көрсетілген соң, оларға қойылатын кәсіби талап та арта түседі. «Мектептің жаны – мұғалім. Ол қандай болса, мектеп те сондай болмақшы. Яғни, мұғалім білімді болса, балалар мектептен терең білім алып шықпақшы. Солай болған соң, ең әуелі мектепке керегі – білімді, педагогика, методикадан хабардар, жақсы оқыта білетін мұғалім», деген Ахмет Байтұрсынұлының сөзі бүгінгі ұстазға қойылатын талапты дөп басып тұр.

Өскелең ұрпақты тәрбиелеп, білім беретін маманға өркениетті елдер аса құрметпен қарайды. Мұндай көзқарасқа біз де қол жеткіздік. Сөзімнің дәлелі – жаңа заңда қарастырылған позициялардың барлығы мұғалімнің жеке дамуына және оқу процесін жетілдіруге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, педагогтің оқыту мен тәрбиелеудің авторлық әдістерін әзірлеу және қолдану, оқу құралдарын таңдау, ақпараттық ресурстарды тегін пайдалану, біліктілікті арттыру және тағылымдамадан өту формаларын таңдау бойынша кәсіби құқықтары кеңейтілді. Педагогке тән емес функцияларға тартуға, шамадан тыс есеп беруге, негізсіз тексерулер жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген. Бұдан бөлек, педагог мамандардың балаларын балабақшаға орналастыруда басымдық беру, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» мемлекеттік марапаты сияқты бірқатар материалдық емес ынталандыру қарастырылған. Бұл ретте әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру, ауылдық жерде жұмыс істейтін педагогтерге жоғары жалақы төлеу, денсаулығын сақтау, «Үздік педагог» сынды гранттарға әлеуметтік кепілдіктер сақталған. 

Осылайша арнайы заң қабылданып, қолдау көлемі артып жатқан соң тиісінше әлемдік білім беру процесін ескере отырып, педагогтерге қолдау көрсететін әдістемелік қызметті жаңғырту, сондай-ақ әдістемелік сүйемелдеу және жұмысты жүйелеу – бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазіргі таңда әдіскерлердің және педагогтердің жеке-кәсіби құзыреттерін дамытуға және идеяны іс жүзінде іске асыруға мүмкіндік беретін көп өлшемді, көп деңгейлі, көп мәдениетті әдістемелік кеңістік құру зор маңызға ие болып отыр.Әр жыл сайын мұғалімдерге арналған мемлекеттік бағдарлама – біліктілікті арттыру курстары қолға алынуда. Бұл ұстаздардың жетілуіне, өздерінің теориялық білімін шыңдауына, біліктіліктерін арттыруға, жаңа заманға сай техноголиялармен танысып, тәжірибеде қолдануына үлкен ықпал жасайды.

Осы орайда, «Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы филиалы облыс бойынша кәсіби даму институты да мұғалім мәртебесін арттыруға өз тарапынан үлкен үлес қосып келеді. Өңірдегі барлық білім беру ұйымдарының педагогтерімен тікелей жұмыстар атқарып, біліктіліктерін арттыру мен курстан кейін қолдау, әдістемелік сүйемелдеу, қолдау шараларын үздіксіз әрі нәтижелі жүргізуде. Өңіріміздегі барлық педагогтерге сұранысқа сай өз пәні мен лауазымы бойынша арнайы біліктілікті арттыру курстары сапалы ұйымдастырылып, нәтижелі жұмыстарға бастау болатын құзыреттілік қалыптастыруға мүмкіндіктер жасалуда. Білім саласында жаңашыл педагогтер санының өсуіне өзіндік үлесін қосуда институт қызметкерлерінің еңбегі зор. 

Биыл тұңғыш рет ұйымдастырылған «Әдістемелік қызметті трансформациялау» біліктілікті арттыру курсы қазіргі білім беру жағдайында педагогикалық ұжымды нәтижелі оқу-әдістемелік сүйемелдеу үшін оқу-әдістемелік орталық, аудандық және қалалық білім бөлімдері әдістемелік кабинеттерінің әдіскерлері мен мектеп директорының ғылыми-әдістемелік, оқу ісі жөніндегі орынбасарларын қамтып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік берді. Курс тыңдаушылары халықаралық тәжірибені ескере отырып, ҚР орта білім беру мазмұнын жаңартуды, ғылыми-әдістемелік процестің мазмұны мен құрылымы бойынша теориялық материалды жүйелеуді меңгерді.Сонымен қатар оқытудың инновациялық технологияларын практикада қолдануда педагогтерге әдістемелік көмек көрсету, әдістемелік жұмысты жоспарлауда, педагогтердің кәсіби қиындықтарын мониторингілеуде және бағалауда кәсіби құзыреттілігін арттыру, заманауи цифрлық технологияларды қолдану бойынша кәсіби білімдерін толықтырды.

Әдіскердің миссиясы, рөлі, кәсіби құзыреттілігі нақтыланып, өзгеріске бейімделу, оқу-тәрбие процесін жаңа бағытта құру туралы нақты жоспарлар құрылды. Басты мақсат – «үздіксіз білім беру» жағдайында педагогтің кәсіби дамуының көптеген траекторияларын қамтамасыз ету үшін нәтижелі оқу-әдістемелік процесті ұйымдастыруда, жоспарлауда, үйлестіруде және жүзеге асыруда заманауи әдіскердің жеке-кәсіби құзыреттілігін дамыту. Осы арқылы заманауи педагог имиджін қалыптастыру, мұғалімнің қоғамдағы рөліне маңыз беру. Нәтижесінде педагогтермен тиімді қарым-қатынас жасауға бейім, сапалы әдістемелік қолдау мен сүйемелдеу жұмыстарын үйлестіруге бейім әдіскер өз қызметін жаңа мазмұнда құруға мүмкіндік алды. Алдағы оқу жылында өңір педагогтерінің сапалық деңгейін көтеруге, кәсіби әлеуетін арттыруға өзіндік үлестерін қосарына сенім мол.Мұғалім – үлкен міндет пен жауапкершілігі мол мамандық. Ол өскелең ұрпақты қоғамның болашақ азаматы ретінде тәрбиелей отырып, кез келген адамның ортаға әлеуметтенуіне байланысты жұмыстар атқарып, баланың тілін тауып, өмірге бейімдеуге бағыт беруші тұлға. Мұғалім – ғасырлар бойы қалыптасып, түрлі өзгеріске ұшыраған, нәтижелі әлеуметтік тәжірибені саралап, ең дұрыс және ең қажетті жақтарын бала бойында қалыптастыруға тырысатынын нағыз маман. Сондықтан мұғалім мәртебесі қашан да биік, мәртебелі әрі құнды болып қала бермек.

Ләззат ӨТЕУЛИЕВА,
«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы

облыс бойынша кәсіби даму

институтының аға оқытушысы,

әдіскер

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар