Біз жанбасақ лапылдап,
Аспан қалай ашылмақ...

Arainfo.kz - жастарға арналған басылым

Байланыс

Блогерлерге емес, көне тарихымызға сенейік

Блогерлерге емес, көне тарихымызға сенейік
Ашық дереккөз
XX ғасырда сталиндік билік тарапынан адамды адамға қарсы қою, таптарға бөліп, топтарға тартып, оларды түрлі әрекетке мәжбүрлеу кеңінен тарады. Бұл – қоғамды, қайраткерлерді, зиялыларды бөлшектейтін, бір-біріне қарсы қоятын билеудің қитұрқы тәсілі. «Бөлшекте де, билей бер» (орысшасы «разделяй и властвуй», латынша «divide et impera») дегенді ең алдымен Рим императоры Юлий Цезарь айтты деген сөз бар. Әйтеуір осы сөзді Сталиннің кезіндегі кеңестік билік басшылыққа алғаны ақиқат.

Төңкеріске дейін қазақ қоғамында бай мен кедей арасында ешқашан тартыс, келіспес қақтығыс болған жоқ. Кедей өзінің кедейлігін, аш арықтығын байдан емес, Құдайдан көрді. Жаратқанның басқа салғанына шыдау, көну керек деген басты қағида болды. Бай кедейдің малын ешқашан зорлықпен тартып алған жоқ, ондайға дала заңы жол бермейтін. Ал екіжақты дау туған болса, оның шешімін билер айтты. Жұттан малы қырылып қалған кедейге бай ағайындары қарайласты, ағынан бөлісті, аштан өлтірген жоқ. Есесіне жас азаматтар байдың малын бағысып, жалға жүрді, жұмысын істеді, жұмсағанына барды. Кететін болса, бай еншісін беріп, үй қылып, алдына мал салып, ризашылығымен босатқан.Осының бәрін Кеңес үкіметі халыққа теріс ұғындырып, бай кедейге ешқандай қысым жасамаса да, оны халықтың жауы, «қанішер», «еңбегіңді сорған», «малын алған», «қаныпезер», «залым» деп ұқтырды. Сөйтіп, екі топты бір-біріне айдап салып, өшіктірді. Осылайша кедейді байлардан кек алуға үндеді.

Қазақ ауылында бұрын ешқашан болмаған «белсенді» деген әлеуметтік топты ойлап тапты. Олар большевик уәкілдерінің ақылымен бай мен кедейдің арасын ашып, екі жақтың бір-біріне жауыға түсуіне қызмет етті. Орашолақ, топас, ақылсыз істеріне қарап, халық оларға «шолақ белсенді» деген ат берді. Ешқандай ақыл-айласы жоқ, көбі хат танымайтын «жыртық бөріктілердің» арасында шынында да «шаш ал десе, бас алатын» ұры-қарылары, ұрдажықтары көп болған. Барлық насихат құралы, үкімет адамдарының сөздері, баспасөз материалдары, шығармашылық өнімдері тек байды жамандап, оны барынша құбыжық қылып көрсетуге тиіс болды. Сөйтіп, қазақ ауылында екі топтың арасында қолдан қақтығыс туғызылды. Ал сол «шолақ белсенділердің» жазбаларын, арыздарын көрген қазіргі жас «тарихшылардың», блогерлердің көбі қазақты «сатқын» деп өз халқынан өзі жеріп жүр.

Алайда оларды үкімет міндеттегенін, жазбаса көздерін жоятынын ойламайды. Сол сияқты Алаш қайраткерлерінің үстінен жазылған жазбалар, өтірік жазғырулар қызметте жүрген көзі ашық адамдардың бәріне міндеттелгенін білмейді... Өз басын аман сақтау үшін олар бұрынғы алашордалықтарды жамандауға амалсыз барды. Мұны өзара сын деп ойлады. С.Сейфуллиннің де, Т.Рысқұловтың да, басқалардың да тағдыры солай.Жуырда құрметті академик, профессор марқұм Талас Омарбековтің ұлт көсемі Әлихан Бөкейханның 155 жылдық мерейтойы қарсаңында «Тарлан» интеллектуалдық клубында айтқан сөздері «Egemen Qazaqstan» газетінде жарияланды. Ғалымның айтқанының бәрі – өзі білген деректерден алынған, растығына көзі жеткен дүниелер. Әсіресе мына деректің шынайылығы шүбәсіз: Әлекең ол кезде Мәскеуде, күндіз­түні соңынан қалмайтын ОГПУ – НКВД бақылауында. Жұмысы жоқ, табыс көзі тоқыраған. Басқа амалы болмаған соң, бірде ол РКФСР халық комиссарлары кеңесі төрағасының орынбасары Т.Рысқұловтың қабылдауына барады. Алайда Рысқұлов хатшысы арқылы «қабылдамаймын» деп бір-ақ қайтарады...

Мұндайда қазіргі жеңіл ойлайтындар Т.Рысқұловты жамандап, Ә.Бөкейханға көмек қолын созбаған деп ойбайлап шыға келер еді. Ал Тұрар Рысқұлов Әлекеңнің өзіне не себепті келгенін айтпай-ақ біліп, жұмыссыз жүрген тұлғаны Нәзір Төреқұлов арқылы баспаға қызметке алдырған... Ал егер Т.Рысқұлов Ә.Бөкейханды қабылдаған болса, басы сол күні кетер еді. Сондықтан арыстарымыз ұзақ уақыт бір-бірінің проблемасын емеуріннен-ақ сезіп, қолдаған. Ал сырт көзге олар бір-бірінен қашқан сияқты көрінеді.1938 жылы Тұрар Рысқұлов атылды, ал әйелі мен енесі үш бірдей сәби қызымен бірге сталиндік қапасқа қамалды. Тірі қалған арыстарымыздың бәрі де Алашордадан ат-тонын ала қашуға мәжбүр болған. Бәрінің де оны жамандап жазған хаты бар. Т.Омарбеков аталған мақаласында М.Әуезовтің, Ә.Ермековтің Алашорданы сынаған хаттарын оқып, ұялғаннан жерге қарадым дейді. Ал осылай жазбаса, қанды үкімет олардың бәрін де құртар еді. Осыны түсінбеген қазіргі байбаламшылдар «ойбай, анау сатқын екен, мынау сатқын екен» деп айғай-сүрең салып жүр.

Басқа амалы қалмаған соң, өтірік жамандауға мәжбүр болған тұлғаларды жерден алып, жерге салуды тоқтататын кез жетті. Өтірік куәлік беру, жаны үшін жалған айту орыс және басқа халықтар арасында да көп болған. Ол жағдайды маған көрнекті грузин, украин ғалымдары да айтатын. Алайда басқа халықтар мұндайды тез түсініп, тез тыйылды. Өкінішке қарай, біздің арамызда, әсіресе өздерін жарнамалауға құмар блогерлер осындайды жалаулатуды жалғастырып келеді. Талас Омарбековтің: «ХХ ғасырдың 20-30-жылдарындағы қайраткерлерді әдеби шығарманың кейіпкерлеріндей бір-біріне қарсы қоймай, тарихтың күрделі контексіндегі елдік, ұлттық, халықтық мүддесін алға шығарып, жан-жақты зерттей білуіміз қажет. Құр коммунист аты үшін немесе белгілі саяси мақсатта («өзара сын» науқаны) жазған хаты мен мақаласы үшін жазғыру – әбестік... Сәкен мен Тұрарды қазақтың азаттық идеясына, ұлттың саяси-экономикалық дербестігіне қарсы қойып, большевизмнің түрлі қиямпұрыс әрекетімен байланыстыру – 20-жылдардың тарихын мүлде білмеу немесе оқиғалар мен фактілерді өзінің қабылдауынша біржақты түсініп, оқырман мен жас ұрпақты адастыру» деген ойымен толық келісемін.

Сенсация іздегіш блогерлер ғана емес, кәсібін сыйлайтын тарихшы, әдебиетші мен журналист ағайындар да осыны әрдайым ескеруі керек.Әрине, құр дүрмекке еріп, өз заманында адасып, ұлтымыздың арыстарына, олардан кейінгі тұлғаларымызға қара күйе жаққан «шолақ белсенді» адамдар ғылыми және мәдени-шығармашылық қауымнан оқта-текте шығып отырғанын жасыруға болмайды. Олардың біразы туралы естуші едік. Кейбіреулерін көрдік те. Ондайлар өз басына қауіп төнбесе де, жауапты қызметте жүрмесе де, сол кездегі идеологияның, күшпен таңылған насихаттың әсерімен Алашорданы, ұлт тарихындағы елеулі зерттеулерді, ел рухын көтеретін шығармаларды жамандап шықты.Бұлардың біразы – жаңа үкіметке жағынып, көзге түсу үшін, жақсы қызмет, жақсы тұрмысқа жетуді аңсаған карьеристер, шын мәніндегі сатқындар. Ал көбі алданып, кеңестің жалған идеологиясына құрбан болған, түсінігі төмен пенделер.
Жалпы, сталинизмнің елге әкелген қасіреті туралы Отан тарихшылары аз жазған жоқ. Қазір тарихшылар Алаш қоғалысын, 1928-1933 жылдардағы аштық, екінші дүниежүзілік соғысқа Қазақстан азаматтарының қатысуы, тың жерлерді игеру науқаны сияқты тақырыптарды тиянақты зерттеп жүр.

Осы үдерістен біз де қалмай, белгілі заңгер, профессор Е.Нұрпейісов, тарихшы ғалым Ә.Ауанасова үшеуміз бірігіп, 2018 жылы шығарған монографияда большевизм идеологиясын жасаушыларды, оны дәріптеушілерді және сол солақай догмаларды Қазақ даласы мен Орта Азия республикаларында іске асырған саясаткерлерді, олардың әдіс-қимылдарын зерттеп-зерделедік.Сәтін салып Қазақстан ғана емес, Ресей, Татарстан, Қырғызстан архивтерінде осы ашаршылық, репрессия тарихына қатысты архив қорларын ақтардым. Сондай-ақ Гувер архиві (АҚШ) және Голландия корольдік архивіндегі большевизм қозғалысы мен олардың шығу тарихы туралы мәліметтермен таныстым.Сол еңбектерді ақтару барысында «социализм-коммунизм» құрамыз деген көсем «қайраткерлердің» түгелге жуығының моральдық деңгейі, психологиялық түйсігі, интеллектуалдық алған білім дәрежесі өте төмен болғанына көз жеткіздік. Сол басшылар мен «көсемдер» миына тек адамзат қоғамындағы бай мен кедей арасындағы экономикалық теңсіздікті және оны күшпен жоюды ғана сіңіріп, ал оның алғышарты мен қалыптасуын түсіне алмаған. Сонымен бірге бүгін айтқан сөзінен ертең танып шыға келген.

Өтірік, аярлық, қорлау, шеттету, кінәлау, айдап салу қалыпты жағдайға, жұмыс тәсіліне айналған.Большевизм көсемдерінің сөзінде тұрмайтынын, айтқандары жалаң насихат пен жалған ұран екенін Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұстафа Шоқай ерте күннен-ақ білген. Әлекең 1917 жылдың күзінде-ақ олардың әрекеттерін әшкерелегені белгілі. Қазақ зиялыларымен қоян-қолтық бірге күрескен башқұрт ұлтының серкесі Заки Уәлиди Тоған былай деп жазады: «Мы азиаты, обманулись, сохраняя верность клочкам бумаги, которые по мнению Ленина, не имеют никакой ценности. Раньше мы представляли Ленина личностью, отличающегося от ташкентского Колесова, оренбурского Цвиллинга, Артема из Центра. Теперь выяснилось,что между этими людьми и Лениным нет никаких различий».Теорияға жетік болды деген Ленин, Троцкий, Зиновьевтер классикалық әдебиеттерден, оның арасында К.Маркс пен Ф.Энгельс мұрасынан тек бай мен кедей арасындағы экономикалық теңсіздіктерді жою жолдарын теріп оқып, оны күшпен іске асырудың жолдарын іздеген.

Ал И.Сталин сияқты еш жерде жұмыс істеп көрмеген «кәсіби революционерлер» олардың еңбектерін түрмелерде, қуғында, жер аударылған жерлерінде қуана «жұтып», іске асыруда төңірегіндегі кәнігі қылмыскерлердің әдіс-тәсілдерін қолданған. Сондықтан да бүркеншік аттар жамылып, ойлағанын іске асыруды қалай ұйымдастырудың үлгісін де қылмыскерлерден алған. Ұйымдарына ақша түсіруде де ашық қылмысқа барып, адам өлтірген, банк тонаған, байларды, ақшалыларды бопсалаған. Куәгер қалдырмай, бірге болған жолдастарына дейін көзін жойып отырған. Камо, Халтурин, Красин деген төңкерісшілердің осындай істері белгілі. Ленин олардың ісін «экспроприаторларды экспроприациялау» деген сөзбен ақтаған. Олар тіпті көптеген жылдар КСРО елін жасырын атаулар мен «кличкаларын» қолданып басқарғанын көпшілігі біледі.И.Сталиннің өзі де бұл істе үлкен «шеберлік» көрсеткен.

Оның арам істері туралы кезіндегі көмекшісі болған Борис Бажанов та жазып кеткен. Борис Бажанов деген кім? Б.Бажанов 1923 жылы алдымен И.Сталиннің көмекшісі, артынан Орталық комитет хатшысы болып тағайындалған адам. 1928 жылға дейін Кремльде жұмыс атқарып, сол кездегі Л.Троцкий, Н.Бухарин, Б.Каменев, Г.Зиновьев арасындағы (олардың барлығы бүркеншік фамилиямен) саяси күрестің куәгері болған. Сонымен қоса ол барлық отырыстардың хаттамасын жүргізіп, дайындаған адам. Яғни көптеген құпия әрекетті өз көзімен көрген. Ал саясатта көп білетін адам міндетті түрде біраз уақыт бақылауда болып, сосын көзі жойылатын. Өміріне қауіп төнгенін сезген Б.Бажанов 1928 жылы Ашхабад қаласына, Түрікменстанға әдейі ауысып, одан Иранға, одан Еуропа арқылы Америкаға қашқан.


Оның естеліктерінен большевиктердің іс-әрекетін білген адамның да төбе шашы тік тұрады. Бүгін пайдаланған адамын большевиктер ертеңгі күні жойып отыруды көздеген. Осы Б.Бажанов И.Сталин мен оның жақтастары маңайында жүрген партия мүшелері, республика басшыларының соңына арнайы тыңшылар қойып бақылап, үнемі қарауылдап отырғанын нақты фактілермен көрсетіп жазған. Соның ішінде Тұрар Рысқұлов немесе басқа да барлық ұлттық кадрлар күні-түні бақылауда болғаны айдан анық. Осы үрдіс Мәскеуде ғана емес, ұлттық республикаларға да тараған. Сондықтан мен профессор Талас Омарбеков материалындағы Тұрар Рысқұловтың Әлихан Бөкейханмен кездесуден қашқанын, бірақ байланысты басқа жолмен жасады деген болжамын толық қостаймын. Тұрар өзінің үнемі бақылауда екенін білген. Осындай адам Алашорданың басшысын жеке қабылдай алар ма? Жалпы айтқанда, большевиктер үкіметті қылмыстық жолмен тартып алды, оны 70 жыл бойы қылмыстық әдіс-тәсілдермен басқарды. Арасында коммунистік идеологияға берілген идеалды коммунистер болмаса, Кремльдің төбесінде отырғандардың көбі жайдақ, қайтсе де халықты тыпыр еткізбей ұстауды көздегендер еді.

Сталиннің жеке өз басы барлық қулық-сұмдықты меңгерген, қалай пиар жасауды тез болжайтын, өте қу, «вор в законе» болды деп айтсақ, артық болмайды. Не білімі, не интеллектісі жоқ ол өз билігін нығайтуда тіпті әдебиет пен өнерді де уысында ұстап, оның дарынды адамдарын, қазақша айтқанда, арқандап ұстап отырған. Әкесін жақсы білген Светлана Алилуева «12 писем другу» атты естелігінде И.Сталинді «диктатор» деп көрсетуі де бекер емес.Н.Хрущевтің тұсындағы коммунистік билік қанды жолмен жүргізілмесе де, халықтарды рухани тұрғыдан езгілеп, тамырынан айырып, ұлттық мектептерді жауып, ұлыорыстық шовинизмді жаппай тарату жолымен кетті. Ешқандай тиімді экономикалық жоба болмаған тың игеру идеясы нақ осы мақсатты іске асыру үшін ойлап табылған. Жүйелі оқымаған, білімсіз, мінезсіз, өзін-өзі ұстай алмайтын ұшқалақ жан Сталин мектебінің «үздік оқушысы» ретінде коммунистік-қылмыстық билікті нығайта түсті. Жалпы, біз 1985-1990 жылдары Алаш қайраткерлерін ақтау кезінде олардың көбіне шығармашылығын айтып, саяси қызметін көрсете алмадық. Мысалы, Мағжан Жұмабаев тек лирик ақын ретінде көрсетіліп, оның талай саяси үдеріс ішінде болғаны айтылмады.

Ал қазір архивтердегі біз тапқан құжаттар ақын Мағжан ірі саяси қайраткер болғанын айғақтайды. Қазақ зиялы қауымы отаршыл билікпен саяси күреске бірігіп шығып, ел үшін жан аямағаны анық.Сөздің түйінін айтар болсақ, қазіргі жастар «қазақтар бірін-бірі көрсетіпті» деген айғай-сүреңге, «бір-бірін құртқан өздері екен» деген лақапқа емес, мәселеге терең бойлап, сол замандағы ахуалды терең зерделесе екен деймін. Сол кездегі билік саяси қызметкерлерінен бірін-бірі көрсетуін, бірінің үстінен бірі арыз жазуын, жамандауын талап етіп отырғанын ешқашан ұмытпаған жөн. Олар бұл істі барынша қоштап, «нағыз коммунист», «шыншыл пионер», «қызыл белсенді» және тағы да басқа атақтармен ынталандырып отырған. Алғыс жариялап, марапат берген, қызметін өсірген... Сондықтан барлық трагедияның түбірін сол кездегі сталиндік биліктен іздеген дұрыс.

Бүркітбай Аяған,
тарих ғылымдарының докторы,

профессор
 

AR-AY
Автор

AR-AY

Arainfo.kz жастар газеті

Ұқсас жаңалықтар