Жұмыссыз жүрген жастардың екі қолына бір күрек тауып берудің тиімді жолының бірі – бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі. Облыс әкімдігі жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты «Еңбек мобильділігі орталығының» маманы Гүлнара Байбосынованың айтуынша, биыл облыста мансап орталықтарының ұйымдастыруымен 67 бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтіпті. Іс-шараға барлығы 1 327 мекемеден 4 101 жұмыс орны ұсынылып, «Жастар практикасы» бағдарламасымен 200 жас жұмысқа тартылған.
«Еңбек мобильділігі орталығы» мен «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының ұйымдастыруымен кезекті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі жуырда «Ауыл Береке» базарында «Жастарға жұмыс» жобасы аясында өтті. Іс-шараға «AMANAT» партиясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Уәлихан Болатбек, «Еңбек мобильдігі орталығы» директорының міндетін атқарушы Адилхаир Атин және 40-тан аса жұмыс беруші мекеме өкілдері қатысты.
Жәрмеңкенің басты мақсаты – жастар үшін бос жұмыс орындарының қолжетімділігін кеңейту, жұмыс берушілермен тікелей сөйлесуге, бос жұмыс орындары туралы мәлімет алуға, жұмыс жағдайларын талқылауға мүмкіндік беру. Кәсіпкер азаматтардың, денсаулық сақтау, білім беру саласы өкілдерінің қатысуымен өткен жәрмеңкеге 300-ден аса жас пен қала тұрғыны қатысып, 120 азамат жұмысқа жолдама алды.
– Биыл республика бойынша 100 мың жас жұмыспен қамту шараларына тартылады. Себебі, партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты міндеттердің бірі – жастар үшін әділ әлеуметтік лифт қалыптастыру. Сонымен қатар, жастарды толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және бірлесіп шешу, алаңдатқан сұрақтары бойынша тегін консультативті кеңестер беріп, жұмысқа орналастыру да алдымыздағы ауқымды міндеттердің бірі, – деді «AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» жастар қанаты облыстық филиалының төрағасы Ерғали Әбуғали.
Жәрмеңкеге келген жастардың қарасы қалың болды. Бірі жұмысқа орналасу бойынша кеңес сұраса, енді бірі мамандармен бірге көші-қон мәселесін талқылады.
– Жәрмеңкені өткізудегі негізгі мақсатымыз – жұмыссыздықты азайту және еліміздің Солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азаматтарға кеңес беру. Кеңес аясында азаматтар өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алады. Сәйкесінше, Солтүстік өңірге көшу немесе көшпеу мәселесіне жауап таба алады, – дейді Уәлихан Болатбек.
Иә, оқуды енді бітірген жас мамандарға тұрақты жұмыс табу оңай емес. Сол себепті бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі секілді жастарды жұмыспен қамту бағытында қолға алынған іс-шаралардың пайдасы мол. Мәселен Жомарт Қалдыбай 2023 жылы М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітіріпті. Оқуын аяқтап, диплом алған соң басқа салада жұмыс істеген екен. Кейін мамандық бойынша жұмыс істеуге бекініп, жәрмеңкеге арнайы келіпті.
– Шыны керек, оқу бітіргеннен кейін алғашқы айларда мамандығым бойынша жұмыс іздеп көрдім. Жұмыстың реті келмеді ме, әлде талаптары ұнамады ма, әйтеуір жұмысқа орналаса алмадым. Дегенмен қол қусырып қарап отырмай маркетинг саласында бағымды сынап, көп тәжірибе жинақтадым. Бірақ ата-анам «мамандығың бойынша жұмыс істегенің дұрыс, қанша дегенмен 4 жыл оқыдың ғой» деп ақыл-кеңесін айтқан соң ойым өзгерді. Сөйтіп жұмыс іздеуге кірісіп, жан-жақтан сұрастырып жүргенде әлеуметтік желіден бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтетінін оқып қалдым. Қазір барлық жұмыс берушімен тілдесіп көремін. Құжаттарымды бірден алып келдім. Ұнатқан жұмысым болса, бірден орналасуға ниеттімін, – дейді Ж.Қалдыбай.
Бинұр Анарұлы да Жамбыл жоғары медициналық колледжін «Фельдшер» мамандығы бойынша тәмамдаған. Оқуын тәмамдағанына 2 ай болған жас әлі жұмысқа орналасып үлгермеген.
– Колледжді аяқтағаныма көп болған жоқ. Жақында ғана дипломымды алдым. Енді алған білімімді тәжірибе жүзінде сынап көргім келеді. Сол үшін де жұмыс іздеуге кірістім.Жастарға арналған бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтетінін досымнан естідім. Арнайы келіп тұрған соң мамандармен сөйлесіп, өзіме лайықты жұмыс орнын тапқым келеді. Жаңа ғана бір-екі жұмыс берушімен тілдесіп келдім. Ұсынған жалақылары да жақсы. Бәрі көңілімнен шығып тұр. Ата-анаммен ақылдасып, шешім қабылдау ғана қалды.Жалпы жастардың тұрақты жұмыс табуы үшін елімізде барлық жағдай жасалған. Мүмкіндік мол. Тек «жұмыс жоқ» деп ауызды қу шөппен сүртпей, тынбай әрекет ету керек, – дейді Бинұр Анарұлы.
Жастармен ғана емес, жәрмеңкеге келген жұмыс беруші мекеме өкілдерімен де тілдесіп көрдік. Мамандар бос орындарының жәрмеңкесі арқылы жұмысқа орналасу әрбір жасқа берілген керемет мүмкіндік екенін айтады.
– «Динамо» спорт кешенінде 3 азаматқа арналған бос жұмыс орны бар. Атап айтқанда, IT маманы мен денешынықтыру пәнінен сабақ беретін 2 мұғалім қажет. Жұмыс беруші ретінде қоятын талаптарымыз көп емес. Жалақыға келетін болсақ, айлық мансап орталығы арқылы беріледі. Яғни айлық жалақы 100-120 мың теңгені құрайды.Бос орындарының жәрмеңкесі арқылы қажетті қызметкерлерді табамыз деген ниеттеміз. Жәрмеңкеде жастардың бағы жанып, ұнаған жұмыстарын табуына тілектеспін, – дейді «Динамо» спорт кешенінің бөлім басшысы Ерлан Әбдіғалиев.
Байқағанымыздай, кезекті бос орындарының жәрмеңкесі бұрынғыдан өзгерек болды.
Өйткені жәрмеңкеде еліміздің Солтүстік өңірлеріне қоныс аударуға ниетті азаматтар үшін арнайы кеңес беру орны жасақталды. Кеңес беру алаңында қоныс аудару бағдарламасының тиімді тұстары, тұрғын үймен қамту сынды мәселелер талқыланды.Қоныс аудару бағдарламасы аясында кез келген адам өзі тұратын өңірдің ішінде ғана емес, басқа облысқа да көшіп бара алады. Жұмыссыз, баспанасыз жүрген азаматтар мен олардың отбасыларына мемлекет тарапынан ақшалай қолдау шаралары да көрсетіледі. Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 22 маусымдағы №234 бұйрығымен Жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін адамдардың ерікті түрде қоныс аудару қағидалары бекітілген.
– «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» жобасына қатысушылар және белгіленбеген квота шеңберінде өңірлерде оқып жатқан ауыл жастарының қатарындағы түлектер, сондай-ақ қандастар өңіраралық ерікті қоныс аударуға шығу өңіріне қарамастан жүргізіледі. Солтүстік өңірге ерікті түрде қоныс аударушыларға мемлекеттен барынша қолдау көрсетіледі. Мәселен, көшу үшін материалдық көмек қарастырылған. Бағдарламаға қатысушыларға және оның отбасы мүшелеріне – отағасына және әрбір отбасы мүшесіне бірреттік 70 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшуге материалдық көмек беріледі. Сонымен қатар, тұрғын үйді жалға алу және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу бойынша шығыстар да өтеледі.Атап айтқанда, ауылдық жерлерге қоныс аударғандар үшін, бір адамға – 15 АЕК, ал отбасы мүшелерінің саны екеуден төртеуге дейін болса 18 АЕК көлемінде төленеді.
Отбасы мүшелерінің саны бес адамнан асатын болса он екі айға дейін 21 АЕК беріледі. Қоныс аударғаннан кейін мемлекеттік қолдау жалғаса береді.Мәселен, алты ай ішінде отбасыға арнайы үй қарастырылады. 1 160 айлық есептік көрсеткішке дейін тұрғын үйді сатып алу кезінде оның 50 пайызы төленеді. Нақтылап өтейін, 4 миллион теңгеге үй тапсаңыз, 2 миллион теңгесі Үкімет тарапынан өтеледі. Айта кету керек, жыл басынан бері оңтүстік өңірлерден Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданына 17 отбасы қоныс аударып үлгерді. Негізі жоспар бойынша 219 адам қоныс аударады деп күтілуде, – дейді Айыртау ауданы мансап орталығының директоры Аман Төрегелдин.
Жәрмеңкеде Солтүстікке қоныс аударуға ниетті азаматтар да табылды. Жұмыс бабымен көшуді жоспарлаған Татьяна Сергеевна кеңес алуға арнайы келіпті.
– Біз отбасымызда үш адамбыз. Күйеуім және ұлым бар. Ұлым биыл оқу бітіріп, «Серпін» бағдарламасымен оқуға түспек. Үйде жалғыз ұл болған соң, алыс өңірге жалғыз жіберуге де қимайсың. Көз алдымызда болғанға не жетсін. Сол себепті күйеуім екеуміз Солтүстік өңірге көшуді жоспарлап отырмыз. Мемлекеттен көрсетілетін көмек те тиімді секілді. Жұмыс та, үй де табуға көмектеседі.Тұратын болашақ үйімізді де тауып қойдық. Ауыл болғаннан кейін де үйлер аса қымбат емес екен. Баспана ақысының 50 пайызын мемлекет төлеп беретін болса, жақсы үй алуға болатын секілді. Жолдасым да қарап отырмай, кәсіп бастауды жоспарлап отыр. Оның негізгі мамандығы – дәнекерлеуші. Бәлкім арнайы дәнекерлейтін орталықты да ашып қалармыз. Өзім де жұмыстан қашатын адам емеспін. Аспаз болып түрлі мекемелерде бірнеше жыл қатарынан жұмыс істедім. Енді осы қабілетімді пайдаланып, кішігірім кәсіп бастап көрмекшімін, – дейді қала тұрғыны Татьяна Сергеева.
Иә, бүгінгідей нарықтық қоғамда жұмыссыз жүру кім-кімге болсын оңайлық соқпайды. Жұмысың болмаса табысың да болмайды, Бір сөзбен айтқанда, мұндай еңбек жәрмеңкелері жиі өтіп тұруы керек. Елге берер пайдасы да, мүмкіндігі де мол.
Аяулым Жаманқара
Маусымдық жұмысшының құқығы қорғалуы тиіс
Ұқсас жаңалықтар
Мойынқұм ауданы Мыңарал ауылында білімнің жаңа нұры жарқ етті!
- авторAR-AY
- 11 желтоқсан, 2024