Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Тәңір мен бөрінің қазған мекені

Тәңір мен бөрінің қазған мекені
Ашық дереккөз
Қасиет жайлаған қазақ даласының қай қиыры да құндылықтарға бай. Ежелгі заманнан естелік болып қалған жәдігерлердің де адамзат тарихында маңызы айрықша.

Киелі Әулиеатаның Талас топырағында шежіремен өріліп, аңызбен көмкерілген көрнекті тарихи орындар көп. Солардың бірі әрі бірегейлері – Тәңірқазған, Бөріқазған тұрақтары. Тарихи жер атаулары алып даланың ақиқатын сипаттайтын, шындығын шежірелейтін мекен болып есептеледі. Тарихшылардың пайымдауынша, Бөріқазған – төменгі палеолиттің шелль кезеңінің соңғы дәуірінен сақталған қоныс мекені.

Аталған тарихи орын Талас ауданы, Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 38 шақырым жерде орналасқан. Алғаш рет 1958 жылы Ш.Уәлиханов атындағы Тарихи археология және этнография институтының тас ғасыры ескерткіштерін зерттеумен шұғылданған Қаратау отряды (жетекшісі – Хасан Алпысбаев) ашқан.

Табылған құралдар саны – 442. Көбісі қара кремнийден жасалған еңбек құралдары.Тас құралдардың осыған ұқсас түрлері ежелгі тас дәуірінің тұрағы – Сивалик (Үндістанда) өңірлерінде жиі кездеседі. Қазба барысында екі жағы бірдей өңделген шапқылар, жұмыр құралдар, үш қырлы өткір құралдар және үшкір пышақтар көптеп табылған. Бұлардың бәрі Оңтүстік Азиядан (Бирма, Вьетнам, Қытайдан), Шығыс Африкадан (Олдувей, Рудольф, Омо маңынан) табылған құралдаға өте ұқсас.Тәңірқазған – палеолит тұрағы.

Қаратау қаласынан солтүстік-шығысқа қарай 34 шақырым жерде орналасқан. 1957-1958 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарихи археология және этнография институтының тас ғасыры ескерткіштерін зерттеумен шұғылданған Қаратау отряды (жетекшісі – Хасан Алпысбаев) ашып, 1961-1963 жылдары зерттеу жұмыстарын жүргізген. Тас қарулары шоғырланған төрт жерге тікқазба (шурф) түсірілген. Табылған заттардың басым бөлігі жоғарғы қабаттан алынған.

Бұйымдарды жасауға сұр, қоңыр сұр, сұр қара, қара шақпақ тас пайдаланылған. Табылған бұйымдар қатарында екі шеті өңделген долбар шапқылар, қол шапқы тәрізді құралдар, тас жаңқадан жасалған бұйымдар, өзектастар бар. Жинаған заттардың типологиялық және техникалық анықтамасы Тәңірқазған Қазақстан жеріндегі ең көне ескерткіштердің бірі екендігін көрсетеді.Ғылыми ізденістеріне қарағанда Хасан Алпысбаевтың шығармашылық қызметі мен ғылыми табыстарының отандық палеолиттану үшін мәні мен маңызы өте зор.Зерттеушінің тек Түркістан өңірінің өзінен ғана 200-ден астам тас дәуірі ескерткішін тауып, ғылыми айналымға енгізуі Қазақстан археологиясы үшін елеулі оқиға болған еді.

1979 жылы жарық көрген «Памятники нижнего палеолита Южного Казахстана» деген монографиясында бұрын-соңды жарық көрмеген тарихи орындар жайындағы көпжылдық жұмыстарының қорытындысы жазылған. Еңбекте жәдігерлер сипаттамасы, байырғы адамдар шаруашылығы мен мәдениеті, ежелгі тұрғындардың Қазақстанды қоныстануы сияқты сауалдар көтерілді. Соңғы мәселе бойынша ғалым адамзат баласы кем дегенде елімізді бұдан 700-800 мың жыл бұрын мекен еткен деп пайымдайды.

Қаратау тас құралдары тұрпатының және оларды өңдеу тәсілдерінің Африкада, Үндістанда, Пәкістанда, Қытайда табылған ежелгі заттармен типтік ұқсастығы мұнда адам баласының шелль-ашель дәуірінде мекендегенін аңғартады деп жорамал жасайды.Аңыз бойынша ерте заманда Талас өзенінің арнасы тартылып, бір тамшы суға зар болған қуаңшылық болыпты. Шөл қысып, су іздеген жұрт барлық амалын қарастырса да қуаңшылықтан қалай құтылып шығарын білмей дал болады. Сонымен барлық тайпа бірігіп, шөлі жоқ, суы мол мекен іздеп шығады. Шаршап-шалдығып ұзақ жүрістен қажыған ел бір жерге келіп қонады. Азанда тағы жолға шықпақшы болғанда алдарында ерекше жаратылған бір бөрінің тұрғанын көреді. Барлығы әлгі бөрінің артынан ере бастайды.

Ондағы ойлары – ол да өздері сияқты мақұлықтың бірі, оған су керек. Білсе сол білер деген өлмес үміт еді. Сол бөрі шөліркеген елді бастап жүріп отырып, Қаратаудың түстік беткейіндегі аласа қыратты қызыл тасты жарқабаққа алып келеді. Келе сала төбе үстіндегі даланың кәрі төсін қаза жөнеледі. Бәрі сонда бөрінің қазып жатқан жеріне жабысып, жабыла кіріседі. Бір кезде қасиетті қара жерден су атқылап, айналасының барлығына нәр кіре бастайды. Шөл өзегі өртеп қысқан бүкіл халық бөрінің арқасында осылайша аман қалған екен. Бұл жер содан бері Бөріқазған деп аталып кеткен деседі.

Арада бірнеше жылдар өтіп, ел қуаңшылықтан құтылып, жағдайы жақсара бастаған бір замандарда тағы да әлгі Бөріқазған жерінің суы тартылып сала береді. Күңіренген ел су іздей бастайды. Уақыт өткен сайын халықтың қайғы-қасіреті қайта үдей түседі. Арада шамалы уақыт өткенде су іздеген халық жапан даладағы бір жерден өзінен-өзі су ағып жатқан нулы жерді көреді. Қалың жұрт шөлін басып, өз-өзіне келіп, су жағасына қоныстана бастайды.

Тәңірдің өздерін сусыз қалдырмай, ажал аузынан алып қалғаны үшін халық бұл жерді Тәңірқазған атап кетеді.Қазақ даласының қай қиырының болмасын өзіндік тарихы мен тағдыры қалыптасқан. Топырақтың тылсымына үңіліп, тарихын түгендеп біту мүмкін емес. Тек дала қойнауындағы тарихи тұрақтар есте жоқ ескі замандардың өзінде де бұл мекенде өмірдің болғанын, адамзаттың мекендегенін және олардың да өздеріне тән мәдениеті мен тіршілігі болғанын айғақтайды.

Мадина Ибаділдаева, 
«Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-

мәдени музей-қорығының ғылыми

қызметкері 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар