Қазақ халқының дәстүрлі әдеп жүйесінде ар-ұждан, ұят ұғымы жоғары бағаланады. Ары бар кісі ғана иманды, ізгі, парасатты болып келеді. Ұждан дегеніміз – адамның өз мінез-құлқын бақылау, қадағалау, оған белгілі бір шек қойып, мүлтіксіз орындау қабілетін бейнелейтін әдептану санаты. Ұждан адамның халық пен қоғам немесе жеке адамдар алдындағы өз әрекеті, іс-қимылы үшін моральдық жауапкершілігін сезініп, саналы түрде ұғынуын, өз ойы мен іс-әрекетін адамгершілік ұжданымен бағалай білуін бейнелейді.
Ар-ұждан намыс деген ұғыммен тығыз байланысты.Ел аузында сақталған бір аңызда Сырым батыр елсізде жол жүріп, шаршап, қаталап келе жатып өлдім-талдым дегенде бір үйге кез болыпты. Әлбетте, алдымен сусын сұрайды. Бойжеткен қыз сусын ұсынады. Сіміріп салған соң Сырым: «Апырай, бір аяқ сусын бір адамның құны екен-ау» депті тостағанды қызға қайыра ұсынып жатып. Сонда бойжеткен: «Қателесесіз. Бір аяқ сусын бір емес, екі адамның құны» депті. Аңтарылып, себебін сұраған батырға: «Сіз сусын сұрағанда тауып бере алмасам шөлден сіз өлер едіңіз, ұяттан мен өлер едім», деген екен.
Белгілі жазушы Әзілхан Нұршайықов: «Мен ұят деген сөзді өте жоғары бағалаймын. Ұят дегенді ұлы күш деп ойлаймын. Адамшылықтың, адалдықтың, уәдешіліктің, тұрақтылықтың, тазалықтың түп қазығы ұят деп білемін. Ұяты жоқтан үміт күтпеймін. Ұры-қары, қарақшы, қаныпезерлер ұяты жоқтан шығады. Ұят – ең қымбат қасиет, ұяттыда иман бар» депті.
Шынында қазіргі қоғамда ұры-қары, қаныпезерлер, қатігездер көбеймесе, азаяр емес. Адам бойындағы имандылық жойылып бара жатыр. Оған не, кім кінәлі? «Өлімнен ұят күшті» дейді дана халқымыз. Арлы адам үшін ұяттың орны бөлек. Ұят жоқ жерде береке-бірлік те, ізет-әдеп те жоқ. «Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым», «Адамдардан ұялмаған адамда ешбір қайыр жоқ» дейді халқымыз. Қазақтың бар даналығы шариғатпен астасып жатыр. Сондықтан ұят дегеніміз – адамның мінез-құлқымен сыйыспайтын, жағымсыз істерден адам баласын аулақ ұстайтын, жақсылыққа итермелеп, жамандықтан жирендіретін, бойымыздағы асыл бір қасиет.
«Ұят иман тармағының бір арнасы, ислами мінез-құлықтың бір көрінісі. Кімде кімнің тұла бойында ұят болған болса, ол пенденің ислам жолын ұстануының көркемдігін, дәрежесінің жоғарылығын көрсетеді. Ұят – Алла тағаланың жер бетіне ақиқатты жеткізіп, үлгі болу үшін жіберілген Пайғамбарларына тән қасиет. Сахаба Әбу Сайд әл Худридің айтуы бойынша «Пайғамбарымыздың бойындағы ұят, перденің артында отырған бойжеткеннің ұятынан да асып түсетін.
Егер Пайғамбарымыз ұятты бір істі көрер болса, оның жүзіне қарап ұялғанын білетін едік» дейді. Пайғамбарлардың осы ақиқат жолын өз өмірлеріне ту еткен Алланың салиқалы құлдарының да ерекшеліктерінен болып табылады. Ұяттың болуы, яки болмауы адамның шынайы табиғатын көрсететін белгі іспеттес. Ұят адамның иманын құнды етіп, жүріс-тұрысына өң беретін жақсы сипат. Кісі бір іс-әрекеттен тұла бойы қысылып, орынсыз істен жүзі қызғылт түске боялып жатса, демек, тегі таза һәм болмысы пәк. Мұсылманның барлық ісі мен сөзінде ұят бақылаушы болуы қажет. Мұсылман баласы тілі арсыз, мәнсіз сөздерден таза болу керек. Не айтып, не қойып жатқанына мән бермеу мұсылманға жараспайды.
«Шындық – қасиетті ұғым, ал ұят – адамды жамандықтан қорғайтын періште», «Аш жүрсең де біреудің ала жібін аттама, ұлым, ұят болады» деуші еді марқұм Ордабек көкем. Уақыт өзгерді ме, әлде адам өзгерді ме, бүгінде адами асыл құндылықтар бірте-бірте бұлыңғырланып, көпшілік көп мән бермейтін болды. Біздің бала күніміздегідей ел ішіндегі жағымсыз әдетті, әдепсіз қылықты бірден тыйып тастайтын аналар мен әкелер, әжелер мен аталар, жалпы үлкендер жоқтың қасы десек қателеспейміз. Қазір әркім өз білгенімен, өз түсінігімен өмір сүруде. Әсіресе қалада ұятты белден басып, еркінсіп жүретіндер көбейіп барады.
Оның себебі де бар.Ауылда бәрі таныс. Кімнің не істеп, не киіп жүргені алақандағыдай бажырайып көрініп тұрады. Ал қаланың жөні бөлек. Мұнда біреуді біреу танымайды және оған көпшілік назар да салмайды. Әркім азаннан кешке дейін өз тірлігімен әуре. Сондықтан қалаға келген жастар «тәйт!» деп отыратын әке-шеше болмағаннан кейін бостандықты сезініп, әдепсіздікке барып жатады.Қазақ «Жарлы болсаң да, арлы бол», «Өлімнен ұят күшті», «Пайда ойлама, ар ойла», «Қолыңмен істегеніңді мойныңмен көтер» деп ұятты бірінші орынға қояды. Ұят туралы ұлыларымыз да айтып кеткен. Хәкім Абай атамыз отыз алтыншы қара сөзінде: «Кімнің ұяты жоқ болса, оның иманы да жоқ» деген.
Олай болса, мәдениетті қоғам әрбір адамнан басталып, ол ұлттық құндылықтар арқылы іс-әрекеттерімізден көрініс табуы тиіс.Борыш деген ұғымның да аясы өте кең. Алла алдындағы, ата-ана алдындағы, туған жер, Отан алдындағы, отбасы алдындағы борыштарды аға ұрпақ жастардың бойына сіңіріп отырған. Борыш, яғни парыз өтелмесе, оның артында сұрауы бар екенін жақсы білген халықпыз. Отан алдындағы парызды орындау да аса жауапты іс. Көріп, естіп жүрміз, Отан алдындағы парызын өтеуден бас тартып, жалтарып, әйтеуір оның бір жолын тауып, одан сытылып кетіп жатқан жастар аз емес.
Тіпті, мемлекет есебінен білім алуға шетелге барған базбір жастар диплом алғаннан кейін елге кері қайтпай, сол елде қалып жатқандарын неге жасырамыз? Жастар байқуатты өмір сүруді аңсайды. Бірақ, Отаныңның, халқыңның алдындағы борышты неге ойламаймыз? Адалдық деген қасиетті сөздің де мәнісі ерекше. Адалдық – адам бойындағы таза ниет, бағалы қасиет, адамның сана-сезімі мен ар-ұжданына қайшы келмейтін әрекеттердің моральдық-этикалық жиынтығы. Қазақ пайымында адам бойында адалдық пәктік, ар-ұждан, жан тазалығы тәрізді қасиеттердің қалыптасқан нормаға сай болуы керек. Көшпелі қазақтардың адамгершілік, адалдық қасиеттері тұрғысынан кіршіксіз таза, мәрт болатындығы туралы шетелдік саяхатшылардың қолжазбалары мен күнделіктерінде көп айтылады.
Қоғам тоқтаусыз өзгеруде. Заман өз дегеніне көндіріп жатыр. «Жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтыны» анық қой. Күн сайын телеарналар түрлі сұмдықты көрсетіп жатса, әлеуметтік желіде де алдау-арбау, кісі өлтіру, тонау секілді ақпараттар желдей есуде. Жоғалып жатқан адамдардың саны уақыт өткен сайын арта түсуде. Пәтер алып берем деп ақшасын алып, хабарсыз кету де бұл күнде жаңалық емес. Мұндай келеңсіздіктерді көріп жүрегің ауырады, бұлыңғыр болашақты ойлап мазасызданасың.
Қоғам қатігезденіп бара ма, әлде адамдардың пейілі пиғылға айналды ма?Пиғыл демекші, халқымызда «Пиғылы жаманды Құдай табады, тоны жаманды ит қабады», «Пиғылынан тапты», «Құдай пиғылына қарай берді» деген сөздер бар. Адамның пиғылы дұрыс болса, ісі оңға басады, мәртебесі де артады. Ал пиғылы теріс болса, ісі кері кетіп, ел алдындағы абыройынан айырылады, соған қарай жазасын да алады. Сондықтан халқымыз «Жақсы пиғыл жақсы сөзден басталады», «Жақсы сөз – жарым ырыс» деп, оң пиғылға қолдау көрсетсе, теріс, жат, арам пиғылға «Өтпес пышақ қол кесер, арам пиғыл жол кесер», «Пиғылы терiс хан төрелік етсе, ол жиған малыңды тәрiк етер» деп теріс баға берген.
Пейіл мен пиғылдың айырмасы осы. Пейілің тура болса жүзің жарқын, ісің берекелі болмақ.Қазір қарап отырсаңыз, қолында билігі бар адамның кейбірі мүмкін болғанның бәрін алдымен өзі үшін жасап, қармап, ұрлап, тығып, жинап қалуға құмар. «Қызметтен кете қалсам, қамданып дайын отырайын» деген ой-пиғылды ұстанғандар иемденетін жері, мінетін көлігі, пайдаланатын қаржысы, айналысатын жеке шаруасы, бәрі-бәрін қазірден бастап, алдын ала «реттеп» алмай тыным таппайды. Ондай басшылар әруақытта бірінші кезекте елдің емес, өзінің және өзіне ең сенімді «төңірегінің» жеке шаруаларын қолға алады. Ел тағдырын, қара халықтың жайын соңғы кезекке қояды.
Бұны адамдар пейілінің бұзылғаны демеске шараң жоқ. «Мешкейдің өзі тойса да, көзі тоймайдының» кері келіп, қанша тойымсыз, құныққан жан темір торға түсіп, басына, отбасына қасірет бұлтын қоюлатып жатыр. Әрине, бәрі емес… Адамгершілік ұжымдық ортада бойына сіңірген тәрбиесіне, біліміне, адал еңбек етуіне байланысты қалыптасып, адамның жеке басы мен моральдық тұлғасын сипаттайды. Шәкәрім Құдайбердіұлы адалдық турасында:
«Мақтан үшін мал жима, жан үшін жи,
Қазаққа көз сүзбестің қамы үшін жи.
Арың сатпа, терің сат, алалды ізде,
Ғибадат пен адалдық, ар үшін жи» дейді «Мал жимақ» атты өлеңінде.
Қазір елдің болашағын, жастардың келешегін ойлайтын саналы ел азаматтарын толғандыратын мәселелер аз емес. Солардың бірі – жастар бойына ұлттық сананы, ұлттық салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлерімізді, халықтық қадір-қасиетімізді, психологиялық табиғи белгілерімізді сақтап, ұлттық құндылығымызды сіңіру. Өскелең ұрпаққа кішкентайынан ешкімге қиянат жасамауды, ешкімнің ақысын жемеуді, адал, ар-ұятты болуды жақсылап үйрету керек. Адал болуды, ар-ұятты санасына сіңіріп өскен бала ешқашан ұрлыққа, опасыздыққа бармайды. Өзіміз де ар-ұятқа жіті мән берейік. Ар-ұят түзелсе, қоғам да түзеледі.
Сағындық Ордабеков,
медицина ғылымдарының докторы,
профессор, Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі,
Тараз қаласы