44 ЖЫЛ КҮТКЕН
ҚУАНЫШ
Елдостың жеңісті жолына шолу жасасақ, алғашқы айналымда Нидерланд спортшысы Торнике Чкадуадан айласын асырды. Тыңғылықты дайындықпен келген тәжірибелі Торнике алғашқы минуттардан бастап қазақ спортшысының осал тұсын табуға тырысты. Бірақ Сметов саспады. Қарсыласына мүмкіндік бермей, еш қиындықсыз келесі айналымға жолдама алды. Үш шидо (ескерту) алған Торнике жарысты ерте аяқтап, жанкүйерлердің қатарын толықтыруға мәжбүр болды. Ал отандасымыз екінші кезеңде украиналық Ділшот Халматовты қапы қалдырды. Шарболаттай шыңдалған қазақстандық дзюдошы ширек финалдық белдесуде әлемдік рейтингте көш бастап тұрған қытайлық Тайпей өкілі Ванг Вейді еліне қайтарды. Токио Олимпиадасында жапониялық Такато Наохисаға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтқан Ванг Вейдің Парижге алтын үшін ғана келгені анық еді. Дегенмен жамбылдық жампоз Ванг Вейді жарыс жолынан ығыстырып, мүлдем жүлдесіз қалдырды.Жартылай финалда да Елдос білгенінен жаңылмады. Әлем және Еуропа чемпионы, испаниялық Франсиско Гарригосты ұтып, финалға жолдама алды. Қарсыластарын алып та, шалып та жығып ақтық айқасқа алқынбай жеткен қазақстандық спортшы финалда Токио Олимпиадасының қола жүлдегері, франциялық Лука Мхеидземен кездесті.
Финалдық белдесуді Франция Президенті Эмманюэль Макрон тамашалап, жанкүйерлік етті.Франциялық татами шебері ел Президентінің және спорт кешеніндегі жергілікті жүздеген, мыңдаған жанкүйердің алдында жерге қарап қалмау үшін барын салды. Дегенмен ел үмітін арқалаған Елдос қарсыласының дегеніне көніп, қалаған әдісін жасатып қарап тұрсын ба? Жарыс қожайынына қарсы арыстандай айбат, жолбарыстай қайрат танытты. Белдесу соңына қарай маңызды ұпайға қол жеткізген Елдос басымдықты сақтап қалды. Осылайша Рио Олимпиадасында алтын жүлдеге сынық сүйем қалғанда сүрініп, күміспен күптелген, Токиода қола жүлдені місе тұтқан елдің ұлы Елдос Сметов ақыры арманына жетіп, Олимп шыңын бағындырды.Марапаттау салтанаты аяқталғаннан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Олимпиада чемпионы: «Мүмкін емес нәрсе жоқ. Соған көзім жетті. Егер ниет болса, бәрін де жеңуге болады. Бәрі де қолдан келеді екен. Жақсылық Үшкемпіров атамыздың арманы орындалып, күрес түрлерінен қазақтан Олимпиада чемпионы шықты. Өте қуаныштымын! Өзімнің үшінші мүмкіндігімде чемпион атандым. Бұған дейін күмісті де, қоланы да алдым. Әлем чемпионы атандым. Халқымды қуантудан артық бақыт жоқ» деп ағынан жарылды.Иә, чемпион айтқандай дзюдо күресінен Қазақстан спортшысының Олимпиада ойындарында атой салуын даңқты палуан Жақсылық Үшкемпіров ғана емес, күллі Алаш жұрты зарыға күтті. 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасындағы Жақсылық Үшкемпіровтің жарқын жеңісінен кейін араға 44 жыл салып аңсаған алтынымызға да қол жетті. Қазақ халқы ұзақ күткен қуанышты, жеңісті Елдос Сметов сыйлады.
Осы орайда өткенге сәл шегініс жасар болсақ, Олимпиада ойындарында жамбылдық спортшылар ел намысын әрдайым абыроймен қорғап жүр. 1996 жылы Қазақстан спортшылары тәуелсіздік жылдарында алғаш рет Атлантадағы ХХVІ жазғы Олимпиада ойындарына қатысты. Байрақты бәсекеге алғаш рет қатысып жатқанына қарамастан Қазақстан құрамасы 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медальге қол жеткізіп, командалық есепте 24-ші орынға табан тіреді. Ел қоржынына 3 жүлдені жамбылдық жампоз салды. Атап өтер болсақ, ұлттық құрама сапындағы боксшыларымыз Ермахан Ыбрайымов пен Болат Ниязымбетов қола жүлдені қанағат тұтса, Болат Жұмаділов Олимпиаданың күмісімен күптелді. Араға төрт жыл салып Сиднейде өткен жазғы Олимпиадада да жамбылдықтар жасындай жарқылдады. Бабы мен бағы келіскен Ермахан Ыбырайымов төрт жыл бұрын Атлантада алған қола медалін Сиднейде алтынға алмастырды. Ал Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері Болат Жұмаділов ел қоржынына тағы бір күміс жүлдені салды. Ислам Байрамуков еркін күрестен де ешкімге есе жібермейтінімізді айқын дәлелдеп, жеңіс тұғырының екінші сатысынан көрінді. 2004 жылы өткен Афина Олимпиадасында Қазақстан ұлттық құрамасының қоржынына жалғыз алтын жүлдені 21 жасар жас дарын Бақтияр Артаев салып, Грекия төрінде еліміздің Әнұранын шырқатты. Лондон Олимпиадасында (2012 жыл) Ақжүрек Таңатаровтың айы оңынан туып, қола жүлдені мойнына тақты. Жоғарыда атап өткеніміздей Елдос Сметов екі Олимпиадада ел намысын лайықты қорғап, абыройымызды асқақтатты.Мұнан бөлек жасөспірімдер Олимпиадасы, Сурдлимпиада, Паралимпиада ойындарында да жамбылдық спортшылар ел сенімін ақтай білуде.Облысымызда спорт саласына айрықша көңіл бөлініп жатқанын ескеретін болсақ, чемпиондардың жеңісті жолын жалғайтын әлі талай саңлақтар шығады деп сенеміз.
ЕНДІ КІМДЕРГЕ СЕНІМ АРТАМЫЗ?
Дзюдодан Қазақстан командасының үздігі Әбиба Әбужақынова да Елдостың ерлігін қайталайды деп сенгенбіз. Алайда 48 келі салмақ дәрежесінде сынға түскен дзюдошы Олимпиаданы бесінші орынмен аяқтады. Қола медаль үшін өткен кездесуде Әбиба швециялық Тара Бабулфатпен кездескен болатын. Белдесу қазақстандық спортшы үшін сәтсіз өтіп, қарсыласы мерзімінен бұрын жеңіске жетті. Сөйтіп Әбиба өзі қатысқан алғашқы Олимпиадада жүлдесіз қалды.Ал 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, 2019 және 2022 жылдары өткен Азия біріншіліктерінің қола медаль иегері Ғұсман Қырғызбаев Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Қырғызбаев алғашқы айналымда испаниялық татами шебері Давид Гарсия Торнемен белдесіп, қарсыласын жарыс жолынан тайдырса, екінші белдесуінде Олимпиада ойындарының екі дүркін жеңімпазы Оңтүстік Корея өкілі Ан Баулдан басым түсті. Қола жүлдеге таласта сербиялық Страхинья Бунчичті жеңіп, мансабындағы ең ірі жетістіктерінің біріне қол жеткізді.Олимпиадаға алғаш рет қатысқан жас дзюдошы, жерлесіміз Данияр Шамшаев бірінші айналымда-ақ сүрінді. Данияр өзбекстандық Муроджон Юлдашевқа қарсы қайрат көрсете алмады.Өкінішке қарай Ұлттық құраманың капитаны, жамбылдық былғары қолғап шебері Асланбек Шымбергенов те жарысты ерте аяқтады. 71 келі салмақта алғашқы жекпе-жегін өткізген Шымбергенов иорданиялық Зеяд Ишаишке жол берді.Қамшыбек Қоңқабаев та алғашқы жекпе-жегінде жеңілістің ащы дәмін татты.
Қазақстандық боксшы 2023 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, испаниялық Айюб Гадфа Дриссиге есе жіберді.92 килоға дейінгі салмақта бақ сынап жатқан отандасымыз Айбек Оралбай алғашқы айналымда нигериялық Адам Олаорені айқын басымдықпен жеңді. Айбек қарсыласын бірінші раундта нокдаунға да түсірді. Одан кейін де шабуылда ширақ, қорғаныста мығым болды. Отандасымыз ширек финалда Лорен Альфонсо Домингеспен кездеседі.Ал бірінші айналымда Испания өкілі Ойер Ибареччені жеңген Мұхамед сабыр Базарбайұлы екінші жекпе-жегін де жеңіспен аяқтап, ширек финалға шықты. Енді Мұхамедсабыр 1 тамыз күні грузин боксшысы Лаша Гурулимен жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салады.
Бокстан Қазақстан әйелдер командасының мүшесі Назым Қызайбай да Париж Олимпиадасын жеңіспен бастады. Назым бірінші жекпе-жекте италиялық Джордана Соррентиномен жұдырықтасып, 4:1 есебімен жеңіске жетті.Жарысты ерте аяқтағандардың қатарында қазақстандық теннисшілер де бар. Біздің команда сапынан соңғы болып кортқа шыққан Александр Бублик пен Александр Недовесов жұптық сында жеңіліп қалды. Теннисшілеріміз Бразилия командасына қарсы ойнап, 4:6, 4:6 есебімен қарсыласқа жол берді.Кеше тағы бірнеше спортшымыз сүрінді. Атап өтсек, дзюдошы Абылайхан Жұбаназар алғашқы жекпе-жегінде венгриялық Атилла Унгвариге жол берді. Сол секілді дзюдошы Есмигул Куюлова да алғашқы айналымнан ары аса алмады.Бүгінге дейін Қазақстан құрамасының қоржынына 1 алтын, 2 қола жүлде түсіп үлгерді. Әлі де жүлде саны артып, Париж төрінде еліміздің абыройы асқақтап, мәртебесі биіктей берсін!
Талғат Нұрханов