«Туризм және қолөнер» орталығында өткен жиынға Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қайрат Исмаил қатысты. Қайрат Әбілханұлы вице-министрге саладағы жетістіктерді баяндап, шаһарда туризм саласы қарқынды дамып жатқанын айтты.
– Тараз қаласының аумағында 3 448 тарихи және мәдениет ескерткіш болса, 25-і республикалық, 3 423-і жергілікті маңызы бар нысандар. 8 ескерткіш Қазақстанның киелі жерлерінің тізіміне, 27-сі Қазақстанның микро-киелі картасына, екі ескерткіш Еуразиялық экономикалық ынтымақтастық ұйымының бірегей туристік нысандарының тізіміне және 5 археологиялық нысан ЮНЕСКО-ның Дүниежүзілік мұралар тізіміне енген. Жалпы шаһардың туристік әлеуеті жоғары, – деді Қайрат Әбілханұлы.
Сала жетекшілерімен кездесуде Ержан Еркінбаев еліміздің туризм саласын дамытуда Әулиеата өңірінің орны ерекше екенін атап өтті.
– Туризм және саяхат жөніндегі Дүниежүзілік экономикалық форумның рейтингінде Қазақстан туристік бағыттар тізімінде 119 мемлекет арасынан 52-орынды иеленді. Бұл ретте еліміз Өзбекстан, Қырғыз Республикасы және Тәжікстаннан озып, өз позициясын айтарлықтай жақсартты.Ол біздің туризм индустриясын сапалы дамытуға деген ұмтылысымызды көрсетіп, Қазақстандағы туризмнің бәсекеге қабілеттілігін, қызмет көрсету сапасының едәуір жақсарғанын көрсетеді.
Бұл жетістікке киелі Әулиеата өңірінің қосқан үлесі мол.Былтыр өңірге 156,6 мыңнан астам турист келген. Сонымен бірге негізгі капиталға түскен инвестиция 25,4 миллиард теңгені құраған. Ал биыл соңғы 6 айда облыста туризм секторындағы негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 9,8 миллиардқа тең.
Қазіргі таңда облыста жалпы сомасы 16,3 миллиард теңгені құрайтын 8 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Тарқатып айтқанда, 655 миллион теңгеге «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің үшінші кезеңі, 3 миллиард теңгеге «Koksai resort» туристік демалыс аймағы, 2,5 миллиард теңгеге «Aksai resort» этно-туристік демалыс орталығы, 200 миллион теңгеге «Таскөл» демалыс орталығының құрылысы жүріп жатыр. Сонымен қатар құны 2 миллиард теңге болатын «Алмалы resort» туристік демалыс орталығы, 1,2 миллиард теңге қаражат жұмсалған «Зербұлақ» аквапаркі, 6,3 миллиард теңге бөлінген «Қаралма» тау-шаңғы кешені мен 500 миллион теңгеге салынып жатқан «Мухиева» жеке кәсіпкерлігінің демалыс аймағы туристерді қуантатын күн алыс емес.
Осы жобаларды іске асыру нәтижесінде 106 уақытша және 95 тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде, – деген вице-министр облыстың спорт саласында қол жеткізген жетістіктеріне де тоқталып өтті.
Ержан Мәлікұлының айтуынша, 2024 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша, облыста денешынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысатындар саны 493,5 мың адамды құраған. Есепті кезеңде өңірде 77,8 мың адамды қамтыған 949 спорттық іс-шара ұйымдастырылған.
Парижде өтетін ХХХІІІ Олимпиада ойындарына 4 спорт түрінен облыстың 5 спортшысының лицензия жеңіп алуы да ауыз толтырып айтарлық жетістік. Атап айтқанда, бессайыс спорт түрі бойынша Георгий Борода, бокстан Асланбек Шымбергенов, еркін күрестен Әлішер Ерғали, дзюдодан Данияр Шамшаев, Елдос Сметов сынды мақтаныштарымыз бақ сынайтын болады.
– 2024 жылдың маңызды оқиғаларының бірі – 2024 жылғы 8-13 қыркүйек аралығында Астана қаласында өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындары. Байрақты бәсекеге 100-ден аса елден жалпы саны 2 000-нан астам адамнан тұратын делегация қатысады. Бүгінге дейін 90-нан аса ел қатысуын ресми түрде растады, – деген Е.Еркінбаев саладағы өзекті мәселелерге кеңінен тоқталды.
Вице-министрдің айтуынша, Жуалы ауданындағы «Көксай» этно-туристік демалыс аймағы, «Таскөл» туристік орталығы және «Алмалы» демалыс аймағы сияқты бірқатар туристік нысандарға инфрақұрылым тарту мәселесі назарға алынған. Бұл ретте туристік жобалардың инфрақұрылымын жақсарту үшін Ақпарат және әлеуметтік даму министрлігіне елді мекендерден тыс инженерлік-коммуникациялық және көлік инфрақұрылымын салу құзыретін беру мәселесі қарастырылып жатқан көрінеді. Бұл бастама мақұлданғаннан кейін министрлік барлық туристік орындардағы жетіспейтін инфрақұрылымды жөндеу және орнату мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар, Ержан Мәлікұлы курорттық аймақтардағы туризмді жеделдету мақсатында өз қаражатына инженерлік инфрақұрылым салған инвесторлардың шығындарын өтеу тетігін әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Сонымен қатар, вице-министр туристік агенттіктерге субсидия төленетінін айтып өтті.
– Туроператорлар бір турист үшін 15 мың теңге алады. Соңғы бір жылда туроператорлар 8 мыңнан аса шетелдік туристерді тартып, жалпы сомасы 123 миллион теңге субсидия алды.
Сондай-ақ жол бойында сапалы қызмет көрсету мақсатында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Туристік бағыттағы әрбір санитарлық-гигиеналық бөлімше үшін мемлекет ай сайын 83 мың теңге өтейді, – деп толықтырып өтті вице-министр.
Туризм саласын одан әрі дамыту мақсатында министрлік тың бастамаларды қолға алуда. Жаңашылдықтардың бірі қазірдің өзінде күшіне енген. Атап айтқанда, халықаралық франшизасы бар қонақүйлер үшін жеңілдікті несиелеу мерзімі жеті жылдан 10 жылға дейін ұлғайтылыпты. Бұқаралық туризмді ынталандыру мақсатында тур құнының 20 пайызына дейінгі туристік кешбэк жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Ержан Мәлікұлы қонақүй секторындағы қызмет көрсету сапасын арттыру үшін қонақүйлерді жіктеу жүйесін реформалау ұсынылатынын айтып өтті.
– Бес немесе төрт жұлдызды қонақүйлерді негізсіз асыра бағалауға жол бермеу керек. Қонақүй иелері көбінесе бизнесін броньдау сайттарында сәйкес келмесе де бес жұлдызды деп көрсетеді. Кейін турист өзі келіп кемшіліктерін байқағанда қонақүйдің ғана емес, өңірдің де имиджі бұзылады. Сондықтан қонақүй сапасын реформалауды қолға алдық. Қазіргі таңда қолданыстағы қонақүй қызметіне қатысты критерийлер 2008 жылы белгіленгендіктен заманауи әлемдік стандарттарға сәйкес келмейді. Бұл бастамаларды заңнамалық деңгейде бекіту үшін қазірдің өзінде депутаттармен бірлесіп жұмыс жүргізілуде, – деді Ержан Еркінбаев.
Мұнан соң жиынға қатысушылар өздерін мазалаған сұрақтарын қойды. «АРК» ғылыми ұйымы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ескендірбек Төрбеков өңірде шетелдік қонақтарды қызықтыратын көрнекі жерлер, тарихи нысандар, табиғаты әсем демалыс аймақтары көп болғанымен облысымызда туризм саласы дамудың орнына кері кетіп бара жатқанын ашына айтты.
– Облысымызда туризм саласына қатысты мәселе жетіп артылады. Соның бірі – туристік орталықтарда инфрақұрылымның жоқтығы. Кәсіпкер қыруар қаржыға тамаша демалыс орнын салады, бірақ инфрақұрылым мәселесі жылдар бойы шешілмейді. Сондай-ақ тек Тараз қаласының маңайындағы тарихи нысандар ғана күтіп-бапталады. Қала сыртындағылары елеусіз қалып жатыр. Егер көңіл бөлмейтін болсақ туристік орынға айналдырғанша тізімнен шығарған дұрыс шығар.
Тағы бір мәселе – сала өкілдері мен жергілікті атқарушы билік арасында байланыс орнатылмаған. Әр кәсіпкер өзінше еңбек етуде. Мысалы таяуда ғана өз қаражатыма ауқымды «Қызғалдақ» фестивалін өткіздім. Шетелден қонақтар келді, ұмытылмайтындай жақсы іс-шара болды. Алайда ол бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланбады. Фестиваль туралы ақпараттар бірлі-жарым жазылғанымен де ұйымдастырушы ретінде атым аталмаған. Алдында Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбеков қабылдап, біраз ой-ұсынысымызды тыңдап, бізге нақты тапсырмалар берген. Соның бірі – туристік ұйым құру. Ол ұйымды қала әкімі өзі басқаратын болған. Ол бойынша құжаттар дайындап жібергенмін. Бірақ менің дайындап жіберген қағаздарым әкімге жеткен, жетпегенін білмеймін. Сол сияқты аймақта геопарк құру туралы бастамам да қолдаусыз қала береді. Туризмді қайтсек дамытамыз деп жүргенде туризм басқармасының жабылуы жығылғанға жұдырық болды, – деді Ескендірбек Санжарұлы.
Өзге де жиынға қатысушылар салаға қатысты мәселелерді көтеріп, сын-пікірлерін ортаға салды. Вице-министр өз тарапынан айтылған мәселелердің бәрін шешуге күш салатынын айтып, сендірді.
А.Бекенқызы
Бала денсаулығының сақшысы
Ұқсас жаңалықтар
Енді eGov Mobile қосымшасы арқылы шетелден тауарға тапсырыс беруге болады
- авторAR-AY
- 13 желтоқсан, 2024