Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Баспасөздің беделі биіктей береді

Баспасөздің беделі биіктей береді
Ашық дереккөз
Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы айтқандай, «Газет-халықтың көзі, құлағы һәм тілі». Расында да газет- сауаттылық пен эстетика жаршысы, оқырманның ой-өрісін кеңейтуші құрал.

Еліміздегі алғашқы басылымдардың жарық көре бастағанына бір ғасырдан астам уақыт өтті.  Әлихан Бөкейхан айтқан үш қағида бар. «Біріншіден газет-жұртқа қызмет ететін нәрсе, екіншіден газет- халыққа білім таратушы, үшіншіден газет-халықтың жоқтаушысы. Газет болмаса біз көптеген қажетті мәліметтерден, әлемде болып жатқан жаңалықтардан мақұрым болып қалар едік. Қазір интернет дамыған заман болса да, газет оқу сана-сезімімізге оң септігін тигізеді.

Газеттің басқа ақпарат құралдарынан артықшылығы-оның тек дәлелденген ақпарат жазып,сенімді болуымен қатар өміршең екендігі.Сонымен қатар газеттер қоғамдағы түрлі проблемаларды назардан тыс қалдырмай, келеңсіздіктерді шешуде белсенділік танытады. Заман алға озып, әлеуметтік желі қаншалықты жедел дамығанымен, газет өз маңыздылығын жоймайтыны белгілі. Оған алып елдердегі газет оқу мәдениетін мысалға алсақ та жеткілікті. Жапонияның ұлттық басылымы — «Асахи симбун» газеті 10 миллион таралыммен шығады. «Баспасөздің Отаны» саналатын Францияда күн сайын жүздеген мың таралыммен шығатын бірнеше басылым бар. Ал Қытайдың «Жэньминь жибао» газеті  миллиондаған таралыммен күніне екі рет және бірнеше тілде жарыққа шығады. 

Әлемге танымал 173 жылдық (1851 жылдың 18 қыркүйегінен бастап жарыққа шықты) тарихы бар күнделікті «New York Times» газеті АҚШ-та тиражы жағынан «The Wall Street Journal» журналынан кейінгі екінші басылым. Күнделікті саны – 571 500, жексенбілік саны – 1 087 500 данамен шығады. Сондай-ақ газеттің веб-сайты – 30 000 000 қаралымға дейін барады.Баспасөздің беделі ешқашан түскен емес, өйткені газет сенсациядан аулақ, жарияланған материалдардың дұрыстығына, шындығына әр кезде жауап бере алады. Редакция елде және шетелде болып жатқан барлық оқиғалар туралы ақпаратты жариялауға және оларға ашық пікір білдіруге тырысады. Газеттің ұраны – «Барлық жаңалық басылым бетіне шығуға лайық» (All the News That’s Fit to Print). «New York Times» журналистік еңбектің ең жоғары бағасы болып саналатын 117 Пулитцер сыйлығын жеңіп алды. Осы санымен көш бастап тұр. Аталған сыйлық түрлі санаттағы журналистика саласындағы үздік жетістіктері үшін беріледі. «New York Times»-тің қызметкері болу – кез келген америкалық журналистің арманы.

«New York Times» – жай ғана газет емес, басылымдар жиынтығы десе де болады. Онда елдің ішкі және халықаралық ақпараттық жолақтарымен бірге іскерлік, қаржы туралы күнделікті және апта сайынғы репортаждар, сыни пікірлер жарияланады. Газетте «Қалалық репортаж», «Іскерлік күн», «Ғылым», «Бір аптадағы әлем» секілді айдарлар күнделікті шығады. Газет үш негізгі бағыт бойынша топтасады: «Жаңалықтар», «Пікірлер» және «Фичерс». Оны қызыға, асыға күтіп оқитын оқырманы жетерлік. Тіпті әлемдік БАҚ сол газеттен сілтеме жасау арқылы ақпараттар таратып жатады. Ал Ресейдің «Вечерняя Москва» басылымын халық баспадан шықпай жатып сатып алып кетеді. Бұл басылым 1923 жылдан бері шығып келеді. Аталған мысалдар бүгінгі күні озық технологияларды ойлап тауып, интернетпен барынша қамтылған елдердің өзінде әлі күнге дейін газеттің орны бөлек екенін дәлелдейді.

Газетті, тіпті радио мен телеарна ақпараттық сайттар да ығыстырып шығара алмайды. Технологияның дамыған заманында адамдардың руханиятын сақтап қалу үшін де газеттің рөлі зор. Газет -тіл ұстартып, адамға тәрбие беруші құрал. Ал газет оқу- зиялылықтың белгісі. Оқыған халықтың санасы сергек болады. Ол-айрықша ерекшелік, айрықша эстетика, айрықша мүмкіндіктер мен заңдылықтарға ие.Газет тілінің дамып-толығуына, өзгеріске ұшырауына қоғамда болып жатқан өзгерістер де тікелей әсер етеді.  Газет тілі идеологиялық және саяси терминдерді,  ережелерді насихаттап қана қоймайды, тұлғаның әлеуметтік мінезін сипаттауға, ұлттық құндылықтарды жаңғыртуға, қоғамдық сананы қалыптастыруға да ықпал жасайды. Демек, қоғамдық жағдаят пен газет тілі өзара бір-бірімен байланысты, тіпті бір-біріне тәуелді. Қоғамдық жаңару газет тіліне өз қолтаңбасын қалдырып отырады. Басқаша айтқанда, газет тіліндегі лексикалық қор мен сөздік құрам, түрлі стильдер әр кезеңнің қоғамдық-әлеуметтік ахуалының айнасы болып табылады.

Сымбат Қуаныш, 
Ш.Смаханұлы атындағы орта

мектептің түлегі, Талас ауданы,  

С.Шәкіров ауылы

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Отыз жыл редактор
Алдыңғы мақала
Отыз жыл редактор

Ұқсас жаңалықтар