Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

«Болашақ» бағдарламасына бакалавриат қайта енгізілмек

«Болашақ» бағдарламасына  бакалавриат қайта енгізілмек
Ашық дереккөз
Ілім-білімсіз ілгері жылжу мүмкін емес. Сондықтан да елімізде бұл салаға айрықша басымдық беріліп келеді. Тіпті, жастардың шетелдің маңдайалды университеттерінде оқуы үшін лайықты жағдай жасалуда. «Болашақ» бағдарламасы- осы сөзіміздің бір дәлелі.

Бүгінде үміткерлер «Болашақ» бағдарламасымен тек магистратура мен докторантурада оқи алады. Енді аталған бағдарламамен бакалавриат бойынша  да білім алуға мүмкіндік берілмек.Айта кету керек, бұрын «Болашақ» бағдарламасымен бакалавриатта оқуға мүмкіндік болған. Дейтұрғанмен, отандық университеттерді шетелден магистр және доктор дәрежесін алып келген сапалы мамандармен толықтыру мақсаты алға қойылып, бакалавриат бағдар-ламасы «Болашақтан» алынып тасталды.Оның үстіне әлі оң-солын танып білмеген жастардың бірден шекара асып кетуіне алаңдаушылықтың да арта түскені жасырын емес.Әйтсе де кейінгі уақытта «Болашақ» бағдарламасына қандай өзге-рістер қажеттігі туралы талқылауларда бакалавриатты қайтару жөнінде жиі айтылып жүрді. Көпшіліктің қызу талқысынан кейін 10 жылдан аса уақыт бұрын жабылған бакалавриат бағдарламасын қайтару туралы шешім қабылданды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі ұйымдастырған баспасөз жиынында аталған ведомство басшысы Саясат Нұрбек толығырақ айтып берді.

«Бұл шешімді Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссия былтыр қабылдады. Бұл өз кезегінде кейбір заңнамаға өзгерістер енгізуді талап етеді, сондықтан біз өткен жылдың соңында Парламентке тиісті заң жобасын ұсындық, депутаттар қолдап, өз ұсыныстарын енгізді. Парламенттің жаңа сессиясы бастала салысымен, біз аталған жұмысқа белсенді түрде араласуды жоспарлап отырмыз. Өзгерістерді биыл қабылдап, «Болашақ» бағдарламасы аясында бакалаврлар санатын қалпына келтіреміз. Көп адам осы мәселеге қатысты мықты, білімді жастар тағы шетке кететіні туралы ой айтады. Бұл шешім керісінше ең үздік мектеп түлектерін маман болғанда елге әкелу мақсатында қабылданды. Себебі байқасаңыздар, жыл сайын әлемнің бірнеше елінен, небір беделді университеттерден оқуға шақырту алған мектеп түлектері туралы жиі естиміз, оқимыз. Олар шетелге кетсе, келуі екіталай. Оның үстіне кейбіріне толық грант берілмейді, толық грант берілсе де жатақханасы төленбейді. Ал «Болашақ» бағдарламасымен аттанса, барлық жағдайы жасаулы, ата-анасы да көп алаңдамайды, ең бастысы, оқуын бітірген соң елге келуге міндеттеледі. Біздің де көздеп отырғанымыз – осы», деді министр С.Нұрбек.


Жуырда Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов әлеуметтік желідегі парақшасында жаңа заңнамаға дәл осы бағдарламаға қатысты енгізген депутаттардың түзетулері туралы жазған болатын. Оның пікірінше, «Болашақ» бағдарламасы аясында дарынды балаларды қолдау бойынша заңнамаға жаңа түзетулер дайындалды.«2021 жылдан бастап Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары 5 миллион теңгеге дейін бірреттік ақшалай сыйақы, еліміздің кез келген университетінде тегін оқуға гранттар алады. Ендігі ұсыныстар қандай? «Болашақ» бағдарламасын кеңейту. Біз республикалық және халықаралық пәндік олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының жеңімпаздарын «Болашақпен» бакалавриат бағдарламалары бойынша оқытуға мүмкіндік беретін нормаларды ұсындық. Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы бойынша тек магистратура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша оқуға болады.

Негізгі шарттар мынандай болмақ: олимпиадалар мен конкурстардың тізімін республикалық «Болашақ» бағдарламасы комиссиясы бекітеді; оқу жеңімпаз жеңген профиль бойынша ғана жүргізіледі. Бұл шешім неге маңызды? Олимпиада жеңімпаздары қазіргі уақытта Қазақстан университетіне грант алу құқығына ие. Алайда шетелдік жетекші университеттер оларға бакалавриатта оқуға өз гранттарын үнемі ұсынып отырады және осы дарынды балаларымыз шетелге кетіп, сосын көбіне елге оралмайды. Мемлекет балабақша мен мектептен бастап, осындай талантты балаларға инвестиция жасағаннан кейін, бұл дарынды балаларды басқа мемлекеттің экономикасына жұмыс істеу үшін беріп қоймай, әрі қарай қолдап, еліміздің дамуына жұмыс істету маңызды. Сондықтан шетелде кадрлар даярлау бойынша республикалық комиссиясының осы жұмысты жүргізу туралы хаттамасы шыққан болатын. Маусым айында біз Үкіметтен осы түзетулеріміз бойынша оң қорытынды алып, қазір жұмыс тобында қарастырылып жатыр. Әріптестеріміз келесі сессияда бұл түзетуді қолдайды деп сенемін», деді А.Аймағамбетов.


Осылайша «Болашақ» бағдарламасының аясы кеңейіп,  бакалавриатта оқуға жол ашылмақ. Бұл тұрғыда шарт пен талап қатаңдатылып, қауіпсіздікке баса назар аударылады. Қайткен күнде де бұл өзгеріс  жастардың қолдаудың жарасымды жалғасы екендігі сөзсіз.

Мөлдір Бақытқызы, 
Тараз қаласы

 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар