Зәуреш Абдраимова – жұмыс өтілі мол әрі тұрақты тұтынушылары бар тәжірибелі кондитер. Бішкек қаласындағы жоғары оқу орнынан «Қоғамдық тамақтандыру саласының технолог-ұйымдастырушысы» мамандығы бойынша диплом алған жас маман еңбек жолын 2002 жылы «Қызылғұр» наубайханасында кондитер болып бастаған. 2012 жылы «Куликов и К» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде, сонымен қатар «Флагман» сауда үйінде, 2017 жылы «Шұғыла» сауда үйінде кондитерлік өндірістің технологі болып қызмет атқарған. Кейін үйінен кішігірім цех ашыпты. – Аспаздық өнерге бала кезімнен жақын болдым. Анамның жанында жүріп түрлі тәттілер пісіргенді жақсы көретінмін. Болашақта мамандығым тағам өндірісімен байланысты болатынын нақты білетінмін. Осылайша осы салада білім алып, мол тәжірибе жинадым. Айтпақшы, екі жыл бұрын «Бастау бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін оқып, сертификат алдым, – дейді шебер аспаз.
Кейіпкеріміз енді кәсібінің ауқымын кеңейтуді жоспарлап отыр. «Табиғи ашытқымен нан пісіруге, табиғи өнім негізінде дайындалатын тәттілерді әзірлеуге қатысты тың идеяларым, рецептерім бар. Сонымен қатар, болашақта мемлекеттік стандарттарға сай келетін, заманауи құрылғылармен жабдықталған жеке цехымды ашуды, онда жас мамандарды үйретуді, шеберлік сағаттарын өткізуді армандаймын. Бизнеске нық қадам жасау үшін қажетті жабдықтардың болуы заңдылық. Әйтпесе, үлкен көлемде тапсырыс ала алмайсың. Яғни, түптеп келгенде барлығы қаражатқа келіп тіреледі», – дейді кейіпкеріміз.
Кішігірім кәсібінің көкжиегін кеңейтуге қолбайлау болып тұрған кедергілерге қарамастан іскер жан тек алға ұмтылады. Бүгінде Зәуреш Абдраимова Қордай аудандық іскер әйелдер кеңесінің мүшесі. Кәсіпкерлерге арналған іс-шараларға белсене атсалысып тұрады, қайырымдылықпен де айналысады. 2022 жылы «Қазақстанның үздік тауары» көрмесіне қатысып, «Жыл серпіні» номинациясын иеленген. Облыстық кәсіпкерлер палатасының іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған «Бір ауыл – бір жоба» жобасына қатысқаны үшін Алғыс хатпен марапатталған. Мұның барлығы қажырлы еңбектің, ерекше ұмтылыстың арқасында екені сөзсіз.
Аудандағы түрлі той-жиындардың дастарқанында Зәуреш Абдраимованың қолынан шыққан дәмді бәліш, тоқаштарды кездестіруге болады. Кәсіпкер келіншектің өнімдерді тұрақты түрде өткізіп тұратын бірнеше дүкені бар. Сондай-ақ адамдар жеке хабарласып, тапсырыс беріп жатады. Бармағынан бал тамған аспаздың әзірлеген тәттілері көптің көңілінен шығуда. Өйткені кәсіпкер өнімнің сапасы, сырт келбетімен қатар, бағасының қолжетімді болуына да аса мән береді.«Өз уақытыңды жаның рахаттанып, беріліп тұрып жасайтын іске арнасаң, еңбегің де өнімді, табысың да молырақ болады деп ойлаймын», – дейді кондитер.
Кәсіпкерлік саласында толағай табыстарға жетіп жүрген Зәуреш Абдраимова отбасында да бақытты. Ұл-қыздары мен немерелері оның ең басты қолдаушылары. Аяулы аналарының қолынан шыққан бәліш-тоқаштардың дәмін бірінші болып татып, әділ бағасын беретіндер де солар. Тынымсыз еңбектің арқасында табыс көзін тапқан келіншектің ізденімпаздығы, еңбексүйгіштігі шынында өзгелерге үлгі боларлықтай.
Сәуле Мұхадинқызы,
журналист,
Қордай ауданы