«Bullying» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «қорқыту», «кемсіту», «мұқату» деген мағынаны білдіреді. Оған агрессия немесе күш көрсету арқылы өзге адамды қорлау, үстем екендігін көрсетуі кіреді. Буллингке сөзбен кемсіту де жатады. Өкініштісі, қоғамда «буллинг тек мектеп оқушылары арасында ғана кездеседі» деген қате пікір қалыптасқан. Шын мәнінде, кез келген жастағы адам үйде де, көшеде де, жұмыста да әлімжеттікке тап болуы әбден мүмкін.
– Буллингтің негізгі төрт түрі бар. Олар – сөзбен қорқыту, күшпен қорқыту, реляцион түрі және кибернетикалық буллинг. Балалар арасында буллинг бұрыннан қалыптасқан десек болады. Сонымен қатар қазір буллингтің физикалық түріне қарағанда психологиялық шабуылы көбірек байқалады. Балалар арасындағы суицидтің көп белең алып кетуі де осыған байланысты. Алайда біз бұдан физикалық буллингке қарағанда оның психологиялық түрі қауіпті болады деп айта алмаймыз. Екеуі де қауіпті. Мысалы, физикалық шабуыл кезінде қудалауға ұшыраған балаға ауыр соққы жасалса, психологиялық түрінде бала ортасынан шеттетіліп, мазаққа, күлкіге айналады. Мұның барлығы да жасөспірімге ауыр әсер етеді, – деді психолог Анар Байдилдаева.
Өңірімізде кәмелетке толмағандар арасындағы буллингтің алдын алу бойынша бірнеше іс-шара қабылданған. Атап өтсек, «Komek Stop Bullying» және «Психологиялық қызмет HR+» жобалары іске асырылуда.
– Облысымызда 2023-2024 оқу жылының қыркүйек айынан бері «Komek Stop Bullying» жобасы іске асырылуда. Жоба оқушылар мен колледж студенттері арасында буллингтің алдын алу және психологиялық көмекті қажет ететін балаларға дер кезінде көмек көрсетуге бағытталған. Өткен жылдың тамыз айында «Komek Stop Bullying Jambyl» «Тelegram» каналы ашылды. Сондай-ақ, аталған ақпараттық жүйенің QR кодтары білім мекемелеріне орнатылды.
«Komek Stop Bullying Jambyl» «Теlegram» каналына 400-ден аса хабарлама түсті. Солардың 270-і жазбаша хабарлама болды. Олардың 14-і буллинг, 14-і бопсалау, 9-ы тиісу орын алатыны туралы болса, екеуі тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты. Сонымен қатар тағы 20-сы мұғалімдердің жұмысына көңілі толмайтынын айтса, жетеуі ата-аналарына шағымданған, 33-і көңіл күйлерін білдіру түріндегі жазбалар болса, 171-і ойлары толық жеткізілмеген хабарламалар.
Буллинг, бопсалау, тиісу, тұрмыстық зорлық-зомбылық, мұғалімдер мен ата-аналарға шағымдану жөніндегі 66 шағым бойынша жедел түрде полиция бөлімдеріне хабарланды. Осылайша мәселе полиция қызметкерлерінің қатысуымен ата-аналар жиналыстарында, комиссияларда қаралды және 37 оқушы мектепішілік есепке алынып, ата-аналарына ескертілді.Сонымен қатар облыс әкімдігі білім басқармасының әлеуметтік тапсырысы шеңберінде облыс мектептерінде 2023 жылдан бері тәуекел тобындағы балаларды анықтап, олармен профилактикалық алдын алу жұмыстарын жүргізуге бағытталған «Бестерек» жобасы іске асырылуда. Жобаның бірінші кезеңінде 634 жауапты білім мекемелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курстарымен қамтылса, екінші кезеңінде 15 қаңтардан бастап 638 педагог-психолог пен 445 мектеп директорына арналған оқыту курстары ұйымдастырылды, – дейді облыс әкімдігі білім басқармасының қосымша білім беру, тәрбие және балалардың құқықтарын қорғау бөлімінің бас маманы Мұхтар Керімбеков.
Аяулым Жаманқара,
журналист