Тараз қаласындағы «Айбике» той көйлектерін жалға беретін орталықтың иесі Қарлығаш Есбергенова өмірінің он жылға жуық уақытын журналистика саласына арнап, облыстық газеттерде жемісті еңбек еткен. Бала күтіміне байланысты декреттік демалыста отырғанда кәсібін кенеттен бастап кетеді. Жас кезінен кәсіпке бір бүйірі бұрып тұратын Қарлығаштың алғашында шағын той орталығы болады. Уақыт өткен сайын тойларда түрлі қызмет түрін ұсынатын орталықтың танымалдылығы арта береді.Сөйтіп жүргенде бірінші сәбиінен соң егіздерге аяғы ауыр екенін біледі. Өкінішке қарай құрсақтағы егіздер 4 айлығында шетінеп кетеді.Бұдан кейін де етегіне бала тоқтамай қатарынан 6 мәрте осындай жағдай қайталанады. Сондай сындарлы сәтте Қарлығаш көңілін басқа арнаға бұру мақсатында ерекше кәсіпті қолға алады. Жинап жүрген бір миллион теңгесіне той көйлектерін сатып алып, жалға беру кәсібін ашады.
– Бұл кәсіпке бір-ақ күнде келдім. Құрсағыма біткен бала тоқтамады. Содан өз-өзімді қолға алып, кәсіп бастауға тәуекел еттім. Алдымен сіңлімді ертіп Алматы қаласына бардым да ұнаған 5-6 көйлекті сатып алдым. Сөйтіп Шу қаласындағы сауда орталықтарының бірінен орын жалға алып, кәсібімді бастап кеттім. Ә дегеннен-ақ кәсібім жақсы жүрді. Қалыңдықтар Қордай, Мойынқұм аудандарынан келіп, ұнатқан көйлектерін жалға алып әкететін. Кейін ойлана келе бизнесімді Тараз қаласында дамыту туралы шешім қабылдадым.
Қазіргі таңда «Дос-Нар» сауда орталығында, Жамбыл даңғылы бойындағы «Mart-Magnat» сауда үйінде «Айбике» той көйлектерін жалға беретін салонымыз жұмыс істеп тұр.Салонымның атын «Айбике» деп тұңғыш қызымның есімімен атадым. Қыздарым маған күш-жігер береді. Өмірімнің соңына дейін қыздарымның атына шаң жұқтырмай, кәсібімді өркендете беремін. Жалпы жүрегім журналистика деп соққанымен, бизнес саласында табыс жақсы. Әрине кейде бір теңге де пайда таппай қайтатын кездеріміз болады. Ал кейде бір күннің өзінде 1 миллионнан аса табыс табамын, – дейді Қарлығаш Есбергенова.
Кәсіпкерлік жол – ауыр жол. Жауапкершілік мол. Тәуекелге баруды қажет етеді. Есесіне еркіндік бар. Бүгінде жас кәсіпкер 6 адамды жұмыспен қамтып отыр. Алғаш ашылған жылы көптеген қателіктерге ұрыныпты. Алып келген көйлектерінің кейбірі өтпепті де. Алайда кәсіпкер қиындықтарға сынбады, керісінше одан бетер алға қарай ұмтылып, өз-өзін дамыта түсті.Қарлығаштың көз тартарлық салондарында жалпы 300-ге жуық той көйлегі бар. Көйлектер де ескіреді.Перде секілді сарғыш тартып кетеді екен. Кәсіпкер тек той көйлектерін ғана емес, салтанатты кештерге арналған көйлектерді де жалға береді. Кейіпкеріміздің салонындағы қайталанбайтын ерекше образдар адамды өзіне бірден баурап алады. Себебі онда апта сайын жаңа коллекциялар әкелінеді.
– Бала күнімізде нан сататын бір апаға қызығып қарайтынбыз. Сол кісіні қайталап, сауда жасап ойнайтынбыз. Сол оқиға әсер етті-ау деймін, кәсіпкер болуға бала күнімнен құмарттым.Той көйлектерін Қытайдан, Түркиядан, Беларуссиядан, Өзбекстаннан алып келемін. Салонымызда тек көйлек қана емес, қалыңдық ұстайтын гүл шоғы, фатасы, жылтырақ тастарға дейін бар. Кәсібімде ысырапшылдыққа жол жоқ.Ескірген көйлектердің жарамды жерлерін алып фата немесе көйлекке жалғап әжетке жаратамын. Қатты ескірмеген, өзіме керек емес, өтпей тұрған көйлектерді кәсібін енді бастап жатқан салондар сатып алып кетеді. Бәрібір көйлек өзін ақтайды. Арасында өзін ақтамаған бірнеше көйлек бар. Ол қалыңдықтың қырсықтығына байланысты. Мінезі қиын адамдардың мінезі көйлекке сіңіп қалады. Сол көйлек бір киілгеннен қайтіп өтпейді.
Кәдімгі көйлектер секілді қалыңдық көйлектері де жыл сайын сәнін өзгертіп отырады. Былтыр балық іспеттес еуропалық стильдегі көйлектер сәнде болды. Арғы жылы қалыңдық біткен тек көлемді көйлектерді алды. Талғамына қарай кейбір қалыңдықтар кең көлемді көйлектерді алса, бірі минимализм стиліндегі жинақы көйлектерді таңдайды. Көйлекті жалға беру 70 мың теңгеден басталып, 250 мың теңгеге дейін жетеді. Той көйлегі үш күнге беріледі. Арнайы келісімшартымыз бар. Қалыңдық соған қол қояды. Алдын ала келіп 50 пайызын төлеп кетеді. Той болатын күні толық қаржысын төлеп, алып кетеді. Той көйлегіне зақым келтіріп, былғап, жыртып алса, айыппұл төлейді. Өйткені біз оны қайта өңдеуге апарамыз. Тасын тігіп, қайта жөндейміз. Қазір ғана көйлектерді сатып келе жатырмын, – дейді кәсіпкер келіншек.
1990 жылы 11 қазанда Шу ауданы, Төле би ауылында дүниеге келген Қарлығаш М.Мақатаев атындағы орта мектепті тәмамдап, Тараз мемлекеттік педагогикалық институтына «Қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің оқытушысы» мамандығы бойынша оқуға түседі. Бірақ мамандығымен бір күн де жұмыс істемеген.Таңнан кешке дейін қарбалас тірліктің соңында жүретін кәсіпкер кешкі астан соң да той көйлектерінің дизайнын сызып, қағаз бетіне түсіреді. Қиялынан туған сызбаларды тігіншілерге жібереді. Тіпті көйлектердің матасына, тасына, торына дейін өзі таңдайды екен.Суретті де бір кісідей салатыны көрініп тұр. Әрбір көйлекті ерекше етіп, бейнелеп шығады.Қарлығашқа ісмерлік анасынан дарыған. Кәсіпкер келіншектің ендігі ойы – отандық той көйлектерін тігетін цех ашу. Яғни өзінің жеке брендімен той көйлектерін тігу. Көтерме бағада той көйлектерін сату ойында бар.
Бірі қызығы той көйлектерін сататын салондар арасында бақталастық қызып тұр екен. Қарлығаштың сызбасы арқылы дайын болған елде жоқ ерекше көйлектерді көруге әріптес сатушылары да қалыңдық ретінде келіп, суретке түсіріп кетеді екен. Өзінің дизайнымен дайындалған көйлекті екінші бір дүкеннен көргенде еш таңғалмайтынын айтады.Кәсіпкердің айтуынша, сауда дүйсенбі, сейсенбі және жұма, сенбі күндері қызады екен. Ал сәрсенбі күні тіпті сауда болмайды екен. Одан кейін қаңтар, мамыр айларында және ораза уақытында сауда мүлдем тоқтайды. Ол кезде амалсыздан жалға алған ғимараттың ақшасын төлеп қана отырады. Кәсіптің де осындай қыры мен сыры бар.Үйлену тойы – әрбір жан үшін өміріндегі ғажап сәттердің бірі.Ал қалыңдық үшін бұл күннің маңызы тіптен бөлек. Қалыңдық өмірінде бір рет болатын айтулы күнді ханшайымдай өткізгісі келеді. Себебі неке қию салтанаты мен тойға келген қонақтардың бар назары қалыңдықта болмақ. Қазақтың тойы барда, қалыңдық көйлектерінің саудасы қыза бермек. Табысың еселенсін, Қарлығаш!
Эльмира Байназарова