Маусымдық жұмыс қолданыстағы заңнамаға сәйкес климаттық немесе өзге де табиғи жағдайларға байланысты белгілі бір маусым ішінде, бірақ бір жылдан аспайтын кезең ішінде орындалатын жұмыстар.Жоғарыда аталған жұмысшылар еліміздің Еңбек кодексіне сәйкес, еңбек шартын жасасу арқылы жұмысқа қабылданады. Еңбек кодексінің 207-бабына сәйкес еңбек шартында маусымдық жұмыстарды орындауға шарт жасасу шарты және оларды орындаудың белгілі бір мерзімі көрсетілуі тиіс. Маусымдық жұмысқа еңбек шартын жасау кезінде қызметкердің өзіне тапсырылған жұмысқа жарамдылығын тексеру үшін сынақ мерзімі белгіленбейді.
– Қолданыстағы заңда көрсетілгендей, еңбек шарты – жұмыскер мен жұмыс берушiнiң арасындағы жазбаша келiсiм. Бұған сәйкес жұмыскер белгiлi бiр жұмысты (еңбек функциясын) жеке өзi орындауға, еңбек тәртiбiнiң ережелерiн сақтауға мiндеттеледi. Ал жұмыс берушi қызметкерге келiсiлген еңбек функциясы бойынша жұмыс беруге, Қазақстан Республикасының заңдары мен өзге де нормативтiк-құқықтық актiлерiнде, ұжымдық шартта, жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген еңбек жағдайын қамтамасыз етуге, жұмыскерге уақытылы және толық мөлшерде жалақы төлеуге мiндеттi, – дейді облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының мониторинг, құжаттама, құқықтық, және қаржы бөлімінің бас маманы, мемлекеттік еңбек инспекторы Жанмұрат Бекмұрзаев.
Сондай-ақ, маусымдық жұмыстармен айналысатын қызметкерлердің еңбек шарты келесі жағдайларда жұмыс берушінің бастамасы бойынша бұзылуы мүмкін. Яғни біріншіден, жұмыс берушіде өндірістік себептер бойынша жұмысты екі аптадан астам уақытқа тоқтата тұруы көзделеді. Екіншіден, қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығына байланысты бір ай қатарынан жұмыста болмауы себеп болады.Еңбек шартында маусымдық жұмыстар орындауға арналған шарт жасасу туралы талап және жұмыстарды орындаудың айқындалған кезеңi көрсетiлуі тиiс. Мысалы, ауылшаруашылығында жаздық суару жұмыстарына тартылған бақша суарушылар, су реттеушілер мен от жағушылар үшін жасалған еңбек шартында жұмыстың басталатын күні мен аяқталатын күні көрсетілуі тиіс. Жұмыс берушi маусымдық жұмыста iстейтiн жұмысшысына еңбек шартының бұзылатыны туралы күнтiзбелiк жетi күн бұрын жазбаша ескертуге мiндеттi.Өз кезегінде маусымдық жұмыстарда iстейтiн жұмыскер еңбек шартын бұзу туралы жұмыс берушiнi күнтiзбелiк жетi күн бұрын жазбаша түрде ескерте отырып, еңбек шартын өз бастамасы бойынша бұзуға құқылы.Заңгер Ғабдұл-Ғани Әбутәліп те маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шартын бұзу мынадай тәртіппен жүзеге асырылатынын айтты.
– Маусымдық жұмыстарда істейтін қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыс беруші пайдаланылмаған демалыс үшін жұмыс істеген уақытқа пара-пар өтемақы төлемін жүргізеді. Ұйымның таратылуына, қызметкерлер санының немесе штатының қысқаруына байланысты маусымдық жұмыстармен айналысатын қызметкермен еңбек шарты бұзылған кезде жұмыстан шығу жәрдемақысы екі апталық орташа жалақысы мөлшерінде төленеді. Осылайша, жұмысшымен жасалған еңбек шартында жұмыс маусымдық және келісімшарт мерзімі наурыздан қарашаға дейін деп көрсетілген. Келісімшарттағы жұмыс және төлем шарттары тараптардың келісімімен бекітіледі. Маусымдық жұмысшылардың алған жалақысына жалпыға бірдей белгіленген тәртіпте салық салынады: жеке табыс салығы, әлеуметтік салық, әлеуметтік аударымдар және міндетті зейнетақы жарнасы, – дейді заңгер.
Заңгердің айтуынша, келісімшарт бұзылған кезде қызметкерге жеке табыс салығын есепке ала отырып, жұмыс істеген уақытына сәйкес пайдаланылмаған демалысы үшін өтемақы төленеді.
– Еңбек шартынсыз азаматты жұмысқа жегу жұмыс берушіге ҚР Әкімшілік құқықбұзушылықтар туралы кодексінің 86-бабына сәйкес айыппұл төлетуге жатады. Егер қызметкерге келісімшартта көрсетілген жұмыс уақытынан бөлек жүктеме артылса, мұндай бұзушылықтар бойынша еңбек инспекциясына жүгінген жөн. Еңбек инспекциясына арыз жазып, артық жұмыстың ақысын өтетуге болады, – деп атап өтті Ғ.Әбутәліп.
Заңгер қызметкер жұмыс орнында өндірістік жарақат алса, басшылық жауапкершілік алатынын баса айтты.«Еңбек кодексінің 133-бабына сәйкес, жұмыс беруші өз қаражаты есебінен қызметкерлерге еңбекке уақытша жарамсыздығы бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеуге міндетті.Уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдерді төлеуге негіз болып еңбекке жарамсыздық парақтары табылады.Еңбекке уақытша жарамсыздық бойынша әлеуметтік жәрдемақы қызметкерлерге еңбекке жарамсыздықтың бірінші күнінен бастап еңбекке қабілеттілігі қалпына келтірілген күнге дейін немесе мүгедектік белгіленгенге дейін төленеді. Егер мұндай жарақат қызметкердің кәсiптiк қабiлеттiлiгiне 5-29 пайыз зиян келтiрсе, жұмыс берушi қызметкерге оның денсаулығына нұқсан келтiрген жоғалтқан табысы мен шығысын өтеуге мiндеттi. Еңбекке жарамсыздық дәрежесін анықтау кезінде жұмыс беруші өтейтін денсаулыққа зиян келтіруге байланысты келтірілген шығындардың сомасы төлеу кезінде 250 айлық есептік көрсеткіштен аспауы керек, – деді Ғабдұл-Ғани Әбутәліп.
Денсаулыққа зиян келтіруден келтірілген шығындарды өтеу сол шығындарды растайтын құжаттар негізінде жүзеге асырылатын көрінеді.
– Жұмыс беруші алған жарақатына байланысты бұдан әрі жұмысқа қабілетсіз болып танылған қызметкерге жұмыскер зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін ай сайын 15 пайыз мөлшерінде жоғалтқан табысын өтеуге міндетті, – деп атап өтті заңгер.
Қорыта айтқанда, маусымдық жұмысшылармен еңбек шартын жасасудың өзіндік ерекшелiктерi Еңбек кодексінде жан-жақты қарастырылып, қолданыстағы заңға сәйкес реттеледі.
Аяулым Жаманқара
Ұстаз мүддесі – кәсіподақ назарында
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024