Осы ретте, қазіргі таңда елімізде жүзеге асып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының тиімділігін де ерекше атап өткен жөн. Себебі, технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізу барлық салаға серпін беруде.Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы қабылданғалы бері цифрландыру жұмыстары күшейе түсті.Аталған мемлекеттік бағдарламаның тиімділігі және «Электронды үкімет» порталындағы мемлекеттік қызметтер ауыл тұрғындарына қаншалықты қолжетімді? Қанша қызмет түрін тұрғындар үйде отырып-ақ пайдалана алады? Осы және өзге де сауалдар жөнінде «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамының облыстық филиалының Жуалы аудандық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы Ермек Абдиваитов айтып берді.
– Бүгінгі күні «Электрондық үкімет» порталында әртүрлі қызмет пен сервис қолжетімді. Порталдағы барлық қызметтерді қолдану үшін азаматтарда ең алдымен электронды сандық қолтаңба болуы керек. Қазіргі таңда 1 327 мемлекеттік қызметтің 1 249-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы көрсетіледі.«Электронды үкімет» порталы арқылы мемлекеттік қызметтерге оңай қол жеткізуге болады. Бүгінгі таңда www.egov.kz порталында 1 198 қызмет түрі бар. Қуантатын жайт, мемлекеттік қызмет түрлерінің 90 пайыздан астамын электронды негізде алуға болатыны. Сонымен қатар, аталған бөлім орталығында «Құжаттарды қабылдау секторы», «Өзіне-өзі қызмет көрсету секторы», «Жинақтау секторы», сонымен қатар «Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған терезе» және «Е-Нәтиже терезесі» аудан тұрғындары үшін қызмет етіп келеді.
Мекемедегі 16 маман халық үшін аянбай тер төгіп, жұмыстарын тиянақты атқаруда.Иә, расында заманның талабына сай цифрландыру дамыған сайын адамдар қағазбастылықтан арылып келеді.Қызметтердің электронды нұсқаға айналуы, онлайн қызметтің тәулік бойы жұмыс істеп тұруы халық үшін өте тиімді. Сондай-ақ, сервистер мен қызметтердің бір жерде, бір тетіктен басқарылуы www.egov.kz порталында жүзеге асырылған.«Электронды үкімет» – жылдам әрі үйренуге өте жеңіл, басқаруға қолайлы портал. Бұл портал мемлекеттік қызметтер түрін бір орында отырып алуға мүмкіндік береді. Тоқтала кететін болсақ, өте жиі кездесетін қызметтің түрі – зейнетақы аударымдары туралы анықтама. Бұл анықтаманы алу арқылы азаматтар ай сайынғы салым сомасын қадағалай алады. Келесі – жылжымайтын мүліктің болуы немесе болмауы туралы анықтама.
Бұл – белгілі бір тұлғаның тұрғын үй, жерін дәлелдейтін, қашан тіркелгенін анықтайтын анықтама. Аталған анықтамаларды тұрғындар ХҚКО-ға келіп, ұзын-сонар кезекте тұрмай-ақ үйде отырып ала береді.Сонымен қатар, азаматтарға сапалы қызмет көрсету үшін 1414 call орталығы да іске қосылған. Клиенттер тарапынан туындайтын сұрақтарға маманның аудио не болмаса бейне байланыс арқылы жауап беру алгоритмі енгізілген.Қосымша айта кететін болсақ, ауданда 39 өзіне-өзі қызмет көрсету бұрышы жұмыс істейді.Сонымен қатар, «Электронды үкімет» порталында қызмет алуды қолжетімді ету мақсатында соңғы төрт-бес жылдың көлемінде ауылдық кітапханалардан ақпараттық орталықтар жабдықталып, ашыла бастады. Онда ауыл тұрғындарының қызмет алуына арнайы курстан өткен жауапты мамандар көмек көрсетуде.
Дегенмен аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының көмегіне жүгінушілердің қатары азаяр емес. Мысалы, шалғай ауылдық округтен болмашы бір анықтама үшін цифрландырылған ақпараттық орталыққа жүгінбестен, аудан орталығындағы халыққа қызмет көрсету орталығында сағаттап кезекке тұратындар да кездеседі. Қызмет алушылар ең бірінші кезекте осы мәселелерге баса назар аударғаны жөн. Оңтайландырылған қызметтердің түрін аудан орталығына сабылмай-ақ өздері тұратын ауылдық кітапханалардан алуға болатынын тұрғындардың есіне саламыз.
Сонымен қатар, Қазақстанда онлайн сауда нарығы дамып келеді. Қазіргі таңда тұрғындардың басым бөлігі цифрлық тұрғыдан сауатты. Қолындағы ұялы телефонның көмегімен түрлі қосымшалар арқылы мемлекеттік қызмет түрлерін алуға болады. Нақты айтар болсақ, «Телеграмм бот», «Цон», «eGov mobile» қосымшалары халықтың игілігіне қызмет етеді. Бұрындары кезекте тұрып, уақытын сарп етіп, арнайы мекемеге бару керек болса, қазір Қазақстан халқы төлемді де, оның ішінде салық, айыппұл, коммуналдық қызметтерді төлеу секілді тағы да басқа түрлі операцияны үйде отырып-ақ орындай алады.«Kaspi» және «Homebank» мобильді қосымшаларын пайдалану да тұрғындарға қарапайым және түсінікті. Ал оларды пайдалану көрсетілетін қызметті алушы мен қызметкердің тікелей байланысын болдырмайды. Сондықтан көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді смартфондарға шығару тұрғындардың уақытын үнемдеуге септігін тигізеді. Ең көп сұранысқа ие мемлекеттік қызметтер қазір онлайн режимде қолжетімді. «Kaspi» мобильді қосымшасында бірнеше мемлекеттік қызмет түрін алуға болады, – дейді Е.Абдиваитов.
Тіркелу кезінде фото сәйкестендіруден өту керек. Бұл басқа ешкім сіздің атыңыздан аталмыш қызметті пайдалана алмайтындығына кепілдік береді. Сонымен қатар, азаматтардың жеке дерегі үшінші тұлғаға жарияланбайды.«Электрондық үкімет» порталы туралы сөз қозғағанда, кейінгі жылдары ауылдық кітапханалардан ашылып, тұрақты жұмыс істеп келе жатқан цифрландырылған ақпараттық орталықтардың тиімді қызметі туралы да айтпай кетуге болмайды. Қазіргі таңда ауданға қарасты барлығы 21 ауылдық кітапханада жоғарыда аталған орталықтар азаматтарға қызмет көрсету үстінде.Цифрландырылған ақпараттық орталықтар ауыл тұрғындарына е.gov.kz порталы арқылы қызмет түрлерін көрсетеді. Атап айтқанда, мұнда электрондық қызметтің 20 түрінен анықтама беріледі. Ауылдық кітапханаларда e-gov.kz порталы бойынша жалпы 35 104 анықтама берілген.
Оның ішінде, зейнетақы қоры, жылжымайтын мүлікке қатысты, азаматтың сотталған немесе сотталмағаны, несие тарихы туралы анықтамалардың саны көп. Одан бөлек, азаматтарға ақпараттық орталықтар арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету қызметін де пайдалануға мүмкіндігі бар.Тұрғындар үшін электрондық қызмет көрсетудің тиімділігі сол, олар бір анықтама алу үшін аудан орталығына келмей-ақ, өз ауылында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталыққа өтініш беріп, керекті қызметін алуға болады. Бұл тұрғыда аудандық орталық кітапхананың ғимаратында орналасқан цифрландырылған ақпараттық орталығының әдіскері Гүлдана Шапенова тұрғындарға цифрлық қызмет көрсету ауқымының жылдан-жылға кеңейіп келе жатқанын және оның азаматтарға өте тиімді екенін айтады.
Анар Тіленшиева,
журналист,
Жуалы ауданы